Халқымыз ғасырлар бойы аңсап, бертін тіпті қол түгіл көңіл де, көз де жетпейтін қиялға айналдырып, іштен тынып қойған – Тәуелсіз ел болу мұратына қол жеткізген, соның рахаты мен шапағатын көру маңдайына жазылған, қазақтың ұлан-байтақ тарихындағы ең бақытты ұрпақ біз болдық. Арғы-бергі тарихта бұл арманды аңсаған, соның жолында жан алысып, жан беріскен, жалындай жас өмірін аяусыз құрбан еткен талай ерлер өтті. Бірақ олардың ісі еш нәтижеге қол жеткізе алмады, тек халықтың есінде аңсары мен армандары ғана қалып қойды.
Қазіргі жеңіс те оңай келген жоқ. Дүниедегінің бәрі егіз болатыны сияқты тәуелсіздік рахатының да өзіне тән үлкен бейнеті болды. Онымен ашық жолмен арпалысып, бар еңбегі халықтың көз алдында болған Ерлер болуымен бірге, олардың жолын түзеп, қисығын күзеп, жөнін іздеп көрінбейтін бейнеттің бәрін үнсіз атқарып жүретін Азаматтар да аз болған жоқ.
Адамның да, ғаламның да ағзасын бел ұстайды. Бас болып көрінбесе де, аяқ болып шалынбаса да ағзаның тұруын, жүруін қамтамасыз ететін сол. Ғаламның қайнаған тіршілігін үнсіз басқарып тұратын тартылыс күші болса, адам тірлігінің бәрін үнсіз жайғап, орнына келтіріп, ұстап тұратын – бел. Ұлттың да бел баласы болады. Ондай атаққа санаулылардың санаулысы ғана лайықты.
Қазақтың бел баласы атануға лайық сондай ерлердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі – бүгін біз әңгіме еткелі отырған Сабыр Қасымов.
Оның жасаған ісін, ұлтына сіңірген еңбегін көп адам біле бермейді. Өйткені, ол үнсіз жүріп, үйдей істерді жалғыз атқарып тастай береді және бұл туралы біреуге тіс жарып білдіріп, баспасөзге хабарлап, дабырлатып, даңғырлатып жатпайды. Тіпті, сұраған адамның өзіне айтуға аузы ауыр.
Тайганың арасын солтүстіктің халқы «Іш» деп атайды. Осы «Іш» қызыл қырғынның қыспағынан талай адамға қорған болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған байлар, билер, молдалар ата қонысты тастап, осында қашуға мәжбүр болды. Алғашында қалың ағаштың ортасына өзге жұрттан оқшаулана қоныстанған қазақтар кейін, заман тынышталған шақта балаларын оқытудың қамымен орыс селендеріне көшіп барды немесе соларға таяу отыратын. Сабырдың атасы Қасымның отбасы да Солтүстік Қазақстандағы ата қонысынан қызыл қырғынның кәрінен қашуға мәжбүр болып, Түмен облысының Сладков ауданындағы Менжинский кеңшарының бөлімшесінде тұрады. Ол кезде балаларымыз ана тілін білмей қалар деген уайым жоқ, керісінше тезірек орысша үйренсе екен деген ұмтылыс бар. Күйбең өмірдің күйсіз тірлігінде туған сол мақсаттың зияны да артынан залалын тигізбей қалған жоқ. Тайгада туып, сонда өскен талай қазақ артынан ресейлік болып кетті, қайда тұрсам да мейлі, тек жақсы өмір сүрсем болды деген жат пиғылды әбден бойға сіңірген олар тұрмыстың тәттілігіне мәз болып, туған жерге келуді ойға да алмайды.
Ал бірақ текті атаның балалары ондай пиғылды бойына дарытпады. Олар қазақтың «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұлы қағидатын ойынан шығарған емес. Оның үстіне жеті ағайынды Сабыр ақылды да, айбарлы әже – Мағрипаның бауырында өскен. Қиядағыны қалт жібермейтін ақылды ана балаларының орыстанып кетпеуін қатты қадағалаған. Туған жердің ыстығын, оған деген сағыныш пен махаббатты әз ана немерелерінің бойына сіңіре берген. Бір жерден Лениннің суретін көрсе, «сүттей ұйыған шаңырағымызды ортасына түсірген осы оңбаған» дейді екен. Мектептен оны «ұлы адам» деп қана білетін балалар әженің сөзіне іштерінен таң қалады және ойға қалады. Лениннен басқа да жол барын, жұрттың бәрі мақтаса да оның ежелден әділетсіз болғанын сезімтал сәби жүректер қағып алады. Қазақтың, әсіресе өз отбасыларының басына түскен «Ленин жолынан» туындаған қиындық, аштық, қуғын-сүргін – осының бәрі ойлы баланың санасына әсер етпей қоймаған. Оның үстіне сыныпта жалғыз қазақ болғандығы, басқалардың өзін болмаса да ұлтын, ыңғайы келіп жатса кемсітуге тырысулары да отты баланың намысын оята түскен.
Осындай әсерлер бала Сабырды туған жерге қарай магниттей тарта береді. Саналы жас өзінің туған еліне барып тұруы қажеттігін, қолдан келген пайдасын соған жасауы керектігін бала кезінен жүрегіне түйеді. Мектепті беске аяқтаған ол өзіне ресейлік жоо-лардың кез келгенінің есігі айқара ашылатынын білсе де, қазақтың астанасы Алматыны ешкімге айырбастамай, туған жерге оралған. Мұнда ол ҚазМУ-дің заң факультетіне түседі.
Оқуды жақсы бітірсе де Алматыда қызметке қалу ол кезде де оңай шаруа болмайтын, сондықтан Сабыр студент болып жүргенде тәжірибеден өткен қалалық прокуратураның есігін қағуға мәжбүр болады. Алғыр жастың алымды екенін аңдап қалған қала прокурорының бірінші орынбасары Сергей Бакуев оны өздеріне қызметке алдырады. Мұнан кейін Сабыр Қасымов судья, одан партияның обком, сосын Орталық комитетке қызметке алынады. Сүйеушісі де, сүйенері де жоқ, Ресейден келген жас жігіттің Алматыда үлкен қызметтерге көтерілуі – тек өзінің еңбегі мен қайраты, әділдігі, құдай берген дарыны, қала берді қандай істі болса да аяғына дейін жеткізе алатын табандылығы екені даусыз. Соңғы қызметінде жүргенде ол Мәскеудегі партия Орталық комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына түсіп, Мәскеудегі әлемге белгілі талай адамдармен араласып, демократиялық құндылықтардың халықаралық стандарты туралы нақты білім, тәжірибе алды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан және сол кезде билік пен арнаулы қызметтің арандатушылық әрекеттерін, көтерілісшілерге қарсы кең көлемде репрессиялық шаралар ұйымдастырғанын жақсы білген ол дипломдық жұмысына «КСРО-дағы ұлттық қатынастардың саяси-құқықтық проблемалары» деген тақырып алады. Айналасы жыл жарым уақытта (1986-1988 жж) ол Академияның қорындағы бөтен адам қол жеткізе алмайтын құпия материалдарды пайдалана отырып, Қазақстанның өмірінен алынған фактілер мен сандардың негізінде 840 беттік монография жазып шығады. Онда одақтас республикаларда ұлттық саясаттың лениндік принциптері өрескел бұзылатындығы, аз санды халықтардың рухани мүдделері мен құқылары аяққа тапталатындығын дәлелдеген еді. Тақырып кандидаттық диссертацияға жіберілетін болып бекітіледі.
Бірақ еңбекті қорғау кезінде бүкіл Академияны басына көтерген шу болады. Бастарына ұлыорыстық шовинистік саясаттың ұстанымы сіңіп қалған КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Д.Керимов (орыстанған әзербайжан) бастаған топ қазақ зерттеушісінің еңбегін КОКП саясатына қарсы бағытталған ұлтшылдық деп жазғырады. «Міне, «Желтоқсан оқиғасының» төркіні қайда жатыр» деп олар Сәкеңді жерден алып жерге салады. Мұндай адамды партия қатарында қалдыруға болмайды деген де сөздер шығады. Бірақ ол кезде заман басқа еді, оқытушылар арасынан белгілі ғалымдар Г.Мальцев, Т.Шамбо (академия партия ұйымының хатшысы), РФ Федерация Кеңесі Төрағасының қазіргі бірінші орынбасары А.Торшин және т.б. Сәкеңді қорғап шығады. Алайда диссертация 120 бетке дейін қысқартылып, кандидаттықты қорғатпайды.
Академиядан қайтқан соң С.Қасымов қайтадан ОК жұмысына кіріседі. Бірақ «аққа құдай жақ» деген емес пе, 1990 жылы одақтық республикалардың егеменді құқылары бұзылатындығы және жаңа одақтық келісімшартқа қол қою қажеттігі туралы әңгімелер көтіріліп жатқанда КОКП ОК өзінің Академиясынан осы бағыттағы зерттеулерді сұрайды. Жөппелдемеде ондай зерттеулер жоқ болып шығады, сонда Академия басшылығы осыдан екі жыл бұрын шу туғызған қазақ зерттеушісін еске алады. Содан, С.Қасымовты Мәскеуге дереу шақыртып алып, кандидаттық диссертациясын қорғауына өздері жол ашып береді.
Сәкең оралмандардың проблемаларымен де қатты айналысқан азаматтардың бірегейі. Сонау, 1989-90 жылдардан бастап ол осы мәселені жан-жақты зерттеп, ерекше бағдарлама қабылдауды, оны іске асыратын тетіктерді әзірлеп, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясына, жаңа заңдарына оралмандар мүддесін қолдайтын саяси-құқықтық нормалар енгіздірген адам. Оларға «саяси қуғындалған» деген мәртебе беруді де алғашқы болып қолға алды. Бұл мәртебе оларды елге қайтаруда халықаралық норма бойынша үлкен жеңілдік беретін еді. Жалпы оралмандар ісіне Сәкең ішкен асын жерге қойып араласқан адам. Соның бірін ғана айта кетелік. Президенттің Мәжілістегі өкілі болып жүрген кезінде ол депутаттарды ұйымдастырып, ҚХР-дан келіп, оқуға түсе алмай қалған 1 мыңдай жас үшін Алматы қыздар институтынан бір жылдық дайындық курсын ашуға Парламент арқылы бюджеттен қаражат бөлдіргені де бар. Мұндай іс әркімнің қолынан келмейді.
Сабыр Қасымовтың есімін республика халқына жақсы танытқан – Желтоқсан көтерілісі. Ол қазақ зиялы қауымының санаулы өкілдері қатарында осы оқиғаға белсене араласып, қазақ мүддесін қорғау жолында батыл істер жасаған. Ол туралы енді тереңірек айтып беруге тура келеді.
Желтоқсан оқиғалары кезінде ұлттық кемсітуге қарсы жастар көшеге шығып, өздерінің ішке сыймаған қарсылықтарын білдіріп жатқанда Сабыр Алматыда болған. Осы жерде Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабына енген Кәкімбек Наржанұлының естелігін келтірелік: «Мен оған жастардың көтеріліп жатқанын айтқанымда Сабыр: «Қол қусырып қарап отыруға болмайды. Көтерілістің саяси маңызын жеткізу үшін листовка, плакат керек. Әйтпесе, жай бұзақылар атанып қала береміз», деді. Өз ісіміздің аса қауіпті екенін біле тұра біз жұмысқа кірістік. Орысша, қазақша мәтіндер әзірледік. Оны қағазға түрлі-түсті бояумен жазуға Тұрсын да (Сабырдың зайыбы) көмектесті». Желтоқсандықтардың ұрандарына саяси реңк берген талаптардың көбі осылай туған еді.
Сонсоң осы ұрандарды Сабыр көтерілісшілердің қолдарына апарып беріп отырған. Осы және басқа да әрекеттері оның басын бұғып қалмай, үлкен тәуекелге барып, желтоқсан көтерілісіне белсене қатысқанын көрсетеді. Бірақ өзі бұл туралы айта қоймайды. Ал осы Желтоқсан оқиғасына саяси, заңдылық тұрғыдан баға беру ісіне ол белсене қатысқан.
Бұл оқиға 1989 жылы болған еді. Ол кезде С.Қасымов Қоғамдық ғылымдар академиясын аяқтап, Қазақстан КП Орталық комитетінде дәмелі қызметтердің бірінде істеп жүретін. КСРО халық депутаттарының алғашқы съезінде орталықтың ұлттық республикаларда жасаған озбырлықтары туралы қатты айтылып, оған баға беру туралы мәселелер өткір қойылып жатты. Соның ішінде 1989 жылғы сәуірде болған Тбилиси оқиғасы ауыздан түспейтін. Онда халықтың бейбіт бас көтеруін қанды қырғынға ұшыратқан саяси басшылық пен әлеуетті құрылымдар қатты сыналып, олардың ісін әділетті түрде тексеру талап етілетін. Ал одан үш жыл бұрын болған Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы жұмған ауыз ашылған жоқ. Ол кезде ОК ұлттық қатынастар бөлімінде нұсқаушы болып істейтін Сабыр бұл оқиғаның қанды сипатын жақсы білетін, өйткені оларға осы оқиға кезінде жапа шеккендер көп келетін. Сол кездің өзінде оларды біртіндеп жұмыстарына, қызметтеріне қайта тұрғызу, комсомолға, партияға қайта алу ісі ішінара басталған-ды. Осы істің жуан ортасында да Сабыр Қасымов болды. Жазушылар одағында бұл істі Тұрсын Жұртбай қостап, жандандырып жүретін.
Қазақстандық депутаттардың ауыз ашпағанына намыстанған Сабыр Қасымов оларға Алматыдан арнайы барады. «Москва» қонақүйінде депутаттармен осы мәселе бойынша сөйлеседі. Солардың арасынан Ә.Мәмбетов пен М. Шаханов қана мұны қолдап, сөйлеуге дайын екендіктерін білдіреді. Оларға нақты фактілер мен материалдар беріп, сөйлейтін сөздерінің тезистерін де Сәкең жазып береді. «Высокий съезд!» деп басталатын М.Шахановтың әйгілі, тарихи сөзін осы Сәкең сияқты азаматтардың дайындағанын халық жақсы біледі. Әрине, М.Шахановтың ерлігін ешкім де жоққа шығара алмайды, бірақ оның орысшасы ми мен жүректің ең тереңдегі қалтарыстарына дейін шақ етіп тиетін нақпа-нақ сөздерді орыс тілінде тауып айтуы қиын екені бәрімізге де белгілі.
Осыдан кейін халықтың талап етуі бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде арнайы комиссия құрылды. Бірақ сонда жұмыс істейтін білікті заңгер табылмағанда да М.Шаханов ОК-ге өздеріне С.Қасымовты қосуды өтініп, бірнеше хат жазады.
Егер Желтоқсан оқиғасына байланысты сол комиссиядағы жұмыстарды толық айтатын болсақ, бір мақала көтере алмайтын көлемге шығып кеткен болар едік. Сондықтан комиссия жұмысын айтуды осымен қайырып, тек ондағы барлық лауазымды адамдарға қойылған сұрақтарды заңдылық тұрғыдан дайындаған, олардан алынған барлық жауаптарды жүйелеп, бір арнаға тоғыстыруда және нәтижені заңға сәйкестендіріп қорытуда, барлық қара жұмыстарды атқарған, барлық саяси бағаларды әзірлеп, лауазымды адамдардың кінәсін анықтауда заңгер Сабыр Қасымовтың еңбегі ұшан-теңіз болғанын ел білетінін айта кетуді парыз санадық.
Сабыр Қасымовтың кәсіби біліктілігі мен қайсар принципшілдігін ескерген болуы керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президент оны Конституциялық соттың судьясына ұсынып, Жоғарғы Кеңесте сайланады. Еңбекақысы жоғары, әрі сыйлы, әрі тыныш қызметте жайбарақат отыра беруге де болады ғой. Бірақ Сәкең ондай адамдардың сойынан емес еді. Осы қызметте жүргенде ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ісін қарауға дайындайтын судьялар тобын басқарды. Бұл топ та оның бастамасымен құрылған еді. Барлық архивтерден, соның ішінде құпия құжаттарды көтеру арқылы оннан артық заңнамалық, саяси-құқылық сараптар жасалып, жиналған құжаттар көлемі 12 том болады. Қаншама қарсыластардың тегеуірініне төтеп беріп, барлық әлеуетті органдардың лауазымды қызметкерлері жауапқа тартылады. Құжаттар жинағын 350 данаға көбейтіп, қатысушылардың бәріне бергізеді. Бұл жерде Сәкең іс аяғына дейін жеткізілмесе де халық барлық шындықты білсін деген ойды ұстанады.
Егер осы іс аяғына жеткізіліп, жария етілген болса орталықтың республикамызға жасаған бассыздықтары, сыртқа демократиялық елміз дей отырып, аузымызды ашуға рұқсат бермегендігі, жасаған озбырлықтары тегіс ашылатын еді. Халықтың көзі Кеңес Одағы ұлттық саясатының «гуманистік» сипатының қандай болғанына толық жетіп, оның колониалдық қырын әбден таныр еді. Қай күнде, кез келген істен өз пайдасын күйттеп жүретін пысықайлардың бірі жақсы атты көрінбек болып «Қасымов кіші Нюрнберг процесін дайындап жатыр» деген шу шығарады. Одан әңгіме үрейлі дақпырттарымен жоғарыға жетіп, бұл іс тоқтатылады. 1995 жылы қабылданған жаңа Конституция бойынша Конституциялық сот жабылып, оның орнына Конституциялық Кеңес құрылады. Ал Кеңеске Сабыр Қасымов енгізілмейді.
Бірнеше ай жұмыссыз отырған Сабыр Қасымовты Президент Конституцияға сәйкес өзі тағайындайтын 7 адамның бірі ретінде Парламент Сенатына арнайы Жарлықпен сенатор етіп тағайындайды. Мұны Президент Н.Назарбаевтың қазақтың бел баласының білігін танып, беделін мойындай отыра қолдау білдіргендігі деп білген жөн.
Сәкең бұл жерде Қазақстанды, соның ішінде қазақтың өзінің санасын отарсыздандыруға тиісті заң жобаларын жасау жөнінде комиссия құрғызады. Патшалық Ресейден бастап, Кеңес заманындағы жүздеген құқылық құжаттардың сол заманның өз заңдарына сәйкес келмейтіндігін әшкерелеген бірнеше томдық құжаттар дайындалады. Соның негізінде «Қазақстанда азаттық пен тәуелсіздік жолында мерт болған ерлердің есімін құрметтеу», «Деколонизация», «Қазақстандағы саяси репрессия құрбандарын толық ақтау» және т.б. туралы заң жобалары дайындалады. Бірақ С.Қасымовтың сенаторлық мерзімі аяқталып қалып, бұл істер аяғына жеткізілмеді.
Сол себепті бізде азаттық үшін күрескен көп ерлеріміз әуелі патша заманының, сосын Кеңес кезінің заңдарымен сотталып, әлі күнге ресми түрде ақталмай жатыр. Оларды жаппай, ресми түрде ақтауды ауызға алған Сабыр Қасымов қана болды. Бұл жастарға деколониалистік рух беру үшін де қажет еді, дейді Сәкең.
Сәкең қазақтың С.Зиманов, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, М.Шаханов және т.б. айтулы азаматтарымен тығыз араласып, істес, пікірлес болып келе жатқан жан. Ол Президент Н.Назарбаевты да қатты құрметтеп, Елбасының өзіне жасаған қолдауларын үнемі үлкен тәнті сезіммен еске алып отырады.
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор.