02 Шілде, 2011

Қазақ металлургиясы

9957 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Еліміздің экономикасында тау-кен саласының алатын орны ерекше. Өйт­кені, біздің республикамыз шикізаттар абсолюттік қорлары бой­ын­ша, оның әр адам басына шаққанда өн­ді­руі бойынша әлемде алдыңғы қатар­да. Мұнда дүние жүзіндегі воль­фрам қорларының 50 пайызы, уран мен хром кендерінің 25 пайызы, мырыш­тың 19 пайызы шоғырланған. Басқа металдардың да қоры өте жоғары. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі ми­не­ралды шикізат өндіруші мемлекеттің бірі. Ол дүние жүзінде рений, уран, бе­риллий өндіруде бірінші орында, хром кені, феррохром, титан өндіруде екінші орында; марганец кені, фер­ро­қорытпалар, тантал, асбест, ниобий, галлий, техникалық таллий, мышьяк өндіруде үшінші орында, тазартылған мыс, мырыш, кадмий, бор, күкірт өн­діруде жетінші орында, темір кенін өн­діруде оныншы орында, көмір өн­діруде он бірінші орында, мұнай мен газ өндіруде он жетінші орында. Қазіргі таңда республикада жылы­на 75 млн.тонна мұнай, 30 млрд. текше метр табиғи газ, 120 млн. тонна кө­мір, 25 млн. тонна темір кені, 35 млн. тонна мыс кені (450 мың тонна мыс концентраты), 8 млн. тонна қор­ға­сын мырыш кені (50 мың тонна қор­ғасын, 450 мың тонна мырыш кон­центраты), 3,8 млн. тонна хром кені, 12 мың тонна уран өндірілді. Кен мен металл өндірушілер «Қа­зақмыс», «Қазцинк», «ССГПО», «Қаз­хром», «Қазахстан алюминиі», «Қос­­танай минералдары», «Қазақалтын», т.б. бірлестіктердің тау-кен және ме­таллургиялық кәсіпорындары. Өкі­ніш­ке орай, бұлардың бәрі шетел ком­па­нияларының меншігінде. Ал оларда қол­данатын құрал-жабдық пен технология кеңес дәуірінен қалған, бі­рен-саран өндірістер ғана жаңар­тыл­ған. Ма­мандардың бәрі Қазақ по­литех­ни­ка­лық институты мен ота­ны­мыздың бас­қа техникалық оқу орын­дарының тү­лек­тері. Олардың іскерлігін шетелдік инвесторлар өте жоғары бағалайды. Тау-кен металлургия кешені елі­міздің ІЖӨ-нің 7-ден астам пайызын, жалпы, өндіріс табысының 17 пайы­зын құрайды. Және оның экспорт­т­а­ғы үлесі 20 пайыздан артық. Бірақ тау-кен металлургия кешенінің 85 пай­ыздан астам өнімі экспортқа шикізат, концентрат түрінде шығар­ы­ла­ды. Ал металдар және олардан жаса­ла­тын өнімдер экспорттың 14 пайы­зына зорға жетеді. Шетелдерге сатылатын тауарлар­д­ың құндылығы үшінші-төртінші бу­ын­да өңделетін дайын өнімнің баға­сынан жүз еседен астам төмен. Оның үстіне экспорттан түсетін жалпы қар­жының тек бестен бір бөлігі бюджетке түсіп, қалғандары инвес­торлардың қалтасында қалып отыр. Ал, дамыған елдерде (Ұлыбритания, Норвегия, Шве­ция және т.б.) мұнай-газдан мем­лекеттің бюджетіне түсетін пайда 80-85 пайызды құрайды. Бұл мәселеге жоғары лауазымды басшылар көңіл аудара бастаған сы­ңай­лы. Демек, бұрынғы жасалған шарт­тарды заңға сәйкес қайта қарас­тыру қажет. Сатудан түскен табысты бөлуде аталған кемшіліктерге қара­мас­тан, елі­міз­дің бюджеті негізінен, ми­нералды ши­­кізатты экспорттаудан құралып отыр. Бірақ экономиканың мұндай құры­лы­мының болашағы жоқ екендігі айдан анық. Таяуда өткен шетелдік инвесторлармен кездесуде Президент Н.Ә.На­зарбаев бұл мәсе­леге тағы да көңіл аударды. Соған қарамастан, еліміздің экономика­сын­да «шикізаттық» модель әлі де басым бо­лып келе жатыр. Дегенмен, ел басшылары эконо­ми­ка құрамын өзгерту керек екендігін түсініп, дайын тауар шығаратын са­ла­ларға көңіл аудара бастады-ау. Бі­рақ, олардың істеріне қарасақ, тау-кен металлургия кешенінің өнімдері сол жоғарғы деңгейден төмендейтін түрі жоқ. Қоғам да, әрбір көзі ашық азамат та минералды шикізат ресурс­та­рының қайта қалпына келмейтінін және олардың шексіз еместігін, бола­шақ ұрпаққа да қалдыру керектігін, ал оны жер қойнауынан алып шығу қоршаған ортаға көп зиян келтіретінін ұмытпағаны жөн. Сонымен қатар, бірінші және екінші буында өңделген минералды шикізат өнімін сату әлем­дік нарықта алдын ала болжанбайтын өзгерістерге жылдам ұшырайтыны бел­гілі жәйт, мұны өткен жылдардағы қаржылық-экономикалық дағдарыс жақ­сы көрсетті. Шикізат құны 2-4 есеге дейін құлдырады. Өмір жер қойнауының байлығына өте сақтықпен қарауды талап етеді. Мұндай үлгіні әлемнің дамыған елдері көрсетуде. Мысалы, АҚШ бізге қарағанда әлдеқайда зор қорларға ие бола отырып, минералды шикізаттың барлық түрлерінің 85 пайызынан ас­тамын сырт елдерден сатып алады, өз қорларын келешек ұрпаққа сақтайды. Шикізатты белсенді өндірудің қар­ма­ғынан шығу үшін тау-кен метал­лур­гия саласында екі үлкен мәселені мемлекет деңгейінде шешу қажет. Ал­­ғашқысы – минералды шикізатты то­лықтай және кешенді пайдалану. Екінші мәселе – қосымша құнды­лы­ғы жо­ғары өнімді шығаруға тезірек көшу. Бірінші проблеманы шешу жол­дары белгілі. Ол жанама пайдалы компоненттерді бөліп алу жолын қа­жетті деңгейге көтеру. Сонда оларды сатудан түскен пайда шикізат өнімі­нің үлкен көлемдегі табысын қамта­ма­сыз етеді. Еске сала кететін бір жәйт, соңғы 15-20 жылдың ішінде кен-металлургиялық кәсіп­орындар­дың көбінде жанама пайдалы компоненттер (платина, алтын, палладий, рений т.б.) шикізаттан ойдағыдай бө­лініп алынбай келеді. Олар байыту және металлургия өндірісінің қал­дық­тарымен бірге үйіндіге кетіп жа­тыр. Ал сирек элементтердің құны (1 кг, 1т) негізгі металдар (мыс, мырыш, қорғасын) құ­нынан 1000 еседен де жоғары. Сон­дықтан аталған жанама элементтерді бөліп алатын кәсіп­ор­ын­дарды қосым­ша ұлғайту, нығайту, олардың техно­логиясын жаңғырту, өңдеу тиімділігін арттыру ең қажетті мәселе. Қазақстанның кен орындарының бір ерекшелігі – олардың құрамында сирек, асыл, өте құнды металдар көп. Сондықтан минералды шикізат­ты то­лық әрі кешенді пайдалану біз­дің кә­сіпорындардың бәсекеге қабі­лет­тілі­гін жоғарғы деңгейге көтеретін анық жол. Осыған орай, кен құра­мын­дағы барлық пайдалы компонент­терді тауар ретінде толық бөліп алу­ды қамта­ма­сыз ететін жаңа техноло­гия­ларды, про­цестер мен техника­лық құрал­дар­ды жасауға және енгізуге бағыт­тал­ған ғылыми, қолданба жұ­мыстар­ды жеделдету өзекті мәселе. Қорыта келгенде, минералды ши­кі­затты өңдеудің техникалық құрал­да­ры мен технологияларының оның табиғи қасиеттері мен технологиялық сипат­та­маларына толық сәйкестен­ді­ріп таңда­ғанда аталған күрделі проблема шешуін табады. Ол үшін, ең ал­дымен, ми­не­ралды шикізатты өң­деу­дің әрбір ке­зеңінде арнаулы ғы­лы­ми-зерттеу және өлшеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, геологиялық барлау ке­зе­ңінде кен орны геологиясын толық зерттеп, оның сапасын көтеру, ба­ланстық қорлардың құрамындағы негізгі, сонымен қатар, жанама пайдалы қазбаларды, олардың компоненттерін нақты анықтау, кеннің технологиялық қасиеттерін, аршыма жыныстардың физикалық-механикалық және агро­хи­миялық қасиеттерін толық зерттеп анықтау. Осылай жасалған геоло­гия­лық-технологиялық ақпараттар мине­ралды шикізатты кешенді пайда­ла­ну­ды басқару жүйесінің бастапқы саты­сы болып табылады. Кен орнын пайдалану процесінде геологиялық-технологиялық ақпарат­тар ұңғымаларының шламдарын хи­мия­лық талдау мәліметтерімен, гео­фи­зикалық өлшеулермен нақтыла­на­ды. Оның нәтижесінде, өндірілетін блок­тардың технологиялық картасы жа­салады. Бұл карта аталған блок­тар­ды тиімді өндірудің жолдарын көр­се­теді. Қазу-тиеу жұмыстарының дәс­түр­лі емес әдістерін қолдану жер қой­науындағы пайдалы қазбаларды то­лық алуға мүмкіндік береді. Аталған шаралар байыту фабри­ка­сына тұрақты сапалы әртүрлі тех­но­ло­гиялық типтегі кендерді тиісті көлемде, керек уақытында жеткізуге мүмкіндік туғызады. Кен дайындау кезеңінде кен қа­зындысы қиыршық және басқа да жанама жыныстардан тазартылады, кен технологиялық типтер мен сорттарға бөлінеді. Бұл флотацияға келіп түсе­тін кен қазындысының көлемін азай­та­ды да өңдеу өніміндегі металл мөл­шерін арттырады. Түсті және сирек кездесетін металдар кенінің құрамындағы бағалы және құнды жанама пайдалы компоненттерді негізгі байыту техно­логия­лық тізбегінде тауарлы концентратқа бірден бөліп алу қиын жағдай. Сон­дықтан өңдеудің бірнеше техноло­гия­лық тізбектерін жасақтап іске қосу қажет. Сонда пайдалы компоненттерді толық бөліп алуға мүмкіндік туа­ды. Қажетті концентраттарды бөліп алу мүмкін болмаған жағдайда мине­рал­ды агрегатты металлугиялық өң­деу­ге тікелей жіберу керек. Металлургиялық өңдеу кезеңінде барлық пайдалы компоненттерді бө­ліп алуға мүмкіндік беретін қосымша өндіріс орнын салу қажет. Концен­трат­тарды және олардың қалдық­та­рын бірнеше қайта кезекпен өңдеу пайдалы компоненттерді толық бөліп алуға мүмкіндік туғызады. Минералды шикізатты пайдалану­дың кешенділігін бағалау үшін оның ақшалай эквивалентін, яғни, табиғи құндылығын пайдаланып, әрбір кен өңдеу кезеңінде қандай табыс әкеле­ті­нін көрсеткен дұрыс. Бұл жәйді ан­ық­тау үшін Қазақстанның орта стати­ка­лық полиметалды кен орнының кен­дерін әртүрлі нұсқалармен өңдеу кезіндегі жеке металдан және барлық өнімнен түсетін табысты есептелік. Кен орнының өнімділігін жылына 10 млн. т. деп қабылдадық. Компоненттерді кеннен концентратқа бөліп алу коэффициенті негізгі металдар үшін 0,8-0,95, жанама металдар (сирек және бағалы) үшін 0,5-0,7, ал метал­ды концентраттан бөліп алу коэффи­циенті негізгі металдар үшін 0,85-0,98, жанама элементтер үшін 0,60-0,80 шама­сын­да делік. Пайдалы ком­по­ненттер­дің бір тоннасының құнын 2009 жыл­ғы бағамен алып қарастырамыз. Енді, нақты мысалға көңіл аудар­сақ, минералды шикізатты өңдеудің кең таралған технологиясы қолда­ныл­ған жағдайда мыстан түсетін пайда – 34.367.200, молибденнен түсетін пайда – 35.910.000, алтыннан түсетін пайда – 11.970.000, платинадан түсе­тін пай­­да – 5486,25∙1066, осмийден тү­сетін пайда – 66,5∙1066, жалпы өнім­нен (кен­нің құра­мында 17 элемент бар) түсетін пайда – 6825,19∙1066 АҚШ доллары екен. Негізгі металдар – мыс, қор­ға­сын, мы­рыш, молиб­ден­нің бағасы жал­­пы та­быстың 1,50 па­йы­зын ғана құрайды. Ал платинаны сатқанда тү­се­тін табыс негізгі метал­дардың құ­ны­нан 78 есе көп екен. Дәл осындай жағ­дай кен шикізатын өң­деудің басқа нұс­қа­ла­ры­на да тән. Бұл мағлұмат кен құ­ра­мын­дағы барлық пайдалы компоненттерді, әсіресе, қым­бат элемент­тер­ді кешенді пайдалану проблемасының өзектілігін жә­не оны тезірек шешудің қажеттілігін нақ көрсетеді. Сонымен қатар, минералды шикі­затты өңдеуде қолданылатын техно­ло­гияны жаңғыртқан сайын жалпы өнімді сатудан түсетін табыс 2 есе артық көбейеді. Ал кеннен пайдалы компоненттерді толық бөліп алмаған­да (өмірде жиі кездесетін жағдай), та­быс жоғарыда келтірілген мысалмен салыстырғанда 100 есеге дейін тө­мен. Бұл салыстырма, минералды ши­кізат­ты кешенді пайдаланған уа­қыт­та тау-кен металлургия саласында қазіргі түсіп жүрген табыс кен кө­ле­мін 10 рет азайтқан жағдайда да түсі­ру­ге болатынын көрсетеді. Қазіргі таңда осы проблема сала­сында жүргізіліп жатқан біраз шаруа бар. Мысалы, «Казцинк» компаниясы «Жаңа металлургия» бағдарламасы бой­­ынша катодты мыс өндіруді 70 мың тоннаға дейін көбейтті. Соны­мен қа­тар, кеннен алынатын қосым­ша пай­да­лы элементтердің санын 10-ға жеткізді. «Қазақмыс» бірлестігі Бал­қаш мыс зауытында күкірт қышқы­лын шы­ғаратын, рений бөліп алатын тех­нологияларды қолға алып жатыр. Бі­рақ, мұндай шаралар сала бойынша өте аз. Жаңа өндіріс орындарын салу­ға инвесторлар ақша шығарғысы келмейді. Үкіметтің оған араласуға ба­тылы жетпей жүр. Соның салдары­нан миллиардтаған қаражат түсіретін асыл, қымбат элементтер металлургия өндірісінің түтінімен, қоқыс-қал­дықтарының үйіндісіне айналып қор­шаған ортаны ластауда. Екінші өзекті проблема – кен-металлургия өндірістерінде шығатын металдарды әрі қарай әртүрлі дайын тауарларға айналдыру. Мысалы, темірден машина жасау, құрылыс сала­сына керек заттарды шығару, түсті ме­талдардан сым, жұқа қаңылтыр, ка­бель, тағы да сондай шаруашы­лық­қа қажет заттар шығару. Қазіргі таңда аталған дайын бұйымдар сырт елден өте қымбат бағамен сатып алынады. Бұларды өндіруге, әрине, қосымша қаражат жұмсап, жаңа өндіріс орын­да­рын салу керек. Ал осы өңдеу өн­ді­рістерін аяққа қойсақ, одан түсетін пайда жұмсалған қаржыдан әлде­қай­да артып түсіп, қосымша жұмыс ор­ын­дарын ашуға мүмкіндік берер еді. Осыған байланысты Еуразиялық табиғи ресурстар компаниясы салған алюминий өндіретін алғашқы қазақ­стандық электролиз зауыты (ҚЭЗ) рес­публика үшін елеулі оқиға. 2010 жыл­дың шілде айында болған ашылу рәсі­мінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғары технологиялық, эко­ло­гия­лық таза өндірістің еуропалық стан­дарт­тарына сәйкес келетін кәсіп­орын екенін ашып айтты. Зауыттың жо­ба­лық қуаты – жылына 250 мың тонна таза алюминий шығаруға негізделген. Павлодар кереметінің арқасында Қазақстан алғашқы рет халықаралық нарыққа өндірудің үшінші саты­сы­ның өнімімен – алюминийден жасал­ған металл дайындамалары және құй­маларымен шықты. Ақтөбе зауытында төрт тұрақты пештің құрылыс жұмыстары жүргізі­ліп жатыр және ондай қуатты пеш әлемде жоқ. Жоғары көміртекті фер­ро­хромды жылына қуаты 440 мың тон­наға көтеретін жоба іске асырылуда. Осы мақсатта Соколов-Сарыбай кен өңдірістік бірлестігі аясында кен база­сын кеңейту мен концентрат өң­ді­рісін арттыру жобалары, күйдіру мә­шинесі мен ыстық брикеттелген те­мір шы­ға­ратын зауыттың кұрылы­сы жүргізілуде. 2011 жылы «Арселор Миттал Темиртау» компаниясы 3,5 миллион тон­на шойын, 3,8 миллин тонна сұй­ық болат, 3,1 миллион тонна илемдеу әдісімен алынған бұйымдар шығару­ды жоспарласа, 2015 жылы бұл өн­діріс сұйық болатты 6 миллион тон­на­ға, көмір өндіруді 13 миллион тон­на­ға жеткізуді көздеп отыр. Қуаты 1,2 млн. тонна болатын пішімдерге үздіксіз құйып тұратын жа­ңа мәшине құрылысы жыл соңында аяқталмақ. Сондай-ақ, №2 домна пешін күрделі жөндеуден өткізіп, қал­ған үшеуін 3 жылда қайтадан жаңар­ту жоспарланған. Өткен жылы жоғары көміртекті феррохром өндіру шамамен 1,3 миллион тоннаға жетсе, барлық өнді­ріл­ген ферроқорытпа 1,8 миллион тоннадан аспақ. Тауарлы темір рудасы концентратын өндіру шамамен 8,5 мил­лион тоннаны құрады. Сонымен қатар, «Қазақмыс» кор­по­рациясы 2014 жылға дейін Боз­ша­көлде тау-кен байыту кешенінің құ­ры­лысын бастауды жобалауда. 2020 жылға дейін Ақтоғай кен орнын игеру жоспарлануда. Бұл шикізаттық жос­парларды іске асырудың страте­гия­лық маңызы бар. Себебі, алдағы 40 жыл ішінде мыс балқыту зауыт­та­рының үзіліссіз жұмысын қамтама­сыз ету қажет. Шығыс Қазақстан об­лысында жаңа көп металды кен ор­ындары зерттеліп, іске қосылмақшы. Ақмола облысында темір ру­да­ла­рын байыту және қайта өңдеу, ұсату-байыту фабрикасы жұмысын баста­мақ. Васильков кен орнын игеру және алтын шығаратын фабриканың қуа­тын 8 миллионға жеткізіп, 15 тонна алтын шығаратын фабриканың құры­лысына инвестиция салынған жоба іске қосылды. Жоғарыда айтылған ойлар, істеліп жатқан жұмыстар кен-металлургия са­ласында мемлекеттік басқару қа­жет­тілігін, саланың даму бағдарла­ма­сына мемлекеттің тікелей қатысуын талап етеді. Өйткені, металлургиялық кешен құрылыстары өте көп инвес­тицияны қажет етеді, ал мемлекеттің араласуынсыз шетел компаниялары ба­сын ауыртпайды, шағын кәсіп­ор­ын­­дар оны іске асыруға шамасы жетпейді. Қазақстанда құны жоғары өнім тұтыну саласы (авиағарыштық, элек­тро­ника және электротехника, мәши­не жасау, т.б.) жоқтың қасы, ал ғы­лымды қажет ететін өндірісті құруда көшбасы бола алатын тек осы тау-кен металлургия саласы. Минералды шикізат өңдеудің тех­никалық құралдары мен техноло­гия­сын оның табиғи қасиеттері мен тех­но­логиялық сипаттамаларына сәйкес таң­дап, қабылдап отырса, минералды ши­кі­затты толық әрі кешенді пайдалану сияқты, тау-кен металлургия кеше­ні­нің күрделі проблемасы шешуін табады. Осы шешімнің арқасында қазіргі тау-кен металлургия кешені өнім­де­рін сатудан түсетін табысты өндіріле­тін кеннің көлемін қазіргіден 5-10 есе азайтса да бастапқы бағамды сақтап қалуға болады. Егер оның үстіне шығарылып жатқан металдардан дай­ын бұйымдар өндіретін өндіріс ор­ын­дарын нығайтса, Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешені еліміздің инновациялық дамуында көшбас­шы­сы рөлін толығымен атқарады. Қорыта келгенде, жер байлығын кешенді, ұқыпты пайдалану Қазақ­стан­ды экспортты-шикізатты елден ресурсты-инновациялық стратегияны жүзеге асырушы елге айналдырады. Мұнай-газ, кен-металлургия секто­ры­ның жоғары деңгейде өндірілген та­у­ар­ларын сатудан жинақталған қаржы­лық ресурстар экономиканың барлық салаларын жетілдіруге, оларды ойда­ғы­дай қайта құруға, жоғары техно­логиялық ғылыми өнімдерді жасауды қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Ал мәшине жасау, құрылыс, басқа да өңдеу өнеркәсіп орындарын жан­дандыру жолында кен-металлургия саласы локомотив болуы анық, өйт­кені, олар өзара тығыз байланысты. Баян РАҚЫШЕВ,  академик, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ кафедра меңгерушісі.