12 Шілде, 2011

Мәслихаттар мәселесі толғандырады

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан хал­қына Жолдауында жергілікті өкілетті орган­дарды дамытуға орай: «Біз мәслихаттарды да күшейтеміз, олардың қолына қосымша өкілеттіктер беретін боламыз. Мәслихат­тардың тексеру комиссияларын нығайтамыз. Уақыт өте келе аудандық мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару негізіне айналуы мүмкін», деген еді. 2009 жылғы Жолдауында да Елбасы бюджеттік қаражаттың жұм­са­луын жіті бақылауды тапсырып, оған депутаттарды да шақырған, жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлінуі тиіс екендігін айтқан. Сөз жоқ, бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті мемлекеттік бас­қару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заң­ға 2009 жылғы ақпанның 9-ында өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіліп, аталған заң­ның атауы «Қазақстан Республи­касындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» болып өзгерді. Осы заңда жергілікті өзін-өзі басқару деген ұғымға түсінік берілген, оның ұйымдастыру негіздері, міндеттері, жауаптылығы анықталған. Осыған дейін мәслихаттардың тексеру комиссиясының төрағасы ғана өз қызметін басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асырса, енді осы заңмен саны мәслихат аппаратының құрылымына кіретін тексеру комиссиясына қызметшілер алуға болатын­дығы белгіленді. Кейін, 2010 жылғы 2 сәуір­де заң енгізілген өзгерістер мен толық­тыру­ларға сай мемлекеттік қызметшілер деген сөздермен толықтырылды. Өкінішке қарай, аталған заңның орын­далуы біздің облыста баяу жүргені жасырын емес. Дағдарысқа тап болдық, қаржы жетпейді деген желеумен бір жылдың үстінде кідірдік. Өткен жылдың соңғы тоқ­санында ғана осы мәселемен шындап айналысып, 26 қарашада өткен аудандық мәслихаттың сессиясында арнайы күн тәртібіне енгізіп, тексеру комиссиясы бөлімі­нің құрылымын бекітіп, қаржы мәселесін шешіп, 2011 жыл­дан бастап кірісетін болғанбыз. Газетке конкурс та жарияладық. Осындай қарекет жасап жатқанымызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп ко­митетінің төрағасы О.Өксікбаевтан Президент Әкімшілігіне мәслихаттардың тексеру комиссияларын тарату жөнінде ұсыныс тү­сіпті. Соның негізінде тиісті министрліктер мен ведомстволарға, облыс, Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне 2010 жылғы 23 желтоқсанда хат жіберілген. Осы хат негізінде басталған жұмыстың барлы­ғына тос­қауыл қойылды. Жаңа жылға бөлін­ген қаржы ақпан айында кері қайтарылып алынды. Мәслихаттың, оның тексеру комиссия­сының мәртебесін көтереміз деп жүргенде күші жойылмаған қолданыстағы заңнан Есеп комитеті төрағасының ұсыныс хаты жоғары болып шықты. Менің пайым­дауым­ша, бұл асығыс шешім секілді. Өйткені, мәс­лихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс­тің бюджетін бекітіп, ол қаражаттың атқа­рылуына мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыра алмаса, ондай өкілді билік кімге қажет? Жалпы, жергілікті бюджеттің, ау­мақты дамыту бағдарламаларының атқары­луы­на бақылау жасау өкілеттігін мәсли­хат­тан алып тастау ешқандай ақылға сыймайды деп есептеймін. Жергілікті өкілді орган (мәслихат) – тиісті әкімшілік-аумақтық бөлі­ністің халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олар­дың жүзеге асырылуын бақылайтын сайлан­балы орган болғандықтан, оны тексеру ко­мис­сиясынан, бақылау өкілеттігінен айыру ешкімге де абырой әпермейді. Жергілікті өкілді органдарының жұмысын өз дәре­жесінде жүргізу үшін әлі де болса бірқатар мәселелер шешімін табуы керек. Бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының мәртебесі туралы заң қабылданса, мәслихаттарды тол­ған­дырып жүрген көптеген мәселелер шешімін табар еді. Өтеп НҰРИЕВ, Индер аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы. Атырау облысы.