28 Маусым, 2011

Екібастұзда болашақтың вагондары жасалуда

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысының темір жол кәсіпорындары машина құрастыруда Президенттік индустриялық-инновациялық бағдарламаның көшбастаушысына айналды

Қазақстанның вагон жасау компаниясы – еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама­сына сәйкес, өте қысқа мерзімде іске қосылған жаңа кәсіпорын. Бұл жоба 2008 жылы Мемлекет бас­шы­сының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған: «Жылжымалы құрамға сұранысты төмендету мақ­сатында отандық машина жасауды дамыту сала­сында кешенді шараларды жүзеге асыру керек» деген тапсырмасына орай жүзеге асырылды. 

Жобаны жүзеге асырушы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Петропавлдың «ЗИКСТО» АҚ және Екібастұздың «Таман» ЖШС негізінде «Қазақстанда жасалған» маркалы жартылай жүк вагондарын жасаудың оңтайлы екендігін бағамдады. 2010 жылы «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» 114 вагонды шығарса, биылғы жылы 1,5 мың вагонды пайдалануға бермек. Компания толық қуатында қызмет еткен кезде жылына бес мың вагон шығаратын болады. Кәсіпорын алдына қойылған басты мақсат – Қазақстанның үдемелі индустриялық-иннова­циялық бағдарламасына сүбелі үлес қоса отырып, Ұлттық тасымалдау компаниясының сапалы жүк вагондарына сұраны­сын қанағаттандыру. Кәсіпорынның басты ерекшелігі сонда – оның жаңашыл­ды­ғында және жаңа құрал-жабдықтарды өндіріске барынша жыл­дам әрі керегінше орналастыра білуінде көрінеді. Күні бүгін компания еңбеккерлерінің біліктілігін күн санап өсіре отырып, жаңа техника мен технологияның құлағында ой­най­тын дәрежеге жеткізіп, іріктеуден өткізіп жатыр. Цехтарда Германия, Италия, Австрия, Швеция, Швейцария, Ресей, Украи­наның вагон жасау кәсіпорнына қажетті стандартты және стандарттан тыс құрылғылары жеткізіліп, құрастырылуда. Сапалық менеджменті халықаралық стандарттың ISO 9001: 2009 құрай­ды. Қазіргі таңда шығарып жатқан өнімдері – 70 тонналық жүк тиейтін жартылай вагоны. Бұған дейін қолмен атқарылып келген жұмыстардың денін ендігі жерде компьютерлік құрылғылар мен автоматтан­ды­рылған техникалар атқарады. Цехтардың бәрінде жақында әкелінген құрал-жабдықтардың жанында бір-бір шетелдік инженер мен қазақстандықтарды байқадық. Әрқайсысының тұсына аялдаған компания бас инженері Олег Чудопал жаңа техниканың артықшылықтарын майын тамыза мақтай жөнеледі. Атағынан ат үркетін әлемнің мақтаулы компанияларының ішінен таңдаулыла­рымен іскерлік қарым-қатынастың жолға қойыла бастағандығын айтып масайрайды. Шындығында, халықтық тәмсілінде айтыл­ғандай, адамның жұмысы бастағанынан білінетіндігі рас екен. Біздің келетіндігімізден бейхабар болғанымен, алты бірдей ат шаптырым алаңдарында артық ауыс шашылған темір жаңқа­лары, техника қалдықтары көрінбейді. Барлығы орын орнында, қыздың жиған жүгіндей. Техникалық жүйенің бөлім бастығы Сергей Атрушкин мен Минскінің өндірістік инженерлік бюросының инженері Александр Рорф чехтың «Magway» компаниясының өнімін зауытқа орнатып, екібастұздықтарды үйретіп жатыр екен. Олар жергілікті халықтың мейірбандығын, қонақжайлылығын, ілім-білімге құштарлығын айрықша мақтайды. Украинаның «Техвагонмаш» зауытының инженері Юра Лачно мен «КВК» слесары Иван Меркель ерекше тіл табысқан көрі­не­ді. Қарапайым дәнекерлеуші мен слесардың сағаттап жа­сай­тын жұмысын автоматтандырылған жаңа техника құралымен санау­лы секөнтте ғана жасайды. Бірнеше минөтте вагонды аударып, төңкеретін де пультпен басқарылатын құрал орнатыл­ған. Аса ауыр заттарды орнынан басқа жерге жеткізетін аспалы кранды қыздар ұршықша үйірген. Жартылай вагон жасауға әкелінген қаңылтыр қабығы мен темір бұйымдарының бастапқы қалпынан вагонды толық құрас­тыр­ғанға дейінгі ондаған үдерістердің барлығы да ешқайда шы­ға­рылмай дайын өнімге дейін түгелдей зауыт ішінде атқа­рылады. Бір қызығы – бұрынғы зауыттардағыдай ауыр техникалардың тарсыл-гүрсілі, бұрқыраған шаң-тозаң, жұмысшылардың ыш­қын­ған ащы айғайы жоқ. Әркім өз шаруасымен әуре. Ең соңғы жаңа цехты аралау барысында Олег Чудопал мынадай тым ұсақ болып көрінгенімен қызықты тәжірибені жайып салды. Бұл соңғы цехта болашақта компанияға жеткізілетін қаңылтыр қабыршағы әбден тазаланып, жуылып, сүргіленіп, әрленеді екен. Сонша тазалаудың, өңдеудің нәтижесінде дайын вагонның пай­даланылу мерзімін тағы да ондаған жылдарға ұзартуға бола­тын­дығын ғалымдар анықтап отырған көрінеді. Бұдан ірі кәсіп­орын­да ұсақ-түйектің болмайтындығын аңғардық. Компания әл­ем­дік тәжірибенің соңғы үлгілерін, жаңа технологиялар мен тех­никалардың тың тәжірибелерін өндіріске енгізуді батыл қолға алған. «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» Елбасы көздеген индустриялық-инновациялық бағдарламасының отандық эко­номи­кадағы табысты қадамының нақты бір мысалы. Республика экономикасының қарыштап дамуына, жүк жөнел­тушілер мен жеткізушілерді сапалы көлікпен қамту талабына орай, отандық жылжымалы құрамның жаңа өнімі дер кезінде қолға алынған және рекордтық мерзімде оңтайлы орындалған жоба болып отыр. Ескендір ЕРТАЙ, Сергей АСТРЕЛИН.   ҚВК өндірісі түгелдей автоматтандырылған  

Кәсіпорында 500 жұмыс орны ашылды

Вагонды жасау ісі үнемі бақылауда ұсталады Кәсіпорын тірегі – білікті мамандар Шетелдік мамандар тәжірибе алмасуда   КВК цехы «Қазақстанда жасалған» жүк вагоны Отандық машина құрастыру көшбасшысы