Ел басына қиын заман туғанда халқына қорған болып, намысты қолдан бермеген, кемел сөз, кесімді пікірімен халық жүрегінен орын алған зерек ойлы, шебер тілді билердің қатарына Мақсұт Қожамқұлұлын да жатқызар едік. Осы пікірімізді мына бір тарихи өлең-сөзбен дәлелдей кетсек деймін.
Айтыс өнерінің жел жетпес жүйріктерінің бірі – даңқты Құланаян Құлмамбеттің дүние салар алдында бүкіл албан елінің жақсыларын еске алып қоштасқан өлеңінде:
«... Абықаға сәлем де,
Асқар таудай бел еді.
Есімбекұлы Қожабек,
Гулеген қызыл жел еді.
Қожамқұлұлы Мақсұттың,
Бұлтпен басы тең еді...», – деп Мақсұт бидің ел ішіндегі беделін биіктегі қол жетпес бұлтқа теңеген екен. Осындай абырой биігіне көтерілген бабаның артында қалған шешендік сөздері, билік шешімдері, өкінішке қарай, хатқа түспеген. Бірақ, өзі туып-өскен өңірдегі халықтың көкейінде жатталып қалғаны әлі де баршылық.
Мақсұт би албанның белді тайпасы қызылбөріктің Әжібай атасынан тарайды. Ол кісі Хангелді, Райымбек батырлармен үзеңгілес жүріп, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қас батыр екен. Абылай хан білетін батырлардың бірі болғандықтан, көрсеткен ерлігіне сай сүйегі Әзірет сұлтан кесенесі етегіндегі қабірстанға жерленген.
Осы баба туралы естелік жинап, кейбір деректерді анықтау мақсатымен Алматы облысындағы Күрметі елді мекеніне барған сапарымызда Құдайберген Сімтікұлы деген ақсақалға жолықтық. Мақсұт биге ағайындас болып келетін бұл кісі бабаның еларалық дау-дамайда ұлт намысын қолдан бермеген шешендік сөздері мен билік шешімдері, тапқырлықпен жұртына жасаған жақсы істері туралы біршама деректерді айтып берген еді. Бұл бұрын-соңды хатқа түспеген тың дүние болғандықтан Құдайберген ақсақалдың айтқандарын еш бұзбай баяндауды жөн санадық. Сонымен...
* * *
Мақсұт әкеміз әуелі би, содан соң болыс болған кезі екен. Қырғыздың Тілахмат деген әрі манап, әрі биі қазақтан үш кісінің құнын даулайды. Қазақтармен болған шабыста қандастарымыз олардың үш адамын өлтірген екен, осы үш ердің құнын даулап қырғыздың атынан Тілахмат би келеді. Ол өте шешен, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін кісі екен. Өзі өте кесірлі, әрі тәкәппар, біреудің жалғыз баласы болыпты.
Қазақтардың игі-жақсылары бас қосып, бұған шақ келетін, билік дауында есе жібермейтін кім бар дегенде, бәрі Мақсұт биге тоқтайды. Содан Қарқарада өтетін дауға арнайы келуі үшін Таушелектегі оған кісі шаптырады. Мақсұт би хабар алған соң, әдейі үш күн кешігіп барады. Ол кісі аттың жақсысын таңдап мінеді екен де, киімді нашар киетін болыпты. Басына көнетоз тақияны іле салып, жүре беретін көрінеді. Өзінің бір құлағы шұнақ. Содан Қарқарадағы қалың жиынға тіке бармай, шеткеріде ат жайып жүрген қырғыздың шалына келеді. Манаптардың атын баққан әлгі кісіден Мақсұт би білмегенсіп жөн сұрайды:
– Қария, мына жиын неғылған мәслихат, халық не үшін келіп жатыр, – деп сұраса, жаңағы шал:
– Мына маңқа қазақтар Мақсұт деген бір мықтысын тосып жатыр. Біздің Тілахмат деген манабымыз сонымен сөз сайыстырмақ екен, соған Мақсұт дегенді күтіп отыр, ол әлі келген жоқ, – дейді. Мақсұт:
– Тілахмат деген кім еді, – десе, шал:
– Төмен атаның баласы, – деп оның ата-тегі туралы айтып береді. Сөз ауанына қарағанда ол қырғызға сіңбе екен. Содан «жақсы» дейді де Мақсұт би топқа қарай жүріп кетеді.
Келсе, Тілахмат дегені бір керемет. Үстіне кигені кілең асыл киім. Ары-бері кердеңдей жүріп, төңірегіне паңдана қарайды. Қазақтар: «Ой, Мақсұт келді, Мақсұт келді», деп жапа-тармағай тұрып, қарсы алады. Мақсұт би Тілахматтың қасына таянғанда, ол оған тіксіне қарап, менсінбей, бір құлағы шұнақ, үстіндегі киімі нашар, өзі кішкентай адамды қораш көреді.
– Өй, қазақтар сендер жөн білмейтін халық екенсіңдер ғой. Мақсұт, Мақсұт дегендерің осы ма? Киімінің түрін қара. Бұл сонда сендер дәріптеген Мақсұт би болғаны ма? Менімен дауласуға қай бетімен келді, а? деп кекете, менсінбей қарайды. Шамасы, жеңіп кетемін деп ойласа керек. Сонда Мақсұт би:
– Әй Тілахмат, ұзынды ұлым киеді, қызылды қызым киеді, немерем киеді, шөберем киеді. Мен байғұсқа не тиеді. Алдыңа қарасаң екі қу тізең көрінеді. Артыңа қарасаң жиған жүгің көрінеді. Сен кимегенде киімді кім киеді. Сөйле, Тілахмат, сөйле! – дейді іркілместен. Сонда Тілахмет:
– Әй, Мақсұт, жеңіп кеттің. Бұл жолы сөзіңе тоқтадым, Дау келесі жылға қалсын, – дейді де жиынды дереу таратады. Қырғыз манабының сөз сайыстыруға одан әрі бармағаны, Мақсұтта он бір бала бар екен де, Тілахматта ұрпақ жоқ екен, содан жасқанады.
Келесі жылы бұл дау қайта көтеріледі. Қырғыз-қазақ Қарқараға тағы да жиналады. Мақсұт би оған дейін жаңағы қырғыз манабы Тілахматтың зәузатын әбден тексеріп біледі. Сөйтсе, Тілахматтың әкесі Жылқыайдар деген кісі екен.
Пірназар деген қырғыздың бір байы болыпты. Әлгі байдың баласы жоқ екен. Жылқышылары жылқы жайып, бір өзеннің жағасында жүрсе, су жағалап жылаған әйелге кезігеді. Ол судан өткенде бесіктегі баласы суға ағып кетіп, аралға барып тоқтап қалған екен. Әйел баласына жете алмай жылап жүргенде, қырғыздың Пірназар байының жылқышылары жанына келіп:
– Оу, не болды саған? – деп жөн сұраса, әйел:
– Күйеуім ұрып, содан төркініме қашып бара жатыр едім, балам бесігімен суға ағып кетіп, анау аралға барып тұрып қалды, соған жете алмай жылап жүрмін, – дейді. Жылқышылар судан өтіп барып баланы жағаға бесігімен бірге алып шығады.
Содан әйелді атқа мінгестіріп, Пірназар байға алып келеді. Қараса әйелдің баласы ер бала екен.
– Қайда кетіп барасың? – деп әйелден жөн сұраса:
– Күйеуім күн көрсетпеген соң, төркініме кетіп бара жатырмын, – дейді. Пірназар бай:
– Ендеше мына баланы сен маған бер, өтеуіне мен саған қанша дүние-мүлік керек, соны тұтас беремін. Содан соң төркініңе жеткізіп саламын, – дейді.
Сонымен, әйелге күміс ертоқымды ат мінгізіп, бір үйір жылқыны алдына салып, нар түйеге жүгін артып, әйелді дүние-мүлікке малындырып, төркініне жеткізіп тастайды. Содан Пірназар бай тауып алған баласының атын Жылқыайдар деп қояды. «Жылқышыларым жылқы жайып жүргенде тауып алған еді», деп ырымдайды. Сол Жылқыайдардан Тілахмат туған екен.
Келесі жылы Қарқарада қайтадан дауды шешу үшін жиын болады. Оған Мақсұт би ерте барып, дайындалады. Шаршы алаңның ортасына төселген қалы кілемнің үстінде төмен қарап, еңсесі түсіп, көңілсіз отырады. Оны көрген Тілахмат бірден:
– Әй, Мақсұт, немене, өкпелеген қойшы құсап, басыңды көтермей төмен салбыратып отырсың ғой, – дейді. Сонда Мақсұт би кейісті көңілмен:
– Уа-ай, Тілахмат, мен құдайға өкпелеп отырмын, – дейді. Тілахмат:
– Неге? – дейді жұлып алғандай. Сонда ол кісі:
– Мені құдай қырғыздың ең мықты манабымен, болмаса атақты болыс, елге жаға болған ұлысымен айтыстырмай, сен сияқты шыбданға сатылып келген құлымен айтыстырғанын қарашы! Мен құдайға сол үшін өкпелеп отырмын! – дегенде Тілахмат:
– Әй, Мақсұт, саған дауа жоқ екен, жеңілдім,– дейді де жиынды тағы да таратып жібереді. Шыбдан деген заттың қазақшасы – өреше. Пірназар баланы алып қалған соң, әйелдің дүние-мүлкін күмістелген, зерленген өрешеге орап, түйеге артқан екен. Бұны Мақсұт би күнілгері әбден сұрастырып, зерттеп алған ғой. Сонымен үш жылға созылған дау, қайтадан тағы көтеріледі.
Қырғыздың үш ерін қазақтардың өлтіргені рас екен. Қандастарымыз қалайда осы үш ердің құнын төлеуі керек. Бұл – шындық. Ол кезде ердің құны үш жүз жылқыға бағаланған. Сонда қазақтар тоғыз жүз жылқы төлеуі керек. Бұған Мақсұт би бастаған қазақтар келіседі. Енді жылқыны санап алуы үшін Тілахматты шақырады. Қырғыз манабы дау-шарсыз, мамыражай шешілген келісімге қуанып, Мақсұт биге:
– Қай жерді бел қыламыз, қай жерді бел қыламыз, – деп қайта-қайта сұрайды. Бұл белгіні қай жерден қоясың, сол жерден жылқыны санап аламыз дегені екен. Сонда Мақсұт би Тілахматқа тіке қарап тұрып:
– Уа, Тілеке. Жылқыайдар әкемнің шыбданға сатылып келген жерін белгі қылмаймыз ба? – дегенде, Тілахмат:
– Әй, Мақсұт-ай, саған сөз жүрмейді екен. Үш рет келіп, үшеуінде де оңбай ұтылдым. Бердім саған үш ердің құнын. Бәрі де өзіңде қалсын, – деп жөніне жүріп кетеді.
Сөйтіп, Мақсұт бабамыз үш ауыз сөзбен, қырғыздарға үш ердің құнын төлеуден осылайша құтылып кеткен екен. Ол үш ер қалай өлген дейсіз ғой?
Бірде көрші отырған қырғыз бен қазақ шабысып қалады. Қырғыздың Борбодай, Тәстекей деген екі батыры бар екен. Солар қазақпен шабысамыз деп, осы Ағанастың жазығына келіп, сайыс жасайды. Содан жекпе-жекке Борбодай шығады. Астында дәу сарала аты, қолында қылыш, өңгерген ұзын сапты найзасы бар. Қазақтар жекпе-жекке анау шықсын, мынау шықсын десе, ешкім батылы жетіп, шықпайды. Борбодай өте дәу кісі екен. Сақауда Қожбан деген батыр болыпты, оны іздестірсе, ол бір жаққа кетіп қалыпты. Содан үш мың жылқы біткен Ерсарының баласы Алмабек деген бар екен. Он сегіздегі жас кезі. «Бұл қазақта жекпе-жекке шығатын ұл жоқ па» дегенде жаңағы Алмабек суырылып ортаға шығады. «Ана атты, мына атты мініп шық» десе, «жоқ өзімнің-ақ атымды мініп шығамын» деп, көкбесті аты бар екен, сонымен шығады. Ортада екеуі бір-біріне найзаларын кезеніп, жақын келгенде Алмабек:
– Әй, Борбодай, сен жекпе-жекке шықсаң менімен жеке шық. Әйтпесе, осыншама қырғызыңды қасыңа неменеге қаптатып ертіп алғасың, – дегенде Борбодай жайбарақат артына жалт қарайды. Сонда Алмабек найзаны өңменіне қадап тұрып, бар күшімен толғағанда Борбодай аттан ұшып түседі. Сол жарақаттан ақыры Борбодай өледі. Осы жолы қырғыздар кері қайтады.
Келесі жылы Борбодайдың құны үшін қазақты шабамыз деп қырғыздар тағы келеді. Оларда «бұл жолы не Мақсұтты өлтіреміз, не Алмабекті өлтіреміз» деген байлам болады. Қазақтан осы екеуінен басқа ешкім керек емес дейді. Бұл жолы Тәстекей деген Борбодайдың ағайындас туысы сайланып келеді. Содан, қырғыздар қазақтармен шабысады, қазақтар жеңіліп, бас сауғалайды. Алмабек бір жаққа, Мақсұт басқа жаққа қашады. Мақсұт сол қашқаннан Биесимасты өрлеп келе жатқанда алдынан Манабай деген кісі кезігеді. Өзі өте зор адам екен. Өзінің қарала биесінен басқа жылқы көтере алмайтын, бір көзі соқыр кісі болыпты.
Манабай Мақсұттарды жедел өткізіп жіберіп:
– Биесимастың ішімен, сендер жүре беріңдер, Тәстекейді өзім күтіп алып, сазайын беремін, – дейді. Манабай бір бұрылысқа жасырынып тұрып, Тәстекей сол жерден өте бергенде көкжелкеден найзамен шаншып өлтіреді. Сарала атын жетектеп, Мақсұттың артынан келеді. Мақсұт:
– Тәстекейді өлтірдің бе, – дейді. Манабай:
– Иә, өлтірдім, – дейді.
– Ендеше мына атын неменеге әкелдің, көз қылып, мұны өз бетіне, басқа жаққа айдап жібер. Артынан бізге қуғын түсіп, пәле болады, дау туады, – дейді би. Сол сайыста қырғыздың тағы бір жігіті өлген екен.
Қырғыздың биі Тілахматтың жоғарыдағы үш мәрте Борбодай, Тәстекей, тағы бір жігіттің құнын даулап келгендегі мақсаты осы болыпты.
Мақсұт бидің шешендігі мен тапқырлығы арқасында қазақтар қырғыздарға ешқандай құн төлемей даудан аман-есен, осылай құтылып кетіпті.
* * *
Ағайын тыныш жүре ме?! Бірде Дәркембай болыс пен Мақсұт би өкпелесіп қалыпты. Бір-біріне бармайды, не келмейді. Уақыт өте келе Дәркембайдың бір қысырақ үйірлі жылқысы жоғалады. Оны қырғыздар айдап әкетеді. Қырғызға Дәркембай неше рет барып, ала алмай қайтады. Сөзі өтеді деген ананы, мынаны қанша жіберсе де, олар да құр қайтады. Қырғыздар теңдік бермейді. Сөйтіп, арада екі-үш жыл өтіп кетеді. Үлкен баласы Мейірман ақын екен, соған Дәркембай:
– Балам, сен бар да ана шұнаққа айт, қырғыздағы жылқымды тауып, сол жылқымды қайтсе де маған алып берсін, – дейді. Шұнақ деп отырғаны өзіне ағайындас Мақсұт би. Сонда Мейірман:
– Ой, әке, Мақсұт басыңды қайтсем қағамын деп өзіңмен қастасып жүргенде, қырғызға кеткен малыңды даулап несі бар? – дейді. Сонда Дәркембай:
– Мақсұт барса, мен үшін бармайды, өзі үшін, елінің намысы үшін барады. Бар айт, барса барар, бармаса сол жылқы қырғызда қалар, – дейді.
Содан, Мейірман Күрметідегі Мақсұт биге келіп:
– Әкем сізге жіберді, үш-төрт жыл болды қырғыздар айдап кетіп, қолды болған бір үйір жылқымызға теңдік бермейді, ала алмай жүрміз. Соны алып берсін деп сізге жұмсады, – дейді. Мақсұт би ойланып отырыпты да:
– Мақұл, бара бер, мен бұл іске кірісейін, – дейді.
Содан қасына Тілен деген інісін ертеді, ол үйленбеген бозбала кезі екен. Қырғызға барып, сонда бір ай жатып, дауласып жүріп, ақыры он үш байталға үш жылғы өнімін, айыбын қостырып, жүз жылқы етіп айдап келеді. Дәркембай Далашықта екен, Күрметіге келген соң Мақсұт би:
– Мына малды Дәркембайға апарып беріңдер, қырғыздағы жылқылары, – деп жүз жылқыны жігіттерінен айдатып жібереді. Дәркембай жылқы айдап келген жігіттерге қайдан келдіңдер десе:
– Бізді Мақсұт би жіберді, мынау қырғыздағы қайтпай жүрген жылқысы, алсын деп айтты, – дейді. Далаға шығып қараса, жүз қаралы жылқы. Дәркембай:
– Неге көп десе, – жігіттер:
– Мақсұт би қырғыздардан өсімімен және айыппұлымен қосып өндіріп әкелдім, бәрін де сіз алсын деп айтып еді, – дейді. Дәркембай:
– Ой, мынау артық, қой! Мұны Мақсұтқа қайта айдап барыңдар да, былай деп айтыңдар. Адалын маған берсін де, арамын өзі алып қалсын, – дейді.
Сөз ол кезде екі болмайды, жігіттер жылқыны қайтадан дүркірете айдап, Мақсұтқа барады. Би:
– Жылқыны неге қайта айдап келдіңдер, – десе, жігіттері Дәркембай осылай айтты деп манағы сөзді қайталайды. Сонда Мақсұт би:
– Он үш байтал мен бір айғырды айдап апарыңдар да, қалған жылқыларды өздерің таратып алыңдар, – дейді. Содан, қалған сексен алты жылқыны ауыл адамдары бөлісіп алады.
Мақсұт би осындай шешендігімен, тапқырлығымен елге талай жақсылық жасаған кісі екен.
Қанапия ОМАРХАНОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Суретті салған Николай АШТЕМА.