21 500 000 000
Биыл Жамбыл облысындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде осыншама теңге игеріледі
Биыл Жамбыл облысындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеберінде 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы сомасы 21,5 миллиард теңгені құрайды.
Жобалардың іске асуы нәтижесінде қосымша 1139 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Атап айтсақ, алғашқы жарты жылдықта үш инвестициялық жоба іске қосылады. Олар: Ақбақай кластері, тамшылатып суаруға арналған полиэтилен құбырларын жасайтын Тараз құбыр зауыты және диодты жарық беретін шамдар шығаратын «Энерджи Тараз» ЖШС-ның жобасы.
Ал екінші жарты жылдықта қалған бес жоба толықтай іске қосылмақшы.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.
137
Биыл Атырауда осынша түлек «Алтын белгі» иегері атанды
Соңғы жылдары Атыраудағы мектептерді бітіруші түлектердің білім сапасы артып келеді. Соның куәсіндей биылғы 5710 мектеп бітірушінің арасынан 137 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Ал 59 түлектің мектептен алған білімі «Үздік аттестатпен» аталып өтті. Сондай-ақ, 21 мектеп бітіруші халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Облыстық білім басқармасының бастығы Киікбай Жаулиннің мәліметінше, мектеп бітірушілер арасынан ҰБТ-да 5 оқушы ең жоғары көрсеткішке, яғни 125 баллға ие болған. «Алтын белгіні» көп алған мектептердің ішінде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның бағы жанып тұр. Осы білім ордасынан биыл 12 түлек «Алтын белгі» иеленді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
7 пайыз
Ақмола облысында экономиканың жыл сайынғы өсімі осындай көрсеткішпен өрнектелмек
Жоспарланған индикаторларға қол жеткізу үшін қажетті ресурстар мен алғышарттар бар. 2010 жылы 2000 жылмен салыстырғанда аймақтық ішкі жалпы өнімнің көлемі 7,6 есеге немесе 562,4 миллиард теңгеге, өнеркәсіп өндірісі – 6 есеге, ауыл шаруашылығы – 2 есеге, инвестициялар жұмылдыру – 80 есеге, тұрғын үй алаңын іске қосу 5,7 есеге өсті. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 11,5 есеге, яғни 4,6 пайыздан 0,4 пайызға дейін төмендесе, орташа айлық жалақы 6 есеге өсіп, 51 866 теңгені құрады.
2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде былтыр 73,6 миллиард теңгенің 15 нысаны іске қосылса, биыл 16 нысан пайдалануға берілмек.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.