02 Шілде, 2011

Алматылық оқушылар Астана күніне ән-жырдан шашу шашты

597 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Есілдің екі жағында баяғының батырларындай сағат санап өскен Астана күні биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен орайласып отыр. Осын­дай айтулы оқиғаға еліміздің оқу­шы­лары да өз үлестерін қосып, өнерлерін тарту етуде. Сондай бір әдемі кеш «Тәуелсіз елдің өнерлі ұрпақтары» деген тақырыпта елор­дадағы Президенттік мәдениет ор­та­лығында өтті. Оған ұйытқы болған Алматы қаласы Медеу ауданындағы №172 жалпы білім беретін мектеп оқушылары еді. Жыр төгіп, ән әуелеткен 120 өнерлі ұл-қыз сахна төрінде Ән­ұран­ды домбыраның сүйемел­деуі­мен орындап, рухыңды көтеріп, са­на­ны серпілтіп жіберді. Айтыскер ақын Фархат Маратұлы өлең өрім­дерімен Астана келбетін айшықтап, зал орта болғанымен, көңілдің тоқ екенін термелей жеткізді. «Үлкеннің мыңына бергенше баланың біріне бер» деген ұлттық қағиданы аңғарт­ты. Оқушылардың өнеріне қарай киген киімдері де ұлттық нақ­ышы­мыздың нәрін көз алдыңа әкеледі. «Астанам – бағы биік асқарымсың, Астанам – мәңгі жарық аспа­ным­сың. Астанам – пейіш қала ел ар­ма­ны, Астанам – қайда жүрсем мақ­танышым», десе ақындар, «Қа­рлы­ғаш­тар» ансамблінің мүшелері алма-кезек өнер көрсетіп жатты. Жақан Тамырлан «Қазақ осы» әнін шыр­қа­ды. Қолдарына домбыра тиген тұста Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» тартып, жұрттың ерекше ілтипатына бөленді. Ал жас талапкерлер Мұрат­әлі Серікболұлы мен Жүніс Айбек Астана туралы өлеңдерін оқыса, бал­ғын талапкерлер Нұрай Айтуарова мен Әмір Сатыбалды әп-әдемі айтыстың жоралғысын жасады. Әмір өзінің ертең құрылысшы бо­лып, Астананың ажарын ашуға үлес қосатынын айтса, Нұрай әнші бо­лып елорда сахнасынан ән салсам деген арманын алға тартты. Қазақ күй өнерінде өзіндік қол­таңбасы бар домбырашы, талантты оқушылардың қамқоршысы А.Рай­ым­бергенов пен «Қарлығаштар» анс­амблінің жетекшісі Ғалиябану Қо­жабергенқызы шәкірттерімен қосылып «Наурыз» күйін орындады. Концерттен кейін аталмыш мек­тептің директоры Нұрайым Үсенова тәуелсіздіктің 20 жылдығына арна­ған оқушылардың концерттік бағ­дарламасын Астана төрінде таныс­тыру өздері үшін үлкен мерей екенін айтып, жалпы білім беретін мектепте оқумен қатар, өнерлі жас­тар­ды баулу үшін атқарылып жатқан игілікті іс Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Мәдени мұра» бағдар­ламасы негізінде «Мұрагер» жобасы бойынша жүзеге асқанын жеткізді. Сегіз жылдың ішінде оқу мен өнерді ұштастырған ондаған оқушылар елге танылды. Ұлттық рухтары көте­рі­ліп, тәуелсіз елдің патриоты болуы үшін осындай алтын діңгек өнерге ден қойды. Өздерінің қазақ екенін, қазақ ұлтының ұланы екенін сезді, түсінді. Бұған үлес қосқан А.Рай­ым­бергенов пен Ғ.Қожабекқызына ал­ғы­сым шексіз. Сол секілді осындай кешті елордада өткізуге Астана қа­ласы әкімінің орынбасары В.Кры­лов пен өзге де демеушілік көрсет­кен азаматтарға шынайы ілти­па­тым­ды білдіремін. Астанамен танысқан 120 оқушының есінде бүгінгі Астана келбеті өмірбойы қалатыны сөзсіз, деді. Ал Астана қаласы білім басқарма­сының бастығы Әсима Бимендина Алматыдан келген өнерлі жастардың болашағына сәт-сапар тілеп, алдағы уақытта бірге жұмыс істейтіндерін тілге тиек ете келіп, алғыс хат пен бағалы сыйлық тап­сырды. «Жас Отан» жастар қана­тының атқарушы директоры  Н.Өте­шов балапан кездерінен рухани құн­дылыққа ден қойған оқушылардың талпынысына әркез қолұшын соза­тындықтарын білдірді. Мәжіліс депу­таты Нұртай Сабильянов оқу­шы­лармен ой бөлісті. Сүлеймен МӘМЕТ.