01 Шілде, 2011

Елдің үлкен олжасы

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Биыл Тәуелсіздіктің көгілдір туы азат Қазақстан аспанында желбірегеніне 20 жыл толмақ. Отаны­мыздың осынау ең басты мерекесіне ел теміржолшылары толайым табыстармен қатар, баға жетпес тартулармен келе жатыр. «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ Астана мен тағы басқа қалаларда темір жолға қатысты зауыттар салып, отан­дық өнім өндірушілерді ай­рықша қолдаумен бірге, еларалық «Жетіген–Қорғас» және «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» темір жолының құрылысын тәуелсіздік мерекесіне пайдалануға бермек. Осынау баға жетпес тартулармен қатар теміржолшыларда тағы бір айпара қуаныш бар. Ол – биыл Ресейден Қазақ еліне қай­тарылатын 575 шақырым темір жол­дың бар мүлкімен ұлттық ком­па­нияның қарамағына түпкілікті өтетіндігі. Бұл ізгілікті іс тәуелсіз­діктің мерейлі тойына тамаша тарту болумен бірге мемлекетіміздің іргетасын бүгінгіден де нығайта түсері анық. Алдағы үшінші тоқсанда темір жол бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс ісі толығы­мен аяқталмақ. Жүз жылдан бері екі елді байланыстырып жатқан темір жолдарды және оған қарасты мүліктер мен нысандарды дау-да­майсыз тең бөлісу оңай болмағаны анық. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ел-жер қазақтікі болса да, ел экономикасының күретамыры саналатын темір жолдың 600 ша­қы­рымға жуық бөлігі көрші елдің – «РТЖ» ААҚ құзырында болған­дықтан ел экономикасының еркін көсіліп дамуына көптеген келеңсіз кедергілер келгені рас. Мысалы, Ресей темір жолының тарифі осыған дейін ҚТЖ тарифінен бірнеше есе қымбат болып келген. Мұн­­дай жағдайда, елі­міздің шетелдерге тауар экс­порт­таушы­лары мен ел ішіне сол ау­мақтан өнім тасымалдау­шыларға көптеген қиындықтар кез­­де­сетін. Өз елі бол­ға­нымен Ресей құ­зырын­дағы темір жол бойында тұра­тын және пойыз ма­гис­тралы­на жа­қын орна­лас­қан ауыл-ауданның хал­қы да 20 жыл бойы талай ыңғай­сыздықты бас­тан кешіргені жасырын емес. Бұйыртса, 2-3 айдың көлемінде Қазақстан Республикасына транзиттік темір жол учаскелерінің жал­пы ұзындығы 261 шақырым бо­латын және транзиттік емес темір жол телімдерінің ұзындығы 314 шақырым болатын, ал екеуін қосқанда 575 шақырымды құрай­тын магистральдар барлық мүлкі­мен берілуі тиіс. Есесіне, «Алаған қолым береген» демекші, Ресейге олар­дың аумағын­дағы Қа­зақ­стан иелік етіп келген 566 шақырым темір жол беріледі. Бұл темір жолдар мен мүліктерді рет­теп алмасу шарасы өт­кен ға­сыр­дың 1996 жылы басталған еді. Сол жылдың 18 қазанында темір жол кәсіпорындарының, меке­ме­ле­рінің және ұйымдарының қыз­метін құқықтық реттеу ерекшеліктері туралы Қазақстан Республика­сы­ның Үкіметі мен Ресей Федера­циясының Үкіметі арасындағы ке­лісімнің аясында аталған екі ел арасындағы темір жол нысандары меншігін құқықтық реттеу ісі қолға алынды. Әйткенмен, сол өткен ғасыр жылдарынан бері бұл игі бастамадағы көптеген істер әртүрлі себептермен тиімді шешімдері табылмай іркіліп қалған еді. Тек соңғы 2-3 жыл көлемінде ғана бұл бағыттағы істер ілгерілей бастады. Ел тәуелсіздігін қазіргіден де нығайтып, экономикасының қа­рыштап еркін дамуына үлкен серпін беретін игі істің ел пайдасына шешілуі үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бүгінгі бас­шылығы мемлекеттік деңгейдегі орасан зор іс тындырды. Көлде­нең кезігіп, тосқауыл болған түйіні көп мәселелердің шешілу жолдарын дұрыс тауып, ел мүд­десін қашанда бірінші кезекке қойып отырды. Сан рет көрші ел мамандарымен кездесіп, екі жаққа да тиімді боларлық сан түрлі құжаттар дайындап ұсынды. Тіпті бір уақыттары дұрыс деп санал­ған құжаттарды оңтайландырып қайта дайындап шыққан кездері де болды. Оның бәрін екі елдің біраз министрліктерінде дәлелдеп, екі елге де тиімді боларына көз­дерін жеткізіп отыру оңайға соқпады. Өйткені, темір жолдан бейхабар басшыларға темір жол­дың тиімді немесе тиімсіз тұста­рын дәлелдеуден қиын машақат жоқ. Сондықтан ұлттық компания басшылығы қажетті жерінде шебер иіліп, ел мүддесі үшін керек болса түйіліп, екі жыл көлемінде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» берік ұстанған сали­қалы еркін саясатының арқасында темір жол бойынша Ресей мемлекетімен алыс-беріс ісін жоғары деңгейде аяқтағалы тұр. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, журналист.