Кеше «Егемен Қазақстанның» қарашаңырағында бір айтулы оқиға болды. Ол жуырда өмірге келген «Салтанат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі еді.
Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы және оны жоғары деңгейдегі сәттілікпен атқарып, ұйымның 11 жыл бойы өтпеген саммитін ұйымдастыруы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жеңісті салтанаты (триумф) екені даусыз. Әлемнің барлық ізгі ниетті жандары жас Қазақстанның осындай табысына таңырқай қарап, тамсана сүйсінді.
«Егемен Қазақстан» еліміздің төрағалыққа өткен сәтінен бастап, өзінің бетінде оның барлық қадамдарын
айшықты жолдармен, ақжолтай тілектермен, жылы ниетпен халыққа жеткізіп отырды. Газет бетіне түскен сол жолдар архивтерде сарғайған қағаз күйінде қалып қоймас үшін жинақталып, «Салтанат» атты үлкен кітапқа айналдырылды. Сөйтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қалай болғандығын, қалай өткендігін, оған отандық, шетелдік саяси қайраткерлер мен сарапшылардың қандай баға бергендігін іздеген жан – жас зерттеуші, саясаттанушы, тарихшы, дипломат, журналист, студент бір жерден табатын болады.
Былтыр Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған мақала, сұхбат, пікірлердің бәрін жинақтап, «Елбасы» атты жинақ шығарылса, биыл дәл сондай үлгімен «Салтанат» өмірге келді. «Бүгін соның қуанышына жиналып отырсыздар, қош келдіңіздер, құрметті қауым, – деді өзінің сөзінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов». Одан әрі Сауытбек Абдрахманұлы егеменқазақстандықтардың қазақстандық төрағалықтың қадамдарын халыққа сапалы, білікті әрі сындарлы етіп жеткізуге көмек берген, сұхбаттарды ұйымдастыруға жәрдемші болған азаматтарға ризашылығын білдірді. «Мысалы, мен өзім ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар Кнут Воллебекпен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиумен, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ басшысы Янез Ленарчичпен Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің көмегінсіз сұхбат ала алмас едім», – деді газет басшысы.
Тұсаукесер рәсіміне Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері Әлібек Асқаров пен Қуат Бораш, Мәжіліс депутаттары Зейнолла Алшымбаев, Тоқтарбай Қадамбаев, Берік Бекжанов, жазушы Әкім Тарази, «Казахстанская правда» газетінің басшысы Александр Тараков, БАҚ өкілдері және басқалар қатысты.
Қонақтар арасындағы ерекше атап өтуді қажет ететін азамат – кітаптың жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» қорының төрағасы, солтүстікқазақстандық Бекет Тұрғараев. Ол облыс әкімі Серік Біләлов екеуі «Салтанаттың» өмірге келуін қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етті.
Тұсаукесерде өрісті ойлар, айшықты пікірлер, жарасты тілектер айтылды. Соның ішінде Жәнібек Кәрібжанов кітап төрағалыққа өтер алдындағы «Жүрек күпті, үміт алға тартады» деген барлығымыздың толқуымызды білдірген мақаладан басталып, ең соңғысы «Жауапты миссияның абыройлы мәресі» деген көңілді мақаламен аяқталғаны жүйелі жарасым тапқан екен, деді. Сонымен бірге, ол Елбасы Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы көрегендігі туралы бірқатар фактілерді ауызға алды. Соның ішінде Қырғызстанның биліктен тайдырылған президенті Қ.Бакиевті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ел аумағынан алып шығудың қаншалықты маңызды болғанын Солтүстік Африкадағы елдерде толассыз болып жатқан қантөгістерге қарап, енді біліп жатырмыз, деді ол. Егер Бакиев әлі күнге елде отыратын болса, бауырлас қырғыз елі әлі күнге өзара қантөгісте болуы мүмкін еді.
Мұхамбет Көпеев Астана саммитінің ешқашан аты өшпейтінін, оны талай ғасырлар бойы ұрпақтар ауыздан тастамасын айтты. Сонда бұл кітап баға жетпес құнды дүниеге айналып, қолдан қолға өтетін болады, деді ол.
Қайрат Сарыбай 2007 жылдың 30 қарашасында Мадридте болған Қазақстанның төрағалыққа өту сәтін еске алды. Сол сәтте бізбен – қазақстандық дипломаттармен бірге толқып, бірге қобалжып «Егемен Қазақстанның» журналисі де жүрген еді. Ол өз мақаласында сол сәттің суретін бере алды. Мақалалар сондай жандылығымен құнды, ал ондайлар кітапта көп екені көрініп тұр, деді ол. Сөзінің соңында «Егеменнің» музейіне СІМ тапсырысымен Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына арналып Ұлттық банк шығарған санаулы банкноттардың бірін сыйға тартты.
Жазушы Ә.Тарази, Б.Тұрғараев, А.Тараков, Ә.Асқаров, З.Алшымбаев және т.б. сөздерінде Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізілген ЕҚЫҰ төрағалығы және оның саммитін өткізу сияқты ұлы жеңістің ешқашан да мәні ортаймайтындығын және жылдар өткен сайын оның маңызы арта беретіндігін атап көрсетті. Бәрінің де ойы: сол кездерде бұл кітап іздесең таптырмайтын асыл қазына болары даусыз дегенге сайды.
«Салтанаттың» көлемі 786 бет, таралымы 1 мың дана.
Жақсыбай САМРАТ.