Ақжайықта елге аса қажет тағы бір индустриялық-инновациялық жоба іске асты. Бұл Орал сауда-өнеркәсіп компаниясының конвейірінен тұтынушыларға тартылған диаметрі 630 миллиметрлік полиэтилен құбырлары. Мамандардың мәлімдеуінше, жаңа отандық өнімнің сапасы өте жоғары. Ол табиғаттың кез келген қытымыр жағдайларына төтеп бере алады. Әрі жоғары-төменді температурадағы ыстық пен суыққа бірдей төзімділігімен ерекшеленбек.
– Бүгінгі таңда полиэтилен құбырлардың пайдаланылмайтын саласы кем де кем. Ол су, газ, кәріз, ылғалды жерді құрғату жүйелерінде және телекоммуникацияда қолданылады. Сондай-ақ, оның құрылыс, мұнай-газ өндірістеріне де тигізетін пайдасы мол. Өнім сыртқы жағдайларға зиянды әсерін тигізбейді. Экологиялық тұрғыдан таза. Қолданылу мерзімі елу жылдан асып түседі, – деді газет тілшісінің сауалына орай аталған компанияның басшысы Валерий Крылов. Ең бастысы, аталған жоба импортты алмастыру секілді мемлекеттік маңызы бар іске септігін тигізбек. Нақтырақ айтқанда, осы кезге дейін мұндай құбырлар елімізге Ресейден және Әзербайжан мен Түркиядан сатып алынып тасымалданып келген. Бүгінде республикада ауыл тұрғындарын сумен қамтуды жақсартуға Елбасы мен республика Үкіметі айрықша көңіл бөліп отырғаны белгілі. Бұл жөнінде «Таза су», «Ақбұлақ» секілді арнайы бағдарламалар жасалып іске асып келеді. Сондай-ақ, елді мекендерді толық газға көшіру ісінің әлеуметтік маңызы да жоғары. Міне, осындай ел тұрғындарына қажет мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында полиэтилен құбырлар сұраныс пен қажеттілікті өтей алады. Оның тигізетін пайдасын тек ауылмен шектей салуға болмайды. Республика қалаларындағы жерді құрғату (дренаж) мен коммуналдық жүйлерде мұндай отандық өнімнің қажеттілігі айқын көрінуде.
Қандай өндіріс орны болмасын – ол ұдайы үнемділік пен тиімділікке қол жеткізу бағытын ұстанбаса, қазақы ұғымға сайғанда, бәйгесі алысқа бармайды. Жобаны жүзеге асырғандар мәселенің мұндай мәнісіне де мән бере алғаны сүйсіндіреді. Оралдық жаңа өндіріс ошағының артықшылығы сонда – осында орналасқан озық технологиялық желінің көмегімен жұмсалған барлық ресурстардың он бес пайызын үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде шығарылған өнімнің өзіндік құнын сәл де болса төмендетуге жол ашылады деген сөз.
Қазір батысқазақстандық компания өз өнімдерімен тек өңірдің ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймай, оны Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Қарағанды облыстарына жеткізуде. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өміршең жоба иелері алдағы уақытта өндіріс қуатын төрт есеге дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Әрине мұндай жағдайда олар тек бір ғана диаметрі 630 миллиметрлік полиэтилен құбырлар шығарумен шектеліп қала алмайды. Өндіріске тың, жаңаша көзқарастың қажеттілігі де осында. Сөйтіп кәсіпорында өндіріс қуатын жоғарыда айтылған көлемде көтеру бағытында нақты іс-шаралар белгіленген. Соның бірі диаметрі алдыңғы өнімнен екі есе үлкен полиэтилен құбырлар шығару болмақ. Мұның сыртында әйнек пен талшықтың қоспасынан жасалған құбыр жобасы да қоса ойластырылуда.
Дәл бүгінгі күні қазақстандық кәсіпорын өздеріне қажетті шикізатты республикадан тыс жерден тасымалдап жеткізуде. Әйтсе де олардың шикізатқа деген мұндай тәуелділіктен құтылатын күні де алыс емес екені көңілге үлкен медеу. Бүгінде көршілес Атырау облысында газ-химия кешенінің құрылысы басталғаны белгілі. Осы нысан іске қосылған кезде оралдық өндірісшілер полиэтилен ұнтақтарын аталмыш кешеннен алмақ. Сол кезде қазір 67 пайыз құрап отырған қазақстандық үлес 100 пайызға жеткізілмек. Бүгінде Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы өз өнімдерін көршілес Ресей облыстарына экпорттауды көздеп отыр.
Полиэтилен құбырларға деген сұраныс күн сайын өсіп келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Орал.