Кеше Тәуелсіздік сарайында 3 күнге созылған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесі өз жұмысын аяқтады. Кеңес жұмысы алдыңғы жұмыс күндеріндегідей бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз жабық есік жағдайында өткізілді. Кеңес отырысы қорытындысында ИЫҰ СІМ Кеңесі Астана декларациясын қабылдады.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кіруге рұқсат етілген кезде ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы соңғы сессия жұмысын қорытындылап жатты. Ол Қазақстанға өз тарапынан қазақы қонақжайлығы үшін, қолдауы мен жомарт ұйымдастырушылығы үшін алғысын жеткізді. Бұдан соң сөз алған еліміз Сыртқы істер министрі, Кеңес төрағасы Ержан Қазыханов ИЫҰ Бас хатшысына Қазақстан мен оның халқының және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына айтылған жылы лебіздеріне, ықыласына алғысын жеткізді.
Бұдан соң бірқатар ел делегацияларының басшылары сөз сұрады. Алдымен Алжир делегациясының басшысы Абдельхамид Теммар ИЫҰ-ның 38-ші СІМК-ге қатысушы елдер атынан ризашылығын білдірді. «Қазақстанның қонақжайлығына алғысымызды айта отырып, бұл елдің қол жеткізіп келе жатқан биік жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз», – деді Алжир делегациясының басшысы. «Біз Қазақстан Президентінің баяндамасынан шабыт алдық. Мұсылман үмбеті өмірлік маңызды салаларда бірқатар маңызды міндеттерді бастан өткеріп жатқан кезде, Қазақстан әлем мойындаған мүмкіндіктерін, толеранттылығы мен көрегенділігін қолдана отырып, өздеріне жүктелген міндетті абыройлы атқарып шығады деген ойдамыз», деді ол.
Марокконың Сыртқы істер бойынша мемлекеттік хатшысы Латифа Ахарбаш та өз елі атынан 38-ші ИЫҰ СІМК-ні табысты өткізуге бар жағдайды жасаған бауырлас ел Қазақстанға зор ықыласын жеткізуді өзіне құрмет деп санайтындығын айтты. «Бүгінгі отырыс өз тарихи жетістігіне жеткендігіне сенімдіміз. Ұйымның атауы өзгергеннен кейін мұсылман үмбетінің келешектегі дамуына жаңа серпін береміз деп ойлаймын», деді ол.
Бұдан соң сөз алған Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары Фейсал Әл-Микдад осы кеңесте қол жеткізген жетістіктер үшін мақтаныш сезімінде екенін айтып өтті. «Қазақстанның шебер төрағалығына, біздің пікірталастарымыз бен талқылауларымызды, әсіресе, келіссөздер барысын епті басқарғандығы үшін алғысымды айтамын. Мен Бас хатшы сөзіне қосыла отырып, шынайы әріптестік рухында жүргізілген жұмыстарды ерекше атап өткім келеді», – деді ол.
ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі 38-ші сессиясының жабылу салтанатында ұйымның Бас хатшысы Э.Ихсаноғлы Астанада Ислам Ынтымақтастық Ұйымының толық құқықты мүшесі болуға және бақылаушы мәртебесін алуға ниетті елдер үшін жаңа талаптар әзірленгендігін мәлімдеді. «Ұйымға осы негізде бірқатар өтініштер бар. Олардың кейбірі әлі ресми өтініш ретінде қабылданған жоқ. Өйткені, барлығы да оған сәйкес талаптардың қашан қабылданатындығын күтіп отыр. Конго, Маврикия және Кения сияқты елдердің ұйымның толық құқықты мүшесі болу туралы бұрын білдірген өтініштері бар. Сыртқы істер министрлері кеңесі талаптарды бекіткендіктен, ол елдерге осы талаптарды жібереміз де оларды ескере отырып өтініштерін қайтадан жіберуді сұраймыз», – деді ИЫҰ Бас хатшысы. Э.Ихсаноғлының айтуынша, Оңтүстік Африка Республикасы, Шри-Ланка, Филиппин, Сербия, Непал, Беларусь және Бразилия сияқты елдер бақылаушы мәртебесін алуға өтініш білдіріпті.
ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының қорытынды баспасөз мәслихатында еліміз Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов кезекті ИЫҰ СІМК өз жұмысын сәтті аяқтағандығын хабарлады. Кеңесте күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, өте табысты өтті. Бұл қатысушылардың ортақ жеңісі деп ойлаймын. Астанада өткен басқосудың Қазақстан және басқа да мүше мемлекеттер үшін де маңызы зор. Атап айтсақ, ұйымның аты Ислам Ынтымақтастық Ұйымы болып өзгерді. Жаңа таңбасы бекітілді. Екіншіден, жаңа құрылым, адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Үшіншіден, ұйым мандатына кіретін мәселелер шеңбері пысықталып, тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары ортаға салынды. Саяси, сауда және экономикалық, гуманитарлық салалардағы ортақ мүддемізді қорғау қадамдары мақұлданды. Әлемнің жауына айналған қақтығыстарды шешу жолдары туралы пікір алмастық. Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесіндегі төрағалық бірауыздан Қазақстанға өтті. Бұл – Елбасының көп жылғы қажырлы еңбегі мен биік халықаралық беделінің жемісі. Қазақстан халқының үлкен жеңісі, елдігіміздің мерейі үстем болғандығының белгісі, деді Е.Қазыханов.
Келесі кезекте ол Кеңес жұмысын қорытындылай келе, жиынның барлық қатысушылар үшін маңызды екендігіне тоқталды. ИЫҰ әлемдегі БҰҰ-дан кейінгі ең үлкен ұйым. Қазіргідей мұсылман әлемінің қиын-қыстау кезеңінде осындай абыройлы миссия үшін жас, тәуелсіз Қазақстанның таңдалуы үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз ИЫҰ өміріне жаңа леп әкелуіміз керек. Солтүстік Африкада орын алып отырған жағдайлар, сонымен қатар, Таяу Шығыстағы оқиғалар саяси, мәдени жаңа реформалар мен жаңғырудың қажеттілігінің шынайы көрінісі болып табылады.
Е.Қазыханов сөзін төраға ретінде Қазақстан ислам әлемін бірлікке, тұтастыққа шақыру жауапкершілігін толықтай сезінеді деп жалғады. Біз саяси комитет аясында Палестинаға қатысты мәселелерді, араб-израиль қақтығысын, мұсылман әлемінің түрлі аймақтарындағы проблемаларды, Ливияға қатысты мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстанды оңалту үшін әлеуметтік-экономикалық көмек көрсетуді, түрлі аймақтық ұйымдармен әріптестікті дамытуды қарастырдық. Қарусыздану мәселесін, лаңкестікке, экстремизмге қарсы күрес, заңсыз есірткі саудасы, адам құқын аяққа басу, белгілі бір дінді қаралау насихатына қарсы күрес, исламофобия мәселелерін кеңінен талқыладық. Тек осы сессия шеңберінде біз 100-ден аса қарар, ал ұйым шеңберінде онжылдық жоспар қабылдадық, деді Е.Қазыханов. Төраға ретінде Қазақстан алдында Астанада қабылданған қарарлар мен шешімдерді орындау міндеті тұр. Осы орайда Қазақстан қабылданған шешімдерді жүзеге асыру ісіндегі жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алады, деді ол.
Баспасөз мәслихатында ИЫҰ СІМК Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы Астанада өткен Кеңес тарихта жаңа белес ретінде қалатындығын мәлімдеді. Менің ойымша, бұл кеңес ИЫҰ-ның жаңа прогресс және реформалар бастауындағы елеулі кезеңі ретінде тарихта қалады. Мен Кеңес жұмысын қандай нәтижеге қол жеткіздік және Астана рухын қалай сезіндім деген екі аспекті тұрғысынан қарастырамын. Қол жеткізген нәтиже бір кезеңнің ғана қорытындысы емес. Бұл жалғаспалы реформаларды қамтитын өте ұзақ жұмыстар барысы, деді Бас хатшы.
Осылайша Қазақстанның ұйымның төрағасы ретінде ИКҰ атауы мен белгісін өзгерту туралы ұсынысы қабылданды. Бұл әрекет арқылы ислам әлемі өзгерістер мен бейімделуге, жаңару мен жаңғыруға дайын екендігін көрсетті. Астанада мақсатты, ашық талқылаулар арқылы ұйымның тұжырымдамаларын жаңартуға мүмкіндік туды. Олар ИЫҰ Жарғысында көрініс тауып, келешектегі қаралатын мәселелер анықталды. Төрағалық кезінде Қазақстан Палестинаның 1967 жылға дейінгі шекарасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізуді, сондай-ақ ИЫҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен әріптестігін кеңейту бойынша қызметтесуді жоспарлап отыр. Солтүстік Африкада бейбіт процесті алға жылжытып, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесі бойынша жұмыс істемек ниетте. Ал келесі ИЫҰ-ның СІМ Кеңесі Джибут мемлекетінде өтпек.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.