Шыр етіп дүние есігін ашқан кез келген адамның Отаны, туған жері болады. Туған елге деген, жерге деген ыстық махаббат әр адам жүрегін тербейді. Кез келген халық өз елінің бейбіт өмір сүруін, қарыштап дамуын тілейді, армандайды. Ал елдің бейбіт ғұмыр кешіп, өсіп-өркендеуі, кемел мемлекет, ізгі қоғам құру талпынысы елдің басшысына тікелей байланысты.
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, атадан балаға беріліп келе жатқан бүкіл қазақ болмысының бай рухани мұрасын бойына сіңірген, «жүрегі елім деп соққан» және сезімін нақты ісімен дәлелдей білген ұлттың ұлы Елбасы Қазақстан халқының маңдайындағы бағы, ырыс-берекесі екендігі анық.
Қазақта «Ер туады ел үшін» деген қанатты сөз бар. Айтса, айтқандай-ау!.. Тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде дүйім халықтың әлеуметтік жағдайын өрге сүйреп, олардың тамырын тереңге тартар рухани-мәдени, тілдік қажеттіліктерін де орнына келтіре білген, ал тәуелсіздіктің қиын-қыстау алғашқы күрделі жылдарында халыққа қалқасын, еліне ықтасын бола білген, Қазақстан атын әлемге паш еткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Абылайдың ақ жолынан кейінгі Нұрсұлтанның нұрлы жолын» – Тәуелсіздік қазығын берік қалап, ізгілікті қоғамға жеткізер іске бел шеше кірісті.
Елбасының Тәуелсіздік философиясы
Биылғы жыл біздің Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерекесі. Бұл кезең ғасырға бергісіз, әр айы жылға татитын, жарқын да шешуші кезеңдерге толы тұтас дәуірді құрады. Бұл уақыт арасында Тәуелсіз ел ұрпағы, жаңа заман жастары өсіп шықты.
Қазақ қазақ атанып, жеке-дара ел болғалы НЕ КӨРМЕДІ? Бір жығылып, бір тұрып аласапыран тағдырларды басынан кешті. Қуғын да, сүргін де көрді. Босқын да, қашқын да, бодан да болды. Алайда, ата-бабаларымыз ешқашан еңкеймеді, сан ұрпақ екі тізгін, бір шылбырын ешкімге ұстатпай, бас иіп күн кешкеннен гөрі ұрпақ намысы үшін күресуді, елдіктің, егемендіктің туын асқақтатуды мұрат етті. Ғасырлар бойы күресті.
Осындай ұлы күрестер арқылы РУХЫ шыңдалған қазақтың таңы атты. Ел тәуелсіздігін жариялады. Халық арманы орындалды. Халықты бір тудың астына жинап, біртұтас ел қылуды міндет еткен казақтың текті ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұловтардың армандары орындалды. Әлем алдында «Қазақстан» деген атпен мемлекет пайда болды.
Ұлы бабамыз Абылай кезінде «Қазақтың Сарыарқадай сайын даласына, Есіл жағасына ел қондырсам, елімді-жерімді біртұтас, бөлінбейтін мемлекетке айналдырсам» деп армандаған екен. Сол арманды «Айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге дайынмын», деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жүзеге асырды.
Тәуелсіздікпен бірге діліміз бен дініміз, рухымыз, дәстүріміз бен мәдениетіміз оралды. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «мәңгілік ел» мұраты қайта жалғанды. Тәуелсіздік – тәуменді жұртқа тәуекел берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдары мемлекеттің барлық саласында реформалар терең жүріп жатты. Елдің саясат майданындағы түйінді проблемалар және күрделі қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен қатар, сыртқы саясатта да келелі мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. Шешімін уақытында қабылдауды талап етті.
Мәселен, Қытаймен, Ресеймен арадағы шекара мәселесі, Каспий асты мұнайын бес елдің бөлісуі, азуын айға білеген алып державалармен тартысты дипломатиялар, тұрақтылық саясатындағы міндеттемелерді үндестіру, үйлестіру, қазба байлықтарды ел игілігіне жарату – міне, бұлардың бәрі жас мемлекеттің іскерлігіне сын болғаны айқын.
Дүние жүзінде бірінші болып атомнан бас тарту, Арқа төсінде айшықты жаңа астана салу, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі дін өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру, дамыған 50 елдің қатарына ұмтылу, Қысқы Азия ойындарын өткізу және күллі Ислам Конференциясы Ұйымына төраға болу сынды белестер елімізді әлемге танытты. Бұлардың бәрі – ТӘУЕЛСІЗДІК, ЕГЕМЕНДІКТІҢ жемістері.
Аллаға шүкір, ата-баба арманы орындалды! Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені сауатты басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды.
Сонда сол бір қиын-қыстау кезеңде Елбасына қанат бітірген, сенімділікке бастаған қандай күш-құдірет еді?! Құлдық қамытынан кеше ғана шыққан халық қалайша мұндай ғасыр жобасына қол созды?! Бұл ең алдымен, осынау тәуелсіздік дүмпуімен бірге көтерілген бұла күш, көшпелі дала ұрпағы – қазақ болмысында ежелден қаланған асау арынның арқасында, сол күшті бір арнаға сауатты тоғыстыра білген Елбасының ерік-жігерімен іске асты. Ұлт бойында бұққан, бұғауланған сол бұла күш бостандық алысымен жанартаудай атылды. Ұлттық рух күңірене қопарылды. Сол ерекше көшкін-қозғалыстың басында ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Жанартаудай дүмпіген қазақ пассионарлығын Президент осы тұста жаппай жасампаздыққа бағыттады. Ұлы Дала жиырма жыл ұдайы үздіксіз жаңару, жаңғыру үстінде келеді.
«Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болғандықтан, ол адам бақыт не екенін білуі қажет және өзінің мақсатына ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін біліп алуы қажет», деген екен атақты ойшыл ғалым бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби. Сол айтпақшы, Нұрсұлтан Әбішұлы бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін нақты білді және аянбай еңбек етуде.
Елбасы және әлем мойындаған Ассамблея
Өткен ғасырдың соңында Кеңес Одағы тарап, оның орнында жас, тәуелсіз елдер пайда болған кезеңде, АҚШ-тың әйгілі идеологы Збигнев Бжезинский “Үлкен шахмат тақтасы. Американың басымдығы және мұның геостратегиялық қажеттілігі” деп аталатын атышулы еңбегін жарыққа шығарып, әлемдік жаңа дау-жанжалдар мен қақтығыстар орын алады деп болжам жасады. Аталған кітапта автор Қазақстанды негізгі қақтығыс алаңдарының бірі деп нақты атады.
Алайда таразы-уақыт Бзежинский мырзаның қателескенін көрсетті. Елбасының салиқалы саясатының арқасында елдегі барлық ұлт пен ұлысты ұйыстырған, дамудың даңғыл жолына түскен жас, жігерлі мемлекет дамудың өзіндік үлгісін қалыптастырды. Шет мемлекеттердің дуалы ауызды сарапшылары “қазақстандық үлгі” туралы сөз ете бастады. Қысқа мерзімде бейбітшілік белдеуіне, ізгілік мекеніне айналып үлгерген ел туралы дүние жүзінің белді, белгілі басылымдары жарыса жазды. Мәселен, Қазақстанға ресми сапармен келген Рим Папасы И?????оанн П?????авел II «Ұлы Далада салтанат құрған бейбітшілік көпұлтты мемлекетте де тыныштық сақтауға болатындығын дәлелдеп берді», деп өз ризашылығын білдірсе, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстанның іс-тәжірибесі ұлтаралық және конфессияаралық сан-алуандыққа кесір емес, игілік ретінде қарау керек екендігін көрсетті. Республика көптеген басқа елдерге үлгі бола алады», деп мәлімдеді. Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Маргарет Тэтчер ханым Қазақстан Президентіне жолдаған хатында: «Тәуелсіздік алған сәттен бастап Сіздің көрегендік саясатыңыз елді бостандыққа апаратын жолға алып шықты. Пессимистер, бәлкім, Сіздің еліңіздің этностық және діни әрқилылығы ұлттарды жанжалдастырмай қоймайды, сөйтіп, Қазақстанды әлсіретеді деп үміттенген болар. Алайда бәрі керісінше болып шықты. Қазақстан өзінің әралуандығының арқасында гүлденіп келеді және өзінің әралуан дәстүрлер мен діни сенімдерге байлығының арқасында қуатына қуат қосуда. Сіздер басқаларға үлгі болдыңыздар», деп Мемлекет басшысын ел жетістіктерімен шын жүректен құттықтады.
Қазақ билерінің атасы, әйгілі Майқы бидің «Хан әділ болса, халық ынтымақты болады» деген ұлы сөзі бар. Осы қағиданы басшылық еткен Ұлт көшбасшысы мемлекет, халық ісінде кеңестің, бірліктің, ынтымақтың рөлінің зор екендігін әрдайым есте ұстады, Ынтымақ пен Бірлікті бүгінгі Қазақстанның берік ұстанған нақты идеологиясы, ішкі саясат негізіне айналдыра білді.
Елбасының тікелей бастамасымен, еліміздегі береке мен бірліктің мекені Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда, шығу тегі әртүрлі, мақсаттары ортақ мыңдаған қазақстандықтар Ассамблея қанатының астында ел алдына қойылған ортақ мақсаттарды қызу іске асыруда.
Тағдыр әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақтың дархан даласына қоныс тепкізді. Аузын ашса жүрегі көрінетін кеңпейілді қазақ халқының ыстық мейірімінің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген өзге ұлт өкілдері ұрпағын, қасиетті шаңырағын сақтап қалды.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекерге айтылмаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Елбасы Қазақстан халқын «...жұмған жұдырықтай бірліктің арқасында алмайтын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына» сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастады.
Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті.
Түркі дүниесінің қос алыбы
Ер Абылай, Махатма Ганди, Махатхир Мохаммад, Ли Куан Ю, Дэн Сяопин сынды өз халықтарының ұлы тұлғалары шешуші кезеңде тарих өмірге әкелген тұлғалар. Халықтың басына түскен тауқымет ел қабырғасын қайыстырғанда бел шеше іске кіріскен, қиынға мойымаған өр тұлғаның бірі де бірегейі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жақында түркі жұртының ұлы тұлғасы, түрік халқының арысы Мұстафа Кемал өмірі, ойлары туралы кітапқа тап болдым. Қарап отырсам, дүниенің екі құрлығында, әртүрлі уақыт аралығында өмірге келген, бірі түрік, бірі қазақ, алайда түбі бір түркі халқының өкілі саналатын қос Тұлға толғамдарында ұқсастықтар өте көп екен. Бұл тіпті ұқсастық та емес, дұрысы – бірін-бірі толықтыру деп айтқан жөн шығар.
Ататүрік – тек өз халқының, өз елінің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенттерінің бірі. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін туған халқының жарқын болашағына, туған елінің тәуелсіздігіне, тұтастығына, бірлігіне, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуына, өркендеуіне арнады. Ататүрік қиын-қыстау кезеңде ұлт-азаттық күресін басқарып, туған елін ғасырлар бойына созылған сұлтандар әулетінің өзара қырқысынан, империалистік мемлекеттердің Түркияны бөлшектеп, әлем картасынан сызып тастау жөніндегі арам пиғылынан құтқарды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы кеңестік кезеңде әлсіреген, күрделі «өтпелі кезеңде» тұралап қалған ел экономикасының әлеуетін арттырды, Қазақстанды әлем елдері құрметтейтін, сыйлайтын деңгейге жеткізді. Қазақстан халқының өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына, Атамекеннен кезінде босып кеткен, қитұрқы саясат кесірінен шекараның арғы бетінде қалып қойған мыңдаған қандастардың туған жерге оралуына мүмкіндік туғызды.
Елдіктің негізі – Ұлттық Рух, Елдік Сана болса, Елбасының салиқалы саясатының арқасында ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елге аянбай қызмет ететін, алғыр да жүректі жастардың тұтас толқыны өсіп жетілді.
Ататүрік өзінің бір сөзінде «Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын! Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!» деген екен.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін», деп отандастарының жігерін, патриоттық сезімін қайрайды.
Отанын шексіз сүйген осы бір қос ғажайып сөздер, ерлік пен елдік кемесін тәуекел дариясына түсірген, туған жері үшін кез келген ауыртпалыққа дайын ұлы Тұлғалардың кесектігін, кісілік ірілігін айқын көрсетеді.
Ұлт көшбасшысы және «ІЗГІЛІК» идеясы
Осы жылдың сәуір айында елімізде Президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Халықтың қалаулы басшысы егемендіктің берік іргесі екендігін және бір рет дәлелдеді.
Халық не үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын Президент етіп қайта сайлады? Шын мәнінде 90 пайыздан артық дауыс жинаған Мемлекет басшысы жеңіске көп уақыт бұрын жетіп қойған. Елбасы өткен ғасырдың соңғы онжылдығында елдің сындарлы өркендеуін қамтамасыз ететін «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарымен, оны сатылап іске асырумен жеңіске жетті.
Тұлға халықты сендіре алса, атқарған ісімен ғана сенімге ие болады. Ал, тұтас халықты сендіріп қана қоймай, соңынан ілестіру үшін халық алдында қыруар тірлік істеу керек. Елбасы Назарбаев өз бойындағы тума талантымен, өмірлік тәжірибесімен қалыптасқан қазақи сабырлылығы мен даналығы арқасында әрқашан елмен бірге болу, оның басына түскен ауыртпалықтарды бірге көтеруге әрдайым дайындығымен ерекшеленеді.
Өткен жылы көктем басында Алматы облысы Қызылағаш ауылында орын алған табиғат апатынан соң Елбасы апат зардаптарын жою жұмыстарын тікелей бақылауына алды. Жиі-жиі Үкімет мүшелерін жинап, мәжілістер өткізді, нақты тапсырмалар жүктеді. «Ел іші – алтын бесік» дегендей, Елбасының тікелей бақылауымен алты айға жетпейтін уақыт аралығында жұмыртқадай жаңа ауыл өмірге келді. Елбасы жаңадан салынған ауылға атбасын тіреді, халықтың жай-күйін сұрады. Аз уақыт ішінде тегіс жерде дүниеге келген ауылды көрген халық еліміздің күш-қуатын, қарым-қабілетін шын түйсінді, болашаққа деген сенімі бірнеше есе артты. Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіре беруге болады.
Кемеңгерлік айшығы
«Кемеңгер деп тек өз ісінен ләззат алатын, қиындыққа қарамастан жұмыс істейтін адамды айтады. Бұл ағынға кедергі құрсаң, ол өзен болып бәрінің талқанын шығарып шайып кетеді», деген екен ұлы Стендаль.
Сол айтпақшы, егемендік тарихындағы тұңғыш сөзінде «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым», – деген Елбасы елдіктің, ел болудың тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары мен азаттықтың арпалысқа толы ақ жолында аянбады, тәуелсіз елдің іргетасын берік қалады.
Ел басы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер. Елбасы – қазақ халқына Тәңірдің жасаған тартуы. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген елең-алаң кезеңнен бастап, Мемлекет басшысы халқының дәулетін асырды, сәулетін т??????асытты. Халықты қиындыққа мойымай, батыл кадам жасай берсе, түбі жақсылықтың боларына, жарқын күннің туарына сендіре білді. Сол жарқын күн халық басына тұрақтады. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыттың ішінде Елбасының бастамасымен еліміз әлем таңқалардай болып өзгерді.
Елбасының, Ұлт көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады.
Ұлы адамдар, Көшбасшылар туралы жазу қиын. Ол туралы көп жазылып жатқандықтан қайталау бола ма деп те қымсынасың. Дегенмен де, қайталаудың кездесуі ол туралы жазылғандардың шындық екендігін тағы бір дәлелдей түскеніне де қуанасың, әрі мақтан етесің. Ұлт көшбасшысының туған күніне және Астана күніне мерейтойлық лебіз білдіруіміз Елбасымыздың сан қырлы таланты мен сан салалы қызметінің ел Тәуелсіздігін алу мен оны сақтап қалу жолындағы орасан зор еңбегін атап өтуімізді және құттықтау-тілек рәсімімізді ғана білдіреді. Бұл құттықтау мақтау емес, мақтану, ұлылардың ұлағатын ұмытпау, ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызын білдіру ғана.
Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі.