Талдықорған шаһары облыс орталығына айналған он жылда жасанған қыздай бой түзеді. Осылайша қала көп қабатты тұрғын үй және әсем мәдени-тұрмыстық, спорт ғимараттарымен толықты. Қалаға кіреберістегі бос жатқан ашық алаңда қуатты техникалар жұмысын жалғастырып, қызу еңбек қарқын алған еді. Осы кезде «білетіндер» жақсы жаңалықты жамырай жеткізіп жүрді. Енді, міне, соның шындығына көз жетіп, 100 гектардан астам жер теліміндегі барлық инфрақұрылымы қарастырылған бірнеше қабаттан тұратын, үш санатты жеке тұрғын үйлер бой көтеретіндіктен халық оны қуанышпен қабылдауда.
«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көпшілікті аталған жобамен таныстырып, мұнда үш санатты 690 жеке үй салынатынын жеткізді. Олардың жартысы «эконом класты» (100-150 шаршы метр), 30 пайызы «стандарт класты» (150-230 шаршы метр) және 20 пайызы (200 шаршы метрден жоғары) элиталы үйлер құрайтын болады. Сондай-ақ белгіленген бағаның ең төменгісі шаршы метріне 115 мың теңге, жоғарғысы 186 мың теңгені құрайды. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Бақыт Атайбековтің мәлімдеуінше, үш кезең бойынша жүзеге асырылатын жоба бірер жылда толық аяқталып, 33 700-ге жуық тұрғынды коттеджді қалашыққа қоныстандыру жоспарланып отыр.
Жаңа қалашықта 600 балаға арналған мектеп, 2 балабақша, емхана құрылыстарының сызбасы да назарға ұсынылды. Коттедж жобасында сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық, коммерциялық нысандар, сауда ойын-сауық, бизнес орталықтары, көк күмбезді мешіт, қонақ үй, мейрамхана, мәдени-тұрмыстық орындар бой көтеріп, құрылысқа сапалы материалдар пайдаланылатындығымен де бағалы.
Қалашықтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы қарастырылып, «АГС-Пласт» ЖШС биылғы қазан айына дейін аяқтауды алға қойған. Бұдан соң жедел басталатын қалашық сызбасында 24 көшеге қоныстанатын сәнді үйлердің қатарын көреміз. Аталған құрылысқа қажетті инвестицияның жалпы көлемі 20 826 млн. теңге болса, оның 16 417 млн. теңгесі тұрғын үй құрылысына жұмсалады. Қалашықтағы салынатын үйлерге өңірдегі «Строитель», «Темір-бетон» серіктестіктері мен басқа да кәсіпорындарда шығарылатын материалдарды қолдану көзделген. Мұның өзі өңір экономикасын дамытудың бірден-бір кепілі.
Баспанаға деген қажеттілікті өтеу үшін тұрғындардың үлескерлік қатысуы екінші деңгейлі банктер мен ипотекалық несиелендіру «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ жүйесімен тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың қаражаты есебінен несиелендіру жағы қарастырылатын болады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.