Көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек АСҚАРОВТЫҢ шығармашылығы – қазіргі қазақ әдебиетінің қымбат қазынасы, ұлттық сөз өнеріндегі үздік үлгілердің бірі. «Фолиант» баспасынан жаңа ғана жарық көрген «Алтай жыршысы» атты жинақ осы ойды оқырман санасына орнықтыра түседі.
Кітап жөнінде оның құрастырушысы Қуат БОРАШ былай дейді:
Мұзарт шыңдары мыңжылдықтарда мұқалмай, жүзжылдықтардың жүрек лүпілін үзбей тыңдап келе жатқан Өр Алтай талай-талай тарланды дүниеге әкелгені жұртшылыққа жақсы мәлім. Сондықтан Алтайдың тұлғасы қаншалықты асқақ болса, құрсағы да соншалықты құтты.
Арғысын айтпағанның өзінде, күні кеше қазақ әдебиетіне Қ.Ысқақ пен О.Бөкейдей қарымды қаламгерлерді берген асқарлы Алтай еді. Сол Алтай алаш жұртына еш тарылмастан Әлібек Асқаровтай қанына сия тамған тамаша сөз шеберін де тарту етті. Мұндай құбылысқа қуанасың да, марқаясың да.
Әлібек Асқаров – бүгінде әдебиетіміздің көрнекті өкілі, сырбаз да сыршыл жазушы, белгілі қоғам қайраткері. Ол шығармашылығының шыңында тыныстап, тұманың тұнығындай кәусар туындыларымен оқырманының рухани шөлін қандырып келе жатқан дарынды қаламгерлер қатарынан.
Алтайын Алатаумен қауыштырсам деген ізгі ниетпен ару Алматыда шығармашылық жолын бастаған қалам иесі бүгінгі Өр Алтайдай өз биігін сомдайтынын сезбеген де шығар деп ойлайсың. Осы күнгі тұтастай «Әлібектің әлемін» жасау жолында ол қаншама тер төкті, аянбай еңбек етті десеңші?! Сол еңбегі оған төл әдебиетімізге соны тәсіл, тың өрнек әкелдірді, өзіне ғана тән қайталанбас жазу стилін орнықтырды.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бүгінде оннан астам кітаптың авторы Ә.Асқаровтың шығармашылығы туралы қазақтың нелер бір аузы дуалы жақсылары мен жайсаңдары пікір білдіріпті. Олардың ішінде көркем тілдің абыздары, ақын-жазушылар Қ.Мырзалиев, Ш.Мұртаза, Г.Бельгер, М.Әлімбаев, әдебиет зерттеуші академиктер мен ғылым докторлары С.Қирабаев, Ш. Елеукенов, Б.Кәрібаева, Қ.Әбдезұлы, Ж.Әскебекқызы, академик-философтар Ә.Нысанбаев пен Ғ.Есім, тарихшы Б.Аяған сынды соқталы тұлғалар бар. Бәрі де көлемді мақалалар жазыпты, монографиялық зерттеулеріне арқау етіпті. Жазушы шығармалары жөнінде тұшымды ой, жақсы пікір білдіріпті. Жазушы еңбектерінің көркемдік әрі мазмұндық құндылықтарына бәрі де жоғары баға беріп, ортақ пайым жасапты.
Мұндай зор бағаға ие болу – қолына қалам ұстаған әрбір қаламгердің арманы, маңдайына бұйырған сирек бақыт дер едік.
«Алтай жыршысы» атты жинаққа аға ұрпақтың осындай айтулы өкілдерінен бастап, соңғы кезде сөз өнерінде сөреден көрініп жүрген жас буын ғалымдар мен қаламгерлердің Әлібек Асқаровтың шығармашылығы туралы жазған зерттеу еңбектері, мақалалары мен өлеңдері, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым оқырман жұртшылықтың жылы лебіздері топтастырылды.
Жинақты құрастыруда қаламгер туындыларын іздеп оқитын әдебиетсүйер қауымға автордың азаматтық болмысы мен шығармашылық әлеуетін көшелі ой иелерінің жеке көзқарасы мен пікір-байламдары арқылы таныстыруды мақсат еттік. Сондай-ақ, бұл кітап қазіргі қазақ әдебиетінің тынысын тыңдап, тамыр соғысын бағамдап жүрген жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістері үшін де қажет құралға айналады деген ойдамыз.
Бұл орайда кітапты парақтар алдында оның шығармаларына қатысты парықты ойлардың бір парасына тоқталып өтсек артық бола қоймас.
Мәселен, Ә.Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы жайында заңғар жазушыларымыздың бірі Шерхан Мұртаза: «Лев Толстойдың «Қажымұратындағы» соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай ауылдың жаны сірі, тамыры тереңде, соны көркем әдебиеттен көрем деген кісі осы кітапты оқысын», деп оқырманға бағыт сілтейді. Академик Серік Қирабаев: «Бұл – бір ғажайып лирикалық хикая, жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, адамның сезімін, ойын тереңнен қозғап, құйылып тұрған сыр» екенін бүкпесіз жеткізеді. Ал айтулы ғалым, қазақ зиялысының білімдары Шериаздан Елеукенов: «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» – тәуелсіздік кезеңі әдебиетінің шұғылалы шығармасы» – деген салиқалы сараптама жасайды.
Әлібек Асқаров тақырыпты игерудегі шеберлігі мен оқиғаны өрбітудегі тың өрнегі арқылы кейінгі жастардың да рухани сұранысының кілтін тапқанын айта кету керек. Айталық, жас әдебиет зерттеушісі Айгүл Сейілова: «Тәуелсіздік қолға тиіп, қоғамдық қатынастар алмасқаннан кейін әдебиетшілер «алданған ұрпақ, адасқан ұрпақ» жайында жиі-жиі айтып жүрді. Бірақ ол мәселеге бел шешіп кіріскен де, жазған да қаламгер жоқ болды. Осы тұрғыдан келгенде жазушы Әлібек Асқаров өткен дәуірдің қалтарысты сәттерін ашып көрсеткен «Социализм хикаяты» повесі – тұтас ұрпақты алдаған, адастырған Кім деген нақты сұраққа жауап іздеуімен тың дүние», деген тоқтамға келеді.
Міне, осылайша жазушы шығармалары қос буынның рухани тоқайласуына жол салып, үндестіктің үзілмейтін жібек жібін жалғауымен де құнды дер едік.
Сөз соңында кітаптағы екі пікірді қоса келтіре кеткім бар. Оның бірі Әлібек Асқаровты азамат ретінде, екіншісі қаламгер ретінде танытуға арналған.
_________________
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының депутаты, мемлекет қайраткері.
ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ АЗАМАТ
Әлібек Асқаровтың бір кереметі, өзі не нәрсеге болса да білуге құштар боп, әрдайым ізденісте жүреді. Содан кейін не айтса да біліп айтады, не жазса да біліп жазады. Өзі біліп, көңілге түймеген дүниеге ешқашан жуымайды. Сонымен бірге, Әлібектің тағы бір ғажабы – өте жауапкершілігі жоғары адам. Әлібекке айтқан шаруаң аяқсыз қалмайды, уәде етілген дүние ұмытылып кетпейді.
Былайша айтқанда, Әлекең – ішкі жауапкершілігі өте жоғары азамат.
Замандас, қаламдас ініміз туралы одан әрі айтар болсақ, Әлібек – мінезге бай жігіт. Әлібек Асқаров сияқты жігіттерді қазына деп есептеуіміз керек. Ол кім көрінгенмен тіл табыса берудің жолын іздемейді. Ол өзінің мінезімен әр түрлі характерлі адамдармен де, әр түрлі қарама-қайшылықты жүрген адамдармен де сөйлесуге қабілеті жетеді.
Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы Әлібектей таза, Әлібектей жауапкершілікті, Әлібектей өзін-өзі міндеттеуші және бастаған нәрсесін аяғына дейін жеткізетін тиянақты жігіттер болса, көп нәрседе алға қарай дамып отырар едік деп ойлаймын.
* * *
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, филология ғылымдарының докторы.
САФАРИ ЖАНРЫНЫҢ ІЗАШАРЫ
Әдебиетте не көп, қиындық көп. Оған келу қиын, орнығып қалу одан қиын, ойып орын алу одан да қиын.
Ал әдебиетте белгілі бір бағыттың басында тұру, сол бағытты арнаға айналдыру, жанр ретінде тұрақтандыру тіпті қиямет-қайым.
Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жүктелді, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырды.
Қазақтың кәдімгі «сапар» сөзімен астасып жатқан, арабтың «сафарынан» шыққан бұл ұғым бүгінде бүкіл әлемде жаңа әдебиет өмірге алып келген соны жанр күйінде, тың термин түрінде қабылданған. Э.Хемингуэй, X.Маккой, Дж.Адамсон, т.б. қаламгерлердің тұнып тұрған таза да тағы табиғаттың қойнау-қойнауына тікелей өзі барып, бәрін өз көзімен көріп, өз таным-түйсігімен ақ қағаздың бетіне төгілдіріп түсірген тамаша жазбаларынан кейін осы жаңа жанрға алдымен қалам тартқан Ә.Асқаровтың «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай» сынды дүниелері жыл өткен сайын Табиғат-анамыздан алыстатып, жанымызды жүдетіп бара жатқан мына жаһандану дәуірінде айрықша аяулы.
Бұл туындылар қазақ қаламгерлерінің өмірді танып-білуі әлемдік сөз өнері өкілдерінің үйренерлік үздік үлгілері арнасында дамуға ауысқанының айшықты айғағы ретінде де қымбат.