29 Маусым, 2011

Қаныштың анасы

11507 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Қазақтың дана перзенті Қа­ныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір­баяны туралы аз жазылған жоқ. Алайда – Қаныш Имантайұлының анасы Әлима жайлы, әсіресе оның шыққан тегі турасында мағлұмат мүлдем жоқ еді. Иә, оның анасы Әлимаға қатысты «Иса қызы» дегеннен басқа ешқандай дерек болмады. Әрине, оған содыр заман кінәлі. Голощекиннің қасақана қолдан жасаған ашаршылығы ұлы жұтқа апарып соқты. «Байдың ұрпағы», «байдың баласы» атан­ғандар сталиндік зұлматтың зардабына ұшырады. Қазаққа жеке басқа табын­у­шылық пен тотали­тарлы зұлым саясаттың құрығы тағы да қатты тиді, 1937 жылғы «қызыл қырғын» келді, елім деп еңіреп туған асыл ағаларымыз жазықсыз атылып кетті. Тап осы қиянатқа Сәтбаев әулеті де толығы­нан ұшырады. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған ағасы Ғабдұлғазиз (Ғазиз, Бөкеш атанған) 1937 жылы тұтқынға алынып, хабар-ошарсыз кетті. Түрмеде ме, айдауда ма, қай жерде оған қазаның жеткені беймәлім қалды. Бұл жағдай Қаныштың жүрегін айықпас дертке, орны толмас қайғыға душар етті. Ағалары Әбікей Зейінұлы Сәтбаев (1881-1937), Әбікәрім Жәмінұлы Сәтбаев (1897-1937) та ай­мақ­қа аты шыққан, елге сыйлы, нағыз ұлтжан­ды қазақтар еді. Бұл екеуі де атылып кетті. Сәтбай бабаның (1823-1902) аты Шорман би, Шыңғыс Уәлиханұлы сияқты ел саңлақтарымен дәрежелес, атақты кісі болғаны белгілі. Бәйбішесі Күнсұлудан 1845 жылы тұңғыш ұлы Имантай туады. Сонда ол ұлан-ғайыр той жасап, үш жүздің әр аймағынан атақты жырау, ақындарды, балуан­дарды, әйгілі сал-серілер мен әнші-күйшілерді алдырыпты. Тойға шақырылған аса мәртебелі қонақтардың ішінде атағы сол кезде сахараны жаңғыртып тұрған, әрі батыр, әрі ақын, әрі композитор Сегіз сері (Мұхамедқанафия) Бахрамұлы Шақшақов (1818-1854) болған екен. Сыйлас досы Сәтбай сұраған соң Сегіз сері тойды бастап беріп, балаға Имантай деп атын қойып, ұзақ толғаулы өлеңмен жас нәрестеге ақ батасын беріпті. Сәтбай бабаның өмірі әділетті билікте, саналы діндар­лықта өтіп, ақыры қажылыққа барғанда топырақ Меккеден бұйырыпты. Имантай қартайған шағында ардақты әкесінің дүние салған жерін көріп, белгі орнатқысы келді ме, әлде өмірінің ақырғы кезінде мұсылмандық жолына түбегейлі түсейін деді ме, Меккеге бару­ды ойлапты. Мәскеуде қызмет істеп жүрген бала­сы Қанышқа хат жазып, бұл ойын айтқан да екен. Алайда ол қасиетті арманы орындалмай, Имантай ата 1928 жылы ауыр сырқаттан қайтыс болыпты. Осы аз ғана аталған басы сапалы, соңы қапалы жағ­дай­ларды жіпке тізіп жүрген Кеңес өкіметінің жендеттері Қаныш Сәтбаевқа байдың баласы, атасы қажы, әкесі де діндар болған деп қалайда ебін тауып, қаралау әрекеттерін жылдан жылға өрістете береді. Осы орайда өз анасы Әлиманың ата тегін атау жанып тұрған оттың үстіне май құйғанмен бірдей еді. Содан да ол анасы жайлы Әлима Исақызы деумен шектелді. Иә, оның қай Иса екенін айтпағанында да үлкен мән жатыр. Баянауылда елге атағы шыққан екі Иса өтіпті. Екеуі де шенді де шекпенді, дәулетті де әулетті, құран жолына құлай берілген кісілер екен. Олардың да кейінгі тұқымдарының 1932 жылғы аштықтан, 1937 жылғы жаппай қырғыннан аман қалғандары некен-саяқ. Сонда Әлима ананың әкесі қай Иса? Бұл туралы мүлдем дерек жоқ. Рас, Әлима Исақызының кім болға­нын, қандай жан екенін Ебіней Бөкетов те, Медеу Сәрсеке де, Шәмшиябану Қанышқызы да хатқа түсірді. «Ақ Әлима» атанған ғажайып ананың бейнесін естіген, білген, оқығандарынан асыл дән­дей тазалап, қысқа болса да нұсқа болардай етіп сипаттап берді. 1995 жылы Қ.Сәтбаевтың қыздарының, туыста­рының, жазушы Медеу Сәрсекенің ұсынысымен халықаралық Қ.Сәтбаев қоры құры­лып, 1999 жылы 100 жылдық мерей­той­ы­на дай­ын­­дық жүргізілмекші болды. Бұл ұсынысты Қазақ­­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қолдап, қорды құру жиналысына құттықтау хат жолдады. Ел зиялылары жиналған сол оты­рыста Ұлттық ғылым академиясының президенті К.Ә.Сағадиевтің ұсынысымен мен сол қордың тұңғыш президенті болып сайландым. Айтайын дегенім, бір орайы келген сапарда Қаныш Имантайұлының туған ауылы Теңдікте болып, Қ.И.Сәтбаев атындағы совхоздың орта мектебіндегі ұлы ғалымның мұражайын арала­ғаным бар. Талай-талай құнды бұйымдары, әр­түр­лі заттары тұрған мұражайда қарны торси­ған сап-сары ескі самауыр да бар екен. Соның тасасында әлдеқалай көзім түсіп еді, әбден сарғайған кішкентай ғана суретті көрдім. Тозығы жеткен фотосуреттен шәлі жамылған әйелдің бет әлпеті әрең көрінеді, астында Әлима деп жазылыпты. Фотоаппара­тымды ала жүруші едім, дереу суретке түсіріп, оны мұражайға бердім де, суреттің түпнұсқасын уақытша сұрап алдым. Зират басындағы қоршауға кірер есікте: «Бұл жерде Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай, анасы Сәлима жатыр», деп жазылған еді. Қасымда жүрген ауыл мол­дасын ертіп, дереу зиратқа қайта барып құлпытастағы арабша жазылған есімді оқыт­сам онда Сәлима емес, Әлима деп анық жа­зылыпты. Міне, содан бері Сәлима деген атау­ды қойып, бұл тақырыпта қалам тарту­шы­лар да ананың атын Әлима деп түзетті. Алматыға оралысымен Теңдікте табыл­ған көнетоз суретке реставрация жасатып, Әлима Исақызының суреттегі бейнесін анықтау мақса­тын­да іске жедел кірістім. Әрі Әлима-анаға қа­тыс­ты деректерді молы­рақ зерттей бастадым. Әлиманың уыздай жас кезінде тұрмысқа шыққан жері Шорманның әулеті екен. Мұстафа Шорманұлының Қана­фи­ден деген баласына ұзатылыпты. Бірақ, Қанафиден­нің денсаулығы мәз болмаса керек, санаулы күндерден кейін дүниеден озыпты. Имантай (1845-1928) мен Нұрымның (1850-1928) жалғыз Күнше деген қыздары ертеректе қайтыс болыпты. Онсыз да аз сөйлейтін Имантай қызы өлгеннен кейін мүлдем тұйықталып қалса керек. Оны сезген Нұрым ана Имантайға: «Отағасым, менің сөзіме назар аударшы, екеуіміз отасқалы қату сөзге келмеппіз. Сенен алған өнегем де аз емес, өзегімізді өртеген қайғы да ортақ. Бұл жалғанда қанша тұрсақ та күш-қуат барда, өкінбей өтейік. Сені ұрпақсыз қалдырғым келмейді. Қанафиден өліп кетті, Исаның жап-жас қызы Әлима жесір қалды. Ол да қанша отырар дейсің, өзі көркем, әрі мінезге бай, мейірімді адам көрінеді. Сол бұйырып тұрған шығар, тоқал­дыққа ал. Мұс­тафаның ағасы, Мұсаның ұлы, Сәдуа­қас досымыз ғой, сол кісімен уәделесіп алсақ, ар жағының Алла сәтін берер. Ол бала тапса, мен баға беруге жалықпаспын»,  деген екен. Нұрым ел ішінде «Нұр ана» атанған ана екен. Сөйтіп, өзінің тегін адам еместігін танытыпты. Шіркін, қазақтың асыл аналары-ай, осының өзі ұлылық қонған ғажайып дәстүр емес пе. Ақыры Нұрымның айтқаны болыпты. Оған Имантай да ризалығын білдіріп: «Бұл шаңырақтың иесі де, киесі де сен екеніңді танытып отырсың, оныңа үлкен рақмет, Алла қолдасын», деген көрінеді. Имантай әділ би, қолы ашық мырза екен. Әділдігі бүкіл Қаржасқа белгілі, сыйлы кісі болғандықтан, досы Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов оны шын жүректен қолдапты, көмектесіпті. Шорман әулеті Әлиманы өз қыздарын­дай құрметпен, өте жоғары дәрежеде ұзатса керек. Бұл Әлиманың (1862-1904) жалын­дап тұрған қызғал­дақтай қырмызы кезі, жа­сы жиырмаға жетпеген шағы екен. Тал бойында бір мін жоқ, тостағандай қап-қара көздері, қи­ғаш қас, қыпша белі ел-жұртты амалсыз таң­дандырыпты. Әлима келген жеріне де сыйымды, Нұрым бәйбішеге де өз қызын­дай сыйлы болған көрінеді. Нұрым ана да ешқандай күндестік нышанын білдірмей, әсіресе Әлима қатты сырқаттанып жүрген­де оған ел сүйсінердей күтім жасапты. Жазмыштан озмыш жоқ деген, Әлима кенжесі Қаныш туғаннан кейін екі жыл өт­кен­де дүниеден озыпты. Сөйтіп, Әли­мадан туған балалар Нұрым бәйбішенің бауы­рын­да өсіпті. «Өз шешемді білмеймін, тіпті есімде жоқ. Үлкендердің айтуынша, керемет балажан кісі болыпты. Әсіресе, «кенжетайым» деп мені тым жақсы көрсе керек», деген Қаныш ағаның сөзін Медеу Сәрсеке де өз еңбегінде орнымен келтіріпті. Сонымен Имантай мен Әлима Сәтбаев­тар­дан екі ұл, бір қыз дүниеге келген. Оның бірі – Ғазиза Имантайқызы Сәтбаева (1892-1932) белгілі ғалым-археолог Кемал Ақы­шевтың анасы. Ал Ғабдұлғазиз Иман­тайұлы Сәтбаев (1894-1937) болса, іске берік, елге қадірлі болған тұлға. «Бай тұқы­мы» деген түрткі сөзден аулақ жүру үшін Ғабдұлғазиз ауыл аймағын, туыстарын Омбы қаласының маңайынан жер алып, бәрін сонда көшіріп алыпты. Қанекең Қар­сақбайда қызмет істеп жүргенде өз ба­ла­ла­ры Ханиса мен Мәлешті, ағасының, Иман­тайдың асырап алған баласы Әбсәлімнің балаларын, Ғазизаның екі ұлы Рашат пен Кемалды өз қолына алып, тәрбиелеген екен. Қанекең оқуда жүргенде Ғабдұлғазиз ша­ңы­раққа тіреу болыпты. Сәтбай әулетінің 1932-1933 жылғы аштыққа ұшырамауына осы Ғазиз бен Қаныштың сіңірген еңбегі өте зор. Ғазиздің немересі, геология ғылым­дарының кандидаты Әлішер Ғалымтайұлы Сәтбаев қазір су шаруашылығы ғылыми институтының дирек­торы, халықаралық Қ.И.Сәтбаев қорын (менен кейін) басқарып келеді. Ғазиза мен Ғазизге тоқтал­ғаным, олар Қанышпен бірге Әлимадан туған балалар. Ғазиз негізінде аймаққа жақ­сы атағы шыққан белгілі азамат болса керек, Абай­дың баласы Тұрағұлмен оның сый­ластығын біз Шәмшиябану Қанышқызы мен академик Әлкей Марғұлан естеліктері арқылы білеміз. Қаныш аға анасына ерекше ұқсаса керек. Академик Арықтай Қайыпұлы Қайы­пов өзінің «Заман елшісі» атты естелігінде: «Имантай ұзын бой­лы, атжақты, қыр мұ­рын, селдір шоқша сақал­ды, өткір қой көз­ді, қараторы, сымбатты кісі болды», деп бала кезінде көрген әсерін жазады. «Ашық күлкілі, ақжарқын мінезді Әлима әзіл-күлкіге де өте жүйрік болыпты, жоқ жерде көптің еңсесін көтеріп бір күлдіріп алу Қа­ныш­қа анасының ақ сүтінен дарыған»,  деп ар­дақты ағамыз академик Әбілқас Сағыновтың айтқаны да есімде қалыпты. «Әлиманың Сәтба­евтар әуле­тін­де алты жыл өмір сүріп, бір қыз, екі ұлды артын­да қалдыр­уының өзі неге тұра­ды. Ол кісінің сұлулығы мен мінезге байлығы да Қанышта толығы­нан болды»,  дейтін Әбілқас аға. Сондай-ақ ол Қаныш аға­ның анасына тоста­ғандай қара көзі, бұйра шашы, қашан көр­сең де жүзіне күлкі ұялаған ерекше мейірімділігімен ұқ­сай­­­­­ты­­нын айтатын. Ұзын бойы, зор денесі, кере­қарыс маң­дайы, мығымдық­қа, қаж­ыр­лылыққа біткен барша болмы­сы әкесі мен ата тегіне тартқан деген тұжырымды да Әбілқас аға айтып еді. Ал фотосуретке реставрация жасап жатқан Александр деген шебердің өнерін айтсам, ол тозығы жетіп, сарғайып кеткен шағын ғана суреттен Әли­ма­ның тамаша фотосуретін жа­­сап берді. Сөйтіп, Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаевтың ана­сы Әлима Исақызының бірнеше форматтағы фотосуреттері қолымызға тиді. Сүйін­шіні Медеу мен Шәмшиябану апа­мыз­дан сұрап, фотосуреттерді Қаныш ағаның қыздарына, ол кезде Мейіз де, Шәмшиябану да бар, Ал­матыдағы, Жезқаз­ған­дағы, Қарсақбайдағы, Павло­дар­дағы, Баянауылдағы Қ.­И.Сәт­баев­тың мұра­жайларына табыс еттім. Фото­су­рет­тің тамаша шыққаны маған жаңа күш берді. Фотосуретті байыптап қарасақ, Қаныш Иман­тайұлының анасы Әлимаға ұқсағаны­на көзіміз жете түсті. Аппақ бет әлпетіне, жүзіндегі жылы­лыққа келсек, Қанышты көр де анасын көр, анасын көр де Қанышты көр дер едім. Бұдан соң Әлиманың шыққан жерін, ата-баба туыстарын, әкесін іздей бастадым. Қаныш Сәт­баев­тың туғанына 100 жыл то­луы­на дайындық кезінде естеліктер жи­нас­тыру мақсатымен Баян­ауыл жаққа жиі ба­рып тұрдым. Шафық Шөкіұлы, Әбілқас Са­ғынов, Сұлтан Сәрсенбаев, Оралбек Қожа­нов сияқты ел ағаларымен ақылдасып, біраз мағлұмат жинадым. Баянауылдың өзіндегі, Теңдік­тегі ақсақал­дар, басқа да ғалымдар, Әлима Шорманның ұлы Иса­ның қызы деген жорамалға жол ашты. Шорман­ның ұлы Мұстафаның баласы Қанафиденге қалай­ша Шорманның кіші баласы қызын береді деген күдігім алайда бой беретін емес. Олардың айтуынша, Шорман тұқымы бұл аймақты билеген ұлы әулет. Олар өз асыл­дарын жоғалтпас үшін нағашы-жиен­дерін ала берген. Жасымнан хан мен төре­лер жайлаған Көкшетау, Айыртау, Сырым­бетте өскен мен бұл ғұрыптың төре тұқым­дарынан шыққанын білетінмін. Олар өз ортасы болмаса, «қара қазақтан» қыз алуға аса құлық танытпаған. Таза қазақ жеті атаға жетпей қыз алыспайды. Діннің осы берік қағидатын әрі би, әрі әмірші, әрі дін жолын берік ұстаған Шорман тұқымы қалайша бұзуы мүмкін деймін мен іштей. Дегенмен елден асып қайда барасың, Шор­ман әулетін ақырындап зерттей бастадым. Шорманның Мұса, Мұстафа, Иса атты ұлдары және Шоқанның шешесі, Шыңғыс төреге тұр­мысқа шыққан Зейнеп атты қызы болған. Бұл мәселенің төңірегінде оқығандарым мен көрген­дерім аз емес. «Көргендерім» дегенім суреттер ғой, ақ патшаның полковнигі Мұса Шормановты зерттеушілер орыс-қазақта аз емес екен. Шоқанға Зейнеп арқылы байланыстары – нағашылықтары болса, қарсы құда болып Мұсаның ұлы Сәдуақас Шоқанның қарындасы Нұриләны алған екен. Ұшан-теңіз суреттердің арасы­нан алайда Әли­маны кездестіре алмадым. Сонда да ізденісті тоқтатпадым. «Соқтықпалы, соқпақсыз» жолға түсіп, Шоқанның тұқымысың ғой деп өз досым, сыныптас жерлесім Шотаны да ертіп алып, талай-талай деректерге жолықтым. Шор­ман­ның немересі атақты Асфандияр Шор­ма­новтың үйінде болып, Мағжан Жұмабаев екеуі ғашық болған Ғазиза атты қыздың (1914 ж. Омбы) да суретін көрдім. Асекең­нің қызы, тұлпардың тұяғы – Мағмұра да Шота екеумізді құрметпен қарсы алып, қолынан келген көмегін аямады. Алайда, Әлима Шорман тұқымынан деген ұйға­рымға еш ілік табылмады. Осындай әр-сәрі күйде жүріп «Қаныштың ата-анасы» деген поэма жазып, оны «Даналыққа тағзым» атты кітабыма кіргіздім. Сол поэмамның ішінде Әлиманы сипаттай келе бір тұсында: «Баянда екі Иса бар білгендерге, Болды олар айтулылар іргелі елде. Қай Иса қызы екенін айту қиын, Дәлел аз дәл түйіндер бүгін елге», – деп Әлиманы Шорманның Исасының қызы деп кесіп айта алмай отырға­ным­ды аңғар­тып­­пын. Осы­ным дұрыс болып шық­ты, себебі Иса Шорман­овтың Әлима атты қызы болмағанына көзім жетті. Екінші Иса жайлы шежіреден аты-жөнін тапсам да, оның Әлиманың әкесі екеніне тура жауап берер адамды таппадым. Құдай оңдап, 2003 жыл­дың 22 наурызында жа­зыл­ған Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазГУ-дің саясиэкономия кафедрасының до­центі, ол кезде зейнеткер Егізбай Қанат­байұлы деген (негізгі баянаулалық) ақсақалдан тоғыз беттік көлемді хат келіп түсті. Хаттың басына «Сүлеймен Ержанов пен Қаныш Сәтбаевтың нағашы-жиенділігі туралы» деп тай­ға таңба басқандай ашық жазыпты. Бұл кісінің тиісетіні мен емес, мені сипай қам­шылай өтіпті де өз білгенін хабарлау мақсатында хатты Шәм­шиябану Қаныш­қы­зының жұбайы Оразай Батыр­бековке қа­ратып жа­зып­ты. Тура бір айдан кейін Егіз­бай ақсақал тағы да тоғыз беттік қосымша дәлелдемелер жіберді. Арда­гердің жазуы бойын­ша, Қаржас руының Елқонды тар­ма­ғынан шық­қан атақты Именкенің Қар­қын­бай, Жарқынбай, Мұс­тафа, Иса атты ұлда­ры болыпты. Жар­қынбайдан Ержан қажы туып, оның ұлы Сүлей­меннен атақты академик, ғұлама ғалым Жақан Сүлейменұлы Ержанов туған екен. Ержанның Сүлей­мен­нен басқа ұлдары Мәжікен, Нұрым, Әбді­ғафар да білікті азаматтар болған, ұл-қызды болып кең өрбіген әулет көрінеді. Хат жазып отырған Егізбай Қанатбайұлының айтуын­ша, Ержан қажының үш әйелі болған, Сүлеймен мен Мәжікен екінші әйелінен туыпты. Ал Сүлей­меннің Жақан, Роза, Еділ, Бөленбай атты екі ұл, екі қызы болса, Розаны хат жазып отырған Егізбай алған көрінеді. Міне, сондықтан да бұл кісі Ержановтарға ет жақын болғандықтан айтып отыр­ған уәжі де, көрсетіп отырған дерегі де шегелеп тастаған­дай дәлелді. Тіпті сенбеске еш лаж жоқ. Біріншіден, ол Қаныш Сәтбаевтың Шорман тұқымына ешқандай нағашылы-жиен­дігі жоқты­ғына дәлел-дәйек келтіре оты­рып, Шор­ман тұқымынан шыққан көптеген азаматтарды куәға тартады. Егізбай ақсақал одан әрі Ержан тұқы­мын түгендей келе, Исаның ұл-қыздары болға­нына тоқта­ла­ды. Бір ұлынан Қаныш Сәт­баевтың анасы Әлима туды дейді. Енді бұлардың наға­шылы-жиенділігіне келейін: Қаныш ағаның Мәжікенді (Сүлейменнің інісі) нағашым деген сөздерін бір қағаздан оқығаным бар, қазір ойыма түсіре алмай отырмын. Соғыс­тан кейін Қаныш Баянауылға барғанда Мәжікен үйіне шақырып, сауып отырған биенің құлынын сойып, қонақ еткенін, «Бүркітбай» деген әнді айтқызғандарын Қаныштың бәйбішесі­нен естігенмін. «Тым сыйлы адам болмаса, Кеңес өкіметі кезінде құлын сойып бере ме?» деген тұжы­ры­мына да сенесің. Өйткені, пар­тияның қатал ша­ғын­да ондай құрмет ешкімге де жасал­майтын. Хаттың авторы өзінің қайыненесі, Сү­лей­меннің бәйбішесі Нұрлы­ғай­ынға көп сүйеніпті. Қаныштың ағасы Ғазиз Имантай­ұлының Сүлейменнің үйінде қонақ болған кездерін айтады. Сондағы болған қимас­тық әңгімелерді келтіреді. Ғазиздің әңгіме үстін­де Сүлейменге «нағашы» дегенін естігенін де жазады. 1944 жылы Ержанов Жақан қатты сыр­қат­­танып қалғанда Қаныш Имантайұлы көмек бергенін, Морозов деген дәрігерге: «Қарауыңызда жатқан Ержанов Жақанды менің балам деп есептеңіз», деп ұзақ сөйлескенін де келтіріпті. Елуінші жылдардың басында Жақан НКВД-ның тіміскілеуімен КазГУ-дегі қызметінен босап қалған кезде Қанышқа барып ақыл сұраған көрінеді. Сонда: «Жақан, сен енді Қазақстаннан басқа жерге кет. Менің Украинада көптеген жақ­сы жолдастарым бар, мен олармен хабар­ласайын», депті Қанекең. Сол ақылдың арқа­сында Жақан Днепропетровскідегі тау-кен инсти­тутында қызмет істеп, он жылдан кейін ғана елге оралыпты. Егізбай Қанатбайұлының дәлелдері өте көп, оның бәрін айтып шығу шарт емес. Әңгіменің тоқетері, айтқан дәлелдерінің бә­рінің бұлжы­мастай деректері бар. Шын­дық­тың шырайын бұзбай айтып берген қайыненесі Нұрлығайын ананың да ата-тегін атап, оның ешқашан жалған­дыққа бар­май­тынын шын жүректен толғана айтыпты. Сонымен саралай келгенде, Егізбай Қа­натбайұлының жазғандарында шындық бар деген тоқтамға келдім. Оған қоса айтарым, Нұрлы­ғайын бәйбішенің айтқандарына қоса, Егізбай ақсақал Ғаббас Құдайбер­генов, Гүлжан Рахметова айтқан деректерді де келтіріпті. Және олар қайда тұрады, телефоны қандай, қай жерде қызмет істейді, бәрін де мұқият жазып жіберіпті. Нағашылығын айта алмаса да Шәмшия­бану Қанышқызы «Сәулелі әулет» кітабын­да: «Кезінде ел қадірлісі болған Ғазиз Иман­тайұлы Сәтбаев жас жағынан өзімен шамалас, көрші ауылдың азаматы, Сүлей­мен Ержановпен дос болған. Ғазиз бен Сү­леймен (академик Жақан Ержанов­тың әке­сі) екеуі түскен сурет те сақталған... Сөйтіп, Ержановтар Сәтбай әулетіне жақын, туыс қадірлес болатын-ды, бірін бірі ерекше құрметтейтін»  депті. Тап осы тақылеттес лебіздер Медеудің жазғандарында да кездеседі. Хат иесінің сөзіне сенер болсақ ол: Исаның екі ұлы болған. Әлима солардың біреуінің қызы дейді. Балаларының аты Бағзұм мен Асайын, шежіреде оның үлкенінде бала жоқ, ал кішісінің (қыздарын атамай) Ықыш, Кәкіш деген ұлдары болған деп көрсетіпті. Соған орай, мен Әлима Исаның баласы Асайынның қызы деген шешімге тоқтадым. Бұл жерде үлкен қате жоқ, бәрібір Исаның немересі ғой. Кеңес өкіметінің жендеттерінен сескенгендіктен Қаныш ағамыз «Иса қызы» десе, біз де солай атай берейік. Тапқанымыз: Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың анасы Әлима Исақызының фотобейнесі және ата-тегі мен шыққан жерін анықтадық. Иса ақсақал Ержан қажының әкесі Жарқынбайдың туған інісі болса, оның шөбересі Жақан Сүлейменұлы Ержановты ел біледі. Әлима Исаның немересі, бұлар бір-бірімен нағыз шөберелі-немерелі туыстар. Біздің көтеріп отырған тақырыбымыздың басты мәселесі осы болса, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сынды дананы дүниеге әкелген қазақтың асыл қызы Әлиманы да ел білсін. Кәкімбек САЛЫҚОВ, Астана.