• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 12 Қазан, 2022

Педиатрия қызметіндегі оң нәтиже

476 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығын жарық дүниеге ажалмен алыса келген дертті сәбилердің өмірін ұзартып отырған республикалық педиатриялық қызметтің басты үйлестірушісі, науқас балаларға қатысты медицинадағы тағдыршешті қадамдар жасалатын орын деп те айтуға болады.

Орталықта онкологиялық, гема­тологиялық немесе сирек кез­де­сетін кеселдерге шалдық­қан балақайлар емделіп, жүрек дімкәстігімен туылған кіш­кен­тай пациенттерге операция жасалып жатады. Биылғы Бала­лар жылының Педиатрия орта­лы­ғына нақты пайдасы, игі ық­па­лы болды ма, әлде әдеттегі жұмыстар жалғасып жатыр ма деген сауалдардың жауабын баян­дамас бұрын, мыңдаған сәбиді сауықтырып, сауапқа бө­ле­ніп келе жатқан орталықтың қыз­метіне 90 жыл толғанына тоқ­талу парыз.

Осы айтулы оқиғаға орай ұйым­дастырылған «Қазақстан пе­диат­риясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция отандық және шетел­дік 4 мыңнан аса балалар дәрі­гер­ле­рі­нің басын қосты.

Халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Педиатрия орта­лығын 90 жылдығымен құт­тықтай отырып: «Тұқым қуалай­тын аурулар мен туабітті кесел­дер­ді анықтау мақсатында жылына 400 мыңнан астам жүкті әйел мен 1,6 млн-нан астам бала скринингпен қамтылды. Соны­мен қатар елімізде 18 құрсақ­та­ғы нәрестені қорғау орта­лы­ғы құрылып, 1,5 мыңнан астам баланы дамыту кабинеті ашылды. Қазақстанда туабітті ауыт­қу­ларды хирургиялық тү­зету­дің инновациялық ша­ғын инвазивті әдістері сәтті жүзеге асып келеді. Жыл сайын туа­біт­ті кеселдері бар жаңа туған нәрес­телерге 1,5 мыңнан астам хи­рур­гиялық ота жасалады. 2021 жылдың қорытындысы бо­йын­­ша жедел емдеу тиімділігі 85%-дан асады. Бүгінгі таңда балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиология жақсы дамып келеді. Жыл са­йын туабітті жүрек кеселдері бар балаларға 3 және 4 күрделілік дең­­гейіндегі 2,5 мыңнан астам хи­рургиялық операция жасалады. Полихимиотерапияның, гемо­поэздік дің жасушаларын трансплантациялау, интра­­витреальді химиотерапия, ағ­заны сақтайтын хирур­гия­лық араласудың заманауи бағдарламаларын енгізу еліміздегі обырға шалдыққан ба­ла­лардың өмірін 74,6%-ға дейін ұзар­тып, жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді», деп атап өтті.

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық уни­вер­ситетінің ректоры Марат Шоранов: «Педиатрия және бала­лар хирургиясы ғылыми орта­лы­ғының 90 жылдық мерейтойы Балалар жылымен сәйкес келгені қуантады. Осы аралықта орталық озық медициналық технологияларды меңгеріп, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерін енгізді, елімізге болаша­ғы­нан үміт күттіретін мықты жас мамандарды тәрбиеледі. Дүние­дегі ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен бала өмі­рін сақтауға қосып жатқан сүбелі үлестеріңіз үшін бар­ша­­ңызға алғыс айтқым келеді. Осын­дай бай тәжірибе, клиникада кеңі­нен қолданылатын заманауи техно­логиялар, әрине, ұжымның жоғары кәсібилігі – орталықтың табысты, жемісті жұмысының ке­пілі», деді.

Айтқандай, алқалы жиында Педиатрия орталығындағы онко­гема­тология бөлімін ашуға мұ­рын­дық болған, 54 жылын онко­гематология саласына ар­на­ған профессор Күлән Ома­ро­ва С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ-дың Алтын меда­лімен және Батыс Германия мем­ле­кет­тік қорының В.Герайн атын­да­ғы жоғары наградасымен марапатталды.

Батыс Германия мемлекеттік қоры кеңесінің төрағасы Давид Бротский осы марапатты табыс­тап тұрып: «Қазақстандағы онкогематология орталығы ашылғанда көктем болса да қар жауып тұрды. Біз оны жақсылыққа балағанымыз есімде. Сол 1993 жылдан бері сіз ғасыр індетіне айналған он­ко­логиялық ауруларды емдеп, талай балдырғанға қуаныш сыйлап келесіз. Сіз мықты маман ғана емес, «Алтын адамсыз!». Қазақстандағы балалар онкогематология саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңізге тән­тіміз. Сіздің бұл салада алар ор­ныңыз ерек», деді.

Міне, осылайша, Педиатрия орталығы емдеу мекемесі ғана емес, ҚазҰМУ-дың көптеген кли­ни­калық кафедралары орналас­қан, дипломнан кейінгі даярлық пен дəрігерлердің мамандығын жетілдіру курстары үшін таптыр­майтын оқу базасына айнал­ды. «Педиатрия», «Балалар хи­рургиясы», «Балалар онколо­гия­сы және гематологиясы» са­­ла­лары бойынша тәжірибелі ма­­мандар даярлау жұмыстары жол­ға қойылған. Орталық мамандары республиканың барлық өңірінде педиатрия мен балалар хирургиясының әртүрлі өзекті мәселелері бойынша тренингтер мен оқыту дәрістерін өткізеді.

Екі күн бойы өткен халық­ара­лық конференцияның секция­лары «Педиатрия және нео­на­тологияның өзекті мәселе­ле­рі», «Балалар хирургиясы: ба­ғыт­тары мен заманауи әдіс­те­рі», «Орфандық ауруларды диагнос­тикалау мен емдеудің заманауи мәселелері», «Онкологиялық және гематологиялық аурулар­ды диагностикалау мен емдеудің за­ма­науи технологиялары», «Па­то­логоанатомиялық диагнос­ти­­­каның өзекті мәселелері», «Ба­ла­ларға медициналық көмек көр­­сетуді ұйымдастырудағы ме­йір­­­герлер рөлі» атты тақырып­тар­ды талқылады.

Халықаралық конференция соңында арнайы қаулы қабыл­да­нып, конференцияға қаты­сушылар Қазақстан Респуб­лика­сындағы педиатриялық қызметті дамытудың алдағы жоспарларын белгіледі.

Конференция барысында кли­никаның тарихы мен бүгіні баян­далатын «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лы­­ғына – 90 жыл» атты фильм көр­сетілді.

Бүгінде 700-ден астам қызмет­кері бар Педиатрия және бала­лар хирургиясы ғылыми орталығы 1932 жылы 28 қарашада құрылып, Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу институтынан бастау алғанын еске сала кеткен жөн.

Клиникада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа де­йін­гі Қазақстанның барлық өңірінен 6 мыңнан астам бала дертіне шипа табады.

Ал енді биылғы Балалар жылы Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығына нақты не берді? Балалар жылында бірінші кезекте Орталықта сирек кеселдерге душар болған балаларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру үшін орфан­дық аурулар мен оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізімі кеңейтілген. Оған қоса «Қазақстан халқына» қорына сирек кездесетін (орфандық) аурулардың тізбесіне кірмеген пациенттерді қымбат препараттар мен дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету мүмкіндігін қа­рас­­тыру қажеттігі туралы ұсы­­­ныс­тар беріліп отыр. Соны­мен қатар орфандық ауру­лары бар балаларға көмек көрсе­ту­ді же­тіл­діру жөніндегі тұжы­рым­да­ма әзірленді.

Екінші тындырылған іс – биылғы ақпан айынан бастап Қазақстанда тұқым қуалайтын ауруларға жаңа туған балаларды іріктеп скринингтеуде тандемдік масс-спектрометрия әдісімен тәжірибе алмасудың қанатқақты жобасы іске қосылды. Бұл бала­ның тамақтануын түзетуді жет­кілікті түрде ерте бастауға және осындай науқастарды бас­қару әдісін анықтауға мүм­кіндік бе­ре­ді. Атал­ған скри­нингтің нә­тижесінде, диаг­ностиканың нақ­ты бір әдіс­те­ріне, мамандарға, дә­рілік тера­пия­ға деген қажет­ті­лік қан­ша­лықты екені есептелінеді. Осы мәлімет­тер­ге сүйене отырып, кейбір сирек кездесетін ауруларды ерте диа­г­­ностикалаудың одан әрі қа­рай­ғы әдісі анықталады.

Үшіншіден, Балалар жылының аясында, биыл Қазақстанда алғаш рет халықаралық тіркеу арқылы (Германия) туыс емес донордан сүйек кемігін аллогендік трансплантациялау басталған. Бұдан әрі қарай да туыс емес шетелдік донорлардан гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау ісі жалғасын тапқалы отыр.

Осылайша, бүгінгі таңда Пе­диатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығында сүйек кемігін трансплантациялаудың бірегей оталары қолға алынды. Кардиохирургия даму үстінде, интер­венциялық кардиохирургия қолданылады, химиотерапияның инновациялық технологиялары енгізілген. Орталықта асқазан-ішек жолдарының, кеуде бөлігі мен басқа да туабітті дерттермен дүниеге келген балалардың денсаулығын түзетудің инно­ва­ция­лық әдістерін қолдана оты­рып, түрлі күрделі оталар жүр­гізіледі.

Мұның барлығы тізбелеп шығуға ғана оңай болғанымен, бұл – орталықтағы жүздеген дә­рі­гердің күнделікті, тәулікпен санаспайтын науқас балалардың денсаулығы үшін күресі, ерен еңбегі, ғұмыры, дертті сәбилердің өмір сүруге деген құштарлығы десек те болады.

 

АЛМАТЫ