Ел тәуелсіздігі Ақмола облысын тарихи өлшемдегі айрықша өзгерістерге бастады. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген жаңа байтағымыз – әлемді таңқалдырған Астана қаласы облыс аумағында орналасқан. Еңселі елордаға енші қалдырып, өзі Көкшетауға қоныс тепкенде облыс мойнындағы жауапкершілік еселеп арта түсті. Белгіленген биік межелер үдемелі қозғалыс үстіндегі қоғамымыздың сөз қорына «Астананың агломерациялық белдеуі» ұғымын қосты. Біз облыс әкімі Сергей Дьяченконы әңгімеге шақырып, алға қойылған міндет-мақсаттар мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Сергей Александрович, Астана мегаполисі күн санап өсіп келеді десек артық емес. Бұл облысқа қосымша әрі күрделі міндеттер жүктейді. ЖаҺандық қала құрылысының үлгісі саналатын Астананың айналасындағы ауылдар мен елді мекендерді кешенді дамыту мемлекеттік маңыздағы мәселеге айналды. Осы ретте агломерацияның ауқымы туралы не айтар едіңіз?
– Республика Үкіметі 1999 жылдың сәуіріндегі қаулысымен қалаға іргелес аймақтың аумағын, қазір айтылып жүргеніндей, Астананың агломерациялық белдеуін айқындады. Оған облысымыздың Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының жекелеген бөлігі енгізілген. Ол Астанадан 30 шықырымдық шеңбердегі 20 ауылды, бекеттер мен кентті қамтиды. Қала маңындағы аймақтың жалпы көлемі 256,5 мың гектар. Ондағы үйлесімді дамуды қамтамасыз ету Ақмола облысына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Мәселен, бүгінгі күні агломерациялық аймақ тұрғындарының саны екі еседен астам өссе, кейбір ауылдардағы көрсеткіш одан да жоғары. Соған қарамастан, олардың көпшілігі Астана қаласында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Салмақты мәселенің тағы бірі ауыл құрылысы мен тұрмысының Астананың сән-салтанатына селкеу түсірмеуінде дер едік. Алғашқы күндерден бастап облыс басшылығы, мүмкіндігіне қарай, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу, инженерлік-коммуникациялық, көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету сияқты өзекті міндеттермен айналысуда. Бұл орайда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдау игі істерге серпін бергенін бөлектеп айтқым келеді.
– Өткен жылдың 5 тамызында мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ақмол ауылына әдейі келіп, оны агломерациялық қозғалыстың үлгі тірегіне айналдыруды тапсырған еді. Қазіргі жағдай, шын мәнінде, солай деп айтуға келеді ме?
– Президент сапарын агломерация ауқымын кеңіткен бетбұрысты қадам деп санаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен Үкімет 2010 жылғы 30 қарашада Астана қаласына іргелес елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2011-2014 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Кең көлемді жоба аталған 20 ауылдағы даму үрдісіне 40,4 миллиард теңге қаржы жұмылдыруды көздейді. Оның 4,3 миллиарды жергілікті бюджеттің қаражаты.
Целиноград ауданының Астанадағы Көкталдан көшкен тұрғындары жаңа әкімшілік орталығындағы игілікті өзгерістерге дән риза. Былтыр аудан орталығы инфрақұрылымын дамытудың бірінші кезектегі жобалары жедел қарқынмен жүзеге асырылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттің 67,3 миллион теңгесін қосып есептегенде 455,5 миллион теңге қаржы жаратылды. Өткен жылғы 1 қазанда, мерзімінен бір ай бұрын, Ақмол тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қазір мұнда тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Бұған дейін ол 700 текше метр көлемінде болып, әр аулаға кезегімен босатылатын.
Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы аясында Ақмол ауылының су жүйелерін күрделі жөндеуге 120 миллион теңге бөлініп, түгел игерілді. Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаржылар есебінен 40 көшеге шамдар орнатылып, аулааралық жолдар жөнделді. Ұлы Отан соғысында қаза болғандар ескерткіші мен орталық алаң, «АЛЖИР» лагерінде азап шеккендер кешені көркейтіліп, бақтар мен саяжолдар тәртіпке келтірілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Астанаға серіктес кентте 250 орындық аурухана мен емхана, қуатты жылу қазандығы, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізіндегі қоғамдық монша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға қосылады. Қазірдің өзінде экономикалық, әлеуметтік сипаттағы жаңа жеті ғимарат ауыл көркін аша түсті. Ал, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының тұңғыш нысаны – 320 орындық балалар бақшасы аудан орталығы тұрғындарының бүгінгі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Түйіндеп айтқанда, Астана іргесіндегі Ақмол үлгісі өзге ауылдарды да алға жетелейтіні анық.
– Ақмолдағы игі істерге өзіміз де куә болып, газетімізде қуаныш хабарларын таратудамыз. Әйткенмен, оқырмандарымызды агломерацияның басқа да буындарындағы жоспарлы жұмыстар барысы қызықтыратыны белгілі.
– Алда ауқымды жұмыстар бар. Белгіленген кешенді жоспар бойынша 10 елді мекенге су жүйелері тартылып, қайта жабдықталады, 15 ауылда 848 шақырымдық электр қуатымен қамтамасыз ету желісі мен оны тарату стансалары салынады. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақмолда қазандық пен жылу желілерінің ірі жобасы атқарылып, 20 елді мекендегі 200 шақырымдық негізгі жолдар жөнделеді. Оның сыртында, жаңа 10 балалар бақшасы, 6 орта мектеп, денсаулық сақтау мекемесінің 17 нысаны ел игілігіне беріледі. Жоспарланған 37 шара биылғы жылы толық іске асырылады.
Қазіргі кезде Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр, Максимовка және Разъезд-96 ауылдарының бас жоспарларын нақтылау жүргізіліп жатса, тағы да 6 ауылдың бас құжатына уақыт талабындағы өзгерістер енгізілуде. Қосшы кентіндегі инженерлік-коммуникациялық мақсаттағы құрылыстар аяқталып келеді. Сондай-ақ, мұндағы діттелген іс-шаралардың барлығын биылдың өзінде қатарға қосудың мүмкіндіктері бар. Қабанбай батыр, Жібек жолы ауылдарындағы балалар бақшасы пайдалануға берілсе, Талапкер, Қоянды ауылдарында мектеп құрылысы басталды. Мектеп құрылысына сұраныстың күрт өсуіне байланысты Қараөткел, Қосшы ауылдарының 2012 жылға жоспарланған мектептер құрылысы биылғы жылға ауыстырылды. Сондай-ақ, 2011 жылы ел тіршілігін қамтамасыз етуші 23 нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалатын болады.
Кешенді жоспарға енгізілген шаралардан тысқары, Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету қанатқақты жобасын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қазір мұнда 829 тұрғын үй мен 40 әкімшілік ғимараты бар. Аталған жоба қолданыстағы жылу және ыстық су тарату жүйелерін қуаттандырып, «көгілдір отынды» тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға мүмкіндік береді.
– Арнайы бағдарламаның жүзеге асырылып жатуы тұрғын үй сұранысын өсіре түспек. Жер телімін бөлу мен жеке меншік құрылыстарын реттеу төңірегінде әрқилы әңгімелер жиі айтылуда. Бұл мәселелердегі ұстанымдарыңыз қандай боламақ?
– Бұл бірінші кезектегі өзекті мәселелердің бірі. Үстіміздегі жылы Целиноград, Шортанды аудандарында 45 және 36 пәтерлік несие жүйесіндегі үйлер пайдалануға беріледі. Қазірше бұл аз. Осыдан келіп жеке тұрғын үй салуға тілек білдірушілер саны өсе түскендігі белгілі. Тек 2005-2008 жылдары ғана бұл мақсатқа 15 мың гектарлық жер телімдері бөлінген. Бірақ, сол кездегі жерге қатысты заңдылықтың жетілдірілмегендігінен, жекелеген басшылар мен мамандардың немқұрайдылығынан жер телімдері стихиялы түрде босатылғанын айту керек. Мәселен, алдымен өмір сүруге қажетті жағдайлар жасау ескерусіз қалған. Осының салдарынан бөлінген жер телімдерінің 35 пайызы сумен, 45 пайызы электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Оның үстіне, барлық елді мекеннің жолдары қанағаттанғысыз жағдайда деуіміз керек. Адамдарға тұрғын үйден басқа балалар бақшасы, мектептер, емдеу мекемелері мен мәдениет ошақтары, сауда орындары, тағы басқалар да қажет. Өкінішке орай, олардың өсу қарқыны тұрғындар санынан мүлдем артта қалуда.
– Сонда жеке тұрғын үй құрылысына шектеу қойыла ма?
– Олай емес. Өз күшімен үй салуға құлшыныс адамдардың тұрмыс жағдайының жақсарғандығын білдіреді. Қазір аталған 20 елді мекенде 41 мың кісі жер телімін алу кезегінде тұр. Жер телімін алғысы келгендердің тілегі Жер Кодексінің және Қазақстан Республикасының «Жекеменшіктік тұрғын үй құрылысы туралы» Заңына сәйкес қанағаттандырылатын болады. Бүгінгі күні қажетті инфрақұрылым алаңдарын қамтамасыз етпейінше жер бөлу мәселесін тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданған. Бұл агломерация жүйесіндегі жұмыстарды толыққанды қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам.
– Астанамыздың абыройын асырар жұмыстарыңызға жеміс тілейміз.
Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.