Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Мәдениет министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналған Орталық Азиядағы толеранттылық мәселелері жөніндегі Азаматтық форум болып өтті.
Форумға Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген сарапшылар, Қазақстан парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының жауапты қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен ғылым және шығармашылық топ өкілдері, сараптамалық қауымдастықтар мен этномәдени бірлестіктер ортасынан келген қонақтар қатысты. Халықаралық дәрежеде өткізілген бұл шара өз жұмысын әуелі БАҚ өкілдерімен арнайы брифинг өткізуден бастап, сол жерде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында құрылған «Толеранттылық және руханилық» атты ЮНЕСКО кафедрасының тұсаукесер рәсімін атқарды.
Азаматтық форумды Мәдениет вице-министрі Ғ.Телебаев құттықтау сөзбен салтанатты түрде ашып, одан әрі ресми отырысты жүргізіп отырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Е.Тоғжанов «Толеранттылық – қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізгі қағидасы» тақырыбында баяндама жасап, әлемдік ғылымға, мәдениетке теңдессіз үлес қосқан Шығыс жауһарлары һәм қазақтың даңқты ұлдары түлеп ұшқан қазақ даласындағы бүгінгі көптеген ұлт өкілдері мен түрлі діни конфессиялар бейбіт өмір сүріп отырған Қазақ елінің үлгілі рухани қатынасы хақында мағыналы пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Д.Жәкенов «Қазіргі кезеңдегі толеранттылықтың қазақстандық тәжірибесі» тақырыбында және Ресей халқы Ассамблеясы Атқару кеңесі төрағасының орынбасары, «Единая Россия» билеуші партиясы Орталық кеңесінің ұлтаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының тең төрағасы Н.Бухонин «Ұлттық мәдениеттердің үндесуі бейбітшілік пен келісімге» деген тақырыпта баяндама жасады. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші атынан келген депутат Р.Сабиров тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жыл аралығындағы Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып, алыс-жақын елдермен бейбітшілік тақырыбында үнқатысудың озық тәсілдерін ұтымды пайдалана білген Елбасының саяси ұстанымына бауырластық тұрғыдан оң баға берді.
Бұдан өзге Иран-Қазақстан ақпараттық орталығының төрағасы, «Қазақстан» атты қосымша басылымның жауапты редакторы Х.Мохаммедреза Хусейн, «Пайвант» дүние жүзі тәжіктері кеңесінің төрағасы И.Салохиддинов, Татарстан халқы Ассамблеясының Кеңесі төрағасының орынбасары С.Жақсыбаев, Беруни атындағы Ташкент техникалық университетінің әлеуметтану және саясаттану кафедрасының профессоры А.Каххаров, түркімен этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Аннакулиева, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Б.Сұлтанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Л.Хочиева бүгінгі азаматтық қоғамдағы толеранттылық тақырыбында баяндамалар жасап, әлемде ұлтаралық қақтығыстар мен діни түсініспеушіліктер белең алған тұста бейбіт қатар өмір сүрудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан қазақстандық толеранттылықтың жарқын үлгісін сөз етісті.
Форум аясында ғалымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми сараптамалық кеңесі мүшелерінің ұйытқы болуымен «Толеранттылықты қалыптастырудағы азаматтық қоғам институттары», «БАҚ арқылы толеранттылықты насихаттау», «Толеранттылық және мәдени әралуандылық», «Толеранттылық – ғылыми пайымдау және тәжірибе» тақырыптарында бірнеше бағыттық пікір алмасу отырыстары өткізілді.
Толеранттылық тақырыбындағы келелі отырыс пен пікір алмасулардан кейін қатысушылар этносаралық қарым-қатынастар арасындағы келісімнің Орталық Азия мемлекеттерінің бірлесе жүргізген ғылыми зерттеулері айқындаған нәтижесін алға тарта отырып, Азаматтық форумның Қорытынды қарарын қабылдады. Форум қонақтары «Самұрық» Ұлттар театры және белгілі өнер қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктер өкілдері ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.