Екінші бағыт
Етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін оған қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдірудің барлық іс-шаралары осы екінші бағыт аясында топтастырылған. Осы мәселе бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілетін қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға терең талдаулар жүргізіліп, осының негізінде етті мал шаруашылығын дамытуды ынталандырудың қолданыстағы ережелеріне төмендегідей өзгертулер енгізу көзделген: Біріншіден, малды өнеркәсіптік жемдеуге басымдықты мән беріле отырып, осының негізінде малды жемдеуге қатысты өлшемдер өзгертіледі. Екіншіден, қатаң және шырынды азық жемдерді пайдалануға субсидия берілетін болады. Үшіншіден, отандық және шетелдік асыл тұқымды малды сатып алуға берілетін субсидия бұрынғыдай малдың салмағына емес, енді мал басы бойынша есептелінеді. Төртіншіден, мал шаруашылығындағы селекциялық және тұқым асылдандыру жұмысы субсидияланатын болады (жәрдемақының осы түрі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына толықтырулар мен түзетулер енгізілгеннен кейін барып жүзеге аспақ). Жобаның осы екінші бағытын сәтті жүзеге асыру үшін малдың тектік түрлерін асылдандыра отырып қайта құрудың (сіңіре будандастырудың) екі әдіс-тәсілін пайдалану көзделген: Олар – өндіруші бұқаларды пайдалану және қолдан ұрықтандыру. Алайда осы ретте ойландыратын бір мәселе қазіргі күні асыл тұқымды бұқалар құнының, сондай- ақ оларды ұстауға, түрлері бойынша қайта құру үшін пайдалануға жұмсалатын шығындардың жоғары болуына байланысты оларды шаруа қожалықтары мен үй қасындағы қосалқы шаруашылықтар, былайша айтқанда қарапайым халық сатып ала алмайды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігіне шаруа қожалықтары мен жеке үй шаруашылықтары пайдаланатын ет тұқымды өндіруші – бұқаларды ұстауға жұмсалатын шығындардың орнын толтыруды (шығынның 50 пайызын өтеуді) көздейтін нақты есептерді енгізген. Мәселе қолдау тапса, бұл – халық үшін жасалған жақсылық болмақ. Малды қолдан ұрықтандыру ісінің талапқа сай дұрыс жүргізілуі көптеген жағдайларда ұрықтандырушы техникке байланысты болып келеді. Алайда, ұрықтандырушының қызмет ақысының жеке қосалқы шаруашылықтағы мал иелері тарапынан аз төленуіне, азотты, құралдарды сатып алу мен көлік шығындардың қымбат болуына байланысты ұрықтандырушы қызметінің нарығы тұтастай алғанда тартымсыз болып тұр. Ал бұл өз кезегінде мал тұқымын асылдандыру мен селекциялық жұмыстардың жүруіне кері әсерін тигізуде. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Қаржы министрлігіне малды қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды 100 пайыз (қолданыстағы ережелерге сәйкес қазір 50 пайыз) өтеуді көздейтін қаулы жобасын келісуге жіберген. Сонымен қатар бүгінгі күні мал тұқымын асылдандыру, селекциялық жұмыстарды жүргізу бағытында атқарылып отырған үлкен бір шаруа ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ғылыми- инновациялық орталық пен «ҚазАгроМаркетинг» АҚ аясында бүкіл республика өңірлерін қамтып, асыл тұқымды және тауарлы мал басын есепке алуға мүмкіндік беретін орталықтандырылған бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйенің (ААЖ) құрылғандығын айтуға болады. Маңызын түсінген мекемелер мен адамдар үшін бұл жүйенің пайдасы жан-жақты және өте зор. Жүйе жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына мал тұқымын асылдандыру мен селекциялық жұмыстарға байланысты қазіргі жалған ақпараттардан арылып, жұмысты дұрыс жолға қою мүмкіндігін береді. Себебі жүйеге қосылған шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың, басқа да жобаға қатысушылардың табындарға бекітілген өндіруші – бұқаларды пайдалану мерзімдерін дұрыс сақтау, инбридингтің алдын алып, бұқаларды уақытылы ауыстыру секілді жұмыстарында реттілік пен ашықтық жолға қойылатын болады. Олар бұл істі бұрынғыдай өз беттерімен жүргізе бермей ендігі кезекте ғалымдар мен мамандардың көмегіне сүйенеді. Табындарға зоотехникалық, мал дәрігерлік талаптар мен қадағалау шаралары арта түседі. Ақыр аяғында осыдан тұқым асылдандырушы мал иелерінің өздері де орасан зор пайда көретін болады. Оның үстіне бұл жүйе оларға ақысыз қызметтермен (асыл тұқымды өнімділігі жоғары бұқалар немесе олардың ұрықтарымен) қамтылуына, мемлекет беретін субсидияларға ие болуына мүмкіндік береді. Яғни, заң бойынша мемлекеттік субсидияны аталған жүйеде тіркелген тұлғалар ғана ала алатын болады, ал жобаның барлық қатысушылары үшін осы жүйеде тіркелу рәсімі ақысыз болып табылады. Осыған орай Интернетке кез келген уақытта кіруге мүмкіндіктері жоқ фермер шаруашылықтары мен үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың «ҚазАгроМаркетинг» компаниясының аудандық СИКЦ арқылы тіркелуге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күні жүйеде 343 шаруашылық, 64 мыңға жуық аналық мал мен 2800-ге жуық өндіруші бұқалар тіркелген. Бүгінгі күні барлық облыстарда жасанды ұрықтандыруды ұйымдастыратын жылжымалы топтар жасақталды, 280-астам қолдан ұрықтандырушылар өз біліктіліктерін арттырды. Жобаның жүзеге асырылуына мониторингті жүргізу үшін индикативті көрсеткіштер әзірленіп, жұма сайын ақпарат жинақталып, олардың талдауы жүргізіледі.Үшінші бағыт
Үшінші бағыт – ірі қара мал етін өнеркәсіптік өндіру технологиясының инфрақұрылымын әзірлеу ісін қарастырады. Оның өзі мал бордақылауға арналған алаңдар салу, репродуктор шаруашылықтар құру, фермер шаруашылықтары мен тауарлы фермаларды дамыту секілді бірнеше тетіктерден тұрады. Осы бағыт бойынша 2010 жылы Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бір кезеңде 12,1 мың мал басын ұстауға мүмкіндік беретін 2 мал бордақылайтын шағын алаң пайдалануға берілген болатын. Ал ағымдағы жылы 18 мың басқа, 2012 жылы 13 мың басқа арналған бірнеше бордақылау алаңдарының желісін құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар репродукторлық шаруашылықтарды дамыту мақсатында өткен жылы «ҚазАгро» холдингінің қаржыландыруымен шетелден асыл тұқымды 2,4 мың бас мүйізді ірі қара малы сатып алынса, үстіміздегі жылы 10 бас осындай мал жеткізу көзделеді. Фермер шаруашылықтарын дамыту бағытында үстіміздегі жылы әрқайсысы сатып алу арқылы 40 бас аналық малмен қамтамасыз етілген фермалық шаруашылықтардың жүйесін құру аяқталады. Осындай тәртіппен 30 мың аналық мал сатып алынады. Ол малдар биылғы жылдың өзінде қолдан ұрықтандырылып, келесі жылы төлдей бастайтын болады. Фермер шаруашылықтары зоотехникалық, ветеринарлық талаптарды толық сақтап жұмыс істеуі тиіс. Өкінішке орай, жергілікті атқару органдары бұл іске әлі толық мән беріп отырмаған секілді. Көптеген өңірлер сылбырлық танытып, жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етпей отырғандығын Асылжан Мамытбеков жасырмай айтты. Жағдай, әсіресе, Қостанай, Павлодар облыстарында нашар екен. Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Әділет министрліктеріне бүгінгі талқыланған жағдайларды ескере отырып, бір аптаның ішінде еліміздегі ет экспортының әлеуетін дамыту туралы жобаны жүзеге асырудың кешенді жоспарын әзірлеп, Үкімет Кеңсесіне өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жобаны жүзеге асыру барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыруды, ал облыс әкімдеріне жобаны жүзеге асыруға қатысты шараларды мүлтіксіз орындауды міндеттеді. Отырысқа қатысушыларға еліміздің етті мал шаруашылығын дамыту аса маңызды мәселе екендігін ескертті. «Провел совещание по вопросам развития мясного животноводства. «Мал баққанға бітеді», – деп жазған екен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Twitterдегі өз парақшасында. Соңғы сөзді біз осы мақаланың тақырыбына шығардық. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.