12 Шілде, 2011

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет пен өнердің даму үрдісі және болашағы» атты халық­ара­лық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Ол еліміздің ұлық мерекесіне арналды. Отандық, шетелдік жетекші ғалымдардың қатысуымен өткен осынау халықаралық жиын отан­дық әдебиет пен өнердің тәуел­сіздік дәуіріндегі даму үрдістерін, жетістіктері мен болашағын ай­қын­дау, қазіргі қоғамдық-мә­дени үдерістердің әдебиет пен өнер салаларына әсер-ықпалын көрсету және ең бастысы – бүгінгі егеменді өмір шындығының өнер ту­ындыларында көркем бейнелену ерекшеліктерін ашу мақсатын көз­десе, сол үдеден шықты деп білуіміз керек. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ұйымдас­тырыл­ған конференция қазіргі әдебиеттану, өнертану салалары­ның келелі ғылыми-теориялық мәселелерін шешудің тиімді жолдарын табуға да өз септігін тигізгені анық. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы, ҰҒА академигі Сейіт Қас­қабасов жиынды кіріспе сөзбен ашқаннан кейін әдебиеттанушы ғалымдардың баяндамаларына жол берілді. Атап айтқанда, Серік Қирабаевтың «Тәуелсіздік дәуірі әдебиетінің бүгінгі жағдайы мен міндеттері», Шериаздан Елеу­кенов­тің «Тәуелсіздік және тарихи роман үрдістері», Дандай Ысқақ­ұлының «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби сын», Бақытжан Майтанов­тың «Қазіргі поэзиядағы постмодернизм және бөрі архетипі» және басқа баяндамалар ықыласпен тыңдалды. Сондай-ақ Темірхан Тебегенов қазіргі қазақ поэзия­сындағы діни-ислам дүниетаны­мының жырлану ерекшеліктерін, Нұрболат Жуанышбеков тәуелсіз­дік жылдарындағы әдебиет да­муының басты үрдістері мен келешегін, әңгіме өзегіне айналдырса, өнертанушы ғалымдар Сара Күзембаева Абылай ханның қазақ музыкалық-жыраулық фолькло­рын­дағы бейнесін, Райхан Ерға­лиева тәуелсіздік кезеңіндегі бейнелеу өнерінің жайын сөз етті. Конференцияның «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің даму үрдістері», «Тәуелсіздік жылда­рындағы өнер: бүгіні мен болаша­ғы» атты секциялар жұмысы бары­сында егеменді дәуір әде­биеті мен өнерінің бүгінгі жағ­дайы мен міндеттері, жекелеген жанрлық түрлердің даму үрдістері, қазіргі әдеби-көркемдік және өнер үдерістеріндегі дәстүр мен жаңашылдық және өзге де жекелеген поэтикалық мәселелер қауза­лып, тың идеяларды арқау еткен салиқалы сөздер айтылды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.