Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында ғылым саласын дамыту мақсатында ашылған Шыңжаң педагогикалық университеті мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің өзара келісім-шарты бойынша қытай тілін оқыту және оқытушылардың біліктілігін жетілдіру орталығы енді көрші екі елдің мәдениеті мен әдебиетін терең меңгеруге жол ашпақ.
Әңгімені әріден бастасақ, аталмыш оқу орнының шетел тілдері факультетінде қытай тілі екінші шет тілі ретінде 2001 жылдан бері оқытылып келеді. Ендігі жерде бұл орталық күншығыс елінің тілін жетік меңгеріп, ол елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін студенттерге толық таныстыруға мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Орталықтың тұсауын университет ректоры Ш.Беркімбаева мен Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы төрағасының орынбасары Жин Но ханым кескен соң, мәртебелі қонақтар университет дәстүрі бойынша «Ақтұмар» мұражайын аралап, естелікке суретке түсті және қолтаңбаларын қалдырды. Одан әрі Қытай делегациясымен ресми кездесу университеттің акт залында жалғасын тапты.
– Бүгін 67 жылдық тарихы бар біздің университетке көрші Қытай Халық Республикасынан ресми делегацияны бастап келген Жин Но ханым келіп отыр. Делегация құрамында жоо басшылары, мемлекеттік мекеме өкілдері бар – дей келе, Шәмша Көпбайқызы аталмыш білім ордасының табиғаты ерекше оқу орны екенін, мұнда 7 факультетте 10 мыңға жуық тек студент қыздар, болашақ педагог мамандар оқып тәрбиеленіп жатқанын, оларға 700 оқытушы-профессорлар дәріс беретінін мәлім етті.
– Біздің университет Шыңжаң педагогикалық университетімен екі елдің білім саласын дамыту мақсатында, ғылыми-мәдени ынтымақтастық орнатуда біраз шараларды іске асыруда. Яғни, студенттер алмасу, магистранттар және ұстаздар үшін ғылыми тәлімнама, ғылыми конференция өткізу, т.б. Бұл Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР төрағасы Ху Цзинь Тао жүргізіп отырған көршілес екі мемлекеттің бейбіт саясатының жемісі. Мемлекет басшылары жуырда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған жоғары дәрежедегі бас қосуда алдағы уақытта елдің экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарының жаңа сапаға көтерілуіне бағыт берді. Соның бір көрінісі – Қытай тілін оқыту орталығының ашылуы. Жаһандану заманында жастардың көп тілді меңгеруі, әлемдік бәсекеге бейім болуы заман талабы. Қазірдің өзінде жүзден астам студент қытай тілін үйренуде. Орталықты жабдықтауды толығымен қытай әріптестеріміз ұйымдастырды. Ол үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл көрші екі ел жастарының достығын нығайтудағы игілікті іс. Және болашақта осы университетте Конфуций институтын ұйымдастырудағы үлкен қадам. Сондықтан қытай тілін үйрету орталығының алдағы уақытта атқаратын жұмыстары абыройлы болсын деп тілеймін, – деді ректор.
Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы төрағасының орынбасары Жин Но ханым да қыздар университеті ұжымының жасап отырған құрметіне, сый-сияпатына өз рахметін білдіре келе: «Жуырда Қазақстан мен Қытай басшысы бас қосып, екі елдің достығы мен ынтымақтастығын дамытуға арналған біраз жобаларды талқылады. Біздің орталық тәуелсіз достықтың нышаны болатынына сеніміміз мол», – деп атап өтті.
Қонақты кәдесіз аттандырмайтын дәстүрімен университет ректоры Жин Но ханымға университеттің «Құрметті профессоры» академиялық атағын беріп, ұлттық нақышта тігілген мантия кигізді.
– Қытай мен Қазақстанның шекарасы қалыпты дамып, екі елдің қарым-қатынасы сәтті жалғасын тауып келеді, – деді өз сөзінде ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли мырза. – 2005 жылы Қытай мен Қазақстан стратегиялық серіктестік орнатты. Биылғы жылы ҚХР төрағасы Ху Цзин Тао Қазақстанда болған сапарында жан-жақты стратегиялық әріптестікті жалғастыруды айтты. Бұл екі елдің әр салада жаңа бір даму баспалдағына көтерілгенін білдіреді. Екі ел де тіл мамандарын тәрбиелеуге баса мән беруде. Әсіресе, жоғары деңгейдегі аудармашыларға сұраныс көп болып отыр. Дәл осындай жағдайда Қытай тілін оқыту орталығын ашып, тіл мамандарын даярлау қажетті деп білемін. Мен бүгінгі құрылған Қытай орталығынан оқыған студенттердің ертеңгі күні екі ел арасындағы достықты нығайтатын дәнекер болатынына сенемін.
Ресми бөлімнен соң университеттің «Томирис» би және «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамбльдері қытайлық қонақтарды қазақ өнеріне тәнті етсе, Шыңжаң педагогикалық университетінің студенттері арнайы әзірлеген концертті көрсете отырып, Конфуцийдың кемел ойынан туындаған өнер адамды сабырлылыққа тәрбиелейтінін ұқтырып, «ар ху», «жу димен» аспаптарымен қазақ әні «Дудар-айды» орындады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.