Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке танылған кемел қасиеттері туралы ой
Бұл – 1991 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сайлауынан кейін елімізде бұрын-соңды болып көрмеген инаугурацияның өткізілуі кезінде болған оқиға. Инаугурацияның жуан ортасында жүрген әрі ұйымдастырушысы болғандардың бірі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бауырымыз былай деп еске алады:
«Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік ту көз алдымызда қисайып бара жатыр... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан туды Президент бір қолымен қағып алғаны!.. Ту сыртында тұрған тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев, шынында да, қазақтың жығыла жаздаған туын қайта тіктеген азамат».
Ақиқатын айтсақ, қазақтың ата туы бұл қазақ қазақ болғалы не көрмеді, неше рет жығыла жаздап барып, неше рет бойын қайта тіктемеді десеңізші. Әріректен алсақ, қазақ туы ұлы бабамыз Абылай ханның тұсында асқақтай бір көтерілген шығар. Бірақ бүкіл қазақтың басы қосылып, қасиет қонған Абылайдың ақ туының аспандай желбіреуінің ғұмыры ішкі-сыртқы жағдайларға байланысты онша ұзақ бола алмады. Бертін келе «Құдай қаласа, барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуірін қайта орнатуымыз керек» деген арман арқалап Кенесары хан ту көтерді. Хан Кененің бұл көксегені қазақтың талай ұрпағының көкейінде пісіп жетілген асыл арманы еді. Бұл арманның да көкбайрақ болып, шын азаттық, тәуелсіздік туы болып аспанымызда желбірейтін күні әлі туған жоқ еді. Бірақ арманы асыл ел ешқашан адаспақ емес. Қазақ қанша қиындық көріп қиналғанымен армандаудан адаспаған, арманын аласартпаған халық. Кең даласының ерке желімен ертеңіне ұмтылып, әрқашан еңсесін тіктей білген халық. Еңсесін тік ұстай білген елдің еңсе түсіртпес ұландары мен арда азаматтары жарқырай шығып, тарих сахнасына көтерілмей қалмасы хақ. Сондай ұлық тұлғалардың бірі де бірегейі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болғанын тарихтың өзі көрсетіп берді.
Биылғы сәуір айының алғашқы күндерінің бірінде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов және В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, жазушы Сәбит Досановтың «Ел бағына туған ер» деп аталған бір беттік сыр мен жырын қызыға оқып шықтым. Тебірене шыққан сөз Елбасымыз Нұрекең – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы екен. Әрине, автор Елбасы туралы айтып отырғандықтан, ол кісі жөніндегі жан жадыратар жақсы сөздері мен ыстық ықыласты ойларын аямай-ақ келтіре біліпті. Бірақ сол сөздер мен келелі ойларының бәрінен басым түсіп жатқан бір пікірді ұлтқа бөлінбейтін ұлылардың санатына жататын Сергей Владимирович Михалков айтыпты. Бала жасымыздан құныға оқып келе жатқан суреткер былай депті: «Мен қазақтармен құдамын. Бұл – бір. Екінші – Нұрсұлтан Әбішұлын жақсы көремін. Ол данышпан. Құдай өзі қалаған саясаткер. Назарбаевтай Президенті бар ел – бақытты». Орыс тура айтатын халық және бұл сөзді өзіміздің емес, басқа елдің – Ресейдің орысы айтып отыр. Ал өз елінде ешкімге көп илікпейтін қайсар коммунист, мемлекет қайраткері Геннадий Зюганов: «Назарбаев – кемел ойлы кемеңгер, – деп ағынан жарыла келіп, – ол алдына қиын асу, ұлы міндеттер қойып, соны жүзеге асыра алатын аса талантты саясаткер» – деп бағалапты. Ресей коммунистерінің жетекшісі, Мемлекеттік Думаның депутаты азуы алты қарыс Г.Зюгановқа бұл сөзді ешкім зорлап айтқызбаған болар.
Жоғарыда біз үзінді келтірген «Елдік туы берік қолда» деп аталатын сөзінде Мырзатай Жолдасбеков бауырымыз құлап бара жатқан туды Президенттің бір қолымен қағып алғанын бір жағынан сүйсіне, екінші жағынан таңырқай әңгімелейді. «Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес», деп түйін жасайды.
Расында да, бұл жай адамның ісі емес еді. Өйткені, Елбасымыздың өзі жай адам емес қой. Жай адам, тегін адам қазіргідей күрделі кезеңде жиырма жыл бойы үздіксіз ел басқара алмайды. 1991 жылдың желтоқсан айын – алғашқы бүкіл- халықтық сайлаудан кейін Президентіміздің халыққа адалдығы туралы ант беріп, билікке кіріскен сәттегі жағдайды еске түсіріп көрейікші. Ол кезде елімізді қаумалаған көп сұрақ, шешімін күткен күрделі проблемалар жан-жақтан андыздап, сары масадай буып тұр еді. «Бізді, бірінші кезекте, халықты қайтсек тамақтандырамыз деген мәселелер толғандырды, деп атап көрсетті Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу салтанатында 2011 жылғы 8 сәуірде сөйлеген сөзінде. – Өндірістің құлдырауын, инфляцияны қалай тоқтату керек? Адамдарға еңбекақы мен зейнетақыны уақтылы төлеу үшін ақшаны қайдан табу керек? Өз жерімізді қауіп-қатерлер мен сынақтарға толы күрделі әлемде қалай сақтаймыз? Бізде не өзіміздің валютамыз, не стратегиялық қорларымыз, не өзіміздің жалаңаш қалған шекараларымызды қорғайтын әскеріміз болған жоқ».
Содан бері бар-жоғы 20 жылға толар-толмас қана уақыт өтті. Қазір осы мәселелердің шешілмей қалғаны бар ма? Жоқ! Соның бәрін жан сыздатып, қан төкпей тып-тыныш бейбіт жолмен шешіп берген кім? Әрине, арда азамат, кемел басшымыз Н.Ә.Назарбаев деп білеміз. Ендеше, ондай басшы қалайша жай адам болады? Н.Ә.Назарбаев Елбасы болғаннан бергі бар-жоғы 20 жылдың ішінде орындалған қисапсыз көп міндеттер, шешімін тапқан сан тарау күрделі де қиын проблемалар жай адамның ісі деп қалай айтарсың. Бұл жоғарыда есімі аталған Сергей Михалков айтқандай, «Құдай өзі қалаған саясаткердің» ісі. Ендеше, Н.Ә.Назарбаев біздің қазақ елінің бағы үшін құдай өзі ерекше қылып жаратқан ерекше тұлға. Ондай ерекше туған тұлғалар уақыт үнін өзгеден бұрын естіп, заман ағымын басқадан бұрын аңғарып, сезіп отырады. Ондай ерекше жаратылған жандар мына тылсым дүние кеңістігінің әрбір лүпілін, тамыр соғысын өз жүрегінің лүпіліндей, өз тамырының соғысындай біліп, өзіне ғана тән өзгеше бір түйсікпен түсіне алады. Мырзатай Жолдасбеков бауырымыз айтқандай, сахна төрінде, ту сыртында тұрған Тудың құлап бара жатқанын ерекше жаратылған Елбасымыз, міне, өзіне ғана тән сондай бір өзгеше түйсік, түсінікпен біле қойғанына кім таласар! Ол Тудың қисайып бара жатқанын өзі көріп тұрмаса да ол бүкіл жан-дүниесімен, болмыс-бітімімен сезіп құлатпай ұстап қалып қайта көтерді. Баяғыда өткен ата-бабаларымыз ел бастап, ту ұстаған байрақты батыр ұлдарына «Туың еңкеймесін, туың жығылмасын!» деп бата береді екен. Туымызды қайта тіктеп, аспанымызда асқақ желбірете ұстап келе жатқан кемел басшымыздың Н.Ә.Назарбаев екеніне кім таласар!
Осыдан көп жыл бұрын болған бір оқиға еске түседі. Ол кезде көрші Ресей елінің үкіметін былтыр ғана қайтыс болған көрнекті мемлекет қайраткері Виктор Степанович Черномырдин басқаратын. Сол Черномырдин бірде бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту (қазір Уәлиханов) ауданы арқылы көрші Омбы қаласына өтіп бара жатыпты. Күзгі уақыт болса керек. Құрметті мейманды Көкшетау жерінде қарсы алған Қазақстан елінің басшысы Н.Ә.Назарбаев оған тікелей егін басында – дала қосында қонақасы ұйымдастыртады. Ол жылдары Қызылтуда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Қазыбек Асқаров деген азамат істеуші еді. Қазір ол Көкшетау қаласында тұрады, зейнеткер. Бұл әңгімені сол қонақасының ішінде болған Қазыбек Асқаровтың өзінен естіген едім. Сөйтіп, қонаққа қой сойылады. Бас, әрине, алыстан келген В.С. Черномырдинге тартылады. Орынбор жерінен шыққан В.С.Черномырдин қазақ дәстүрін аз да болса біледі екен. Бастың құйқасынан кесіп жеп, ауыз тигеннен кейін: «Осы елдің иесі болғандықтан, ендігісін өзіңіз реттеңіз», деп басты Нұрекеңе береді. Сонда Н.Ә.Назарбаев бастың екі көзін ұқыптап ойып алып, екеуін де В.С.Черномырдинге ұсынады. Виктор Степанович мұның мәнісіне онша түсіне алмаса да көп сыр білдірмей: «Қазақ ағайын әдетте құрметті қонаққа бастың бір көзін ғана береді деуші еді ғой?» деп қарсы сұрақ тастайды. Нұрекеңе керегінің өзі осы болса керек: «Солай екені – солай. Бірақ мен Ресей сияқты алып көрші мемлекет Қазақстанға алдағы уақытта да қиғаш қарамай, екі көзімен оң қарасын деген игі ниетпен ұсынып отырмын», деп іле жауап беріпті. Сонда В.С.Черномырдин құшырлана алақан соғып: «Бұл алысқа баратын, алыс алдағыны ойлап отыратын басшының сөзі ғой!», деп сүйсіне риза болған екен дейді.
Содан бері талай су ағып, талай-талай өзгеріс болды. Бірақ Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ресеймен тату көршілік қатынас жөніндегі көзқарасы, берік ұстанымы ешқашан өзгерген жоқ. Ресей бізге оң көзімен қараса, біздің еліміз де оған оң көзімен дұрыс қарап келеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (сол кезде әрі Сыртқы істер министрі) Қанат Саудабаев 2011 жылғы 8 сәуір күні «Российская газетаға» берген сұхбатында «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы тең құқықты, шынайы әріптестер мен одақтастардың құрметті және өзара тиімді қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады, – деп атап көрсеткен еді. – Бүгінде біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз мыңдаған берік желімен байланған. Және мұндай бекем, уақыт сынынан өткен әріптестіктің негізі Назарбаевтың Ресей мемлекеті басшылығымен шынайы, өзара сенімге құрылған қарым-қатынасында жатыр деуіміз керек».
Қай көрші елмен болса да, әсіресе ұлы көршілеріміз Қытаймен, Ресеймен жақсы достық қарым-қатынас жасау қазақтың ұлы тұлғаларының бәрінің де көкейкесті мұраты болған. Бұл өзі Абылай ханнан басталып үрдіске айналған сара жол емес пе еді! Ел болашағын ойлаған қайраткер ең әуелі көршісін сайлайды, тату көршіліктің соны тетіктерін іздестіреді. Сол тетіктердің табылуы және сақталуы көршіні қойып, жатты да жақын қылып жібереді. Жақын көршінің басына түскен іс өз басына түскендей қиналатын көрші болады. Ондай көрші қиналып қана қоймай, сол қиналыстан шығудың да жолын бірге іздестіріп, бәйек болады. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ болатынын бірден бағамдап, адастырмас ақ жолды тауып береді және сол жолға салып жібереді. Кешегі өрши түсіп басылған Қырғызстандағы жағдай біздің Нұрсұлтан Әбішұлы болмаса қайтер еді. Н.Ә. Назарбаевтың айбары, ағайынға жеткен аталы сөзі қырғыз бауырларымызды бірден сабасына түсіріп, ақылға келтірді емес пе! Бұл ненің арқасы? Нұрекеңнің жасампаздық қасиетінің арқасы. Сол жасампаздық қасиет бұл күнде жаһан таныған жасампаздыққа айналып отыр. Оны бүкіл әлем Қазақ елінің жасампаздығы деп мойындайды.
Халқымыздың біртуар ұлы Ыбырай Алтынсариннің «Сәуірде көтерілер рахмет туы» деген бір тамаша сөзі бар. Биылғы сәуір айында шынында да рахмет туы көтерілгендей болды. Сәуір айының алғашқы күндерінде Қазақстан Республикасы Президентінің өз қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Сол салтанатты сәтте Елбасымыз: «Елімді төрткүл дүниеде терезесі тең еңселі жұртқа, абыройы асқан айбынды елге айналдыру – менің өмірлік өршіл мұратым», – деп елжірей сөйлеп, ақ жүректен ақтарыла айтқан еді. Бұл жай сөз емес, тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде шыққан биігімізді бағалай отырып айтылған салмақты ой, келер күніміздің сымбатты суреті, шын келбеті деп білуіміз керек. Бір ғана мысал: жан басына шаққандағы жалпы өнімнің көлемі тәуелсіздігіміздің бастапқы кезінде 700 доллар ғана болса, қазіргі күндері 9 мың АҚШ долларынан асып түсіпті. Жалпы өнім дегеніміз мемлекеттің ішмайы, күш-қуаты. Ал күш-қуаты мол мемлекеттің басқа елдермен терезесі тең болып, еңсесі биіктеп, абыройы асып тұрады.
Жатса-тұрса елім деп, елімнің мерейі үшін, елімнің мәртебе-абыройы үшін деп бәйек болып, көп мүддесін ғана ойлауды өмірінің өршіл мұратына айналдырған тау тұлғалы арда азаматымыздың ел алдындағы, бүкіл әлем алдындағы абырой-беделінің ақбас Алатаудай асқақтап бара жатқанын көріп-сезінудің өзі зор қуаныш, шын бақыт емес пе!
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ, еңбек ардагері.
Алматы.