25 Маусым, 2011

«Елім-ай» фильмі

1148 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУМЕН ЖЕТКЕН БАҚЫТЫНЫҢ БАЯНЫ Астанадағы «Сарыарқа» сауда-ойын сауық орталығының кинопаркінде Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Елім-ай» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Отандық кинематографияның тың туындысының қоюшы режиссері көпшілік көрерменге «Дала экспресі», «Қауышу» сынды еңбектерімен белгілі Аманжол Айтуаров. Ал сценарийін жазғандар – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ төрағасы Жанай Омаров, сондай-ақ режиссер Аманжол Айтуаров пен Мұхаммед Мамытбеков, фильмнің өн бойымен әсерлі өрілетін музыка авторы –  композитор Жанар Сәбит. Жанры тарихи драма бол­ғаны­мен, мазмұны жағынан ме­лодрамаға ұқсайтын бұл туын­дыға бір жанның ғұмыры негізінде тұтас бір халықтың тағ­дыры өзек болған. Хроно­метра­жы екі сериядан, ал теле­визия­лық нұсқасы 4 бөлімнен тұра­тын фильмнің хроноло­гия­сы 3 кезеңге жіктеліпті. Фильм бір емес, бірнеше ұлт­тың басына қасірет бұлты болып төнген, қаншама жа­зық­сыз жандардың шаңырағын ша­й­қалтып кеткен екінші дүниежүзі­лік сұрапыл соғыстың қасіретті жылдары көріністерімен басталса, одан кейінгі кезекте өткен ғасырдың 1950-1960 жылдар ара­лығы бейнеленген. Ал үшін­ші кезеңде тәуелсіз Қазақстан, оның бүгіні мен болашағы Қазақ елінің жаңа елордасы – Астанамен бірге өріледі. Фильмдегі бас кейіпкер – осы үш кезеңнің куәгері, қазақ қаламгері – Мәди Ералин. Тиісінше, мұндағы актерлер де үш топқа топтастырылған, яғни, жұрт жазушының балалық ша­ғы, жастық дәурені және егде тартып, қартайған кезеңіне де куә болады. Бала Мәдиді тоғыз жастағы Абылай Жарылқа­сынов, ал бозбалалық кезеңін оның шынайы өмірдегі әкесі – Ержан Жарылқасынұлы ойнаса, қарт қаламгер рөлінде біз Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Асыл­болат Ысмағұловты көреміз. «Елім-ай» фильмінің сюжеттік желісі бойынша кешегі жас бүлдіршін, бүгінде қария кейпіне енген сол қаламгердің көз алдынан балалық шағынан бас­таған өмір жолы біртіндеп тізбектеліп өте береді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жұпыны тіршілік. Соғыстың бар азабы мен ауыртпалығы Мәди мен Сағи есімді тетелес ұлдар­ды тәрбиелеп отырған Тастөбе ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Абылай мен Дәметкен Ералиндердің де отбасын айна­лып өтпейді. Жалпы, қым-қуыт кезең мен запыранды жылдар­дың қиыншылығы кімдерге сал­мақ салмаған?! Бұл қиын­дықты Кап тауын мекендеген Кавказ жұрты да басынан өткереді. Кав­каздан келген – Мұса мен оның әжесі де тағдырдың тәлке­гіне ұшыраған жандар. Дегенмен, көрер жарығы бар екен, кеңпейіл қазақ отбасы оларды үйлеріне кіргізіп, қонақжай­лы­лықпен төрін ұсынады. Барлы­ғы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешеді. Мұса Мәди мен Сағидың ең жақын әрі адал досына айналады. Олар бір- біріне туған бауырдай болып кетеді. Фильмдегі бұл көріністер арқылы қазақ халқының кеңпе­йіл­ділігі, жан жомарттығы жар­қырай ашылады. Мәди мен Сағидың әкесі Абы­лай әскери комиссариатта адал қызмет етіп жүрген азамат. Кол­хоз­дың тоғанынан соғыста жара­ланып, госпиталь кереуетіне та­ңы­лған солдаттарға деп сақтаған балықты ұрлаған ұлдарына ренжіп, «қандай қиыншылық өкпе­ден қысып тұрса да, ар-намыс­та­рыңды сақтаңдар» деп өлімнен ұят күшті екенін олардың сана­сына құюға тырысады. Бала­лары­на осындай аманат қалдырған әкесі 1943 жылдың көктемінде соғысқа аттанады. Ауылдан кетерінде кіші ұлы Сағиға «қайтып келемін» деп берген уәдесін орын­дай алмай, сол кеткеннен орал­майды. Мәдидің отбасына қара қағаз бен бес жұлдызды орденді Мұ­саның майданнан оралған әке­сі алып келеді. Осылайша, кіші лейтанант Абылай Ералин 1944 жылы жау қолынан қаза табады. Әке аманатын арқалаған қос ұлы оның айтқан өсиетін әрдайым естерінде сақтауға тырысады. Фильмдегі екінші бір суреттелетін кезең – Хрущев билік құ­рып, Орталық комитеттің дәу­рені жүріп тұрған уақыт. Сол бір күрделі кезеңнің ауыр салмағын сезінсе де, соғыстан кейінгі жұ­таң ауылдардан Алматыға ағыл­ған жастардың психологиясы да мүлде өзгеше болады. Олар бала­лық шақтың қызығынан ерте ажы­раса да, басым бөлігі оқуға айрықша құмартып өседі. Сондай арманшыл жастардың қатарында Мәди мен Сағи да бар еді. Олар да білім биігіне ұмтылып, өздерін жоғары белестен көргісі келеді. Мәди журналистика факультетіне оқуға түседі. Өзінің ауылдас құр­бысы Әсияға үйленеді. Сол жыл­дардың жұпыны тіршілігі сияқ­ты отау құрғандардың той­лары да қарапайым өтеді. Алайда, тұр­мыс­тың жұтаңдығы Мәдидің қыз­мет сатысымен жоғарылауына кедергі келтірмейді. Журфакты бітірген соң ҚазТАГ-тағы редактор­лық жұмысқа жолдама алады. Кейін Алматы телестудиясына ша­қырылып, бұған дейін жатаған үйден жалдап келген бір бөлмесін пәтерге ауыстырады. Ал Сағи ауыл­ шаруашылығы институтына оқуға түскенімен, 1-ші семестрден өте алмай, алғашында аға­сы­ның жалдаған пәтерінде бірге тұрады. Жастайынан бірбеткей, не нәрсені де турасынан айтатын ол ешбір жерде табандап жұмыс атқара алмайды. Мәди телевидениеде қызмет етіп жүрген кезінде өзін Қазақстанның жаңа тарихын жасаушылардың бірі ретінде сезінеді. Бір жолы ашаршылық жыл­дары жайлы ашына жазған хаба­ры артынан өзіне соққы болып тиеді. Ісі Орталық партия коми­теті­нің қарауына жіберіледі. «Егер де осы ойыңды өзгерт­пе­сең, партия қатарынан шығарыласың», деген қатаң ескертуден кейін отба­сын, кішкентай қызының болаша­ғын ойлап, өзінің бастапқы пікірінен бас тартады. Ал Сағи ағасы­ның бұл іс-әрекетіне ренжіп, әке­сінің бір кездегі «ар-ождандарың мен намыстарыңды сақтаңдар» деген өсиетіне адал болмағанын айтып назаланады. Кейін Мәди қарттың «мен партия қатарында қалдым, есесіне бауырымды жо­ғалт­тым» деп өткенді еске алуы  жүрек түкпірінде бұғып жатқан өкініштің бір ұшқыны болса керек. Ол екеуінің жолы шынымен де екіге айырылады. Сағи ағасы екеуінің арасындағы әңгімеден кейін Целиноградқа, туған ауылы Тастөбеге қайтып оралады да, біраз жыл өткеннен кейін жүрек талмасынан қайтыс болады. Ал Мәди телевидениедегі жұмысы­нан өз еркімен кетеді. Респуб­ли­калық баспаларда қызмет етеді. Бірнеше кітап шығарады. Жазу­шы­лар одағына қабылданады. Бір қарағанда, барлығы дұрыс, бар­лығы қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ, күрделі кезеңнің қилы қат­парлары мен иірімдері, қос азаматтың жолын екіге бөлген тағ­дыр талайы оның жүрегінің бір түкпірінде жасырынып жатады. Фильмнің көздеген мақсаты – тарихта болған оқиғаларды сол қалпында өзгеріссіз көшіріп шы­ғу емес. Ол сол кезеңдердің бояуын көз алдыңа әкеліп, сол бір заман­дардағы адамдардың бейнесі мен психологиясын көркем ой­мен жеткізу екенін атап өткен жөн. «Елім-айдың» екінші бөлімі көрерменді Жаратқан сыйға тарт­қан өлшеулі өмірдің мәнін түсіну­ге, адал да тағылымды ғұ­мыр кешуге шақырады. Жер ортасынан ауған шағында жан жарынан айы­рылып, жалғыз қалған қария­ның өзінің ұрпағын іздеп, Астанаға жол тартуы осы бөлімде баян­да­лады. Мәди қарт сонда кімді, қандай ұрпағын іздеп келді дейсіз ғой? Ол – Сағи інісінің баласы Абылайды іздейді. Оқиға желісіне оралсақ, Мәдидің әйеліне келген бейтаныс келіншек бір суретті көрсетіп «Мынау Сағидың ұлы» дегенді айтады. Жастықтың әсерінен бе, бәлкім өзінің Мәдиге ұл перзент сыйлай алмағанынан ба, әйтеуір Әсия сол бейтаныс келіншекке азын-аулақ тиын-тебен ұстатып, үйіне кіргізбей жібереді және бұл құпияны жан баласына ашпайды. Алайда, дүниеден өтер алдында өзінің ішіндегі талай жылдан бергі өкінішке толы мұң-шерін тарқатып, еріне бар сырын ақтара келе Астанаға барып, сол ұлды тауып әкелуді, сөйтіп ұрпа­ғын жалғастыруды аманаттайды. Фильмнің басында оқиға желісі жиырмасыншы ғасырдың күр­делі де тартысты кезеңдеріне бай­ланысты шиеленісті болып келгенімен, екінші бөлімнің оқиғалары бір-бірімен жүйелі астасып, көрермен көңілін жаулап алады. Мәди қарт Астана әкімдігінде қызмет етіп жүрген інісінің ұлы, есімі өзінің әкесінің құрметіне қойылған Абылайды іздеп таба­ды. Абылай да әкесі Сағи сияқты турашыл, бірбеткей болғанымен, жүрегіне жылдар бойы ұя салған жан жарасын жазу үшін өткенді ұмытуға тырысады. Сөйтіп, бір кезде бауырларды екі соқпаққа сал­ған өмір жолы осылайша қай­та табысады. Фильмдегі кейіпкерлердің саны айтарлықтай көп емес. Сағидың бала және жігіт кездерін сомдаған Нұрахмет Серікбаев пен Асхат Күшіншіреков, Әсияның жас кезі мен егде шағындағы рөлдерін ойнаған Жанар Құлдарова мен Шәмшәгүл Меңдиярова, жігіт Абы­лай­дың және оның қалың­ды­ғы Гүлімнің рөлдеріндегі Санжар Мәдиев пен Әсем Жакетаева, бала Мұсаны сомдаған Мәмед Асланов – олардың қай-қайсысы өздеріне артылған жауапкершілік үдесінен шығуға тырысқаны бай­қалады. Бұл жерде мынаны баса айт­қан жөн: «Елім-ай» – халықтың шерлі тағдыры мен ұлт шежіресі өзек болған тарихи тағы­лым­ды дүние болғанымен, оның негізгі идеясы – қазақ елінің ендігі болашағын тәуелсіз Қазақ­стан­ның жаңа елордасы – Астанамен астасып жатқанын көрсету. Алматы жайындағы осыдан жарты ғасырдай бұрын шыққан әуендердің өзі әлі күнге құлақ құрышын қандырып, жүрек түк­піріндегі ең бір сәулелі сезімдерді суыртпақтап тұратыны­ның сыры неде десек, ол әндер­дің бәріне дерлік, сол қаламен байланысты аса аяулы сәттер өзек болғанын көреміз. «Алма­ты­ның гүл бағын аралаймыз ұзақ», «Алматының бозғылт тұ­ман кешінде» деген ән жолдары еске түссе болды, Алатаудың бау­райындағы арман қалаға аң­са­рыңыз ауады да тұрады. Ал Астана жайында әндер жазып жүр­ген композиторларымыз, сол әндерге мәтін жазып жүрген ақын­дарымыз көбіне көп қала­ның өзін мадақтауға, алдымен елорданың сұлулығын айтуға құмартатын сияқты. Ендеше, олар­дың қандай тақырып болсын бәрінен бұрын адамдар тағдыры арқылы ашылатынын ұмытпаға­ны жөн. Иә, әдетте тағдырлар тоғысынан туындайтын сезімдер ғана есте қалады. Сол сезімдер арқылы оқиға өтетін орта­ның да қадыр-қасиеті арта түсе­ді десек,  «Елім-ай» фильмі бізге осы тұрғыдан қымбат. Фильм­­де Мәди ақсақалдың қалаға авто­көлікпен кіре берген бетте: «Астана адам танымастай өзгер­ген екен» дейтін  бір ауыз сөзі болмаса Астана туралы еш әңгі­ме айтылмайды. Әйтсе де сіз лен­таның өн бойынан елорда­мыз жайында, Арқа төсіндегі алтын алқадай осынау ғажайып қала­ны айналасы оншақты жыл­дың аясында тұрғызған тұлға туралы ойлаумен отырасыз. Фильм ав­тор­ларының көркемдік табысы­ның ең үлкені осы деуге бол­ғандай. «Елім-ай» фильмі қазақтың бүкіл тарихы, халқымыздың тар жол, тайғақ кешулі тағдыры бізді осындай елордаға заңды түрде алып келгенін көрсетеді. Біздің осындай Астанаға әбден лайықты халық екенімізді танытады Фильмнің аты да өте сәтті қойылған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп баста­латын «Елім-ай» басымыздан бақыт құсы ұшқан кешегі кер кезеңнің жыры болса, бүгінгі «Елім-ай» бодан күннен бостан күнге жетіп, көк аспанына көк туын тігіп, елдігін еңселенткен халықтың, сол сөзді көтеріңкі рухпен, еліне сүйсінген, мемлекеті үшін мақтанған қазақтың жүрегіндегі мерей жыры секілді естіледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.