02 Шілде, 2011

Ел мерейі

473 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің құрамына сайланды Үстіміздегі жылғы 30 маусымда Мәс­кеу қаласында «Газпром» ААҚ акцио­нер­лерінің кезектен тыс ашық жиналысы болып өтті. Онда компания Директорлар кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Сайлау қортындысында «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев тәуелсіз директор ретінде «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің құрамына сайланды. Ресейдегі ең ірі энергетикалық компания Директорлар кеңесінің құрамына Тимур Құлыбаевтың сайлануы Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Ресей Федерациясы ара­с­ын­дағы экономикалық ынтымақ­тас­тық­тың ерек­ше маңызға ие болып отыр­ған­дығын жә­не «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төр­ағасының жоғары кәсіби деңгейінің са­пасын көрсетсе керек. Компания акционер­лерінің ашық жиналы­сын­да «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып Ресей Федерациясы Үкіметінің бірінші вице-премьері Виктор Зубков сайланды. Энергетикалық алып компания – «Газ­пром» жаһандық және қазіргі Ресей эконо­микасында шешуші рөл атқарады. «Газ­пром» әлемдік рынокқа табиғи газ жеткізетін ірі компаниялардың бірі болып табыла­ды. 2010 жылы бұл компанияның қаржы айна­лымы 117 миллиард долларды (бұл Қазақ­станның ІЖӨ-сімен деңгейлес) құраса, таза пайдасы 32 миллиард АҚШ долларына жетті. Нарықтық капиталдан­дыру деңгейі бо­йынша «Газпром» әлемдегі ірі компани­я­лар­дың алдыңғы сапынан көрініп келеді. 2008 жылы ресейлік газ концерні капитал­дандыру жөнінен әлемдегі үш үздік компаниялар құрамына кірді. Оның капиталдан­дыру көлемін әлемдік рынок 350 миллиард долларға тең деп бағалады. Биылғы жылы Ресей президенті Дмитрий Медведевтің тапсырмасы бойынша, жоғары лауазымды шенеуніктер көптеген мемлекеттік компаниялардың директорлар кеңесінің құрамынан шығарыла бас­та­ды. Сарапшылар бұл қадамды шаруа­шы­лық жүргізуші субъектілердің жұмыс тиімділігін және мөлдірлігін арттыратын игі бастама деп бағалады. Сөйтіп, биыл «Газ­пром­ның» директорлар кеңесі құра­мынан Ресей энергетика министрі Сергей Шматко, экономикалық даму министрі Эльвира Набиулина шығарылды. Қазақстан өкілінің әлемдік ірі кор­пора­циялардың бірінен саналатын компания бас­шылығының құрамына кіргізілуі қазақ­стан­дық менеджменттің дүние жү­зін­де жоғары бағаланатындығына тағы да бір дәлел болса керек. Директорлар ке­ңесінің құрамындағы тәуелсіз директорға корпоративтік басқару жүйесінде ерекше жауапкершілік жүктеле­ді. Осы орайда акционерлер үшін бұл лауазым иесінің компания басқарушы­ларына тәуелді болмауы, оның жоғары біліктілігі мен білімінің дең­гейі өте маңызды болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде Тимур Құлы­баевтың ресейлік концерн Директорлар кеңесінің құрамына сайлануы тиімді болып табы­лады. Бір жағынан, алғанда, Тимур Құлы­баев кәсіби білікті маман және тәуелсіз тұлға ретінде «Газпромның» ішкі корпоративтік үдерістеріне жаңа леп әкеле­ді. Екін­ші жағынан, ол алып газ компа­ния­сының басшыларымен тіл табысуда да қиындық көрмейді. Себебі, Тимур Құлы­баев қазақстандық газды экспорттаумен ай­на­лы­сатын «ҚазРосГаз» бірлескен кә­сіпорнының құрылуының және газ транзиті туралы қа­зақ­стандық-ресейлік келі­сім­дердің бас­тауын­­да тұрды. Сонымен бірге, Тимур Құлы­­­бае­в ТМД мемлекеттерінің әлем­дік энер­гети­ка саласында ынтымақтастығын арт­тыруға күш салып келеді. Бұл үдеріс негізінен үш басымдыққа сүйенеді. Біріншіден, әлемдік және еуразиялық энергети­ка­лық ры­нокта ТМД мемлекеттерінің рөлі арт­тырылады. Екіншіден, энергиялық қуат көз­дерін эск­порт­тау жобаларын жүзеге асыру кезінде ТМД мемлекеттері арасын­дағы бай­ланысты нығайтады. Үшіншіден, энергети­калық жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру мақсатында ТМД мемлекеттері ара­сындағы өзара байланыс арттырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығына Тимур Құлыбаев келген кезде қордың жұмысын жаңа сапалық дең­гейге көтеру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойған болатын. Бұл орайда ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігін арт­ты­ру үшін «Самұрық-Қазына» өзінің ұйым­дас­тырушылық және басқару қызметін жетілдіруі қажет. Міне, осы міндеттер аясы­н­да ол ішкі және халықаралық рынокта жаңа мүмкіндіктер іздестіруі керек болатын. Тимур Құлыбаевтың әлемдегі ең ірі корпоративтік құрылымының біріне директорлар кеңесінің мүшесі болып араласуы Қазақ­стан кадрларының әлемдік қоғамдастыққа белсене кіруінің, еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырудың жарқын бір көрінісі болды. KazEnergy ассоциясының бас дирек­то­ры Жанболат Сәрсеновтің айтуынша, Қа­зақ­стан мен Ресейдің газ саласындағы қа­рым-қаты­насы өзара тиімділік беретін ба­сым­дық­тар негізінде дамып келеді. Қазақ­стан Ресейге ортаазиялық газ транзитін қам­тамасыз етсе, Ресей Орынборда Қара­шы­ға­нақ газ кон­денсатын қайта өңдейді. «Қаз­РосГаз» – «Газ­пром» мен «ҚазМұнай­Газ­дың» бірлескен кә­сіпорны болып табы­лады. Бұл кәсіпорын­да­ғы екі жақтың үлесі 50/50 пайызды құ­райды. «Газпром» сияқты әлем­дік алып компания құрамында мұндай тең үлесі бар кәсіпорын құру да Қазақстан тара­пына көрсетілген басымдықтың белгісі. Екі мемлекеттің газ саласы арасындағы ынты­мақтастық мейілінше жүйелі дамып келеді. Оған бұрын даулы болып келген Имашев кен орнын бірігіп игеру жөніндегі келісім де дәлел болғандай. Енді міне, Қазақстанның мұ­най-газ саласын­дағы беделді де білікті менеджердің компания Директорлар кеңесі­нің құрамына енгізілуі де өзара тиімді бай­ланысты жаңа сапа­лық деңгейге көтерсе керек. – «Газпромның» Директорлар кеңесіне Тимур Құлыбаевты шақыру жөніндегі шешімі Қазақстанның газ саласындағы күннен-күнге өсіп келе жатқан беделі мен үлкен бәсекелестігін көрсетеді, – дейді Макроэкономикалық зерттеу орталығ­ы­ның директоры Олжас Құдайбергенов. Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші рет Қазақстан өкілінің «Газ­пром» басшылығының құрамына ша­қы­рылуы Еуразия кеңістігінде энерге­тика­лық салада жаңа стратегиялық жоба­лар­дың жүзеге асырылатындығының дәлелі. Қазақстандық газды экспорттау міндетін негізінен 2001 жылы құрылған «ҚазРосГаз» ЖШС жүзеге асырады. Бұл серіктестіктің газ қорының негізін Орынбор газ өңдеу зауы­тында қайта өңделетін Қарашығанақ конденсаты құрайды. «ҚазРосГаз» ЖШС бірінші кезекте Қазақстан Республикасының ішкі рыногындағы газ сұранысын толық қам­тамасыз етеді. Содан кейін Қарашы­ға­нақ газы экспортқа шығарылады. Екі мемлекет арасындағы бұл бірлескен кәсіпорын­ның әлеуеті алғашқы кезектегі келісім бо­йын­ша 15 жылға арналған. Каспий жаға­лауы газ құбырының жалпы ұзындығы 1217 шақырымға созылған. Оның жобалық өт­кізу қуаты жылына 40 миллиард текше метр. Оның ішінде жылына 30 миллиард тек­ше метр Түркіменстан газы және 10 миллиард текше метр Қазақстан газы жөнелтіледі. «ҚазРосГаз» ЖШС пен «Газпром Добыча Оренбург» ЖШҚ арасындағы келісім бойынша Орынбор газ өңдеу зауытында жылына 8 миллиард текше метр Қарашығанақ газы өңделуге тиіс. Осыдан шыққан тауарлы газ алдымен Қазақстанның ішкі рыногына содан кейін шет елдерге экспортталады. Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласында орын алған осындай екі жақты тиімділік беретін жобалардың болашағы зор, пайдасы үлкен. Қазақстанның ұлттық мұнай-газ сала­сы­ның білікті кәсіби маманы Тимур Құлы­баев­тың Ресейдегі ең ірі концерн – «Газпром» ком­паниясының басшылығы құрамына сай­лануы екі ел арасындағы мемлекетара­лық ты­ғыз ынтымақтастықты және энер­гетика­лық саладағы тиімді байланыстың айшықты көрінісі болып табылады. Қазақ­стандық эко­но­миканың корпоративтік опе­ра­торы болып табылатын «Самұрық-Қазы­на» ҰӘҚ басшы­сының Ресейдің шешуші энергетикалық кон­церннің басшылығы құрамына енуі геостра­те­гиялық маңызды мәселе. Кеңестік кеңіс­тік­тен шыққан елдер арасында басты интегра­циялық күш болып мойындалған Қазақстан мен Ресей арасын­дағы мұндай стратегиялық альянстың құ­рылуы алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған жаһандық энергетикалық құры­лым­дарға балама болатындығы даусыз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.