05 Шілде, 2011

«Пушкин» премьерасы – Елорда сахнасында

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана күні мерекесіне ар­нал­ған іс-шаралар аясында елор­да­мыз­дың мәдени ошақтарының сах­на­сын­да әлемдік туынды­лар­дың пре­мьерасы өтетіндігі де соңғы жыл­дары дәс­түрге айналып келеді. Соның бір көрінісі Ресей халық әртісі Сергей Безруковтың «Пушкин» киноспек­таклі­нің қо­йы­лымы болып табы­ла­ды. Алғаш рет осы­дан тура бір ай бұрын Ресейдегі «Михайловское» мұра­жай-қоры­ғын­да тұсаукесері өт­кен бұл қойы­лым енді астаналық­тар мен қала қонақтарының наза­ры­на ұсынылып отыр. Талантты әртіс Сергей Безруков өткен жылы Астана күні мерекесі қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет «Бас­бұ­зар» му­зыкалық-поэти­калық қойы­лы­мын қа­зақ­стандық көрер­мендер талқысына ұсынған болатын. Ол Сергей Есениннің поэ­зиясын рок-құры­лым­дар­мен, жалын­ды тангомен, сыршыл балладалармен, балеттік монологтармен сахнала­ған еді. Бір жарым жыл бойы әй­гілі орыс ақынының өмірі туралы тол­ған­ған Сергей Безруков өз шығар­ма­сын ас­та­на­лықтар на­зарына ұсы­на оты­рып: «Есениннің тек жанын түсініп қана қой­май, тіпті сырттай ұқса­ғым келді. Оның поэзия­сын­да­ғы әр сөз, әр жол нағыз сүйіс­пен­ші­лікке то­лы» деп тебіренген болатын. Енді міне, Астананың 13 жыл­дық мүшел ме­рекесінде режиссерлік қы­рынан таныла бас­таған Сергей Безруков орыс­тың ұлы ақы­ны А.С.Пушкиннің өмірі мен өлімі туралы ки­но қойы­лым­ды елорда сах­насына шыға­рып отыр. 3 және 4 шілде күндері «Конгресс-холл» сахнасында ерекше табыс­пен өткен бұл қойылымға Сер­гей­дің әкесі Ви­талий Без­ру­ковтың «И жизнь, и слезы, и любовь» пьесасы арқау бол­ған. Онда Алек­сандр Пушкин өмі­рінің маңызды кезеңдері сом­да­лады. Пушкин­нің Михайловскіге ал­ғаш келуі, Геккерн мен Дантестің диалогы, ақын­ның Наталья Гончаровамен некелесуі, Пушкиннің әке­­сі­­мен әңгімесі бейнефильм көрінісі пішінінде бейнеленген. Қойы­лым ба­ры­­сын­да бей­­не­көрі­ністер эк­ранда көр­сетіліп отырылады. «Пушкин» киноспектаклі ақын өмі­рінің осындай шарықтау кезең­дерімен өріле келіп, жалын­ды ақын­ның 1837 жылы дуэль сал­дарынан қайғылы қаза­ға ұшы­рауымен аяқ­та­ла­ды. Осындай ши­рығысты кө­рі­ніс­термен бей­неленген қо­йы­­лым кө­рер­менді баурап, сах­надағы оқи­­ғаларға еріксіз тар­тады. «Біз Пуш­­киннің қа­за­сына етіміз үйрен­гені­міз сон­ша­лық, селт еткенді қой­ған­быз. Біз 1837 жы­лы  болған, қазіргі күн са­нау бо­­йынша 10 ақ­пан­дағы ақын өлімі кү­нін ескермейміз де. Ал мен осы бір қаралы күнде бол­ған қазаға көрер­мен­дер жүрегінің дір еткенін қала­дым. Олар­дың ақын өлімі тура­лы бұ­рын­нан білетін тарихын қай­та­дан бастан өт­кер­гендей әсерде бол­ға­нын қаладым», дейді Сергей Безруков. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.