28 Маусым, 2011

Ізгілікке үндейтін ілім

378 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасының Жарлығымен 2011 жыл Тәу­ел­сіз­дік­тің 20 жылдығы деп жарияланды. Мерейтой қарсаңындағы түрлі шаралар бейбітшілік пен жасампаздық ұранымен өтуде. Осынау мерекелі күнге берекелі тірлігіміздің, баянды бір­лі­гіміздің арқасында жеттік. Экономикалық әлеуетіміз артып, тұрмыс-тіршілігіміз оңал­ды. Саяси салада да асқаралы белестерді ба­ғын­дырып, ха­лық­аралық аренадағы беделіміз биік­тей түсті. Астанада 56 мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын біріктірген ЕҚЫҰ Саммиті тарихы­мыз­дағы жарқын беттердің біріне айналары даусыз. Енді, міне, Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалық ету миссиясы да Қазақстанға сеніп тапсырылды. Мұның бәрі Президентіміз Н.Назарбаевтың әлем мойындаған үлкен тұлға екенін, еліміздің жер шары халықтарының қауіп­сіздігін қамта­масыз етуге бағытталған үнқатысуларға белсене араласа бастағанын айғақтайды. Адамзат күрделі тарихи кезеңге аяқ басты. Өтпелі кезең­нің аса ауыр қаржылық дағда­ры­сы қалыптасқан қиын жағдайдан бірлесіп шығудың міндетін қой­ып отыр. Әлем халқының этнос­тық шығу тегіне, нәсіліне, тіліне, діни сеніміне, қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамас­тан, қоғамдағы қиындық-кедер­гі­лерді бірлесіп шешуге деген мүдделілігі барған сайын артып келеді. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні секілді өзара қауымдасу, түсінісу, ортақ мәмілеге келу арқылы ғана мемлекет, ұлт бірлігін нығайтатынымыз ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтіні сөзсіз. Бұл орайда кеңдік пен кемең­гер­лікке, сабырлылық пен мейірімділікке шақыратын адами, ізгі құндылықтарды бойға ұялату – мәдениеттер мен өркениеттер тоғысының басты кепілі екені айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, Ислам Конференциясы Ұйымынан күте­рі­міз көп. Жуырда Астанада өт­кен 7-ші Бүкіләлемдік Ислам эко­номикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елімізге ислам мен батыс өркениет­тері арасында достық үнқатысуға дәнекер болудың тамаша мүм­кін­дігі туғызылғанын атап өтіп, ислам әлемін жаңғырту бағыттарын ұсынды. Бұдан ислам діні дағ­да­рысқа ұшырады, қағидаттарын өзгерту керек деген ой тумаса керек. Исламның ұлы ілім екенін талдап, түсіндірудің өзі артық. Бүгінде әлем халқының бестен бірі осы дінді ұстанады, 1,5 мың жыл бедерінде дүниенің әр қиырына кеңінен тарап, ілім мен білімнің ғажайып үлгілерін ту­дыр­ды. Қазір де адамдар сабыр­лы­лық, төзімділік, ұстамдылық, қайырымдылық қасиеттерін да­ры­татын дін ретінде мойын­дай­ды. Кейбіреулер «ислам фундаментализмі» дегенді желеу етіп, экстремистік, террорлық әрекет­тер­мен қанша байланыстырса да көлеңке түсіре алмасы анық. Осындай беделді діндердің атын жамылып, саяси реңк беретін, іріткі салатын, өздерінің қитұрқы ойларын жүзеге асыруға ұм­тыла­тын жандар қай жерден болса да кездесері анық. Өз дамуында күрделі кезеңді бастан кешіріп отырған Ислам қоғамына жаңару үдерісі ауадай қажет екенін баса айтқымыз келеді. 1,5 миллиард халқы бар мұ­сыл­ман елдерінің біртекті, тұтас дүниесін қалыптастыру айрықша маңызды. Бұл орайда саяси, эко­но­микалық жаңғырулардың, бә­се­келестікке үйренудің рөлі зор. Басқосуда Президент Ислам әле­мін жаңғыртуға байланысты Қа­зақ­стан бірлесіп іске асыруды көздейтін бес басым бағытты атады. Олар: Ислам әлемі ел­де­рінің экономикалық ынтымақтас­ты­ғы аясында жаңа бағыт қа­лыптастыру, халықаралық инновация орталығын, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатымен Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының ар­найы жұмыс тобын құру, сауда-эко­номикалық байланысты ке­ңей­ту, азық-түлік қауіпсіздігін ны­ғайту. Осы ұсыныстар фо­рум­ға қатысу­шылар тарапынан зор қолдау тау­ып, Ислам өркениетін дамыту­дың жолдары жан-жақты сараланды. Дін – көзге көрінбейтін, ішкі түйсікпен ғана сезетін, жүрек қалауымен адам жанын нұр­лан­дыратын өте нәзік сенім. Кей жастарымыздың дін мен сектаны шатастырып, алданып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Олардың адасушылығын кейбіреулер өз пайдасына жаратып, оның соңы үлкен өкінішке соқтыратынын көріп жүрміз. Меніңше, ислам­ның шын болмысын түсіндіріп, эстремистік, террорлық, басқа да қанқұйлы әрекеттермен үш қай­наса сорпасы қосылмайтынын дәріптемей болмайды. Өкініштісі сол, осы жағын жеткізу әлі де кемшін. Қазақстан халқының ба­сым бөлігі – мұсылмандар. Олай болса, негізгі дін ретіндегі орнын да айқындаған артықтық етпейді. Әйтпесе, сырттан келген миссионерлер тасқынын, халқымызға жат бөгде діндерді тоқтату қиын. Дінге қатысты жаңа заң қабыл­дауды да кешіктірмеген дұрыс. Ислам өркениеті төрткүл дү­ниеге игі ықпалын тигізіп отыр­ғанын ешкім жоққа шығара ал­май­ды. Осы бір үдеріс бәзбіреу­лер­дің шымбайына батып, сескендіретін тәрізді. Осы саланың мамандарын көптеп даярлау да күн тәртібіндегі өткір мәселе­лер­дің бірі. Қорыта айтқанда, түпкі идеясы ізгілікке, адамгершілікке негізделетін Ислам діні мен өркениетін бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Ділбар БЕГАЛИНА, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік  Қазақстан мемлекеттік университеті  философия кафедрасының аға  оқытушысы.