02 Шілде, 2011

Астананың демографиялық дәйектемесі

1139 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Бас қаламыздың табиғи өсімі барған сайын артып келеді Ертеректе ауылымызда ақ сақалы белуарына түскен, алып тұлғалы Байбөрік есімді қарт болатын. Ауылдың қара сирақ бар баласы Байбөрік қартқа сәлем бергенді қызық көретінбіз. Күніне неше рет келіп, неше рет сәлем берсең де абыз қарт «Үрім-бұтағың өссін, айналайындар!» дер еді. Тіпті, абыз атамыздың барлық реніші мен қуанышының өлшемі де осы үш-ақ ауыз сөзбен шектелетін. Ерекше риза болып қуанғанда, «Үрім-бұтағың өссін, айналайындар!» десе, қатты ренжіп күйзелген сәтте, «Үрім-бұтағың өскір-ай!» деп кейір еді. Жиырмасыншы ғасырдың барлық дүрбелеңін көріп, халқының басынан өткерген бар ауыртпалықты ішіне түйген қамкөңіл қарттың жарық дүниеге арнаған ақырғы аманатындай болған, сол бір үш-ақ ауыз ақ батасының құдіретін ол күндері біз жете түсіне алмаппыз-ау!.. Жиырмасыншы ғасырдың ал­ғашқы он жылдығында шамамен 7 миллион болып, өзбектерден 25 пайыз, татарлардан 60 пайыз, әзербайжан, армян, грузиннен 5-6 есе көп болған қазақ бар болғаны жиырма-отыз жылдың ішінде 74 пайызынан айырылып, 1945 жыл­дары 1 миллион 900 мыңға жетер-жетпес қана халық болып қалды. Кең сахарада сексеуілдей селдіреген халық басына түскен мұндай нәубет тарихта бұрын-соңды қайталанған емес. Байбөрік қарттың үш ауыз сөзден құралған ұлы тілегінің, үкімі мен үмітінің құдіретін сонау бір жетпісінші жылдардың со­ңында Целиноград қаласына кел­генде жан жүдеп, жүрек сыз­дап, барынша сезінгендей болып едік. Қазақ даласының қақ ор­та­сында орналасқан қазақ қала­сын­да қандастарымыздың үлесі 14 пайызға жетер-жетпес күйде екен. Көшеге шықсаң көп орыс­тан көз сүрініп, жат жерде жүр­ген­дей-ақ жетімсіреп қалушы едік. Осы жерде жазылмаған бір жәйдің шетін шығара кетсем де артық болмас. Қаладағы жалғыз ғана Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектебінде 80-нен асар-аспас қана бала оқиды. Мектеп табалдырығын аттағанда, төбеме жай түскендей болған тағы бір жәйт, қаладағы жалғыз қазақ орта мектебінде 1-ші сынып ашылмай қалған, 2-ші сынып бар, 3-ші сынып жоқ. Осы көңілсіз тіршілікті көріп, құлазыған көңілмен көзге еріксіз жас алып, қазақ намысын ояту үшін көше кезіп, жалғыз қазақ мектебіне бала жинауға бел буған кезең еді... Сөйтіп, әупірімдеп жүріп, №4 қазақ орта мектебінде 1-ші сы­нып­ты қалпына келтіріп, орта­лық­тағы үш орыс мектебінен қа­зақ сыныптарын аштық. Соның ақыры облыстық газет редак­ция­сын­дағы менің алақандай бөл­мем­де республикамызда тұңғыш рет «Тіл және мәдениет» атты қа­зақ тілі қоғамын құруға мұ­рын­дық болған еді. Сонда бүгінде ұлт жанашыры атанып, кеудесін ұрғылап жүрген кейбір заман­дас­тарымыздың бұл бастамаға сенімсіздік танытқанымен қоймай, кедергі келтірмек болғаны да есте. Көңілге кірбің салған ол күн­дер келмеске кетті. Енді тырнақ астынан кір іздегендей бол­май­ық. Бүгінгіміздің баянды болға­нын тілеп, тәубе дейік. Иә, тәубе! 1979 жылғы халық санағы бойынша Целиноград қа­ла­сында қазақтар саны 32 870 адам немесе барлық тұрғын­дар­дың 14 пайызын құраса, 2009 жылғы халық санағы бойынша Астана қаласындағы қазақтар саны 613 006 адамды құрап, қала халқы жалпы санындағы қазақ­тардың үлесі 69,4 пайызды құра­ды. Осы санақ дерегі бойынша, санақ аралығы кезеңінде орыстар 5,6 пайызға, украиндар 29,3 пай­ыз­ға, беларустар 34,9 пайызға кеміген. Қазір қаламызда жалпы халық санында орыстар 19,9 пай­ыз, украиндар 2,1, беларустар 0,6 пайызды құрайды. Дегенмен, біз бір жерінен ұтсақ, бір жерінен ұты­лып жататын халықпыз ғой. Осы соңғы санақ аралық кезеңде қала­мыз­да өзбектер 16,8 пайызға, корейлер 105,7 пайызға көбейген екен. Ақиқат анық, Арқа төсінде қанат жайған ару қала, тәуел­сіз­дігіміздің төл перзенті – Астана «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының айбыны мен айбарына айналды. Енді нақты сандар тіліне жүгіне отырып, Астана қала­сының осы бір мүшел, 13 жыл ішін­дегі демографиялық дәйек­те­месін жасап көрейік. Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында хал­қымыздың ғасырлар бойғы арманы іс-жүзіне асып, Арқа тө­сінде тәуелсіз елдің бас қаласы бой көтерді. Тұңғыш Прези­денті­міздің елорданы Астана қаласына көшіруі нәтижесінде қала хал­қы­ның саны 1998 жылғы 300,5 мың адамнан 2011 жылдың басында 697,1 адамға дейін өсті. Осы мерзімде қала халқының саны 396,6 мың адамға көбейді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елорда халқының тығыздығы әрбір шаршы шақырымға 965,6 адамды құрады. Астана қаласы халқының саны 2011 жылдың 1 мамырында 710962 адамға жетті. Оның ішінде Алматы ауданы бойынша 344 104 (48,4 пайыз), Есіл ауданы – 86 264 (12,1 пайыз), Сарыарқа ауданы бойынша 280 594 (39,5 пайыз) адамды құрады. 2011 жылдың басымен салыстырғанда өткен 5 айда Астана қаласы хал­қының жалпы саны 13 800 адам­ға артты. 2011 жылғы қаңтар-сәуірдегі қала халқының табиғи өсімі 4802, көші-қон өсімі 9031 адам болды. Өткен 13 жыл ішінде Елорда халқының құрылымында жыны­сы мен жасы бойынша елеулі өзгерістер болды. Ерлер үлесі 1,9 пайызға өсіп, (1998 жылы 46,7 пайыздан 2010 жылы 48,6 пай­ызға дейін), 2011 жылдың басын­да 338 723 адам болды. Елорда халқының жас мөлшерінің құры­лымына келетін болсақ, 2011 жыл­дың басында еңбекке қабі­летті жастан төмен тұрғындар саны 156 046 адам (жалпы халық санының 22,4 пайызы), еңбекке қабілетті жастағылар – 498 095 адам (жалпы халық санының 71,4 пайызы), еңбекке қабілетті жастан асқандар 42 985 адам (жалпы халық санының 6,2 пайызы) болды. Еңбекке қабілетті жаста­ғы (15-59 жас) халықтың өсуі жұмысқа орналасу және білім алу мақсатында соңғы жылдары елордаға көптеп келген мигранттар есебінен толықты. Елорданың демографиялық дәй­ектемесінде оң өзгерістер ерек­ше байқалады. Қала халқы­ның табиғи өсімі де көңіл орнық­тырады. Соңғы бірнеше жылда бала туу деңгейі өсіп, өлім азай­ды. 2010 жылы елордада 17 505 нәресте дүниеге келіп, 3287 адам қайтыс болды. Сөйтіп, бір жыл ішіндегі халықтың табиғи өсімі 14 218 адамды құрады, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 18 есе көп. Ал 2011 жылғы қаңтар-сәуір­де Астана қаласында туыл­ған балалар саны 5996-ға жетті. 2011 жылғы қаңтар-сәуірде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда бала туу 9,2 пайызға өссе, өлім-жітім 9,8 пайызға кө­бей­ген. Халық өлімі себептерінің негізгі топ­тарының арасында қан айна­лымы жүйесі ауруларының үлес салмағы жоғары деңгейде қалуда. 2010 жылы Астана қаласы халқының орташа күтілетін өмір ұзақтығы 73,2 жасқа тең болды. Бұл көрсеткіш 1999 жылы 67,6 жас болатын. Астана тұрғын­да­ры­ның орташа жасы 13 жыл ішін­де 1,2 жасқа – 31,2-ден 30 жас­қа дейін төмендеді. Елор­да­мыз­да 1998 жылдың басынан 2011 жылдың басына дейінгі мерзімде АХАЖ органдарында 116 628 нәрестенің туғаны тіркелді. 2010 жылы туылғандардың санында ер балалардың үлесі 9045 (51,7 пайыз), қыз балалар­дың үлесі салмағы 8460 (48,3 пай­ыз) болды. АХАЖ орган­да­ры­ның мәліметтері бойынша, 2010 жылы Астанада 7379 неке тіркелген. Бұл 1998 жылы тіркелген некелер санынан 4,1 есе көп. Ал ажырасулар саны 1998 жыл­мен салыстырғанда 2011 жылы 1,8 есе артқан. Ағымдық есеп деректері бой­ынша 1998-2010 жылдары елор­даға 524 158 адам келіп, 166 090 адам кеткен. Көші-қонның оң айырмасы негізінен ішкі көші-қон есебінен 358 068 адам болды. Сонымен бірге сыртқы көші-қон бойынша теріс айырым бай­қа­ла­ды. Сыртқы көші-қонның теріс айырымының ең төменгі көрсет­кі­ші соңғы 13 жылдың ішінде 2006 жылы қалыптасып, 233 адам­ды құраған. Көші-қон есебінен қала халқы санының кө­беюін­де қазақтың үлесі 87,7 пай­ыз, орыс 5,8 пайыз, украиндер 0,8 пайыз, өзбектер 0,8 пайыз және басқа ұлт өкілдері 3,4 пайызды құрады. Жоғарыда айтылғандардың не­гі­зінде Астана халқының таби­ғи өсімін одан әрі көбейтуге ба­рынша қажетті мүмкіндіктер бар екендігі байқалады. Өйткені, бас қала табиғи өсімнің артуына қажетті үлкен әлеуетке ие. Елордада экономикалық мүмкіндіктер – еңбек нарығы, тұрғын үй құ­ры­лысының серпінді дамуы, кәсіби өсу мүмкіндіктері, жоғары еңбек ақы сияқты оң жағдайлар бар­шы­лық. «Балалы үй – базар» деп ба­ба­ларымыз тауып айтқан. Хал­қы­мыздың саны көбеймей, көсе­ге­міз көгермейтініне де ұзақ жыл­дарғы тәжірибеден көзіміз жетті. Ендеше, еліміздің бас қала­сын­дағы осы табиғи өсім жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Базарымыз мәңгі баянды болғай! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.