Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған бұл жиында негізінен жаңа ғылыми еңбекте атап көрсетілген қазіргі заманғы жаһандық үдеріс жағдайындағы энергоэкологиялық мәселелерді түбегейлі шешудің жолдары мен жаһандық энергетикалық және экологиялық қауіпсіз әлемді қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұл басқосуға қатысушыларға жолдаған құттықтауын осы ведомствоның вице-министрі Мұрат Орынханов оқып берді. Онда «Мемлекет басшысының бұл үздік еңбегі әлемнің энергетикалық және экологиялық қауіпсіз дамуына қатысты көкейкесті проблемаларды теориялық және методологиялық, яғни әдістемелік зерттеулерінің циклын, кезеңін аяқтап отыр» деп көрсетілген. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, тың туындыда энергоэкологиялық стратегияның ең өзекті міндеті мен мақсаты ғылыми тұрғыдан алғанда нақты тұжырымдалған.
«ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітаптың алғашқы тарауында басылым авторы бүгінгі таңда әлемде қалыптасып отырған жағдайға жан-жақты талдау жасайды. Сонымен қатар, мұндай күрделі мәселені шешудегі әлемдік институттар атқаратын іс-шаралардың бағыт-бағдары мен стратегиялық міндеттері де алға қойылады. Ал кітаптың екінші бөлімі тұрақты энергоэкологиялық дамуды жүзеге асырудың қағидалары мен әдістеріне арналған. Сөйтіп, жаңа еңбектің үшінші бөлімінде Қазақстанның және ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің үлгісінде энергоэкологиялық стратегияны іске асырудың мүмкіндіктері кеңінен ашылған. Айта кететін тағы бір жәйт, монографияда бірқатар мемлекеттердің энергоэкологиялық дамуының алгоритмдері мен нақты схемалары да барынша қамтылған.
Биылғы жылы жеке шаңырақ көтергеніне жиырма жыл толатын тәуелсіз мемлекет – Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты ғылыми еңбегінің тұсаукесеріне қатысқан Білім және ғылым вице-министрі М.Орынханов, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің президенті Н.Бектұрғанов, ресейлік академиктер А.Спицын, Н.Гаранькин, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов жаңа басылым жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңдағы ең ауқымды әрі маңыздылығы өте жоғары, кезек күттірмейтін жаһандық күрделі проблемаға айналып отырған экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері кеңінен қамтылған еңбек туралы өз пікірлерімен бөліскен ресейлік және қазақстандық көрнекті ғалымдар тұжырымы бір арнаға тоғысты. Оның өзіндік себептері де жеткілікті, өйткені Қазақстан Президентінің монографиясындағы айтылған идеялардың қай-қайсысының болмасын көкейкестілігі жоғары екендігі талас тудырмайды.
Жаңа туындының тұсаукесерінде сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың пікірінше, өркениет өркендеп, одан әрі дамыған сайын энергоэкологиялық қауіпсіздік мәселесі алғы шепке шығып отыр. Өзінің жаңа еңбегінде Қазақстан Президенті бұрынғы идеялардың дамуына жаңа тұжырымдамалы тәсілдерді, яғни күрделіліктердің шешімін табудың тиімді жолын ұсынады дейді ол.
Осы ретте Ресей Ғылым академиясының профессоры, ЕурАзЭҚ интеграциялық проблемаларды стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анатолий Спицынның тұжырымы назар аударарлықтай.
– Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер және ірі ғалым екендігін оның бүгінгі күні тұсаукесері өткен жаңа құнды еңбегі де толықтай дәлелдейді. Жаңа ғылыми еңбек авторының ауқымды энергоэкологиялық стратегияны жүзеге асырудың және оны қалыптастырудың негізгі әрі түйінді проблемаларын айқындауы құптарлық. Сондай-ақ, ол әлемде жердің энергетикалық ресурстарын тек дамыған елдер ғана пайдаланып қоймайтындай тәртіптің болуына да үндейді. Әрине, дамушы елдер де осындай мүмкіндікке ие болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Анатолий Спицын.
Қорыта айтқанда, монография авторының «тек энергияны теңгерімді пайдаланудың бірлескен жолын даярлағанда ғана әлемдік қоғамдастық жаһандық экологиялық қауіпсіздік негізін құра алады» деген тұжырымының маңызы зор екендігі ақиқат.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.