12 Шілде, 2011

Біз ғылым дамуын жоғары деңгейге көтеруге міндеттіміз

395 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамның тұрақты дамуы, әлеуметтік жағдайы, азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашы­лы­ғы­на тікелей қатысты екендігі Ел­басының қазақстандықтарға Жол­дауында да ерекше атап көрсе­тіл­ген. Сонымен бірге, агро­өнер­кәсіптік кешен қызметкер­лері­нің алдына төрт түлік мал санын көбейту, табынды өз төлінен өсі­ру, бәсекеге төтеп беретін өнім­дерді көбейтіп, экспортқа тауар шығару мүмкіндігін арттыру, өзі­мізде өндірілетін өнімдерді бас­қа елден әкелуге жол бермеу, мал және құс шаруашы­лы­ғын­дағы асылдандыру жұмысының деңгейін жоғары талаптарға сай көтеру үшін қолайлы жағдайлар туғызу міндеті қойылған. Осындай келелі шараларды іске асыруда бізде жинақталған тәжірибе де баршылық. Өткені­мізге үңілсек, біздің ғалымдар шаруашылық мамандарымен бір­лесіп, бес қой мен ешкі тұқымын (типтерін), 1 етті ірі қара мал тұ­қы­мын, 4 зауыттық типтерін, жыл­қының 1 тұқымын, 2 зауыт­тық типін, сондай-ақ тауық пен үйрек кроссын шығаруға атса­лыс­ты. Оның ішінде профессор Б.Садықов қазақ халқының тұр­мысы және мәдениетімен тығыз байланысты «Жабы» жылқы тұ­қымының бейімделу қабілет­тілі­гін, еті мен сүтінің сандық, сапа­лық өнімділігін арттыруды зерттегенін айрықша атар едік. Со­ның нәтижесінде заманында Қа­зақ­станның солтүстік-шығыс өңі­ріндегі алты шаруашылықта мал тұқымы асылдандырылып, бірнеше рет Бүкілодақтық көр­менің «Жыл­қы шаруашылығы» па­вильо­нында көрсетілген бола­тын. Ғалымдарымыз қой шаруа­шы­­лығында тұңғыш рет ел тәуел­сіздігінің алғашқы жылдарында-ақ қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді жаңа «Байыс» қой тұқымын шығарып, егемен елге тарту еткен еді. Оны республика Ауыл шаруашылығы министрлігі сұрыптау жетістігі әрі жаңа тұқым деп бағалап, Г.Қы­дырниязов, З.Тоқаев, Н.Майт­қанов, Б.Нұрғалиев секілді ға­лым­дарды автор етіп бекіткен-ді. Сол шақта профессор В.Федосеев бастаған ғалымдар ғылы­ми жаңалықтардың ашылуына көп үлес қосып, сүтқоректілер, құстар туберкулезінің пробле­ма­ларын зерттеуде зор еңбек сі­ңірді. Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағын осы індеттен толық арылтып, жануарлар мен құс организмдерінде туберкулез қоздырғыштары Л-түрінің өз­геруін тұңғыш зерттеп, оның анықтау тәсілдерін ұсынды. Біз­дің оқу орнымыз жануарлар туберкулезінен ғылыми жұмыс­тар­дың келістіруші орталығы ретінде саналады. Бұл жұмыс­тар­ды, қазіргі кезде доценттер А.Байғазанов, Е.Омарбеков жә­не басқалар жалғастыруда. Сонымен, құрылғанына 60 жыл толатын аграрлық факультет, еліміздің солтүстік-шығыс аймағындағы АӨК алдында тұр­ған міндеттерді шешуге толық мүмкіндігі бар. Осы кезеңде қа­лыптасып, дамудың талай жол­дарынан өтіп, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымы мен дамуына зор үлес қосып, 30 мыңнан артық мамандар дайындалды. Түлек­тері­міздің арасында ірі өндіріс ұйымдастырушылары, қарапа­йым мамандар мен шаруашылық бас­шыларынан, мемлекет және қоғам қайраткерлері деңгейіне де­йін көтерілгендері де бар. Оған бү­гінгі Мәжіліс депутат­та­ры Т.Сыз­дықов, Т.Ыбраев, М.Пішен­баев, сенатор Ж.Нұр­ғалиев, ҚР Кәсіп­одақтар конфе­де­рация­сы­ның пре­­зиденті С.Мұ­қашев, кү­рес­тен олимпиада чем­пионы Ж.Үшкемпіров, ҚР ҰҒА академигі Т.Сайдулдин, ҚР-ның еңбек сіңірген мал дәрігерлері мен ауыл шаруашылығы маман­дары К.Алтынбеков, Б.Ғизатов, Т.Жұ­ма­ханов және көптеген мемлекеттік наградалардың иегерлері – кешегі Социалистік Ең­бек Ері В.Еременко, бүгінгі «Парасат» орденінің иегері В.Акулов, «Мал дәрігерлігі – ма­ман­дығым, мақ­танышым, мех­натым, махаббатым менің» атты кітаптың авторы Б.Сатай және басқа да мыңдаған түлектер мы­сал бола алады. Елбасы Жолдауында көрсетіл­гендегідей, қазіргі жаһандану за­ма­нындағы АӨК дамуының бас­ты қозғаушы күші инновация деп танылып, оған жету үшін эконо­ми­каны инновациялық даму ба­ғы­тына көшіріп, жоғары техноло­гияны қолдану қажет. Бұл істе басты рөл университеттерге жүк­телуде. Осыған орай, біздің рек­торы­мыз Е.Сыдықовтың ұсыны­сы­мен факультет негізінде «Аг­ро­инновациялық зертхана» ашыл­ды. Зертханада өте аз және тіпті жоғалуға таяу жануарлар түрлері­нің тек (ген) қорын сұрыптап пайдалану, ауыл шаруашылығының биотехнологиясы, ветеринария­да­ғы жаңа технологиялар, қауіпсіз­дік және азық өнімдерінің сапасы, экологиялық қауіпсіздік бөлімдері қарастырылып, ашылған. Қазір ол толық заманауи құралдармен жаб­дықталып (технологиялық жаб­дық­тар – криогенді, арнайы автоклав, жануарлар мен құстарды қол­дан ұрықтандыруға қажет құ­рал-саймандар, асыл тұқымды жа­нуарлар, ұрықтар, эмбриондар), құрылғы-жабдықтар арнайы стан­дарттарға сай тексерілуде. Бұл зерт­­хана жұмысына құралақан кел­мегеніміз түрлі меншіктегі шаруа­шылық басшыларына да белгілі. Ғалымдарымыз 30-дан артық ша­руа­шылықтардың тапсырысын ке­лісім-шарт түрінде жүргізіп, төрт түлікті асылдандыру жұмысымен айналысуда. Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында асыл тұқымды жануарлар санын кө­бейтуге оқытушылармен қатар сту­денттер, магистранттар да қа­ты­сып, тәжірибелер жасап, ғылы­ми жұмыстарын жүргізуде. Бұқар жырау «Өлмегенде не өлмейді, жақсының аты, ғалым­ның хаты өлмейді» дегендей, жоғарыда бүгінгі мақалаға арқау болып отырған ұстаз-ғалымдар мен басшы адамдар ел-жұрттың игілігін, болашақтың қамын ой­лай­тын нағыз ел азаматтары деп білемін. Ортамызда жүрген оқы­ту­шы-профессорлар қауымы, олар­дың ішінде тек Қазақстанда ғана жылына бір рет сайысқа түсіп, жо­ғары оқу орнының үздік оқыту­шысы атанған ұстаздар да баршы­лық. Биыл университетте оны бірінші проректорымыз, профессор А.Еспенбетов бастаған төрт ұстаз алды. Соның бірі ғана емес, бірегейі деп осы атақты екінші рет алған, Қазақстан Республикасы Оқу орындары ассоциациясының «Үздік авторы», А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапат­тал­ған, V республикалық өнертап­қыш конкурсы «Шапағат–2008» жеңімпазы атанған профессор, ве­теринариялық медицина ка­фед­ра­сының меңгерушісі М.Ысқақов және басқалардың есімдері отан­дық ғылымнан лайықты өз орнын алып отыр. Олардың есімдері кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге деп білеміз. Қазір еліміздің әр облысында мал, құс шаруашылықтары өнім­дерін бәсекеге қабілетті етіп шы­ғарып, өңдеу үшін ірі нысандар жасалуда. Облыс аудандарында са­лалық министрлік тарапынан қа­зіргі заман талабына сай жаб­дықтармен жабдықталған модульді зертханалар құрылуда. Бірақ, өкінішке қарай, агро­өнер­кәсіп кешеніне мамандар дайын­дайтын оқу орындарында ол жоқ, сон­дық­тан бүгінгі студенттер оны­мен жете таныс емес. Сол себептен де елде жаңадан пайда болған құрылғы-жабдық­тар ең алдымен оқу орындарына бөлінсе дұрыс болар еді. Атал­ған зертхана негізінде студенттермен қоса аудан, облыс­тар­дағы әлгіндей зертханалар ма­ман­дары да біліктілігін арт­тырып отырса ғанибет емес пе! Рас, ол шаруаның да өз қиын­дығы бар. Себебі, аграрлық білім беруде ведомстволық тос­қауыл да жоқ емес. Сондықтан бұл мәселелерді шешу үшін, ай­тары жоқ, заңдар жиын­тығына өзгерістер кіргізу қажет сияқты. Елбасы Жолдауындағы АӨК-ті дамытып, алға қойылған міндеттерді іске асыратын, әрине, ауыл шаруашылығының маман­дары. Олар Қазақстандағы 38 жо­ғары оқу орнында дайын­далуда. Сөйтсе де, мәліметтерге қараған­да, республикамыз жоға­ры білімді 5674 маманға мұқтаж екен. Неге екенін білмедім, өз басым 15 жылға жуық ректор болғанымда, 9 ғана жоғары оқу орнында мамандар дайындалып, еліміз мамандармен толық қам­та­масыз етілетін. Бүгін жануарлар мен адам­ға тән 200-ге жуық аурумен күре­се­тін 1697 мал дәрігері, 545 ауыл шаруашы­лы­ғы өндірісінің инженер-механигі, 531 агроном, жалпы респуб­ли­камызда 15858 адам ауыл ша­руашылығы маман­дары болып жүрсе, мұқтаждығы 5674 адам, қамтамасыз етілгені 73,6%. Бұл дерек кәсіпорын­дар­дың жар­ты­­сын­да озық техно­ло­гияны қол­дануға қажет, тұтыну­шы қасиет­тері жоғары, бәсекеге төтеп беретін өнімдерді шығара­тын жо­ғары білікті кадрлардың жоқ­­тығы емес пе? Меніңше, мемлекеттік грант­тар­ды сапалы да­йындайтын тек қана мемлекеттік, инновациялық қызметке кө­шіп, оқу сапасын арттыра ала­тын оқу орындарына бөліп берген жөн сияқты. Сонда еліміздегі қаптаған артық оқу орындары азаймас па еді? Білім және ғылым министрлігі 2011-2020 жылдарға арнап елімізде білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Осы мәселе Елбасы Жолдауында одан әрі нақтыланғаны қуанта­ды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті соны алдын ала сезгендей-ақ 2 маман­дық жөнінен ұлттық аккредит­теу­ден өтті. Білім беру жүйесі 2004 жылғы кредиттік технология бойынша 3 деңгейде жүргі­зілуде. Иркутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы академия­сы­мен ұтқырлық жолмен студенттер, магистранттар және профессор-оқытушылар қауымы тәжірибе алмасып, қашықтық­тан білім беру ісі ұйымдас­тыры­луда. Мұның сыртында шетелдік ғалым-ұстаздар университетімізге келіп дәріс өткізіп, зерт­ханалық сабақтар жүргізуде. Сонымен, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев қазақ­стан­дықтарға арнаған Жолдауында айтқандай, «біз университет білімі мен ғылымы дамуының жа­ңа деңгейге жетуін қамтамасыз етуге міндеттіміз». Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылым­дары­ның докторы, профессор. Семей.