Өзен кен орнын игеруге сол кездегі одақтың әр жерінен көптеген мамандар келіп, тұңғыш скважиналарды қазып, топтық қондырғыларды тұрғызды, мұнай, су құбырларын тартты. Солардың ішінде, көршілес Атырау облысы мен Түрікменстаннан келгендердің қызметі құрметпен аталады. Соның бірі – «Небиттау» мұнай бірлестігінде жеті жыл шебер болып жұмыс жасаған Қуанышнияз Тоқбанов еді.
Тоқбановтар әулеті атажұрт, Киелі өлкеге 1964 жылдың қараша айында оралды. Маңғыстаудан «мұнай шықты» деген хабарды естіген бойда Қуанышнияз қазыналы түбекке жол тартты. Жалғыз емес, қасына өзі қатарлы Нәсір Әжібаев, Нұржау Аманов және Түгел Белібаев сынды туған жерді аңсаған жігіттерді ерте келіп, Өзенге атбасын тіреді.
Жаңадан ашылып жатқан кен орнында қандай жағдай болсын, үй жоқ, адамдардың көбі қолдан қазған жертөлелерде тұрады. Вагон үйлер де жоқтың қасы. Ауыз су 130-150 шақырымнан тасылады. Көлік те тапшы, жұмысқа трактор сүйреткен шанамен қатынаған кездер де болды. Бұл қиындықтар жігіттердің жігерін жасытқан жоқ, қайта бабалар мекеніне табандары тиген соң, бойларына күш-қуат пайда болды. Мұның барлығы уақытша қиындық екендігін іштей сезініп, болашаққа зор сеніммен қарады.
Олар жалғыз емес еді. Осының алдында бір топ өрімдей қыз-жігіттердің көшін бастап, Атыраудан байырғы мұнайшы ұрпағы Рахмет Өтесінов келген болатын. Қазақ елінің «қара алтын» қазынасын Отан қажетіне жаратқан атақты Балғымбаевтар, Балжановтар ісін жалғастырушы Рахмет аға келісімен басшылық тізгінін қолға алып, жаңа мұнай алаңын «қалай, қайтып игереміз, келушілердің еңбегі мен әлеуметтік мәселелерін қалай шешеміз» деген сауал төңірегінде толғанды. Табиғатында зиялы, ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын азамат жан-жақтан келіп жатқан азаматтардың көбімен ауызба-ауыз сөйлесіп, ақылымен бөлісіп, пікірлерін тыңдады. Солардың бірі біз сөз етіп отырған Қ.Тоқбанов еді.
Р.Өтесіновпен әңгімеден алған әсерін Қуекең бүгін былайша баяндайды. – «Барақ үйдің бір бөлмесін кабинет етіп отырған ақсары кісінің арайлы жүзін алғаш көргенде, жүрегім жылып сала берді. Аман-саулықтан кейін құжаттарымды мұқият қарап, мұнайшы екенсің ғой, өздеріңіздей азаматтар бізге ауадай қажет, келгенің қандай жақсы болған, ертеңнен бастап іске кіріс» дегені.
– Басшының алдынан қанаттанып шыққаннан кейін жігіттерімнің басын біріктіріп, №5 скважинаны қабылдап алдым – деді сөзін одан әрі жалғастырып, – осы арада айта кетер бір жәйт, бастапқы кезде кен орнында бар болғаны үш-ақ скважина болған. № 1,3 ұңғыларды басқа бригада алды да, бізге соңғысы тиді. Жаңа тапсырылған скважинаның жұмысы көп болатыны белгілі, барлығын өзіміз жасап абаттандырып, азғана күн ішінде ретке келтірдік. Келген техниканы тиімді пайдаланып, жалғанған бас құбырлар мен аралық құбырларды мұнай өлшегіш қондырғыларды толықтай, жабдықтап, іске қостық. Кейіннен топтық қондырғылар тұрғызылып, скважина саны көбейді. Ең бастысы ұжымда бірлік пен береке және жұмысқа деген ынта жоғары болды. Сол себептен де, ай сайынғы тапсырма асыра орындалды. Кейіннен жаңа адамдар алынды. Барлығы бірдей мұнайшы емес, әрине. Оқытып, мамандыққа баулып, қамқорлық көрсету арқасында сол азаматтардың көбі шебер, инженер, цех бастығы сияқты жауапты жұмыстарды атқарды. Мәселен, бригада шебері болған Мақсат Боранбаев әуелі кәсіпшілікке жетекшілік етіп, біраз жыл Өзен мұнай, газ өндіру басқармасын басқарды. Содан кейін Жамбыл облысының аумағындағы еліміздегі ірі «Аманкелді» газ кен орнын игеруге басшылық етті. Бригаданың қарапайым операторы Мансұр Омаров өндірісте алған тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, техника ғылымдарының докторы атанды. Осының барлығы ұжымда іскер де, ізденімпаз азаматтардың болғандығын айқындайды, – дейді ардагер.
Расында да солай. Сайдың тасындай іріктелген жігіттерден құралған бригада аты бүтін елге жайылды. Қ.Тоқбановтың өзі делегация құрамында бірнеше шет елдерде болып, тәжірибесімен бөлісті. Сол кездегі қазақ елінің басшысы Д.Қонаев Жаңаөзен қаласына келген сапары кезінде осы бригадада болды. Кен орнынан әр жылдары өндірілген 100, 200 және 300 млн. тонна «қара алтынға» бұлар да қомақты үлес қосты. Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Әбенов, Қаржаубай Сеңгіралин сияқты белгілі мұнайшылармен бір бригадада жұмыс жасады.
Кәсіпшіліктегі қызметтен кейін «Өзенмұнайгаздың» бірқатар бөлімшелерінде технологиялық бөлімдерді басқарып, ЦНИПР-да басшы болды. Ғылыми-технологиялық орталықта бас инженерлікті атқарып, сол жерден еңбек демалысына кетті. Осындай қызметтерде жүргенде Өзен кен орнын игеру тиімділігін арттыру мен мамандарын тәрбиелеу ісінде қалыптастырған өзінің әдістемелік мектебі бар. Әрі, мұнай өндіруді молайту мақсатында өндіріске оңға тарта өнертапқыштық жаңалық енгізді. Көбі қазір өндірісте қолданылып, жемісін беруде. Қаланың қоғамдық өміріне де белсенді араласты. Әлденеше рет Жаңаөзен қалалық мәслихаттың депутаттығына сайланып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, денсаулық пен білім саласының дамуына елеулі үлес қосты. Осындай ерен еңбегі арқасында мұнай өндірісі саласындағы марапаттарын айтпағанда, тәуелсіз еліміздің көптеген орден, медальдарын омырауына тақты.
Өзендегі алғашқы комсомол-жастар бригадасының бригадирі ретінде де ел есінде жүр.
Жетпістің белесіне көтерілген ардагер: – «Қазіргі мұнай саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға көңіл сүйсінеді. Жаңа техникамен, білікті мамандармен толығуда. Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы да жақсарды, еңбекақылары өсті. Қысқасы, жұмыс жасауға не қажеттердің барлығы бар. Бұл біздерге сонау өткен ғасырдың 60-жылдарында арман болған. Бірақ, келешекте осындай боларына, өмірдің өзгереріне сендік. Сол сенімді демеу етіп жұмыс жасадық. Жастар енді ауызбірлікті сақтай отырып, тәуелсіз еліміздің қуатын арттыра берсе деген тілегім бар» – дейтін еді.
Асыл азамат, ардагер мұнайшы өткен аптада өмірден озды. Өкінішті. Дегенмен, көңілге демеу болатыны сегіз баласы есейіп, ержетті, барлығы жоғары білім алды. Әке жолын жалғастырып жүргендері де аз емес.
Закария ИСАҒҰЛОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Жаңаөзен қаласы.