Кеше Астанадағы тәуелсіздік сарайында дәстүрлі сипатқа ие болған Екінші халықаралық тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады. Оның жұмысына әлемнің 25 елінен 1300 адам қатысуда. Олар 250-ден астам компаниялардың өкілдері болып табылады. Қатысушылардың арасында АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Түркиядан, Швейцариядан, Испаниядан, Италиядан, Жапониядан, Германия, Франция, Чехия, Канада, Корея, Үндістан және басқа елден келген сарапшылар мен кәсіпкерлер бар.
Конгрестің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов оның қатысушыларына жолдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Елбасы өз құттықтауында бұл тау-кен металлургиялық конгресінің Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығында өтіп отырғандығын, міне осы жылдардың өн бойында металлургия Қазақстанның маңызды негізгі салаларының қатарында дамудың жоғары деңгейін көрсетіп келе жатқанын атап көрсетіп, қазіргі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің 7 пайыздан астамы, өнеркәсіптік өндірістің 17 пайызға жуығы және жалпы экспорттың 20 пайызы оның үлесіне тиетіндігіне тоқталыпты.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығына қонақтардың назарын аударған. Қазіргі күні геологиялық барлау жұмыстарына қаржыландырудың арттырылуы оны жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Елбасы хатын оқығаннан кейін Қазақстан Премьер-Министрі қонақтарға еліміздің тау-кен металлургия саласының бәсекелестік қабілетін арттыру үшін Үкіметтің үлкен кіші-жігер жұмсайтындығын айтып өтті. «Біз тау-кен металлургия кешеніне жаңа инвестициялар салудың тәуекелі зор, қаржыны көп талап ететін және ұзақ мерзімді қажет ететін шара екендігін жақсы түсінеміз, бірақ біз нақ осы саланың бәсекелестік қабілетін арттыру үшін күресетін боламыз. Бүгінгі форумның өтуінің өзі осы саланың проблемаларын шешу бағытында жаңа ұсыныстарды әзірлеп, қалыптасқан үнқатысуды жалғастыруға қызмет етеді деп сенемін», деді Кәрім Мәсімов. Осы ретте ол елімізде тау-кен металлургия саласын дамытудың 2014 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа бағдарламасы қабылданғанын еске салды. Бұл бағдарламада нақты инвестициялық жобалар айқындалып, оларға инвестиция тартудың жолдары мен перспективалары белгіленген. Бұл істе қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстандағы индустрияландыру картасының аясында тек өткен жылдың өзінде ғана 150-ден астам жаңа кәсіпорынның ашылып, 23 мың тұрақты жұмыс орны құрылғандығын жеткізді. Ал үстіміздегі жылы 200-ге жуық жаңа жобаны іске қосып, 40 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жалпы жобаларды жүзеге асыруға 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы жұмсау көзделінуде.
Конгрестің ашылу салтанаты аясында өткен пленарлық мәжілісте сөз алғандар қатарында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаев, Қазақстандағы Еуропалық Одақ делегациясының басшысы, елші Норбер Жюстен, Ресей Федерациясы Қаржы-өнеркәсіптік топ ассоциациясының директорлар кеңесінің төрағасы және президенті Олег Сосковец, ThyssenKrupp Metallurgie бас директоры Андреас Бейер, Rio Tinto компаниясының Орталық Азиядағы геологиялық барлау жұмыстарының басшысы Крис Уэлтон сөз алып, қазіргі таңдағы кен-металлургия саласының әлемдік және өңірлік ағымдарына тоқтала келе, Қазақстандағы бұл саланы дамытудың перспективалық мәселелерін тілге тиек ете кетті.
Мұнан кейін конгресс жұмысы сессиялар бойынша жалғасты. Бірінші сессия тау-кен металлургия саласын мемлекеттік реттеу мәселелеріне, осы істің қазіргі кездегі тиімді тәсілдері мен оң тәжірибелерін тарату тақырыбына арналды. Бұл сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жетекшілік жасады.
Конгресс барысында оның жұмыс нәтижелеріне арналған бірнеше баспасөз мәслихатын өткізу жоспарланған.
Осы бойынша алғашқы баспасөз мәслихатына журналистер алдына еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау бастаған топ келді. Альберт Рау өз сөзінде үстіміздегі жылдың 5 айында еліміздің тау-кен өнеркәсібі саласында 4 триллион теңгенің өнімі өндірілгендігін, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 2 пайызға артық екендігін, ал тұтастай алғанда кешен бойынша өнімнің нақты көлем индексі 12 пайызға артқандығын айтып өтті. «Біз бұл халықаралық конгресс жұмысынан үлкен үміт күтіп отырмыз. Өткен жылғы оның жұмысы өз тиімділігін көрсетті», дей келе, Қазақстан тарабы өткізіп отырған бұл шараға қатысуға Лондон, Гонконг қор биржалары секілді әлемдік аса ірі қаржы ұйымдарының өкілдері келгендігін, осының өзі-ақ Қазақстанның кен-металлургия саласының мүмкіндіктері әлемдік деңгейде үлкен ықыласты тудыра бастағандығын көрсететіндігін айтып өтті.
Баспасөз мәслихатында сөз алған «АрселорМиталл» компаниясының вице-президенті, «АрселорМиталл Қазақстан» кәсіпорнының бас директоры, доктор Франк Паннир өзінің таңертең осы форум аясында өткен Қазақстан Мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітабының таныстырылымына қатысқандығын айта келе, осы екі шараның қатар өтуінің символдық мәні бар деп түсінетінін жеткізді.
«Өйткені, бұл кітапта кен-металлургия саласын дамыту перспективалары туралы да ой жүгіртілген. Мен кітапта көтерілген идеяларды қолдаймын. Көптеген адамдар қазіргі табиғи ресурстарды ата-бабадан өздеріне қалған мұра ретінде түсінеді. Бұл – қате түсінік. Негізінде біз оны болашақ ұрпақтан қарызға алып отырмыз. Сондықтан табиғи ресурстарға аса ұқыптылық көзімен қарап, оны тиімді пайдалана білудің маңызы зор. Болашақ ұрпақ алдындағы қарызымызды біз сонда ғана дұрыс өтейтін боламыз», деді.
Баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдан Кәріпжанов еліміздегі кен қорларын зерттеу мақсатында қор аясында ұлттық геологиялық компания құрылғандығын мәлім етті. «Қазіргі күні бұл компанияны құру жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, осының алдында тау-кен металлургия мәселелерімен айналысатын «Тау-кен Самұрық» компаниясы да құрылған болатын. Біз осы екі компанияны отандық нарыққа жіберетін боламыз. Олар геологиялық барлаудан бастап, өнімді өндіріп, байыту мәселелеріндегі барлық үдерістерді қамтитын болады», деді.
Сөз алған ENRC PLC компаниясының бас атқарушы директоры Феликс Вулис кен өндірушілер мен металлургтер үшін пайдалы осындай басқосуды халықаралық дәрежеде ұйымдастырып отырған Қазақстанға деген ыстық ықыласын жеткізді.
Бұл күні конгресс аясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы жаһандық тұрақты дамудың энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған ҰЖҒА президенті Н.Әбіқаев, Ресей ЖҒА вице-президенті А. Спицын, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Әшім, сенатор А.Башмаков, тағы басқалар қатысты.
Ал бүгін ІІ халықаралық тау-кен металлургиялық конгресі өз жұмысын аяқтайды. Конгресс жұмысының екінші күні сала бойынша шеберлік сыныптары мен көрмеге арналып отыр. Жалпы конгресс жұмысы аясында бірқатар компаниялар арасында меморандумдарға қол қою жоспарланған. Ал шараның үшінші күні конгресс қонақтары үшін «Астана күні» мәдени бағдарламасы ұсынылатын болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.