Хромтау ауданы – табиғи қазба байлықтарға бай өңір. Хром өндіруден дүние жүзінде алдыңғы орындарды иеленетін бұл өңірде соңғы бес-алты жылда жаңа өндіріс орны - Көктау мыс комбинаты ашылып, жыл сайын мыс және мырыш өндіруді арттырып келеді. Жақында мұнда «Приорское» кеніші пайдалануға берілді. Жылына 1,5 млн. тонна мыс- мырыш кені өндірілетін бұл кенішті игеруге 16645,5 млн. теңге инвестиция салыныпты.
Индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жоба «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің жұмысына анағұрлым серпін бермек. Ашық әдіспен мыс-мырыш кені өндірілетін кеніштің жалпы қоры 36,8 миллион тонна құрайды. Оның 376,9 мың тоннасы мыс, ал, 142 7 мың тоннасы мырыш кені болып табылады.
Осы кенішті игеру жұмыстарын жүргізген «Коппер Технолоджи» ЖШС-нің бас директоры Анатолий Лещуковтың айтуынша, кеніштің карьерінде аршу жұмыстары қарқынды жүргізілген. Кеніштің тереңдігі 40 метрге жеткенде негізгі кен өндіруге қол жеткізіліп отыр. Ашық әдіспен кен өндіру 200 метр тереңдікке дейін жүргізіліп, одан әрі бұл жұмыс шахталық әдіспен жүзеге асырылатын болады. Кеніштің жылдық өнімділігі 1,5 миллион тонна мыс-мырыш кенін өндіруге мүмкіндік береді. Кеніште өндірілетін кеннің құрамындағы мыс 1,5 пайыз, мырыш 3,5 пайыз болады.
Аумағы атшаптырым кеніштің қазаншұңқырдағы кен тиеліп жатқан жүк машиналары жоғарыдан қарағанда сіріңкенің қорабындай болғанымен жаныңа келгенде алыптығымен таң қалдырады. Жаңадан ашылған кеніштен таза кенді тиеп алып «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің байыту фабрикасына жол тартқан Американың «Caterpillar» жүк машинасын жүргізуші Амандық Сағынтаевтың тарихи сәтте өзіне көрсетілген құрметке дән риза екені көтеріңкі көңілінен аңғарылады. Жүк көтерімділігі 100 тонналық алып автокөлікті ұршықша үйіріп жүргендер кілең қазақ жігіттері. Оның әріптесі жүргізуші Қажымұқан Ермағамбетовтің осында еңбек еткенініне алты жылға жуық уақыт болыпты. Кезінде «БелАЗ» айдаған ол «Caterpillar» машинасын жүргізуге арнайы курстан оқып, маманданыпты.
Кеніште он бес күндік вахталық әдіспен жұмыс істейді екен. Айына 140 мың теңге шамасында еңбекақы алатын көрінеді. Қазір мұнда кен тасымалдауда осындай америкалық 21 алып машина жұмыс істейді. «Коппер Технолоджи» ЖШС-нің техникалық директоры Талғат Оразғалиевтің айтуынша, қазір «Приорское» ашық кенішінде Жапония, Америка, Германия, Қытай техникалары пайдаланылады. Мұнда күн сайын 120 адам еңбек етеді. Кеніште жұмыс істейтіндердің 80 пайызы жергілікті тұрғындар .
– Тұрмыстық жағдайымыз жақсы. Үш мезгіл тегін тамақтанамыз. Жайлы жатақханада демаламыз. Серіктестік алдағы айда жалақыны тағы көтереміз деп отыр. Осындай өндіріс орындарының көптеп ашылуы еліміздің экономикалық қуатын арттыра түседі, – дейді ол.
Кәсіпорын басшылары осында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекетік университетінің инженер-техникалық факультетінің пайдалы қазбалар мамандығы бойынша білім алып жатқан бір топ студентін біздің болашақ мамандарымыз деді ризашылықпен. Тәжірибеден өтуші Айдын Досановтың мәлімдеуінше, оларға барлық жағдай жасалған, алған білімді өндірісте толықтыруға осындағы мамандар ақыл-кеңестерін беріп, балапан қырандай баулуда. Кәсіпорындарға жұмысшыларды қабылдауда хромтаулықтарға, қала берді Ақтөбе облысының тұрғындарына басымдық берілетін көрінеді. Қазір серіктестікте 500 адам еңбек етеді.
Кеніштен өндірілген кен «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің №1 және №2 байыту фабрикаларына жеткізіледі. Жылына 2,5 миллион тонна мыс өңдейтін №1 байыту фабрикасы «Октябрьдің 50 жылдығы» кенішінің мыс кенін өңдеуге негізделген. № 2 өңдеу фабрикасының өндірістік қуаты қазір 5 миллион тонна кен өңдеуге мүкіндік береді. Алдағы жылы «Лиманное» және «Құндызды» кен орындарын игеру көзделуде. Соған байланысты екі фабриканы да қайта жарақтандыру жоспарлануда. Сол кезде № 2 өңдеу фабрикасы 6 миллион мыс-мырыш концентратын өңдейтін болады. Мамандардың мәлімдеуінше, таяу жылдары жүзеге асырылатын жобалар мыс өндіруді 15 пайыз, мырыш өндіруді 20-40 пайыз арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жалпы өңделген мыс Ресейдің Қарабас мыс зауытына, мырыш Челябі зауытына, сондай-ақ Қытайға жөнелтіледі. Себебі, мұнда өндірілетін кеннің құрамында күкірті көп. Ал, еліміздегі зауыттар мұндай кенді ұқсата алмайтын көрінеді.
2004 жылдан бері Хромтау ауданында жұмыс жасап жатқан «Ресей мыс компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорындар аудандағы бес мыс-мырыш кеніштерін кешенді игеріп келеді. Пайдалануға беріліп отырған «Приорское» кеніші осындай игілікті істің нақты дәлелі болмақ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.