С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Постиндустриалдық әлем: ғылым Шығыс пен Батыс сұхбатында» атты халықаралық жастар форумы болып өтті.
Шекаралас елдер – Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай жоғары оқу орындарының жас ғалымдары, сонымен қатар, Украина, Италия, Шотландия, Польша, Германия, Израиль және Түркия елдерінен келген өкілдер екі күн бойы инновациялық формаларды дамыту, ғылыми бастамалар мен жобаларды дамыту туралы пікір алмасты.
Іс-шараның бірінші күні шетел делегациясының Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұдан соң С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №5 ғимаратындағы акт залында «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай жоғары оқу орындары ғылыми жетістіктерінің көрмесі, сонымен қатар, аталмыш форумының пленарлық отырысы болып өтті. Отырыста облыстық мәслихаттың хатшысы Василий Ахаев, Ресейдегі Алтай өлкесі губернаторының орынбасары Борис Ларин, Қазақстан-Американ еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев және басқалар сөз сөйледі.
– Қытай мен Қазақстан байланыс тамырын тереңнен тартқан көрші елдер. Екі ел қатынасының дамуына бүгінде барлық жағдай жасалған. Біз экономикалық тұрғыда ғана емес, мәдени және рухани тұрғыда да ақшамен өлшеуге келмейтін нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Баршаларыңызды елімізге келуге, өзара тәжірибе және ғылым алмасуға шақырамын, – деді осы жиында сөйлеген Қытайдың Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтының ректоры Серіжан Ұғыбайұлы.
Осыдан кейін кезек ғылыми баяндамаларға берілді. Ресейлік зерттеушілер Дмитрий Чинахов, Виктор Марков, Андрей Иванов, сондай-ақ отандық ғалымдар Қуаныш Бекмағанбетов пен Альмира Жылқашынова Алтайдың экономикалық, туристік, өндірістік, мәдени әрі ғылыми әлеуетін арттырудың өзіндік жолдарын ұсынды.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраевтың айтуынша, Шығыстың байырғы білім ордасы осы күндері көршілес елдердің жас ғалымдары үшін сұхбат алаңына айналып отыр. Алтай жастарының ғылымға айрықша қызығушылық танытып отырғаны қуан-тады. Еуразиялық университеттер қауымдастығы аясында өткен бұл форумда дәстүрлі және қалпына келетін энергия көздері, экология және биотехнология, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар және тағы да басқа ғылымның келешегі зор бағыттары бойынша дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Форум шеңберінде «Үлкен Алтай аумағындағы халықаралық ынтымақтастық: дәстүр және болашақ» атты студенттердің 9-шы халықаралық жазғы мектебі өз жұмысына кірісті.
Басқосулар барысында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Атап айтсақ, ШҚМУ мен Іле пединституты Қытайдың Құлжа қаласында Абай орталығын құру жөнінде уағдаласты. Осындай орталық қазір Ресейдің Ползунов атындағы техникалық университетінде (Алтай өлкесі) табысты жұмыс істеуде. Қатысушылардың пікірінше, Еуразия құрлығындағы елдердің индустриялық, ғылыми-технологиялық даму деңгейі әртүрлі, міне, осы мәселені шешу үшін ғылымдағы интеграциялық үдерістерді нығайту қажет. Шығыс пен Батыс осы тұрғыда бір-бірін толықтырып отыруы тиіс.
– Өскеменге алғаш рет келіп отырмын. Қала өте әдемі екен. Келешекте осындай жиын, форумдардың жиі-жиі өткізіліп тұрғаны жөн. Сіздердің студенттеріңіз, оқытушыларыңыз Моңғолияға, біздің жақтың студенттері мен ұстаздары осында келіп, бір-бірімізбен тәжірибе алмассақ, орынды болар еді, – дейді Моңғолиядағы Хобда университеті Баян-Өлгей бөлімшесінің студенті Аманжол Түгелбайұлы.
Форум келесі күні жалғасып, атап айтсақ, университеттің бас ғимаратында «Кенді Алтай «ескідәстүрлілерінің» тілі, мәдениеті мен әдет-ғұрыптары» атты университетаралық дөңгелек үстел отырысы өтті. Сонымен бірге шахматтан, волейбол мен футболдан жолдастық кездесулер, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Форумның екінші күні С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Бейбіт Мамраев, Іле педагогикалық институтының (Қытай) ректоры Серіжан Ұғыбайұлы Абай орталығын көрші мемлекеттің жоғары оқу орнында құрып, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен тілін терең меңгеру жөнінде ынтымақтастыққа қол қойды.
Форум қарары қабылданып, онда ШҚМУ-дың жас ғалымдардың Еуразиялық клубын құру идеясы қолдау тапты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.