09 Шілде, 2011

Бірінші

526 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Осы бір сурет қолыма түскелі дегбірім кетті. Әрине, «поехали» деп әлемде тұңғыш рет Қа­зақстан жерінен ғарышқа ұшқан Ю.А.Га­га­­ринді кім білмейді! Ол мыңдаған, миллиондаған бала­лардың арманын оятқан ғарышкер. Бүгінде шетелдің кейбір сәуегейшіл журналистері «Гагарин космосқа ұшқан жоқ. Сондықтан да ол ішқұса болып, ішімдікке салынып, ақыры апаттан опат болды», – деп ғаламторда байбалам салуда. Тарихқа күйе жағуға болмайды. Осы ретте батыр Бауыржанның мына бір сөзі еске түседі. Сұрақ: Батыр Бауке, өмірде шындық бар ма? Жауап: Бар. Бірақ шындық кешігіп жүреді. Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік пен өсек алдыңды өртеп жібереді. Ғажайып жауап емес пе? Өмірде не бол­майды? Қай заманда да шындық кешігіп жүреді. Бірақ заман мен уақыт бәрін орны-орнына қояды. Бүгінде солай. Біз бірден өткенді мансұқтап едік, енді қажетті шындықты аршып ала бастадық. Қай қоғамдық формацияны алсақ та, ең әуелі тарихты Адам арқы­лы тану қажеттігін мойындайтын бол­дық. Алыстағы тарихи тұлғалар туралы тебі­ренбей-ақ, кешеден бүгінге келген замандастары­мыз туралы ой толғап кө­релікші! Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевты ала­йық. Ол коммунистік жүйенің түлегі, от көседі, болат балқытты. Ком­сомолдық жолдамамен сон-ау Днепродзержинскіде кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Ол болашаққа сенді. Сондықтан да жұмысшы маман­дығының мәртебесін көтеріп, өзінің рухани тартылыс күшін жеңді. Болат осылай шыңдалды. Юрий Гагарин де қарапайым отбасының ұлы. Аэроклубтан № 1 космонавтық дәрежеге жеткен ұшқыш. ...1962 жыл. Мәскеу. Комсомолдың ХІV съезі. Қазақстаннан осы съезге 185 делегат сайланған. Әрине, бұл тарихи дерек. Оған жүзден жүйрік жастар жетекшілері сайланатын. Осылай ғасыр­лар то­ғысында ол адамдар өткен тарихтың жыл­нама­сына айналды да, уақыт керуені кері зымырады. Рас, қоғам да келмеске кетті. Бірақ сол кезеңде өмір сүрген адамдар туралы біз не білеміз? Білгіміз келе ме? Мың сұрақ, мың сауал. ...Қазақстаннан ғарышқа ұшқан Стрекалов мырзамен дастарқандас болғанмын. Сонда Кеңес Одағының батыры, ұшқыш-космонавт Стрекалов мырза бір әңгіме айтып еді. Оның куәсі, Қазақстан жастарының жетекшісі, қоғам һәм мемлекет қайраткері – Серік Әбдірахманов. Мәскеу­дегі – «Ресей» қонақ үйі. Сонда Стрекалов айтқан әңгіме: «Біз Кеңес Одағының Батыры, сынақшы ұшқыш, жалғыз көзді Анохин деген азаматты пір тұтатынбыз. Ол комсомолдың, партияның дау­рық­па жиналыстарына көп шақырылатын адам­дардың бірі еді. Ол «жасанды көзім үшін құдайға мінәжат етемін. Өйткені, сау көзімді ала­қаныммен жауып, қалғып-мүлгіп алатынмын. Ал қалың жұрт оны байқай бермейтін, өйткені жасанды көзім бақырайып ашық тұратын еді»... Сол Анохиннің Гагаринге былай дегені бар. «Юра, сен жердің тартылыс күшін жеңдің ғой, енді даңқтың күшін жеңе алар ма екенсің?» Иә, қалай болғанда бірінші болу оңай емес. Оның ауыртпалығы да, жауапкершілігі де сонда. Қаншама мықтылар даңқ салмағын көтере алмай, өмірін өкінішпен аяқтады. Бәрі бір Аллаға аян! Сонымен, қазақ радиожурналистикасының көр­некті өкілі, қазақ радиосында тұңғыш рет «Тәулік тынысы» ақпараттық бағдарламасын тікелей эфирге алып шыққан журналист-жеңгем Руслана Құдай­бергенова телефон соқты. – Сен Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы кітап шығарып қана қоймай, сарабдал сараптама мақала да жазып жүрген адамсың ғой. Қолыма бір сурет түсті. Мұны комсомолдың ХІV съезінің делегаты, «Локомотив» депосының белгілі машинисі болған, марқұм Р. Досымов деген отбасының үйінен алып, жіберіп отырмын. Мұнда Ю. Гагарин Қазақстан делегациясымен бірге суретке түсіпті. Қасында кім тұр дейсің ғой, таңғалма, Нұрекең, Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Суретті алған соң, әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың отты жана­рына ерекше назар аудардым. Екеуі де топ жарып тұр. Әрине, бірінші қатарда – Ю.Гагарин. Бір адамнан соң Н.Назарбаев. Екеуінің де жымиған күлкілері бірден көз тартады. Олар танысып, сөйлесіп үлгерді ме? Суреттегі қалың топ кімдер? Олардың тағдырлары ұлт тарихымен қалай астасты. Журналист ретінде суреттегі адамдар тағдыры туралы толғаныс пен талғам осылай мақалаға жол салды. – ...Ол съезге Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен 6 мыңнан астам еңбек, өндіріс, ғылым мен техника, өнер, комсомол жетекшілерінен тұратын қыз-жігіт қатысқан. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар. Солардың бірі – теміртаулық Нұрсұлтан Назарбаев еді. Нұрсұлтан металлург болатын. Сергек те сезімтал, нық сөйлеп, нық жүретін жас жұмыс­шының ерекше бір қасиеті бар. Оның қасына бәрі үйіріліп тұрар-ды. Жалтақтау мен жалбақтауды білмейтін мінезі әу бастан-ақ танылған. Осы орайда, сол кездегі Қазақстан комсомолы Орта­лық комитетінің хатшысы, қазақ рухания­тының ірі тұлғасына айналған Өзбекәлі Жәнібеков марқұмның естелігіне жүгінелік. «...Съезге (комсомолдың – У.Қ.) қатысатын Қазақстан делега­циясын Мәскеуге пойыз­бен жіберіп, өзім ұшақпен ба­рып, Қазан вокза­лынан қарсы ал­дым. «Нұр­сұлтан, қалің қалай?» десем, Алма­тыда, съезде көрге­нін ұмы­тып қалған болар, «Сіз кім боласыз?» деген қарсы сұрақ естідім. Нұрсұлтан Назарбаевпен осылай таныс­қан едім. Бұл 1962 жылдың сәуір айы еді». Бүкпесіз, зілсіз дерек. Иә, комсомолдың Орталық ко­митетінің хатшысы Ө.Жәнібековті Н.Назарбаев танымаған да шы­ғар. Басқа біреу болса жік-жапар бо­лып, иіліп тұрары анық-ты. Екі мықтының бұл танысуы оқыс болғанымен, бірін-бірі мо­йын­дауымен ерекшеленді. Әйтпе­се, Өзекең бұл көріністі өз естелігіне енгізер ме еді. Нұрсұлтан Назарбаев өз өмірінің ірі бетбұрыс сәттерінде Өзбекәлідей ірі тұлғаны қаперден шы­ғар­майды. Әсіресе, денсаулығы сыр беріп, ауруға шалдыққан тұсында Өзағаға Нұрекең көмек қолын ұсынады. Бұған Өзекеңнің жары Халихан Айдос­қызының өзіме жазған хаты куә. «Ойламаған жерден Өзекең қатты науқаста­нып қалды... Ол оттан да, судан да аянбайтын еді. Бірақ ауру жеңе бастады. ...Әрине, мұндай жағ­дайда қаражат керек. Аздап жиған-тергеніміз жұғын да болмады. ...Не істерімізді білмей тұр­ғанда Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол ұшын беріп, Англияға қаржы беріп аттандырды». Адами үлгі деп осыны айт! Өмір осы. Қазақтың ноқтаға басы сыймаған ұлдарының бірі, Әбіш Кекілбай көкем айтқандай ол «жапан түзге жеке біткен көк сеңгірдей дара тұлға» еді. Шерағаң болса «Ол – киелі адам» дейді. Әлқисса, комсомол туын жап-жас, космос қыраны Ю. Гагарин Кремль сарайына алып кірген. Мың сан делегат орындарынан тұрып ду қол ша­па­лақтап, ұрандап, залды жаңғырықтырды. Ал съезд жұмысының үзіліс сәттерінде аймақтардан кел­ген делегациялар кезекпе-кезек суретке түсіп жатты. Қазақстан делегациясына кезек келетін емес. Осындай сәттің бірінде Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Үкітай Байжомартовқа: – Үкітай Серікбайұлы, Юрий Гагарин космосқа қазақ жерінен бірінші болып ұшты ғой. Бірінші болып Қазақстан делегациясымен суретке түскені жөн емес пе еді, - деп айтып қалған. ...Үкітай Серікбайұлымен өткен жылы Ал­матыда «Алатау» шипажайында он күн бірге де­мал­ғанмын. Танысқан сәтімізден бір үстелдің ба­сын­­да отырдық. Тамақты асықпай, талғап ішеді. Бей­не бір тарих қоймасы сияқты. Өткен-кеткенді еске алып, біраз тарихтың бетін ақтарды. Кітабын сый­­лап, оны менен бұрын жұ­байым оқып, ол тура­лы ас мәзірі үстінде өз ойын білдірген-ді. Сонда Үкең: – «Кітапты саған емес, келініме жазып, қолтаңба қойып беруім керек екен ғой», – деп рахаттана күліп те алған. Үкітай Байжомартов КазГУ-дің түлегі, эконо­мика ғылымдарының кандидаты, профессор. 1955-1963 жылдары Талдықорған, Алматы об­лыстық комсомол комитетінің хатшысы, Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшы­сы болған. Одан соң Ақтөбе облыстық кәсіподақ­тар ұйымын бас­қарды. Кім ойлаған, Ү.Байжомартов ағамен қайтадан сұхбаттасам деп. Бұған себепкер осы сурет. Мәскеудегі, Гагаринмен түскен суреттен Үкеңді бірден таныдым. 49 жыл өтсе де... Сонан соң ғалам­тордан осы суретке түсірудің хикаясын оқыдым. «Мен ойланып та үлгерген жоқпын. Қалай келіскенімді де білмеймін. Бірақ Нұрсұлтанның сөзін жерге тастай алмадым. Белоруссияның делегат­тары­мен суретке түсіп жатқан Юрий Гагаринге келіп, Қазақ­стан делегациясы суретке түсуге күтіп отыр­ғанын жеткіздім. Әрі, «Юра, сіз космосқа Қазақ­стан жерінен бірінші ұштыңыз ғой. Қазақстан үшін сіз ерекше тұлғасыз, өз ұлындай көреді», – дедім Нұрсұлтанның сөзін еске алып. – Кәне, қайда тұрсыздар, – деп, Гагарин Қазақ­стан делегациясына жақындап келді. ... Қазақстан делегациясы Юрий Гагаринді қаумалап, суретке түсуге дайындалып жатты. Бұл рәсімнен көп делегация мүшелері құр қалды десе де болады. Өйткені, суретке түсу мерзімін күтіп, Кремльдер сарайын қызықтап жүрген қаншама қыз-жігіт бар еді. Тарихтың қас-қағым сәті. Үлгергені үлгерді, үлгермегені қалды. – Жігітсің Үкітай, – деп Нұрсұлтан Назарбаев Юрий Гагариннің оң иығы жағына келіп, тілдесіп те қалды. Бірақ оны бүгінде Нұрекеңнің, Нұрсұлтан Әбішұлының өзінен басқа адам не туралы сұрағанын айта алмайды. Бізге мәлімі сол сурет, сол қас-қағым сурет. Сонымен, фотограф аппараттың түймесін басты. Жарқ-жұрқ. Та­рих­тың жаңа бір парағы жазылды. Бірінші космонавт пен Қазақ­станның болашақ бірінші Прези­дентінің тағдырлары тоғысты. Осы сурет кейіпкерлерінің таныс-бейтаныс бейнелеріне қарап, санаға сан ой келді. «Сол съезд делегаттары кімдер? Олардың арасынан қазақ елінің кешегі һәм бүгінгі тарихында орын алатын тұлғалар бар ма?» – деген оймен, ең алдымен Ақтөбеге, Үкітай Серік­бай­ұлы Байжомартов аға­мызға телефон шалдым. Амандық-сау­лық сұрас­қаннан кейін, Ю.Гагаринмен суретке түсу тарихы ту­ра­лы өзім білетін деректерді айттым. – Қоспасы жоқ, шындық, дәл солай болған... – Үке, тағы бір сұрақ қойсам ба деп едім... – Әрине, не сұрасаң да өз еркің. Мен жауап беруге дайын­мын. Сұрақ: – Сіздің Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевпен бірге комсомол съезінің де­легаты болғаныңызды білдік. Бірақ сіз Ақтөбе облыстық комсомол комите­тінің бірінші хатшысы бола тұрып, металлург Назарбаевтың «тап­сыр­­масын» қалай орындап жүрсіз? Жауап: – Ол уақытта қазіргі­дей шенеуніктік, бюрократтық жоқ бо­латын. Әрі Назарбаевтың жалыны мен тегеуріні, қазақ­ша айтсам, мысы басып тұратын. Сон­дық­тан да онымен сырласуға бәріміз дайын едік. Сұрақ: – Сонда не туралы сырласып жүрсіз? Жауап: – Мысалы, мен Қа­зақстан комсомолы Орталық ко­митетінің бірінші хатшысы болып кете жаздадым. Ол кезде Қазақ­стан комсомолының жетекшісі Қосай Әле­құлұлы Егізбаев Қазақ­стан компар­тиясы Орталық комитетіне жауапты қызметке ауыс­қан болатын. Бірінші хатшы­ның орны босапты. Ал марқұм Өз­бекәлі Жәні­беков идеология жөнін­дегі хатшы еді. Сұрақ: – Ашығырақ айтсам, ол қыз­метке неге сайланбай, болмаса ұсы­нылмай қалдыңыз? Жауап: – Қоймадың ғой, айтайын. Сол күні мені ВЛКСМ Орталық коми­тетінің бөлім мең­герушісі Топты­гин деген өзіне ша­қырды. Бардым. Әңгіме ауаны мы­нау болып шықты. Егер мен Қазақ­станда шошқа шаруашылығын дамыту туралы комсомол­дық бастама көтерсем, бірінші хатшылық маған бұйырмақ... Сұрақ: – Ал сіз, не дедіңіз? Жауап: – Не деуші едім. Қазақстан барлық жан-жануарларды өсіріп жатыр, бірақ шошқа бағып, комсомолдық бастама жасау ұлттық менталитетімізге жат дедім. Сұрақ: Ол не деді? Жауап: – Топтыгин шошқа өсірумен аты шық­қан қостанайлық, қазақ қызы Дәмелі Жақсы­лықованы қолдау қажеттігін қайта алдыма тартты. Мен көнбедім. Ол басшыларға барып келді де, «кете беріңіз, боссыз», – деді. Және бұл әңгімені комсо­молдағы қызметтес әріптестерге емес, Нұрсұлтан Назарбаевқа айттым. Сұрақ: – Нұрсұлтан Назарбаев не деді? Жауап: – Назарбаев ештеңе де деген жоқ. Қолымды қысты, отты жанарынан дұрыс істегенімді ұқтым. Ерекше сыйластық осы күнге дейін жалғасып келеді. Сұрақ: – Президент ғұмырнамасының осы бір сәті қағыс қалып келе жатыр еді. Сіздердің араларыңыздағы сыйластық пен сырластықтың басқа да көріністері бар ма? Бұған не айта аласыз? Жауап: – Неге жоқ болсын. Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен сон-ау бір жылдары Хельсинкиде өткен Әлем жастарының VIIІ фестиваліне де барғанбыз. Сұрақ: – Онда делегаттар әртүрлі топтарға бөлініп, жіберілуші ме еді? Жауап: – Иә, ол кезде әр делегаттың кан­дидатурасы мұқият таңдалатын, іріктелетін. Нұрсұл­тан Назарбаев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшыларымен бірге саяси топтың құрамына кірді. Ал ол болса бар болғаны жұмысшы металлург болатын. Сұрақ: – Сонда есте қаларлық бір оқиға болды ма? Осы туралы ойланып көрсеңіз қайтеді? Жауап: – Ойланатын түгі де жоқ. Бәрі де көз ал­дым­да. Ол кезде капиталистік қоғам мен коммунистік қоғам арасындағы идеологиялық қарама-қай­шылық белең алып тұратын. Сондай саяси пікіра­лысу кезінде, шетелдік жастар ұйымының мүшесі Н.Назарбаевқа «Сіз байсыз ба, кедейсіз бе? Сіздің еңбекақыңыз өмір сүруге жете ме, мысалы үстіңіз­дегі костюм-шалбар қанша тұра­ды?», – деп сұрамасы бар ма? Сонда Н.Назарбаев бірден, қысылмай- қымтырылмай «Менің костюмім сіздікінен бес еседей қымбат болар деп ойлаймын. Әрі менің елімде бай да, кедей де жоқ. Ал менің жалақыма келетін болсақ, ол өмір сүруге де, оқуға да, ата-анама қамқор­лық жасауға да жетеді», – деп қойылған сұрақ­қа төтесінен жауап берді. Және бұл бүкпесіз шындық еді. Ірі өндіріс ошақ­тарының жұмыс­шы­лары министрмен пара-пар айлық алатын. Үкеңмен қоштасып, енді Таразға, Шерағаң, Шерхан Мұртаза көкеме телефон шалдым. – Е, түбінен қазып жатыр екенсің ғой. Қаз, қаз. Бірақ өте құнтсыз адаммын осы. Әйтеуір бір кем дүние болады да тұрады. Өкінішке қарай, ол сурет менде жоқ. Бірақ суретте бар екенімді білемін... – Жақында бір мақалаңызда «Мен қазір үйірінен айырылған кәрі құлжа сияқты саяқ жайыламын» депсіз. Дегенмен, өткен-кеткен есте болар. 1962 жылы ВЛКСМ XIV съезінде Гагаринмен, Назарбаевпен бірге суретке түсіпсіз. Соның жай-жапсарын білейін деп едім... – Назарбаевты мен одан да бұрын білетінмін.Сен менің «Лениншіл жаста» Орталық Қазақстан бойын­ша меншікті тілші болып біраз жыл қызмет атқарғанымды білесің ғой. – Әрине, Шераға! Ал білдім дейін... – Білсең, мен Теміртауда металлург болып жұмыс істеген Назарбаев туралы бірінші мақала жазғандардың бірі шығармын. Ұмытпасам, сол 1962 жылдан бері Елбасы мені Шәке, мен Нұреке деймін. Бедел қызметпен ғана емес, өзін-өзі сыйлатқан қасиетпен қалыптасады. – Сол съездің сіздің тағдырыңызда алатын орны бар ма? – Бар болғанда қандай. Мен комсомол съезіне «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері ретінде сайланған болатынмын. Ал «Лениншіл жастың» сол кездегі бас редакторы, аруағыңнан айналайын Бөлдекбаев еді ғой. Съезден келген соң Ө. Жәнібеков басқа қызметке ауысқан марқұм Бөлдекбаевтың орнына мені «Лениншіл жасқа» бас редактор етіп тағайындады. Несін айтасың, арыстан жүректі, құрыш білекті, ұлтшыл тілекті нарқасқа жігіт еді ғой, Өзекең! ... Дүниежүзі қазақтары IV құрылтайының өтіп жатқан кезі. Қауымдастық төрағасы, Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев зор толғаныспен, ерекше тебіреніспен баяндама жаса­ды. Осы алқалы жиында сол комсомол съезінің қос кейіпкерін бірден кездестірдім. Оның бірі – қазақ­тың атақты ақыны Тұмаш ағай, Тұманбай Мол­дағалиев та, екіншісі – қазақтың бірегей қайрат­кер қыздарының бірі Ғайникен Бибатырова болатын. – Иә, 1962 жылы Мәскеуде комсомол съезіне делегат болдым, – деді Тұмағаң мәселенің мәні­сін білісімен. Гагаринді де, Назарбаевты да, Жәні­бековті де сол съезде жақыннан көргенмін. Ақын ағаң ашық ауыздау ғой. Кремль сарайы­ның бір жерінде өлең жазып отырдым білем. Ол суретке мен ілінгем жоқ. Әлде белгіленген уақыттан бұрын суретке түсу рәсімі басталды ма, ол жағы есімде жоқ. Ғайникен Айдарханқызы Би­батырова апай бірден қуантып тастады. – Иә, комсомолдың Мәскеудегі XIV съезінің делегаты болғанмын. Ол кезде мен Алматы қала­лық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. – Менде ол дерек бар. Сіз бар болғаны 28 жасыңызда Алматы қалалық ұйымының жетекшісі болыпсыз. – Ту-у, жастығыммен қайта бір табыс­тырғандай болдың-ау, бауырым. Ол сәт көзден де, көңілден де кетпейді. Суретке түсу идеясы бар-ды. Бірақ оны Нұрсұлтан Назарбаев тездетіп жібергені рас. Мен Гагариннің сол иығын ала суретке түскем. – Ғайникен апай, көрдім. «Үп» еткен желмен ұшып кетейін деп тұрсыз ғой. Қылдырықтай қыз­дың қала комсомолын басқарғанына таңым бар... – Комсомол өмір мектебі.Бәрібір жастарсыз қо­ғам дами алмайды. Сондықтан да «Жас Отан», «Жас қыран» ұйымдарының құрылуы тегіннен-тегін емес. – Назарбаев Гагаринмен не туралы сыбырласты, есіңізде жоқ па? – Жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ бәріміз жапа-тармағай Юрий Алексеевичтің қолын алып қалуға тырыстық. «Назарбаев бірінші болу қиын емес пе?», – деп сұрады-ау деп жобалаймын. Өйткені, мен өте жақын тұрдым. Бірақ үзілді-кесілді нақтылаудан аулақпын. Ғайникен Айдарханқызының суреттегі біраз адамдар туралы мол ақпараты бар екен. Өмірде бар, өмірден озған адамдар туралы біршама әңгі­меледі. Олардың арасында академик Күләш Құнан­тайқызы, қоғам қайраткері З.Камалиденов, Х.Закирьянов, Р.Мырзалиев сынды қайраткер­лердің ат­тары аталды. Әрине, мақалада аттары аталған тұл­ғалар туралы ерекше әңгімеледі. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы да қазақ­тың егемендігін жариялап, тәуелсіз­дік туын көтерген бірінші қазақ, тұңғыш Президент, тұңғыш Ұлт көшбас­шысы. Мұны ешкімнен сұрап алған жоқ. Мұны халық сенім тапсырды, мұны ұлт қала­ды, мұны әлем мойындады. Қазақтың тұңғыш президенті болу да оңай емес. Бүкіл ха­лықтың аманатын арқалау, би­ліктің басында отыру жауапкершілікті ғана емес, салмақты сая­сат­ты қажет ететіні анық. Сон­дық­тан да Тәуелсіздіктің 20 жылында Назарбаев пен Қазақстан бір ұғымға айналды. Осыған Елбасының басы айналған жоқ. Осы ретте Елбасы айтқан бір әңгімені қайта бір жаңғыртқан жөн болар. «...Ашхабад. Күн күйіп тұр. Бұл кездесу Түркіменстанның Пре­зиденті Сапар­мұрат Ния­зовтың (марқұм) шақыруы­мен өтіп еді. Орталық алаң. Алтын­далған адам­ның жол нұсқаған кейіптегі ескерткіші күнмен шағы­лысып, жар­қырап тұр. – Нұрсұлтан Әбішұлы, қа­раңыз­шы, Ниязов Ленинге керемет ескерткіш қойыпты, – деді көзіне қолын көле­гей­лей ұстаған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон. – Қайдағы Ленин. Бұл Сапармұраттың өзі ғой. – Солай ма? Мұны байқаған С.Ниязов сөзге араласты. – Екеуің қызыға қарап тұрсыңдар ма, әлде... Айтпақшы, Нұрсұлтан Әбішұлы, менің Түркі­менстан үшін атқарған жұмысыма қарағанда, сенің Қазақстан үшін атқарған қызметің үлкен ғой. Сен жаңа мемлекет құрдың, Астана тұрғыздың. Саған неге ескерткіш қойылмайды? – Сапармұрат, Марк Аврелийді еске түсір. – Император, сен Римді кеңейттің, Римді байыттың, өзің кемеңгер әрі жомартсың. Біз саған ескерткіш қоялық, – демеуші ме еді отандастары. Сонда ол: – Оның тұсынан өтіп бара жатқан әлде­біреулер, бұл ескерткіш кімге қойылған дегеннің орнына, оған неге ескерткіш қойылмаған дегені әлдеқайда орынды емес пе? – деп жауап берген ғой. Міне, Президент Н.Назарбаевтың «Ұлық болсаң кішік бол», «Халықтың сұлтаны бол­ғанша, ұлтаны бол» деген ұлағатын үнемі жүректе ұстай­тынының куәсі болып жүрміз. Кезінде «Ха­лық қаһарманына» ұсындық – алмады, «Қазақ­станның Еңбек Ерін» атадық – көнбеді, өзі салған Астананың атын беруді айттық – қабылдамады. Пенделіктен жоғары тұру – кісілік қасиет. Ол үшін ойлы жүрек, сергек сезім, сап-сап көңіл керек. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында бар адастырмайтын темірқазық жұлдызға айналып отыр. Бір сурет, сан тағдыр. Сондықтан да Назарбаев тағдыры да тарих таразысын басып тұр. Өйткені, ол ұлттың өлшеміне айналып кеткен бірінші қазақ! Қазақстан – Нұрсұлтан, Нұрсұлтан – Қазақстан!... Уәлихан ҚАЛИЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты.