Қоғам дамуында жегі құрттай жайлап кеткен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтару оңайға соқпай тұр. Оның асқынып кеткені соншалық, қолында лауазымды билігі барлар ғана емес, қатардағы шенеуніктердің де араны ашылып, қолына іліккенді іркілмей жұтатын дәрежеге жетті десек артық айтқандық емес. «Дәнікеннен құныққан жаман» дегендей бұл кеселді дерттің сыбайлас жемқорлықтың желі оңынан соғуына тосқауыл қоюға міндетті биліктің айналасында көбейіп отырғаны таң қалдырады. Бұған Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің соңғы деректері нақты дәлел болады.
Мұғалжар ауданы Ембі қаласының әкімі үстіміздегі жылдың 10 наурызында қаңғыбас иттерді ату жұмысын аяқтау актісіне еш кедергісіз қол қойып, сондай-ақ алдағы уақытта тендерде ұтуына көмектесу үшін әкімдіктің бас маманын делдал ету арқылы Н. деген азаматшадан 76 мың теңге пара алғаны үшін күдікті ретінде ұсталған. Ал, Әйтеке би ауданы Қызылжұлдыз орта мектебінің есепшісі С.Жиенбаева 2008-2010 жылдар аралығында бірнеше рет қызмет бабын пайдаланып,өзінің карточкалық есепшотына заңсыз аудару арқылы жалпы сомасы 347 мың теңге бюджет қаржысын жымқырып кеткен. Өз қалтасын үкімет қалтасымен «жаңылыстырып» алған есепші енді 3 жылға қаржы саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылып қана қоймай, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін болады. Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы М.Мүсірәлина да парақордың бірі болып шықты. Ол мемлекеттік қызметтерді атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра,өзінің алған міндеттерін орындауға шын мәнінде мүмкіндігі болмаса да Ақтөбе қаласындағы бір ЖШС-ті жедел жабуға көмектесемін деген желеумен бірнеше рет бөтен адамның мүлкін ұрлап, мемлекетке 80 мың теңге зиян келтіргені үшін 2 жылға мемлекеттік лауазымды қызмет атқарудан шеттетіліп, бес жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Облыстық қаржы полициясы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Тобыл-Торғай» экологиялық департаменті» мемлекеттік мекемесі қаржы-әкімшілік және тәртіптік жұмыс бөлімінің бастығы К. Керееваға қатысты қылмыстық істі аяқтады. Сұғанақ қолды бөлім бастығы 2010 жылғы желтоқсанда мемлекеттік қызметтерді атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра, қызмет мүдделеріне қарамастан, басқа тұлғаларға және «Пайда» ЖШС-іне пайда мен мүмкіндіктер алу үшін, шын мәнінде мүліктер жеткізіліп берілмесе де жалпы сомасы 4184 мың теңге болатын 15 атаудағы заттарды алғандығы туралы 2010 жылғы 28 желтоқсандағы жалған шығыс жүк құжатына қол қойғаны анықталды. Ақтөбе қалалық №2 сотының үкімімен К. Кереева қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл темір тордың ар жағында отыруға жазаланды. Ақтөбе облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясының бас маманы Н. деген азаматтың өзін еркін сезінгені соншалық, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қызметкерлерінен осы мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды ішкі бақылау актісінде көрсетпегені үшін 350 мың теңге пара алғанына күдікті ретінде ұсталып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыншама көлемде пара берді деген күдік бойынша департаменттің бірқатар қызметкерлері де қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Қылмыстық іс тергелуде, әзірге басқадай ақпараттар тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Бұл жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыспен жазаға тартылғандардың бір парасы ғана. Қармақтан сытылып кетіп жатқандары қаншама. Сондықтан қоғамның «алпыс екі тамырына» уытын жайып кеткен кеселмен күресті әлде де күшейтіп, осы бағыттағы заңдылықтардың сақталуы мен құқықтық тәртіпті қатайта түсу керек. Әйтпесе, жемқорлықтың жолы кесілмейді, уыты қайтпайды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.