13 Шілде, 2011

ЕЛОРДА: Әлеуметтік-экономикалық даму көкжиегі

467 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде ел еңсесінің қаншалықты биіктегенін елорданың қанат жайған қарқынынан-ақ көруге болады. Ақиқатын айтсақ, Астананың дамуы бүкіл республика экономикасының дамуына тың серпін берді. Бас қала Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аталып өтілгелі отырған осы бір ел егемендігі жылдарындағы экономикамыздың шын мәніндегі даму локомотивіне айналды. Жалпақ әлем жаһандық дағдарыстан тұралап жатқан соңғы екі-үш жылдың өзінде елорда экономикасы Қазақстанның жаңа даму серпінін саралаған сындарлы жолға түсті. Әріге бармай-ақ, Астана қаласының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көр­сет­кіштерін саралайтын болсақ, өткен жыл ішінде қаланың өнеркәсіп өндірісі 9 пайызға артып, 111,1 миллиард теңгені құрады. Ал 2011 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнер­кәсіп өнімі 64,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 160,8 пайыз болды. 2010 жылы қала бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция 391 миллиард теңгеге жетті. Тек үс­тіміздегі жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 122587,7 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 21,8 пайызға арт­ты. Жалпы, инвестиция тарту мәселесіне келсек, Астананың осы жылғы 5 айдағы инвес­тициясы республикалық көлемдегі инвести­цияның 8,9 пайызына жетті. Өткен жылы Астана қаласын дамытудың жаңа кешенді бағдарламасы белгіленіп, онда негізінен қаланы көгалдандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, тұрақты энергия қуаты­мен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымдық бағ­дар­ламаларды дамыту мақсатындағы әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге басымдық берді. Со­нымен бірге, қаланың шеткі аймақ­тарындағы 20 кентті көріктендіру және абат­тандыру мәселелеріне айрықша мән берілуде. Осы бағдарлама бойынша 3 жыл ішінде қаланың шеткі аймақ­тарында 200 шақырым­нан астам жаңа жол құрылысын салу және жөндеу, 30 шақырым су тарату желілерін, 24 шақырым кәріз жүйелерін салу және 110 шақырымнан астам электр тарату желілерін салу жұмыс­тары көзделініп отыр. Қаламыздың өңдеу өнеркәсібінің өнім шығару көлемі биылғы жылдың 5 айы ішінде қолданыстағы бағамен 55,1 миллиард  теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 1,9 есеге өсті. Өңдеу өнеркә­сібі өнді­ріс көлемінің өсуі тамақ өнімдері, сусын­дар және тоқыма бұйымдары өндірістерінен басқа барлық салаларда байқалады. Үстіміз­дегі жылдың 5 ай ішінде 2010 жылдың қаң­тар-мамырымен салыстырғанда, дәнді-дақыл­дардан және өсімдіктен жасалған ұн, олардың майда тартылған қоспалары 0,3 пайызға, нан өндірісі 4,1 пайызға, ірімшік және сүзбе 17,1 пайызға макарон шығару 25,8 пайызға жарма және басқа түйіршік өнімдері 31,2 пайызға артқан. Өкінішке орай, осы мерзімде шұжық өнімдер өндірісі 5,1 пайызға, сүт өндіру 86,8 пайызға қысқарған. Қала көлігімен биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында (жүк таситын автокөліктер және сауда тасымалдарымен айналысатын жеке тұлғалардың және жүк таситын көліктік емес ұйымдардың жүк тасымалдау көлемін қоса есептегенде) 29913,3 мың тонна жүк тасымалданды. Сөйтіп, жалпы қала бойынша жүк айналымы 1580,4 миллион тонна шақы­рым­ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 36,4 пайызға арт­қан. Жеке кәсіпкерлермен жүргізілетін тасы­малдау көлемін қоса есептегенде, қалалық автомобиль көліктерімен биылғы 5 ай ішінде 613,7 миллион жолаушы тасымал­данған. Әуе көлігімен 2011 жылғы қаңтар-мамырда 8,8 мың жолаушы тасымалданды. Үстіміздегі жылдың 5 айында қаланың байланыс кәсіпорындары 6485,7 миллион тең­генің қызметін көрсетті. Бұл 2010 жылғы сәйкес кезеңнің салыстырмалы бағадағы деңгейінен 26,8 пайызға жоғары. 2011 жылғы қаңтар-мамырда байланыс қызметі саласынан түскен табыстар құрылымында интернет 40,2 пайыз, қалааралық және халықаралық байла­ныс түрлерінен 22,1 пайыз, жергілікті телефоннан 13,7 пайыз, өзге де байланыс түрле­рінен түскен табыстар 24,0 пайызды құрады. Жалпы, табыс көлемінің 47,6 пайызы халыққа байланыс қызметін көрсетуден түсіп, 3084,9 миллион теңгені құрады және бұл 2010 жыл­ғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 31,2 пайыз­ға жоғары болды. Кәсіпорындардың пошталық және курьерлік қызмет көрсету сала­сынан түскен табысы 419,5 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыс­тырғанда 3,3 пайызға төмен болды. Елорданың даму қарқынын тұрақты наза­рында ұстап отыратын Мемлекет басшысы Астана қаласының экономикасын өркендетуге шағын және орта бизнес субъектілерін барынша кеңінен тартуды міндет етіп келеді. 2011 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша нарықта белсенді қызмет атқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 36,4 пайызға артып, жалпы алғанда 35 302 бірлікті құрады. Қаламыздағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 5 пайызға артып, тұтастай алғанда, 139 236 адам болды. Осы мерзім ішінде шағын және орта бизнес субъекті­лерінің шығарған өнімдері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға көбейіп, 363 804 миллион теңгеге жетті. Ғасырымыздың құрылыс алаңына айнал­ған Астана қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға барынша басымдық беріліп келе жатқандығы баршаға аян. 2008-2010 жылдар­ға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылы­сын салу бағдарламасы бойынша 5612 қала тұрғыны қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 2113 адам өткен жылы жаңа пәтер кілтін алды. Тұрғын үй құрылы­сын салу саласындағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы 2011 жылы одан әрі жалғасын тапты. 2011 жылғы қаңтар-мамыр айларын­дағы дерек бойынша қаламыздағы тұрғын үй құрылысына 24 181,1 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда, 134,0 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция­лардың жалпы көлемінде тұрғын үй құры­лысында игерілген қаржы үлесі 19,7 пайызды құрады. Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен жалпы ауданы 473 137 шаршы метр 4386 пәтер пайдалануға берілді, бұл 2010 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 16,5 пайыз­ға төмен. Жеке салушылар жалпы ауданы 21178 шаршы метр тұрғын үйлер салған, бұл 2010 жылғы сәйкес мерзімдегі деңгейдің  132,5 пайызы. Жалпы, іске қосылған тұрғын үйлердегі жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 2010 жылғы 2,8 пайызға қарағанда, 4,5 пайызды құрады. Елордада 2010 жылғы қаңтар-мамырда тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метр құрылысының орташа нақты құны 88,0 мың теңге (2010 жылғы қаңтар-мамырда – 73,5 мың теңге) ал пайдалы ауданның 1 шар­шы метр құрылысының орташа нақты құны 120,0 мың теңге (2010 жылғы қаңтар-мамырда – 98,2 мың теңге), оның ішінде жеке салу­шылармен салынғаны 45,3  мың теңге құрады. Еліміздің экономикасында Елбасы бас­тама­сымен іс-жүзіне асырылған дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары шеңберінде қарқын алған көтеріңкі даму қарқыны биылғы жылы барлық салаларда өзінің игі жемісін беріп отыр. Бұл ретте Астана қаласының өндіріс орындарында орын алған оң табыстар деңгейі жоғары. Қаламыздағы пластмасса бұйымдары өнімдерін өндіру өнді­рісінде жоғары өсу қарқыны байқалады. Соны­мен бірге, биылғы жылы бетоннан жасалатын құрылыс бұйым­дарын шығару көлемі өткен жылғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35 пайызға артты. Жалпы, алғанда құрылыс индус­триясының барлық саласында өсім деңгейі байқалады. Қаладағы мәшине жасау өндірісінің көлемі де өскен. Мәшине жасау көлемінің өсуі негізінен дизельді локомотив өндірісінің табыстары есебінен болып отыр. Ағымдағы жылы қаламызда сумен жабдық­тау, кәріз жүйесі және тұрмыс қалдық­тарын жинауды және таратылуын бақылаудағы қыз­мет көлемі 2010 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда, 11,8 пайызға өсіп, 2,6 миллиард теңгені құрады. Осы ретте ерекше атап өтерлік бір жәйт, Астана қаласында тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу кешенінің құрылысы салынып жатыр. Жалпы құны 32 миллион еуро тұратын бұл кешен 2011 жылы пайдалануға беріліп, қаламыздың тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға игі ықпал етпек. Иә, тәуелсіздігіміздің төл перзенті, қазақ­стандықтардың мақтанышы – Астана жасампаз жетістіктер ордасы. Бүгінде бас қаламызда әлемдік деңгейдегі ғылым, технология және техникалық озық ой жетістіктері шоғырланған. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, шын мәнінде Астананың өркендеуі Қазақстанның гүлденуінің көрінісіне айналды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.