09 Шілде, 2011

Қайнарбұлақ қасиеті

619 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Өткен жылы Астанадағы Жам­был Жабаев атындағы №4 мектеп гимназияға осыдан 50 жыл бұрын оқыған түлектері жиналған бола­тын. «Тойдың болғанынан бола­ды­сы қызық» демекші, бұл кездесу жайлы хабар құлаққа тиген­нен-ақ гимназия шәкірттерінен маза кеткен. Өйтетін де жөні бар, ең алдымен мектепті осыдан 50 жыл бұрын бітірген түлектер күнде жиналып жатқан жоқ. Сон­дықтан да оқу орнының ішкі-сырт­қы тазалығымен қоса, мектептің бү­гінгі эстафетасының тамаша жетістіктерге жеткен жастардың қо­лын­да екенін аңғартуға тырыс­қан оқушылар бұл күнді лайықты қар­сы алуға жан-жақты дайын­дық­пен келді. Міне, бұл кездесу балалардың ойлағанынан да асып түсті. Бас­тапқыда бір-бірімен құшақ айқас­тыра қауышып, мәре-сәре болған ересек адамдарға бұлар таңдана қараған. Әйтсе де қызықтың көкесі алда екен, сол кісілердің арасынан балалар химия пәнінің мұғалімі Дәмеш Өмірбекқызын көргенде, тіпті ауыздары аңқи­ды да қалды. Дәмеш апайдың осы мектепте оқығаны өз алдына, ол кісінің өмір бойы бір жерде, осы мектепте табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқанын балалар тіпті білмейді екен. Әрине, Дәмеш апайларының ойында түк жоқ, қасындағы «өз сыныптас­тары­мен» бұларды таныстыра бастады. – Міне, мына балалар менің шәкірттерім, – деді ол – шетінен жақсы оқитын оқушылар. Жуыр­да біз «Мектеп жұлдыз­дары» фестивалін өткізгенбіз. Сонда 72 оқу­шы спорт саңлағы, 55 оқушы білім саңлағы, 67 оқушы өнер саң­лағы аталған болатын. Мына тұр­ған балалардың біразы сол саң­лақтар. Бұл жарыс тек оқушылар­дың ғана емес, осындағы жас ұстаздардың да еңбегін сарапқа салуға мүмкіндік берді. Айталық, осы фестивальде «Мектеп жана­шыры» номинациясы бойынша 20 ұстаз, ал «Олимп шыңдарына жетелеу» номинациясы бойынша 3 мұғалім жеңімпаз атанды. Ал мұндай фестивальді өткізудегі мақ­сат, «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп Абай атамыз айтқандай, балалар да, жас ұстаздар да бір-біріне қарап тартылады. Ой түзейді, бой тү­зей­ді. Бұл шара сонысымен құн­ды. Сондықтан да біздің ұжым соңғы жылдары осындай шара өт­кізуді дәстүрге айналдыра баста­ды. Осы сөзді айтқанда Дәмеш апайдың жүзінен мақтаныш лебі ескен. Әрине, оны балалар да ай­қын сезінді. Апайдың өз еңбегің­нің жемісін тату – ең үлкен бақыт деген сөзінің мәнін олар енді түсінгендей болды. Балалардың өзін ықыласпен тыңдап тұрғанын Дәмеш апай да байқаған тәрізді. Бұларың енді дұрыс дегендей, шәкірттеріне мейірлене қарап қояды. Кездесуге келген аталар мен әжелердің әңгімесі де тартымды болды. Бүгінгі шәкірттер олардың сөздерінен мол мағлұмат алды. Әрине, 100 жылға таяу тарихы бар мектепте оқимыз деп өздері мақтан ететін білім ордасының кезінде Ақмола қаласында қазақ тілінде оқытатын бірден-бір оқу орны болғанын бұлар бұрыннан-ақ білетін. Алайда білмейтіндері де аз емес екен. Жалпы, балалар ғана емес, бү­гінде тәуелсіз елдің астана­сында өмір сүріп жатқан жұртшы­лық­тың да бұл жайларды біле бермейтіні ақиқат. Сондықтан да осынау байырғы мектеп тарихына аз-кем тоқтала кетудің еш артық­тығы жоқ сияқты десек, 1907 жылы бұл мектеп мешіт жанынан медіресе ретінде ашылып, онда шәкірттерге молдалар сабақ берген екен. Алайда екі жылдан кейін Ғалымжан Құрмашев дейтін азаматтың келуіне орай бұл мектеп балалардың нағыз білім ала­тын ошағына айналған көрінеді. Оқу бағдарламасына арифметика, жаратылыстану, ана тілі сабақтарын енгізген Ғ.Құрмашев сөйтіп, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллинмен бірге аймақтағы халық ағарту ісін дамытуға зор үлес қосыпты. Ол білім ордасын 1939 жылға дейін басқарған көрінеді. Бір кездегі медреседен мектепке айналған білім ошағын он жеті жыл бойы басқарған Рабиға Ғұмарова жайлы да ілтипатпен еске алуға болады. Одан кейінгі жылдары Ақмоладағы жалғыз қазақ мектебінің материалдық-техникалық базасын жаңартуда, оның беделін көтеруде өткен ға­сыр­дың 80-90-жылдар аралы­ғында директор болған Жұмабике Әрпенова да көп еңбек сіңірген екен. Ол сол қиын жылдардың өзінде бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жаңадан 700 орынды үш қабатты мектеп ғимаратын салуға қол жеткізіпті. Ал тәуелсіздікпен бірге мек­теп­тің жаңа тынысы ашылды деуге болады. Қазір бұл орда гимназия дәрежесін иеленген, білім сапасы бойынша «Ең үздік мектеп» атағын алған білім ұясы. Онда бүгінде 130 ұстаз 1700-ден астам балаға білім мен тәрбие беретінін де айта кеткен жөн. Өз тарихы бар қасиетті қарашаңы­раққа 1999 жылы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев әдейілеп ат ба­сын бұрып, оның тыныс-тіршілігімен танысыпты. Оқу орнында мектеп тарихы мұражайы, Абайтану зертханасы сияқты бірқатар игілікті істер бұрынғы мектеп директоры Гамил Шаймерденовтің кезінде жү­зе­ге асқан болса, оқу орнының бүгінгі директоры Базаркүл Сыз­дықова оны лайықты жалғас­ты­рып жатқан көрінеді. Базаркүл Сыздықованың айтуынша, бүгін­де білім ұясында қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі мен математика пәндері тереңдетіліп оқы­ты­лады. Сондықтан да мектеп жоспарына «Абайтану», «Өлке­тану», «Астанатану», «Қазақстан Республикасының сыртқы сая­саты» сияқты авторлық бағдар­ла­малар да енгізілген. Соңғы үш жылда осы орданың 15 түлегі «Алтын белгі» иегері атанса, 7 түлегі «Үздік үлгідегі» аттестатқа ие болыпты. Сондай-ақ, мектеп шәкірттерінің халық­аралық, республикалық, қалалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргенін, ұстаздарының сол шәкірттерге білім беруде бар күш-жігерін сарқа еңбектенетінін де айтуымыз керек. Тағы бір айта кететін жәйт, биылғы ҰБТ-да мектеп тағы да жоғары көрсеткішке жетіпті. Яғни, орташа көрсеткіш 92,3 балл болса, 26 оқушы 100-ден жоғары балл жинапты. Мектептегі таңдаулы ұстаздар­дың бірі Айгүл Оңдағанқызының айтуынша, биылғы жылы Оңтүс­тік Кореядағы Вусонг мемлекеттік университетінің Солбридж халықаралық бизнес мектебінде өткен жас ғалымдар конферен­циясына қатысқан бір топ шәкірт­тер табысты оралыпты. Ғылыми сайыстың шарты бойынша оқу­шылар ғылыми жоба жазып, оны ағылшын тілінде қорғауы керек екен. Өйткені, жоғары мектептегі оқу осы тілде жүретін көрінеді. – Міне, бұл елде де мектеп-гимназияның оқушылары тілге де, басқа ғылым түрлеріне де жетіктігін көрсетті. География пәні бойынша 10 «а» сынып оқу­шысы Алма Қожан және 11 «в» сынып оқушысы Мұхтар Ақ­төре, эконо­мика пәні бойынша 11 сы­нып оқу­шылары Айгерім Санды­баева мен Гүлдана Мұхамед­жан­ова­ елге 1-орын алып оралды. Халық­аралық ғылыми жоба бо­йынша бұл мек­тептің оқушылары Венгрия, Чехия, Греция, Франция, Ресей мемлекеттерінде өткен сайыс­тарға да қатысып, үздік нәтиже көрсеткен болатын, – дейді ол. Біз 10 «а» сыныптың жетекшісі, оқу ісінің меңгерушісі Айгүл Қашаевадан өзі жайлы да әңгі­мелеуін өтінгенбіз. Алайда ол өзі туралы айтуға тым сараң болып шықты. Бар айтқаны, бұл мектепте жұмыс істегеніне он жылдан асқандығы, өзінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екендігі ғана. Алайда Айгүл Оңдағанқызы әріптестеріне келгенде жазылып сала берді. – Біздің мектепте он-он бес жас мұғалім бар. Оларға тәжі­рибелі ұстаздар тәлімгер болып өз тәжірибелерімен бөліседі. Со­ның арқасында жас мұғалімдер тез ширайды. Жалпы, тәжірибелі ұстаздардың жастарға білім мен тәрбие беру ісіне қосып жатқан үлесі аз емес. Бұл орайда география пәнінің мұғалімі Роза Бе­кеева­ның шәкірттерінің ғылыми жобалар бойынша қалалық, рес­публикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп келе жат­қанын айтуға болады. Сондай-ақ Дәмеш Өмірбекқызының бір оқу­шысы биыл химия пәні бойынша Лондон қаласындағы оқу орны­ның грантын ұтып алса, басқа шәкірттері де жүлде алудан кенде емес. Біздің мектепте жас жеткін­шек­тердің рухани жан әлемін ба­йытуға да баса көңіл бөлінеді десем, Қуаныш Сұлтанов, Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан сияқ­ты азаматтармен өткен кез­десулердің текке кетпегені анық. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек және т.б. ағаларымыз айтқан әңгімелер де оқушыларымызға үлкен ой салды деп білемін, – деген Айгүл Оң­дағанқызы одан әрі мектептегі Сейітқали Жақияұлы деген тәжі­рибелі ұстаздың ер балалар тәр­бие­сін қолға алып, «Бозбала» ат­ты клуб ұйымдастырғанын, соған орай «Нұр Отан» ХДП-ның Жас Отан жастар қанатымен ұдайы байланыс жасап отыратынын әң­гі­мелеп кетті. Оның айтуынша, бүгінгі күні жастар арасында жиі орын алып отырған суицидке бай­ланысты да мектепке мешіт қыз­меткерлері келіп, жастар арасын­да уағыз айтып, түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізсе, Дәмеш Өмірбек­қызы жүргізетін «Қызғалдақ» клубы қыз балаларға жеке бас тазалығынан бастап, ұсынақты киіну, ас әзір­леуге дейінгі жәйт­терді әңгіме ар­қауына айнал­ды­рады екен. – Бүгінде мектеп мақтаны­шына айналған түлектер жөнінде не айтар едіңіз? – дедік біз оған. Ол бұл сұраққа да мүдіріп тұрмады. – Ондай жастарымыз аз емес. Дегенмен, олардың бірқатарын атай кетсем, артық болмас. Бұл орайда сырт жұртта оқып қайт­қан талантты түлектеріміз Әсем­гүл Жұмағұлова (Түркия), Әсел Абдрахманова (Германия), Дәу­рен Омаров, Айнұр Құр­метбек, А­й­нұр Исмайлова (Қы­тай), Нұр­лан Абдрасилов (Чехия) сынды жас­тардың бүгінде әр салада ең­бек етіп, қоғам дамуына өзін­дік үлес­терін қосып жүр­ге­нін біз орынды мақтан етеміз, – деді ол тағы да. Әрине, ұжымның береке-бірлігі біраз жағдайда оның басшы­сына байланысты десек, мектеп­тің бүгінгі басшысы Базаркүл Сағындыққызының да мектептегі білім мен тәрбие сапасының мейлінше арта түсуіне зор үлес қо­сып жатқанына білім ордасының жоғарыда айтқан жетістіктері то­лық дәлел болса керек. Иә, бүгін­де тәуелсіз қазақ елінің елорда­сында қазақ мектептерінің қатары аз емес. Әйтсе де Ақмола қала­сын­дағы қазақтар он пайыздан сәл-пәл асатын кезеңде, тәуел­сіздік алмай тұрған тұста қазақ балаларына өз тілінде білім берген, өз қайнар бұлағының қасие­тін сездірген қарашаңырақтың жөні әрқашан да бөлек боп қала бермек. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.