«Хан Шатыр» – Астанадағы таңғажайып ғимараттардың ішіндегі ең көрнектісі ғана емес, көріктісі. Орталық Азиядағы ең үлкен сауда ойын-сауық орталығы ретінде өзінің орнын белгілеген қайталанбас нысан.
Шаһардың жаңа орталығының дәл кіндігінде орналасқан әсем ғимарат көшпелі қазақ халқының көшпелі тіршілігінен хабар беріп қана қоймай, сол халықтың өз қолымен тұрғызған хан шатырларының тұтас бір жиынтық көрінісі іспетті елестейді.
Елорданың сол жағалауынан орын тепкен алып нысанның құрылысын ағылшындық Foster & Parthers фирмасы жобаласа, түріктің «Сембол Иншаат» компаниясы оны соңына дейін жеткізген. Былтырғы жылы қала күнінде пайдалануға берілген, айналасы 4 жылдың ішінде бой көтерген, берік монолиттік металл қондырғыларынан тұратын «Шатырдың» биіктігі 150 метрді, ал жалпы аумағы 133 шаршы метрді құрайды. Арқаның құбылмалы ауа райына бейімделіп салынған «Хан Шатыр» бір мезетте 10 мың адамды қабылдап, қызмет көрсете алатын мүмкіндікке ие.
Мұнда келген кез келген жан өзінің уақытын көңілді әрі қызықты өткізе алады. Бірінші қабаттағы 700 автокөлікке арналған паркинг, екінші қабатта орналасқан сауда дүкендері, үшінші қабаттағы 450 орындық кинозал, төртінші қабаттағы фаст-фуд, кіші-гольф және балаларға арналған ойын алаңдары, өзге қабаттарда орналасқан түрік моншалары мен сұлулық салондары, фитнес орталығы, әлемнің әр қиырының өзіне тән тіл үйірер дәмінен ас мәзірін дайындап, келушілерге ұсынатын асханалар – елордалықтардың ғана емес, шетелден келген туристердің жайлы демалысына кепіл болмақ. Ал «Хан Шатырдың» шырқау биігіндегі пальмалармен қоршалған жабық, құмды жағажай мен хауыздар тынығушыларды әлемнің бейне бір тропикалық мекендерінде, мәселен, Жерорта теңізінде демалып жүргендей әсер қалдыруы мүмкін. Мұндағы хауыздың жағажайына төселетін құм алыс аралдардан жеткізіліпті. «Шатырдың» ішіндегі әдемі табиғи ландшафттың өзі көрген жанның көзін қуантпай қоймасы анық. Мәселен, табиғаттың түрлі климаттық белдеулерінде өсетін жасыл желекті экзотикалық өсімдіктер шетелдің түкпір-түкпірінен арнайы әкелінген.
Елорданың таңғажайып, қайталанбас архитектуралық ғимарат-нысандарының келісті көшін жалғастырған «Хан Шатыр» әйгілі Дискавери телеарнасының да назарын өзіне аударды. Бұл телеарна жақында «Әлемнің таңғажайып құрылысы» сериясы бойынша «Әлемдегі ең алып шатыр» деген атпен деректі фильм түсіріпті. Онда «Шатыр» құрылысының негізі қаланған сәттен бастап, оның еңселі ғимаратқа айналу кезеңдерінде кездескен қиыншылықтар мен қайталанбас сәттер жан-жақты суреттелген. Егер, жер жаһанның ең айшықты деген ғимараттарының ішінен дүниежүзіне танымал телеарнаның назарына іліккен нысан кемде-кем екенін ескерсек, бұл ретте Норман Фостердің өзгеше идеясынан туындаған озық ғимараттың өзіндік бедел-биігі мен қайталанбас үлгісін айрықша атап өткеніміз жөн. Бүгінде «Хан Шатырды» салудағы соны технологиялық шешімдер қазіргі заманға сай «құрылыс ғылымындағы» қайталанбас нысан ретінде бағалануда.
Демек, бұл нысан ұзақ жылдар бойы озық технологиялық ойдың символы әрі мақтанышына айналатынына сенім мол.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.