Шілденің 3-і күні Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен «Әлемнің опера жұлдыздары» Гала-концертін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп тамашалады.
Соңғы кездегі үлкен тойдың бірі – елорданың туған күні десек, мұны атап өтудің өзіндік дәстүрлері жылдан-жылға дамып, көркейіп, шуағы молайып келеді. Баяғыдай қазан-қазан ет асып, ішіп-жеп, ертеңгі күні не болды дегенде көрсетерге ештеңе таппай отыратын төмендіктен бүгінде әлдеқайда биіктеп, әр елдің дүлдүлдері мен бұлбұлдарын елорда төріне жиып, рухани ортаны толтыратын асқаралы, еңселі шыңға орнықты. VI халықаралық «Опералия-2011» фестивалі аясында «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен «Әлемдік балет жұлдыздары» мен «Әлемдік опера жұлдыздары» Гала-концерттері солай екеніне көзіңізді айқын жеткізе түседі. Еуропаның сахнасында бұрын ән салған әнші деп бір Әмірені мақтан етіп келген қазақ бүгінде сол Әміренің соңынан сандаған балғын өнерпаздар өсіп шыққанына куә. Білімдерін Италия ән мектептерінде ұштап жүрген Салтанат Ахметова мен Бауыржан Әндіржановтың үні осы кеште саңлақтар сарынымен қатар әуелеп, кешегі сол бабалар салған іздің жалғасындай жарасымды сыңғырлады. Классикалык өнердің отаны Италияның өзінен жыл сайын небір танымал әншілердің келіп өнер көрсетуінің өзі кейінгі жас буын өнерпаздар үшін баға жетпес мектеп болып табылуда.
Қала күні қарсаңында елордалық театрда Дж.Пуччинидің «Манон Леско» операсының тұсауы кесіліп, отандық репертуардың тағы бір әлемдік классикамен толығуын жұрт тарихи оқиғаға баласа, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген Салваторе Личитра мен Амарилли Ницца өнері айшықты әсерге бөледі. Дж.Верди, Дж.Пуччини, Дж.Россини туындылары тұшымды орындалды. Фьорилла мен Джеронио, Де Грие, Леонора, Каварадосси, Баттерфляй, Манрико, т.б. ариялары ара-жігі ажырамай, ашық бейнеде бедерленді. К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры симфониялық оркестріне дирижерлік еткен Алан Бөрібаев өнері өте жоғары деңгейде өрілгені көрермен көрсеткен қошеметтен көрініс тапқан. Классикалық шығармалардың орындалуы барысында зал мен сахнаның бір бүтін дүниеге айналып кетуіне дәл осылай ықпал ететін тұлғалар кемде-кем.
Әлемдік опера классиктерінің қазақ әншілерінің ешқайсысына өкпесі жоқ қой деп ойлаймыз. Өйткені, бұл жағынан әлем сахналарын бағындырып жүрген тарландарды мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Ал шетелдік әншілерден қазақтың әндерін орындап жүргендері бар ма деген сұраққа келгенде, күмілжіп қалатынымыз рас. «Опералияны» өткізудегі бірден-бір мақсат, осындай ойларды келешекте жүзеге асыру болып табылатынын аңғардық. «Әлемдік опера жұлдыздары» Гала-концертінде қос қонақ Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін қазақша орындады. Тенор Сальваторе мен сопрано Амарилли үні дала әуені иірімдеріне ілесіп, сахараның сарқырамасындай жұпар леп таратты. Абай әнінің әлемдік операмен терезесі теңесті.
«Әлемдік балет жұлдыздары» Гала-концертінде А.Адан, С.Прокофьев, Л.Минкус, П.Чайковский музыкалары салтанат құрып, Яна Саленко, Юргита Дронина, Йоэль Карреньо, Дина Тамажлакару, Денис пен Анастасия Матвиенко сынды Берлиннің Штатсбалет, Швед корольдігінің балеті, Норвегия ұлттық балеті, Мария театры жұлдыздарымен қатар Мәдина Басбаева, Тайыр Гауытов, Гүлмира Құрбанова, Фархад Бөриев, Гүлфайруз Құрманғожаева, Жандос Әубәкіров сияқты төл балеттің төріндегі өрендер өнер көрсеткені көңіл марқайтады.
Кеше Президенттік мәдениет орталығында халықаралық «Опералия-2011» фестивалі аясында танымал скрипкашы Арман Мырзағалиевтің музыкалық кеші өтті. Заманымыздың әйгілі скрипкашыларының бірі болып табылатын оның халық әртісі, алғашқы кәсіби қазақ театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің шөбересі екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Арман бүгінде шетелде тұрып жатыр. Қазақстанға жиі ат басын бұрып тұрады. Мұнда біраз концерттері өткен. Әйтсе де оның есімі мен өнері өз елімізге қарағанда, Шығыс Еуропа және Америкаға кеңінен танымал екенін айта кеткеніміз жөн. Биылғы концерттік маусымда оны әлемнің әйгілі залдары күтуде, олардың ішінде Le Salle, Cortot, Paris (Франция), Chicago (АҚШ), Баку (Әзербайжан), сондай-ақ Ұлан-Батырдағы (Моңғолия) концерт залдары бар. Ақтауда өтеді деп күтілген жеке концерті туралы әңгіме өз алдына бір төбе.
Қандас бауырымыз Лион Киршнер, Андреас Кисс, Джозеф Сильверштайн, Рафаэль Хиллер, Менахайм Пресслер, Иври Гитлис, Левон Амбартшумян сынды танымал тұлғалармен шығармашылық байланыста екен. Астана күніне арналған скрипкашының музыкалық кешінде шертпелі оркестр және скрипкаға арналған концерт, ре-минор (Ф.Мендельсон), «Fratres» арналған скрипка, шертпелі және ұрмалы (Арво Пярт), және шертпелі оркестрлерге арналған тақырыптар мен вариациялар (П.Хейдрич) орындалды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.