Жомарттық – мұқтаж адамдарға қалтқысыз, шын-пейілмен, адал жүрекпен қайырымдылық жасау десек те, мұндай мәрттік екінің бірінің қолынан келе бермейтін асыл қасиет. Атам қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейтіні ел ішінде жүрегі мейірім мен шапағатқа толы, жүрген жерінде қамқорлық пен жомарттық жасап, халықтың алғысына бөленіп жүрген адамдарды жұртшылық танып-біліп құрметтеп жүрсін деген даналық. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған Ярмұхаммед Искендиров те халыққа қайырымдылық жасаудан шаршамайтын жан-жүрегі ізгілікке толы, жаратылысы дара тұлға. Бізді таңдандырған да, баурап алған да Ярмұхаммед ағаның осы қасиеті.
Пешенесіне жазылған тағдырдың жазуымен кейіпкеріміз 1950 жылы Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Өміржан мен анасы Әмина сегіз перзент сүйген адамдар. «Балалы үй базар», дегенімізбен, көп баланы асырап жеткізу оңай болмағандықтан, әкесі Өміржан диқан күн шапағы атқанда егіс басына аттанып, күн ұясына қонғанда қышлаққа әрең оралатын. Анасы Әмина құдай қосқан қосағының тілеуін тілеп, құрсағынан тараған бөбектерін бағып, шаңырақтың берекесін айрандай ұйытты.
Әртүрлі себептерге байланысты Қытайдан КСРО-ға қоныс аударулар 1963 жылға қарай тоқтап қалғаны белгілі. Міне, сол көшпен, яғни 1962 жылы Искендировтер әулеті қазақтың ең құнарлы аймақтарының бірі Оңтүстік Қазақстан облысының Ермоловка, қазіргі Берген Исаханов ауылына көшіп үлгерген еді. Дархан даласындай қонақжай қазақтардың арасына тез сіңіп кеткен Өміржанның отбасы бұл жерде мал шаруашылығын үйіріп әкетті. Қазақ балаларымен бір атаның баласындай тіл табысқан Ярмұхаммед мектепті көрші Ақдала кеңшарындағы қазақ-орыс интернатында жатып оқыды. Пәндердің ішінде математика сабағын жан-тәнімен жақсы көрді. Бұл Яридің саналы ғұмырында үлкен көмек болды.
Ортасынан ерте есейген жас өрен сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін, Сарыағаштағы зоотехникалық техникумға құжаттарын тапсырып, оқуға түскенімен, оны орта жолда тастап кетуіне жастықтың албырт сезімі кедергі келтірді. Қазақтың бота көз, оймақ ауыз, қиғаш қас, сүмбіл шашты талдырмаш қызын көріп, ғашықтық дертіне ұшырады. Оның үстіне аты да анасына ұқсас Әлима болып шықпасы бар ма. Жас ару да сегізінші сыныптан кейін өнер оқу ордасына түсіпті. Бірін-бірі тапқан екі жұп албырт сезімнің құшағында бәріне көздерін жұма қарап, шаңырақ көтеруге бел буды. Жастықтың мөлдір кемесінде табысқан екеуі бүгінгі таңда алпыстың асқарына шықса да әлі күнге сол кездегі бұлақтай таза сезімдерінен бір сәтке де ажыраған емес. Жарық дүниеге 5 ұл, 2 қыз әкелген Ярмұхаммед пен Әлима олардан 19 немере сүйіп, ардақты ата, асыл әже атанып отыр. Барған жерінде мәрттігімен көзге түсіп, көптің қамқоршысына айналған Ярмұхаммедті қалың ел еркелетіп «біздің Яри», деп атайды. Бұл атауға ол да әбден үйреніп алған.
Өзінің бойында саудаға деген, соның ішінде тамақ әзірлеу технологиясына деген айрықша қабілеттің барын байқап, 1978 жылы осы саланы меңгеруге ден қойды. Бұл бастамасын Шымкент қаласындағы тамақ әзірлеу комбинатынан бастауды жөн көріп, сонда жұмысқа орналасты. Ойлағанындай аталмыш сала оның табиғатына жақын болып шықты. Тамақ әзірлеу, сұраныс тудыру және оны өткізе білу қабілеті арқылы Яри бірден басшылардың назарына ілікті. Оның қолынан шыққан буы бұрқыраған дәмді астың сұраушылары көбейіп, жолдың арғы бетіндегі тамақ әзірлеу асханаларының жұмыстары тоқтауға дейін жетті. Көптің ықыласына бөленген жас жігіт енді мұны жеке кәсіпке айналдыруды жөн көріп, кәуап әзірлеу ісін қолға алды. Оның бұл қабілетіне қызыққан маңайындағы кафе басшылары әкімшілік қызметке шақырып, Яри ендігі өмір жолын кафе, мейрамхана жұмыстарын басқаруға арнады. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған жылдары Яри елімізге келіп, ауыл адамдарынан тері, жүн, темір өнімдері шикізатын жинаған қытай саудагерлерімен жұмыс жасап, 2001 жылға дейін осы сауда саласын басқарып келді.
Яри өзінің өмірін саудагерлік жолға, кәсіпкерлікке арнағанымен, ақшаға құнығып, адамдық құндылықтарды жоғалтпаған, керісінше қолында барды бөліп беруге ұмтылатын қарапайым да ерекше жан. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Яри бала күнінен футбол ойынын жанындай жақсы көргенімен, айтулы шеберлікке жете алмаса да, футболға үлкен жанашыр бола білді. Дүние жүзінде футболдың үлкен өнер екенін жақсы түсінген ол республикадағы спортқа қабілетті балаларды жинап, 1999 жылы өз күшімен футбол командасын құрып, оны қаржыландырып тұрды. Спорт саңлақтары қанаттанды-ау деген шақта еліміздегі ұйғыр этносының басын қосып, футбол жарысын өткізді. Артынша 25 спортшыдан тұратын команда Қытай Халық Республикасында, Өзбекстанда өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді. Халықаралық деңгейдегі футбол ойындарына арналып жұмсалған шығынның бәрін Яри өзі көтерді. Осылайша жастардың футболға деген ынтасын оятып, намысын қамшылады.
Қазақ, ұйғыр, орыс, тағы басқа ұлттардан құралған “Яри” атты футбол командасы 3 жылға дейін өмір сүрді. Балалардың есеюі мен қаржылық қиындықтарға байланысты команда құрамын таратуға тура келді. Алайда ойындағысын орындамай тынбайтын қайсар мінезді Яри Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ресми атап өткенде, футбол командаларын қайта іріктеп Алматы қаласында халықаралық деңгейде үлкен турнир өткізіп, одан түскен қаржыны Түркістанның 1500 жылдығына аударды. Осы турнирге Алматы әкімдігінің жауапты өкілі мен әйгілі футбол майталманы Тимур Сегізбаев қатысты. Биылғы жылдың 15 мамырында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған футбол турнирі тағы да жалғасын тапты. Бұл тәуелсіздік мерекесінің ерекше аталып өтілуіне қосқан үлестің бірі болды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен жиналған футбол құрамалары қатысты.
Атам қазақтың: «Сегіз қырлы, бір сырлы», деген қанатты сөзі дәл Яриге айтылғандай. Тұла бойында өнер тұнған ол сирек сала – режиссерлікті меңгерген табиғи дарын. Шіркін-ай, десеңші! Бұл өнерді біліммен ұштастырғанда, осы салада маманданғанда, бүгінгі күні еліміз тамаша режиссермен толығар еді. Олай дейтініміз, ол ашқан “Яри” киностудиясының туындылары қоғамда үлкен сұранысқа ие. Бір қуантарлығы – Яри бұл кәсіпті ақша табудың көзіне емес, еліміздегі өзекті мәселелердің алдын алуға, жастарды тәрбиелеу құралына айналдырып отырғандығы. Оның «Азапталған жүрек» атты екі сериялы көркем фильмі есірткіге салынып кеткен жастарды саламатты өмірге бейімдеуге негізделген. Бұл фильм Шымкент қалалық телеарнасы арқылы қалың көрерменнің назарына ұсынылды.
Нашақорлық еліміздегі қаны сорғалап тұрған тақырып. Ресми мәліметтер Қазақстанда 54 мыңға жуық нашақор тіркелгендігін растайды. Ал тізімде жоқтары қаншама. Әр нашақор қоғаммен қатар мыңдаған ата-ананың зарлы үні, ауыр қайғысы болып отыр. Осы ащы шындық Яриді де бей-жай қалдырмады. Ол бұл қоғамдық дерттің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – мағыналы фильмдер екенін түсінді. Бұл заман талабы. Себебі, қазіргі жастар кітап алып оқығаннан гөрі дайын фильмді көруге құмар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан да Яри ерінбестен жоғарыдағы фильмді Шымкенттегі барлық мектептермен келісіп көрсетіп шықты. Мамандар тарапынан да жоғары бағаланған «Азапталған жүрек» көркем фильмі Алматы қаласында өткен «Шәкен жұлдыздары» кино бәйгесінің алғашқы ашылуында үздік фильмдер қатарынан көрінді. Бүгінде «Яри» киностудиясы көпшілік қауымға «Последние табуны Шымкента», «Тоба», «Муки и сердца» сияқты әлеуметтік тақырыптағы туындыларымен қатар, Шымкент телеарнасындағы «Next» бағдарламасы арқылы етене таныс.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына», дегендей, әрқашанда қайырымдылық жасаудан жалықпайтын, кең жүректі Яриді Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысының халқы кеңінен таниды. Мұндай құрметке ие болу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. «Ұстазсыз дүние тұл», дегендей, өткен жылы ақжарқын Яри 33 жылдан кейін өзі оқыған мектеп-интернаттың түлектерін, сыныптастары мен мұғалімдерінің басын қосып, Шымкент қаласында мерекелік шара өткізді. Балалық бал дәурені өткен білім ұясында сабақ берген, бүгіндері жарық фәниден өтіп кеткен ұстаздарын еске алу мақсатында 25 минөттік деректі фильм түсіріп, мектеп-интернаттың мұрағатына тарту етті.
«Шыр айналған дүние-ай!» дегендей, заман көшінен қалмайтын Яри қазіргі таңда Астана қаласының тұрғыны. Ата-бабасынан дарыған сауда және кәсіпкерлік ісін дамыта отырып, Қазақстанның бас қаласында «Ақ шаңырақ-1», «Ақ шаңырақ-2» мейрамханасы мен «Қайнар» кафесін ашып, мұнда да елорда тұрғындарын тіл үйіртер дәмді астарымен таңдай қақтыруда. Қонақжай Яри қонақ күтуден еш жалыққан емес. Өмірде шаршауды білмейтін, жалқаулықпен жаны қас Яри балалары мен немерелеріне ақыл-кеңесін айтып, ұлағатты тәрбие беруді де өзіне міндет етіп жүктеген.
«Жетім көрсең жебей жүр» дегендей, дархан жүректі Яри тағдырдың тәлкегімен ата-ана қамқорлығы мен мейірімінен ажырап қалған балалар мен денсаулығы шектеулі балаларға жәрдем беріп тұруды өмірлік кредосына айналдырған. Шымкент қаласындағы балалар үйі Яри келгенде бір қуанып қалады. Шариғат жолындағы зекет беру мен садақа беруді ол әр қадамын басқан жерінде жасайды. Жоқтықтың зардабын тартқан адамдарға қол ұшын созуды бір сәтке де тоқтатқан емес.
Яри – қазақтың күйеу баласы. Сөйтіп, ол бәйтерегі кең жайқалып, немере сүйіп, әулетіне береке және бақ пен құт қондырған азамат. Барша ғаламның иесі Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз да өзінің күйеу баласы Әлиді ерекше құрметтеген. Яри біреуге аға атанып, біреуге жезде болып, қазақ халқының құрметіне бөлене білген біртуар тұлға. Ата-баба салты – кәсіпкерлікпен айналысып, барша шаңырағын асырап қана қоймай, Құдай қосқан қосағын да ырыс-берекеге бөлей білді. Асыл жары Әлима да отағасының қабағына қарап, денсаулығын ойлап: “Яри ауырмасын, ол біздің шаңырақтың бақ-дәулеті,” – деп айтып отырады. Жастайынан музыка өнеріне жақын Әлиманың тамылжыта ән салатыны күміс көмейлігі бар.Өз сөзінде Яри: «мені ғашық қылған да осы өнері» деп, қалжыңдап қояды.
Қазақтың: «Жігіттің жақсысы нағашыдан», деген сөзі бекер болмаса керек. Яридің нағашы атасы Ғани батыр кезінде Шыңжанда жергілікті халықты қынадай қырған гоминдань әскерлерін ауыздықтап, зәресін ұшырған тұлға екен. Кейіпкеріміз, міне сол кісінің жиені болып келеді.
Дәурен МҰҚАНОВ,
Алма СЕРІКҚАЛИ.
Астана.