• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

Ұлылар ұлықтаған ұя

408 рет
көрсетілді

Мен Атырауда тусам да, Алматыда анам – ақын Фариза Оңғарсынованың қолында өстім. Ең алғаш анам мені сол кездегі Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі – №12 қазақ орта мектебіне ертіп барғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте ойын баласы ретінде ненің не екенін түсінбесем де, кейін ер жете осынау өзімнің тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектебімнің қандай болғанын, ұрпақ үшін ғана емес, қазіргі тәуелсіз еліміз үшін қаншалықты орны биік, тарихы терең екенін ұғынған сайын, өзімді басқалардан бақыттырақ сезінемін... Оның өзіндік себебі де жоқ емес.

Мен мектепте оқыған 1984–1994 жылдар кеңес дәуірінің соңы, егемендіктің алғашқы кезі еді, қазақ мектептері үлкен қалаларда ­бола бермейтін. Әсіресе Алматы сияқты алып шаһарда жалғыз қазақ мектебі бол­ған соң ба, зиялы қауымның балалары­ның көпшілігі осы мектепте оқиды. Бү­кіл елімізге белгілі Әди Шәріпов, Әбіш Кекілбайұлы, Мариям Хакімжанова, Әзіл­хан Нұршайықов, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов, Серік Тұрғынбе­ков, т.б. зиялы қауымның бірінің ұлы, бірінің қызы, бірінің немересі осы мектепке барамыз. Үйдегі бауырларым Айбар, Гүлнарлар да – осы мектептің түлектері.

Бүгінде жұрт ішінде «Қазақ зиялы­ларының балалары қазақ тілін білмейді, менсінбейді» деген ғайбат сөздер айтылатынын естіп жатамын, шындығында, мүлде керісінше еді. Сондағы анамның жанталасып бізді ұлттың тінінен, тілінен ажырамасын деген көрегендігі екенін осы күні жиі ойлаймын. Ал мектебімізде өтетін қандай да бір іс-шараға анам бас­таған зиялы қауым қаздай тізіліп, арнайы уақыт бөліп, қатысып, өлең оқып, сөз сөйлейтіндерін көру – бізге, сол кездегі мектеп оқушыларына әдетке айналған. Өзім оқыған сол мектепті ойласам, көз алдыма алдымен анамның бүкіл елге белгілі ортасы – қауқылдасқан зия­лы қауым елестесе, екінші тұла бо­йынан ізгілік пен өнеге есіп тұратын ұстаз­дарым келе қалады. Мен алғаш табал­дырығын аттағанда мектебіміздің дирек­торы Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекен­қызы Нұртазина еді. Мектепті ұзақ жыл­дар басқарған Рафиқа Бекенқызын еліміздің білім саласында үлкен қолтаңба қалдырған тұлға деп есептеймін. Менің тәлім алған ұстаздарымның қай-қайсы­сын алсам да парасатты, зерделі, ізгі­лікті жандар болды. Атап айтсам, бірін­ші сыныптағы жетекшім Күләш Хайрол­лақызы, Ақбұрым Ақбауова, ағылшын тілі мұғалімі Гүлнәр Аяшқызы, математика мұғалімі Дәмелі Нұғманқызы Даниярова, қазақ тілі пәнінен ұстазым Рахима Сәкенова, орыс тілі мұғалімі Жанна Социалқызы, т.б. ұстаздарымның деңгейі бүгінгі кейбір министрлер мен ел басында жүрген лауазымды адамдардан әлдеқайда жоғары тұрады. Сынып жетекшім Ақбұрым апайыммен апта сайын хабарласып, жиі кездесіп тұрамын.

Ал мектеп директоры, халқымыздың аяулы қыздарының бірі Шәмшә Көпбай­қызының мен үшін орны да, бағасы да бөлек. Шәмшә Көпбайқызын анам да жақсы көріп, «Қыз-ғұмыр» деген жыр арнағаны көпке мәлім. Мен болсам, «Шәмшә Көпбайқызы басқарған мек­тепте оқыдым» деп мақтанамын. Анамның халыққа өте сыйлы, теңдессіз ақын болғандығынан болар, мектепте балалықпен жасаған азды-көпті бұза­қы­лықтарым да сөзге келмей, «кешірілетін». Сондай бір сәт әлі күнге көз алдымда тұрады. Бір күні мектепте ұзын дәлізбен кездескен оқушыларды қаға-соға зуылдап жүгіріп келе жатыр едім, қарсы алдымнан бір апай шыға келді де, білегімнен шап беріп ұстай алды: «Неге жүгіресің, қай кластың баласысың, фамилияң кім?» деді ызғарлы үнмен. Мен: «Оңғарсынов, 6 В сыныбы» дедім. Апай үндемей қалды да, қолымды жібере салды. Мен одан әрі класқа жүгіріп кеттім. Сол кезде алдымнан шыққан апай мектеп директоры Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева еді. Білімді, байсалды, тал бойынан ізгілік есіп тұратын осындай ұстаздардан тәрбие алған бізде арман жоқ шығар. Кейіннен Шәмшә Көпбайқызы 2000 жылдары еліміздің Білім және ғылым министрі болып қызмет атқарып, білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Есейіп, үлкен өмірге қадам басқан шақта мектеп кезіндегі сол бір естелікті марқұм Шәмшә апайымыздың өзіне айтып едім, есінде екен. Сонда мектебімізді еске алып, біраз мәре-сәре болғанымыз бар.

Бүгінде №12 қазақ мектебін бітір­ген түлектер әлемнің түкпір-түкпірін­де еңбек етіп жүр. Елге белгілі талай ұрпақ өсіп, өнді. Кешегі кеңес заманында «орысша оқымаған адам, адам болмайды» дейтін қағидатқа қарсы тұ­рып, сол кездегі еліміздің астанасы бол­ған Алматының ана тілін сақтап қалған жалғыз ұя – осы мектеп екені даусыз. Өйткені бүгінде қандай жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырсақ та, ең алдымен сол «жалғыз мектептің» арқасы деп білемін. Бір кезде Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова сынды ұлылар ұлық­таған мектепті ел білімінің алтын ұясы деп танып, көкке көтеруге лайық. Мен де ұлылар ұлықтаған ұяның түлегі болғаныма мақтана отырып, мектебім­нің ғасырдан-ғасырға жасай беруін тілей­мін. Біз мектебімізбен мақтансақ, мектеп шәкірттерімен биіктей берсін. Ғасырлық тойы құтты болсын!

 

Алмас ОҢҒАРСЫНОВ,

Алматы қаласы Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназияның түлегі

Соңғы жаңалықтар