Қазталов ауданында жаңа бастамалар мол
Қазталов – республиканың ең шалғай аудандарының бірі. Шалғай ауданның мұңы да, мұқтажы да болмай тұрмайтыны бесенеден белгілі. Проблемалық мәселелердің шешімін табуы ең алдымен аудан экономикасын ілгері бастыру мен тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру ісінен бастау алмақ. Бұл бағытта шұғыл қолға алынған іс-шараларға аудан жұртшылығы дән риза екенін іссапар барысында айқын аңғардық. Әрі Қазталов аймағында өркен жайған жаңа бастамаларға ауданның жаңа басшысы Табылғаш Сапаровтың ұйытқы болғанын да байқап қалғандаймыз.
Гәп мынада. Қазталов өңірінде газ, мұнай, кен өндіруге бағытталған өндіріс орындары жоқ. Сондай-ақ, жартылай шөлейт аймаққа орналасқан аудан жері егістік салуға қолайсыз. Мұндай жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашу ісі де тұйыққа тіреле бермек. Дегенмен, жаңа басшы осынау жылжымастай көрінген істің де жөнін тапқан секілді. Пилоттық жобаны жеңіп алған Қазталов ауданына жүз миллион теңге қаражат бөлініпті. Осы арқылы кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындарды қаржылық тұрғыдан қолдау тетігі жасалыпты. Яғни, аталған қаражат кәсіпкерлікпен айналысуға белді бекем буған, бұл үшін арнайы әзірлік курсынан өткен адамдарға берілмек. Қазталов – облыстағы мал өсіруге қолайлы өңірлердің бірі. Мұндай мақсатты іске асырамын деушілерге де пилоттық жобаның шапағаты тимек.
Сарыөзен мен Қараөзеннің қойнауында, бұрынғы екі ауданның ізінде қоныс тепкен Қазталов облыстағы толықтай газ өткізілген өңірлердің қатарына кіреді. Алайда ауданның Жалпақтал округі аумағында табиғи газ құбыры тартылмаған Қарасу, Талдықұдық, Талдыапан және Көктерек ауылдары бар. Айталық Қарасуға Жаңақала ауданының Айдархан ауылынан көгілдір отын тарту жөнінде жобалау-сметалық құжаттар әзірленген. Дәл бүгінгі күні жоғарыда аталған өзге ауылдарды көгілдір отынмен қамту мүмкіндігі болмай отырғанын, ол алдағы жылдардың еншісіндегі іс екенін ашық айтуға тура келеді.
Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту ісінде де кешенді шаралар іске асып келеді. Бұл мәселе жөнінде үлкен қиындықтарға тап болған Болашақ ауылының тұрғындары деуге болады. Аталған ауылға Сарыөзеннен су тарту жөнінде жобалау-сметалық құжаттар жасалған. Бұған тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінген. Ал мердігерлік жұмыстарды атқаруға әрі жобаны толық аяғына дейін жеткізуге қажетті қаражатты республикалық бюджет есебінен қарастыру көзделген. Оның жалпы мөлшері – 550 миллион теңге.
Сондай-ақ, ауданның бірқатар ауылдарында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бұрынғы су жүйелері тазартылып, таза су қондырғысы құрылыстары басталған. Аймақта жер асты су көздері жеткілікті жерлер жоқ емес. Оған тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай көрініс Тереңкөл ауылдық округіне тән. Сонымен бірге, жер асты су көздеріне мүлдем тапшы елді мекендер де баршылық. Арнайы жасалған геодезиялық картада соның бәрі көрініс тапқан. Тұрғындарды ауыз сумен қамту жөніндегі тактикалық және стратегиялық шешімдер де сол картаға сәйкес алынбақ. Яғни, жер асты су көздері жоқ мекендерге оны жеткізудің өзге жолдары белгіленбек.
Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол, бүгінгі заман тынысы жөнінде де құнды ой-пікірлер айта алатын ақсақалдар Қазталов ауданында да аз емес. Аудан басшысы Т.Сапаров осы құндылықты бүгінгі күн талабына орайластыра алғаны, ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының қызметін жаңаша мазмұнмен толықтыруға бастамашы бола білгені өз алдына бір бөлек әңгіме. Ауданда серпінді істердің қанат жаюына олардың қосқан үлестері қомақты. Соның бірі кең ауқымды абаттандыру жұмыстары. Аудан бюджетінде басы артық қаражат болмағандықтан, бұл істер негізінен қолда барды ұқыпты пайдалану, бірді екі ету, және дүркін-дүркін сенбіліктер ұйымдастыру арқылы жүзеге асуда.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Қазталов ауданында соны серпіліс те, сілкініс те бар. Алға нақты міндеттер мен межелер қойылған. Осыған дейінгі барлық жетістіктерді аудан жұртшылығы Елбасының сарабдал саясатымен байланыстырып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы.