ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БАЙЫПТЫ БАСТАЛДЫ
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту тапсырылса, оны жүзеге асырудың тетіктері айқындалып, бағдарлама аясында жұмыс жалғасқан. Мұның өзі алдағы қысқа дайындыққа да көп көмегін тигізетіні анық.
2011-2012 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа байланысты «Егемен Қазақстанның» Алматы облысындағы тілшісі Күмісжан Байжан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ызғарбек Бектұрсыновқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Иә, құнды құжаттағы тапсырма баршадан қолдау тапты, тиісті бағдарлама жасалды. Енді оны жүйелі жүзеге асыру қажет. Ал, қыраулы қыс айларында тұрғындардың әлеуметтік жағдайының оң шешілуі әр шаңырақтағы жылу мен басқа да тұрмысқа қажеттіліктердің толық қамтылуына тікелей тәуелді.
Биыл жылыту маусымына дайындыққа 12,7 млрд. теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 19,9 мың литр дизель отыны, 8,9 мың тонна мазут әзірленді. Сондай-ақ жылыту маусымына 910 білім, 839 денсаулық сақтау, 292 әлеуметтік нысандарды дайындау қажеттігі кезек күтіп тұр. Қатты отынмен жанатын 33 қазандық, 20,5 шақырым жылу трассасы, 3 мың шақырымнан астам электр желілері, 373 шақырым су құбыры мен кәріздік желі, 844 тұрғын үй жөнделуге жататыны анықталып, жұмыс жалғасуда.
Осы орайда аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалар мен шаруашылық жетекшілері бірқатар міндеттерді жүзеге асыруы керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына келсек, өңірдегі 2020 жылға дейін жаңғыртуды қажет ететін жүйелердің ұзындығы 22 мың шақырымды құрайды. Жүргізілетін жұмыстар арқасында күрделі жөндеуді талап ететін кондоминимум нысандарының үлесі 73%-дан 22-%-ға төмендеуге тиіс. Қазіргі кезде тұрғын үй қатынастарының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ететін заң актілерін қабылдау ойластырылуда.
Өңірдегі тұрмысқа қолайлы тұрғын үй қорының көпшілігі күрделі немесе ағымдағы жөндеуді қажет ететінін де айтқан жөн. Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен банктерді тарта отырып, жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен азаматтарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және қайта жаңарту үшін қаржыландырудың арнайы тетіктерін ұсынуды жоспарлағаны белгілі.
Облыс бойынша коммуналдық инфрақұрылым желілері мен құрылғыларының техникалық жағдайына келсек, оның көп бөлігі жөндеу мен ауыстыруды талап етеді. Көп пәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жағдайы да мәз емес. 2011-2020 жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға барлық қаржыландыру көздерінен 125,6 млрд. теңге жұмсалуы тиіс. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуді екі тетікпен жүзеге асыру көзделсе, бұл жөнінде де бағдарлама жасалып, біртіндеп жүзеге асырылатынын айтқан жөн.
Ал, алдағы қысқа дайындықтың толық тиянағын келтіруге байланысты жұмыс қызу басталды. Өткен жылы тұрғындардан онша көп өкпе-наз айтылмады. Ендігі мақсат биыл да осындай жүйелі жұмысты жалғастыру үшін бар мүмкіндіктерді жұмылдыру. Жетісулықтардың үйі жылы, тұрмысы қолайлы болатынына күмән жоқ екенін айтқан жөн.