Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық пен жаңа балабақшаны аралап көрді.
Елбасы биылғы Жолдауында «Халық денсаулығы – Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» деп атап өткен еді. 180 орынға арналған кардиохирургиялық орталық заман талабына сай екен.
Президент кардиохирургиялық орталықтағы интервенциялық кардиология бөлімінің, жүректі катетеризациялау зертханасының, операциялық залдардың және жан сақтау бөлімінің жұмысымен танысты.
Орталықтың негізгі қызметі инновациялық медициналық технологияларды қолдана отырып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, кардиохирургия, интервенциялық кардиохирургия салаларында науқастарға амбулаториялық тексеруден бастап, жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге, кешенді оңалтуға дейінгі ғылыми-ағарту жұмысымен де айналысады. Бұған қоса, республикалық мекеме аймақтық кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар мен бөлімдерге әдістемелік-ұйымдастыру және кеңес беру көмектерін көрсетеді.
Кардиохирургиялық орталық базасында 2011-2014 жылдар аралығында қазіргі заманғы диагностикалық зерттеулерді қолданып, туабіткен және кейін пайда болған сырқаттарды хирургиялық емдеу бойынша 20-ға жуық инновациялық медициналық технологияларды енгізу жоспарланған. Бұл айтулы кешен тұрғындар денсаулығын сақтаудың үздік халықаралық үлгілері мен ғылыми тәжірибелер үйлесім табатын кардиология саласындағы ұлттық брендке айналатыны шүбәсіз.
Елбасы орталықтың дәрігерлерімен және студенттермен әңгімелескенде, өзінің денсаулық сақтау саласына жасап жатқан қамқорлығын алға тартып, 5-6 жыл бұрын мұндай үлкен кешен туралы айтудың өзі артық көрінетінін жеткізді.
Мемлекеттің істейтін жұмысы елдің денсаулығын көтеру. Басты мақсат – халық денсаулығы, халық амандығы. Елдің астанасы болғаннан кейін елордаға осындай алты үлкен кешен салынды дей келіп, бірінші орында болып келген жүрек-қан тамырлары ауруларының азайып, өлімнің сирегенін атап өтті. Сонымен бірге, жеті облыста жүрекке операция жасалып жатқанын, оған қажетті заманауи құрал-жабдықтардың алынғанын, білікті дәрігерлерді шет елде оқыту жұмысының жүйелі жүргізілгенін тілге тиек етіп, ақ халатты абзал жандарға жүрегі ауырған адамдарға арашашы болу үлкен бақыт екенін атап өтті. Ендігі жерде қатерлі ісік ауруларына да үлкен мән берілетінін, шілде айынан бастап дәрігерлердің айлығы өсетінін айтты.
Елбасымен әңгіме кезінде бөлім меңгерушілері, білікті маман-ғалымдар Д.Горбунов, Т.Лесбеков және өзге де дәрігерлер Мемлекет басшысының осындай қамқорлығына өздерінің дән ризалығын білдірді.
Сондай-ақ Президент аралап көрген «Балақай» балабақшасы мен «Әдемі-ай» балалар дамыту орталығы да уақыт өлшеміне жауап беретіні бірден байқалады. Балабақша ғимаратының жалпы аумағы 4518 шаршы метр. Кешен 4 қабаттан тұрады: 1-2-ші қабаттары – «Балақай» балабақшасына тиесілі болса, 3-қабатта «Әдемі-ай» балалар дамыту орталығы орналасқан. Бірінші қабатта жатын орындар, ойын ойнайтын бөлмелер бар. Бұдан басқа шағын буфет, зертханалық сумен жабдықталған бассейн, жеке душ, спорт зал, музыкалық және жаттығуға арналған залдар жұмыс істейді. Балабақша қазақ тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану, әдіскер, дәрігерлік пункт, кинозал, ИЗО студиоға арналған бөлмелермен жабдықталған. Кешеннің құрылысы кезінде ең озық технология мен экологиялық таза материалдар пайдаланылған.
Біз осы Ұлттық орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пяны сөзге тартқанымызда, ол еліміз бойынша қазір 13 500 ересек адам және 2 500-ге тарта бала ашық жүрекке кардиохирургиялық операция жасауға мұқтаж екенін, 2010 жылы 4 мыңнан астам, оның ішінде 1 500-ге жуық балаға осындай операция жасалғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта ел үміт артып отырған бұл медициналық мекемеде әр жылы 3 мыңға дейін операция жасау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2 500 операция үлкен адамдарға, 500-ге жуығы балаларға жасалады. Өткен 20 жыл ішінде еліміз бойынша жүрекке операция жасау 11,7 есеге артты, деді.
Ал осы орталықтың ашылуына Тараздан арнайы келген жүрек-қан тамырлары ауруының білгірі, академик Сейітхан Жошыбаев, мұндай ұлтқа қажет дүниені өткен ғасырдың 80-жылдарында ашуға талпынған едік. Енді, міне, сол мақсатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя менің шәкіртім, өте білікті маман. Қазір еліміз бойынша 4 республикалық және 7 өңірлік орталық, 9 кардиохирургиялық бөлім және 23 ангиографикалық зертхана жұмыс істейді. Осылардың бәрінің жұмысын осы Ұлттық орталық арқылы үйлестіріп отырсақ деген ниеттеміз. Оны ат сабылтып Астанаға келмей-ақ интернет жүйесі, телемедицина арқылы жүзеге асыруға болады. Тікелей телеконференция өткізу де ойда бар. Менің мұны айтып отырудағы мақсатым, облыстардағы мекемелерде бұл жердегі құрал-саймандардың бәрі бар деп айта алмасақ керек. Сол себептен де еліміз бойынша жүрек-қан тамырлары ауруын емдеу, алдын алу мәселелері бойынша осы Ұлттық орталық алтын діңгек болса, ұтарымыз аз болмасы анық, деді.
Сүлеймен МӘМЕТ.