02 Шілде, 2011

Адамзаттың Алладан кейінгі қорғаны – сенім

487 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Астанада күні кеше Ислам Ынты­мақтастық Ұйымы Сыртқы істер ми­нистр­ле­рі­нің кеңесі өтті. Осы орайда мы­на­ларды айтқым келеді. Елдің жарқын болашағы үшін ат­қарылар абыройлы жұмыс­қа ұлт бо­лып, ұлыс болып үлес қосу ардақты іс. Өйт­кені, бодан­дықтың бұғауынан босан­ғанымызға жиырма жыл толғанына тәу­бе дей отырып, ертеңгі күнге үлкен үміт­пен қараймыз. Еліміздегі мемлекеттік саясаттың мерейі асып, ұлтымыздың дү­ние жүзіне өзіне тән ұлағатты ұстын­дары­мен (саясат, экономика, ғылым, білім, техника және т. б.)  танылып келе жатқанын мәртебе санаймыз. Әдетте, ағысы тоқтаған, арнасы тар­тыл­ған су борсиды, бұзылады. Адам өмі­рі де, мемлекет ісі де сол сияқты: бір ор­нында тұрып қалса, ол да тоқырап, ол да тоза бастайды. Ал біздің ел жиырма жыл ішінде ылғи ілгерілеумен, ылғи жа­ңа­лық­тар мен жақсылықтарға қарай тал­пы­нып, ұмтылумен келеді. Елдің Елба­сы­дан тілегі де осы: мейманасы асқан бей­біт елдің шаңырағы астында мейлінше бақытты, мейлінше бақуатты өмір сү­ру. Сол үшін де елінің ішкі және сырт­қы сая­си тұрақты­лығын әр адам көзінің қара­шығындай сақтау керектігін жақсы біледі. Біздің қоғамда ұлт та, ұлыс та көп. Со­ған байланысты әр түрлі діни сенім­дер­дің де көп болуы заңды құбылыс деп білеміз. Бәрекелдісі сол, Елбасымыз сабырлы ақылдың арқасында сол ұлт пен ұлысты, дін мен ділді өзара татулық пен төзімділік, өзара үйлесім мен сый­лас­тық жағдайында бірқалыпты ұстап отыр. Сондықтан болар, көпшілік қауым кейбір ұраншыл, аттан­шыл ағайын­дар­дың басы артық байбалам­дары мен ұрда­-­жық ұрандарына елеңдеп, елпілдей бермейді. Елдіктің ең басты ұстанымы – бір­лік пен тірлік деп түсінеді. Алла таға­ладан соны байыптылықпен ары қарай дамыта берсек екен деп тілейді. Қарлығаштай асыл құс неге адамды сағалайды? Барлық қанаттылар сияқты ұяларын тал-дарақтардың басына салмай, неге киіз үйдің шаңырағына, жер үй­дің бо­саға, боғатына салады? Өйткені, ол бала-шағасы бірі кіріп, бірі шығып жүр­ген екі аяқты адамдардың үйінен жы­лы­лықты сезеді, өздеріне жамандық ойла­май­тындарын біледі. Міне, қазіргі Қазақ­стан да ешкімге қастандық ойла­май­тын адамдардың қара­ша­ңы­рағы сияқ­­ты. Мы­са­лы, Елбасы жиыр­ма жыл­дан бері әралуан тақырыптағы, әр түрлі ау­қым­дағы, әр түрлі деңгейдегі іс-шара­лардың басы-қасында жүр. Оның халық­аралық деңгейде табыспен өтуіне ұйыт­қы болуда. Ол өз кезегінде еліміздің мәртебесін асырып, мерейін өсіруде. Жақында ғана болып өткен Бүкіл­әлемдік Ислам экономикалық форумын алайық. Осы басқосуда Елбасы сөзін: «Өткен бір айдың өзінде ғана Астана он мыңнан астам қадірлі қонақтарды қа­был­дады.  Елордамызда ІV Астана эко­но­ми­калық форумы мен Еуропа Қайта құру және даму банкін басқарушылардың 20-шы жыл сайынғы мәжілісі» өтті деп бастады. Бұл нені көрсетеді? Бұл, әрине, еліміздің экономикалық әлеуетін шет мем­лекеттерге танытып қана қоймай, со­ны­мен бірге, Қазақ елі жүргізіп отыр­ған кө­ре­ген саясаттың қандай жетістіктермен жүзеге асып отырғанын да паш етеді. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық фо­румында Елбасы Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытты бөліп айтты. Оның біріншісі – инерциялық даму стра­тегиясы. Бұл бағыт – ерте ме, кеш пе,  кон­серва­ция­ның апатқа ұрындыратынын айқындап берді. Екінші стратегия – қазіргі қоғам құры­лым­дарын жоққа шыға­рып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрді­сі­не негізделген. Бұл нұсқа да осы заманғы саяси және эко­номикалық ахуалдың нора­маларын жоқ­қа шығарады. Ал үшінші стратегия – ислам әлемін модер­низа­ция­лау­ға бағыт­тал­ған. Бірақ оны өзге үлгі­лер­ді талғамай көші­ретін қарабайырлық тұр­ғы­сынан түсі­нуге болмай­ды екен. Бұл ту­ралы Ел­басы «Исламда кез келген істің мұстақым – орта тұсы ең тәуірі болып са­на­лады» деген тағылымды қағида бар. Қазіргі дү­ниедегі модернизацияланған ислам стра­тегиясы – міне, орта тұс дегеніміз осы», деді. Форумнан алған тағы бір тағылы­мы­мыз – Исламның өзі дін ретінде ешқан­дай дағдарысқа түспейтіндігі болды. Өйткені, ол – қазіргі кездегі ең қарқынды дамып келе жатқан дін. Демек, Елбасы айтқан­дай, бүгінде исламның өзінің негіздерін бұрма­ламай, ислам қоғамын модернизациялау қа­жеттігі сезілуде екен. Мұсыл­ман елдерінің технология­лық, ғылыми және экономикалық тұрғыдан кен­желеп қал­ғаны өтірік емес. Мысалы, әлем тұр­ғын­дарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің эконо­ми­ка сала­сын­дағы әлеуетіне мүлдем сай келмейтінін қалай түсіндіре алады? Шын­дық­­т­ың жүзіне тура қарасақ, «үлкен сегіздіктің» ішінде  мұсылман үмбетінен бір­де-бір ел жоқ болып шықты. Мұның өзін эконо­микалық әлеует тұрғысы­нан кімнің кім екенін танытатын нағыз бәсеке ретінде бағаласақ, «үлкен сегіздіктен» бір мұсыл­ман елінің бой көрсетуі мәр­тебе болар еді ғой. Алла тағала жалған айтқанды жақсы көрмейді емес пе, міне, Елбасы мұсыл­ман әлемін жаңа дәуірде ғылым, білім, техника арқылы қарыштап дамып, жаңаша дамуға шақырды. Елбасының «Баршаңызға ортақ тағы да бір күрделі мәселеге тоқтала кеткім келеді. Жаһандық бұқаралық ақпарат құ­рал­­дары­ның көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіп­сіздігіне, мәдени және діни ұс­та­ны­мына қауіп төндіруші ретінде көр­сетіп жүр. Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды», деп мәлімдеуі бізді қатты толқытып, қатты толғандырды. Рас, асыл дініміз – Ислам атын жамы­лып көптеген тармақтарға бөлінушіліктің белең алып тұрғаны өтірік емес. Ханафиттік мазһаб негізінде жұмыс жүргізетін Қа­зақ­стан мұсылмандары діни басқар­ма­сы­ның оңды бағытын ескермей, өз беттерінше «сүр­леу» салып, түрлі жолдарды ұсы­нып, халықты адастырып, шатас­тырып жүрген көптеген діни ағымдар кездеседі. Бұлардың қатарына ханафиттік мазһабты ұстана отырып жұмыс жүргізетін сопы­лық бағыт­тағы кейбір топтар мен исма­тул­лашы­лар­ды, кей сәттерде қылаң беріп қалатын нұр­шылар мен сүлейменшілер жамағатын жатқызуға болады. Жоғарыда атап өткен­дей, бұлардың барлығы да Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұс­танушы топтар. Түпкі қазығы бір болып табылатын мұндай топтардың бастары бірікпей отырғандығы өзге діндегілер үшін іздегенге сұрағандай болып отыр­ғанын біреу түсінер, біреу түсінбес. Бұ­лар­дан бөлек, ел өмірінде ортодоксальді исламды ұстанушы – уаһаби­лік-сәлә­фи­лік ағым, тәкфиршілер жамаға­ты мен «Таблиғи жамағат» сияқты ұйым­дар да бар. Сондай-ақ, шетелдерден нұсқаулар мен тапсырмалар алып отырған исламға жатпайтын іріткі салушы ахмадия­лық­тар да әрекет етуде. Мұсылмандықты бетперде етіп, халық­ты түрлі жолдармен алдап-арбап, өз қатарларын нығайтып жатқан мұндай кері ағымдардың біздің елімізге де, иісі ислам мемлекеттерге де еш пайдасы жоқ. Тек кейбір қандастарымыздың осы­­лар­­дың ал­дау-арбауына оп-оңай түсіп қалатын­дығы қынжылтады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Хужрат» сүресінің 10- аятында: «Шын  мәнінде,  мұсылмандар бір-біріне бауыр­лар» делінсе, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадис шәріптерінде: «Мұ­сыл­ман – мұсыл­ман­ға бауыр» дейді. Түрлі ағымдардың жетегінде кетіп отырған азаматтардың бар­лығы да шет жақтан келгендер емес, өз бауырларымыз. Біздің зайырлы қоғамымызда ұлттық немесе діни құндылықтарымыз төмен деп ешкім де айта алмаса керек.  Мұны біз Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масының жұмыс тәсілінің жетіле түсуі­нен байқаймыз. Қазіргі кезде Діни бас­қармада мешіт имамдарына деген та­лап­тың арта түсіп, медреселер көбей­ген­дігін және білімді дін мамандардың қа­тары артып келе жатқандығын бай­қай­­мыз. Сонымен бірге, Бас мүфти шейх Әб­саттар қажы Дербісәлі хазрет­тің бас­тауымен жер-жерлерде ха­лықпен және жастармен тұрақты өткізі­ліп жүрген түрлі бағыттағы кездесулер мен имам­дар­дың білімдерін жетілдірудегі оңды қадамдарды атап өткен жөн. Біз асыл дінімізді түрлі саяси мақ­сат­қа пай­даланғысы келетіндерге жол бермей әрі олардың жетегіне кетпей, бір­тұтас Қазақ­стан үшін жұмыла жұды­рық болып, діндер ара­сындағы түсініс­тікке, үнқаты­су­ға жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл қоюға тиіспіз. Бұл үшін бізде ең алдымен бірлік болуы керек. «Бірлігі жарасқан ел озады» деген қанат­ты сөз бар қазақта. Сондықтан бар­лығы­мыз өзара ын­ты­мақ пен бірлікте, сый­ластықта жүрсек және мүмін мұс­ылман­дар­дың жаңа буынын ғылым, білімге терең бой­лау­ға, техника сала­сында еш елден кем бол­мауға шақырсақ, соған ықпал ете білсек, бізді алар жау болмақ емес. Ахметжан КЕРІМБЕК, Әулиеата мешітінің бас имамы. Тараз.