Поэзия әдебиеттің нәзік жанры. Ол – өнер. Ол жаны нәзік жандарды жиі маңайлайтын жанр. Ол тек сезімтал адамдарға ғана берілетін бақыт. Сондықтан да біз ақындарды бірауыздан бақыттылар дейміз. Өйткені олар жүректен жыр ағытып, жүректерге жеткізеді. Мұңын да, сырын да, қайғысы мен қуанышын да жыр сүйер жалпақ жұртпен бөліседі. Осындай жас толқын ақынның бірі – республикалық жыр мүшәйраларында жүлделі орындардан көрініп жүрген Досбол Ислам.
Түркі елінің рухани астанасы Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Д. Ислам өзінің “Ақын тілі – арман тілі” атты жаңа жыр жинағын оқырмандарына ұсынды. Толғанысқа толы туындылардан тұратын бұл өлең кітабы Алматыдағы “Арыс” баспасынан жарық көріп отыр.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбектің алғысөзімен поэзия сүйер қауымға жол тартқан кітабын ақын өлең деген құдіретке бас июден бастапты.
Бағила дәурен!
Бағила бақыт – барым сен,
Пақырға талай,
Пақана болған арым сен.
Төрткүл дүниенің төрінен тыным таппаған,
Шырылдап жүрген жаным сен – Өлең!
Осылай тебіренген ақынды туған тілдің толғағы да толғандырмай қоймапты.
Кітаптағы жыр жолдары осылай түрлі тақырыпта жалғаса береді. Оны жыр жанашырлары көзбен де, көңілмен де оқып, безбенге салар деген үміттеміз.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.
ӘН ҚАНАТЫНДА
2009 жыл. Астанада Қызылорда облысының Астанадағы өнер күндерінің ашылу салтанатында кешті жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әні – “Сарыарқа”. Орындайтын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова деп хабарлаған.
Лық толы зал іші демдерін іштеріне тартып тына қалған. Күлән ән қанатында қалықтап кете барды. Әсем ән көрермендердің өн-бойларын баурап алған.
Сарыарқа саған таңда сәлем берем,
Атың да мәшһүр әлемге тең.
Туған жер, кең өлкеңе қайран қалам,
Бабалар даналығын дәлелдеген, –деп күлім көзінен шуақ шашқан Күләннің көрермендерге иіле сәлем етіп, ілтипат көрсетуі сол еді, зал іші дүр сілкініп сала берді. Орындарынан өре түрегеліп, сартылдата қол соққан көрермендер қошеметі ерекше болды.
Иә, әні мен сәні үйлескен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән отыз жыл бойы өнер көгінде қалықтай ұшып, Сыр сахнасының сандуғашына айналған десек, асыра айтқандығымыз болмас. Оның бірде асқақтата салар, ал енді бірде тамылжыта орындар әндері тыңдармандар жүрегінде жазылып, құлақ түбінде күмбір қағумен келеді.
“Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй”, – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Күләннің көмекейінен төгілген әндер қанаттанып, ән әлемінде өзіндік өрнегін қалыптастырған.
Күлән Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылында дүниеге келіп, ерте есейді. Өйткені ол кезінде есімі елге елеулі, ауылдың атпал азаматы Жантемірдің отбасындағы жалғыз перзент болатын. Анасы Сәнира:
Былдыр-былдыр тіліңмен,
Қуыршақтай жүгірген,
Айналайын ботам-ау,
Айналайын түріңнен, – деп бастайтын бесік жырымен Күләнді ән қанатына қондырып, көңіліне үкілі үміт ұялатқан сыңайлы. Содан да өжет те өнерлі қыз тәй-тәй басқаннан ән айтуға құмартты.
– Ауыл ақсақалдары мен салған әндерді құмарлана тыңдап, ақ баталарын жарыса беріп жатушы еді. Бүгінде әке аманатын ақтап жүргеніме жан-жүрегім елжірей қуанамын, – деген Күлән көздері сызылта ән салғандай күлімсірейді.
1973 жылы Қазалы кентіндегі №24 мектепті бітірген Күлән Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Өнер қарлығашының қанаты осы оқу орнында қатаяды. Өйткені, онда атақты Тұрмағамбет шайырдың туған жиені Көпбай Әлиев жетекшілік жасайтын “Нұргүл” ән-би ансамблі болатын. Ол кезде “Нұргүл” еліміздің түкпір-түкпірін әсем ән мен мың бұралған биге бөлеп, атақ-даңқы дүркіреп тұрған уақыт еді. Осы ансамбльден түлеп ұшқан талай-талай тарландар сахна сандуғаштарына айналған. Солардың алғашқы қарлығашының бірі, бірі ғана емес бірегейі Күлән Қалымбетова болды. Сол бірегейдің бірі марқұм Мәдина Ералиева да осы шаңырақтан түлеп ұшқан еді.
– Менің өнер жолына түсуіме аса көп еңбек сіңірген музыканың майталман маманы, ұлағатты ұстазым Өмірбай Нұржігітов болды. Содан да талай таланттарды тәрбиелеп, бұл өмірден ерте өткен Өмекеңдей абзал ағаларым менің жадымда мәңгілікке қалып қойды, – дейді Күлән әңгіме орайында.
Күләннің өнер жолы 1978 жылы Қызылорда қаласындағы “Мелиоратор” сарайында көркемдік жетекші болудан бастау алады. Осылай күн құрғатпай Сыр сандуғашындай сайрап жүрген оны еліміздің түкпір-түкпірінен талай-талай өнер шаңырақтары жұмысқа шақырады. Бірақ Күлән оған елікпеді.
– Қарашаңырақтың жалғызы болғандықтан аяулы анам мен әкемді тастап, қайда барайын. Облыстық филармония жұмысқа шақырып, сонда баруға тоқтам жасағанмын. Содан бері, міне, 32 жыл бойы Сыр өнерінің қарашаңырағында ән салып келемін, – дейді ол.
Айтса айтқандай, Сыр өңірінде өтетін жиын-тойдың Күләнсіз сәні келмейді. Жұрт оны іздеп отырады.
Сыр сахнасының сандуғашы Күләннің өнер жолындағы өрлеуі еліміздің тәуелсіздік туы желбіреу жылдарынан бастау алады. 1992 жылы есімдері елге танымал Роза Бағланова, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды өнер тарландары қазылық етіп, Шымкентте өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлайды. Күләннің күміс көмейінен төгілген ән әуендері содан бері әуелеп, сан алуан сайыстардың бас бәйгелерін алып, әнсүйер қауымның жансарайларын жадыратып-ақ келеді.
– Мен үшін, – дейді әңгіме үстінде Күлән, – аса бақытты күн – 1998 жылдың 13 мамыры. Маған дәл осы күні Елбасы өз қолымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын табыс етті. Әңгіме атақта емес, Елбасымыздың қанатымды қатайтып, шабытымды шалқыта түскеніне дән ризамын.
Күләннің ерекше бір қасиеті, қазақтың халық әндерін жан жүрегімен шырқайды. Оның репертуарындағы “Сәулем-ай”, “Бурылтай”, “Қараторғай”, “Айсәуле”, “Еркем-ай”, “Айқаракөз” сынды халық әндері көрермендер қошеметіне кенеліп, жүректерінде жазылып қалған. Әрине, оның репертуарынан белгілі композиторлардың әсем ән саздары да қағыс қалған емес. Содан да оның концерттік бағдарламасы жыл өткен сайын жаңғырып, жаңаланып келеді. Соңғы жылдары Күлән өзінің концерттік бағдарламасына Шәмші Қалдаяқовтың “Ақмаңдайлым”, “Еркежан”, Әсет Бейсеуовтің “Жақсы көру”, А.Айтбаевтың “Мен сені сүйемін”, С.Лұқпанның “Ардақты ару” әндерін ендірген.
Күләннің екінші бір ерекше қасиеті – тумысынан тұла бойын тұмшалап алған жанды дауыспен ән айту. Содан да ол бәзбіреулер тәрізді фонограммаға сеніп, сахнаға шығудан бойын аулақ ұстаумен келеді. Күләннің арманы – тума дауыстың бағасын түсірмеу.
Бүгінде Күлән Сыр сахнасының сандуғашы ғана емес, іргелі де қабырғалы шаңырақтың шамшырағы. Оның бұл өмірді әнмен өрнектей жүруіне өмірлік серігі Сұлтанбек те өзіндік үлесін қосып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Домбыраның қос ішегіндей өнерпаздар отбасында қызғалдақтай қыздары Ләйла өсіп, өркен жайып келеді. Ол Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің 4 курс студенті.
... Сахнада Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Күлән Қалымбетова!
Сағым жылдар, сағым жылдар,
Сен де бір арман.
Сен де бір жалған.
Сағыныш-ай,
Сенімен бірге толқиды жаным, – деп ән қанатымен қомданған Күлән өнер көгіне сағынышпен армандай ұшып барады. Лайым солай болғай!
Еркін ӘБІЛ,
ҚЫЗЫЛОРДА.