Сайын даланың жазиралы белдеуінде бой көтерген Астана қаласының төңірегі бүгінде жайқалған жасыл жапырақты ну орманға айналып келеді. Халық арасында «Президент орманы» аталып кеткен Астана қаласының жасыл белдеуі Елбасының тікелей бастамасымен сонау 1997 жылы қолға алынған еді. Содан бергі өткен уақытта бас қаланың жасыл белдеуін құрайтын 55 мың гектар алқапқа орман егілді. Оның 16,5 мыңға жуық гектарына 12 миллион түп ағаш, тал-шілік пен бұта отырғызылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2020 жылға дейін Астана орманы Бурабайдың табиғи орманына қосылуы керек. Бүгінгі таңда осы жайқалған ну орманда өсетін сан түрлі ағаштарды зиянкес жәндіктерден қорғау ерекше маңызды мәселе болып отыр. Соған байланысты төменде Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты маманының осы көкейкесті мәселеге арналған мақаласын жариялап отырмыз.
Қазіргі сәтте Астана қаласының көшелері мен оның маңындағы ғана емес, сонымен бірге республикамыздың өзге елді мекендеріндегі де екпе ағаштарды, зиянды әсерлерін ескерместен, тек инсектицидтермен жиі-жиі химиялық өңдеу жағдайлары қалыптасқан. Зиянды организмдерден орман қорғау шараларының, химиялық өңдеуден басқа, ғылыми негізі де болуы керек және құрамына алдын алу шаралары, екпе ағаштардың орман патологиялық мониторингі, зиянкестердің жеке түрі санының мониторингі мен болжамы кіретін карантиндік және қорғаныш шаралардың толық жүйесін, сондай-ақ басқа да күрес амалдарын (механикалық, физикалық, биологиялық) қолдана отырып, жыл бойы жүйелі түрде жүргізілуі керек. Егер басымдылық химиялық өңдеуге берілсе, онда пайдаланылатын инсектицидтің ең алдымен адамға, айналадағы ортаға, жануарлар әлеміне, сондай-ақ пайдалы жәндіктерге зиянсыз болуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, ондай инсектицидтер іс жүзінде жоқ.
Әрине, зиянкестерге қарсы инсектицидтер пайдалану оңай, ол көзге де тез түседі. Өйткені, қысқа мерзімде зиянкестер жаппай қырылып қалады. Бірақ инсектицид пайдаланғанда зиянкестермен бірге олардың табиғи жауы да (энтомофагтер) жойылады. Бұл жағдай зиянкестердің қалған жеке түрлерінің кешікпей өсуіне, соған орай химиялық өңдеуді қайталауға әкеп соғады. Жиі-жиі және ойластырылмай жүргізілген мұндай өңдеу зиянды жәндіктердің инсектицидтерге деген бейімділігін арттырады. Сондықтан да оларды пайдалану экономикалық тұрғыдан да, биологиялық тұрғыдан да пайдасыз болады. Сонымен бірге, екінші дәрежелі зиянкестердің кейбір түрлері, олардың табиғи жауларының қырылуына орай, химиялық дәрмектерді одан сайын көп пайдалануды қажет етеді. Біздің болжауымызға және кейбір ғылыми деректерге қарағанда, химиялық өңдеуді бұлай пайдалану қарқынымен Астананың жасыл белдеуінде зиянкестердің инсектицидтерге деген төзімділігі артқан, олар бұл химиялық өңдеуге бейімделіп кеткен және екінші дәрежелі зиянкестер жаппай өршіген жағдайлар кездесіп те жатыр. Мұндай фитофаг-жәндіктер (жапырақ және қылқан кеміргіштер) санының артуы ағаштарды жалаңаштап, әлсіретіп тастайды. Соның салдарынан олар аурулар мен дің зиянкестерінің шабуылына шыдай алмайды. Ақырында екпе ағаштардың кейбір телімінің, кей жағдайларда бүкіл орман алқабының қурап қалуына әкеп соғады. Зиянкестер мәселесіне теріс көзқарас және оларды Астананың жасыл белдеуінен инсектицидтермен жою, онымен қайта-қайта улау “Жасыл аймақ” бағдарламасына кедергі келтіріп, бюджет қаржысының нәтижесіз және қайтарусыз шығынына әкеп соғады.
Пестицидтерді тым кең қолдану біздің институт ғалымдарының арасында кәдімгідей қобалжу тудыруда. Қоршаған ортаны (су көздері, топырақ, ауа) ол дәрілерді шашу кезінде ластау және адам ағзасына пестицид қалдықтары жиналып, түрлі ісік және аллергиялық, сондай-ақ белсіздік ауруларын тудыруы, сондай-ақ жануарлар әлемі мен өсімдік әлемінің жұтаң тартуы кім-кімді де алаңдатады ғой. Әрине, пестицидтер оның теріс әсерлері ескеріліп, төтенше шара ретінде қолданылуы тиіс. Бұл күрестің биологиялық амал тәрізді экологиялық қауіпсіз шараға басымдылық бере отырып, зиянкестерге қарсы қорғаныш шараларының кешенді жүйесін жасап, пайдалану мәселесін көкейкесті мәселе етпек.
Пестицидтерді төтенше жағдайда пайдалануға байланысты мәселенің аса мәнді екенін ескере отырып, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты өзінің ұзақ мерзімді болашағында өсімдік қорғаудың экологиялық қауіпсіз амалдарын жасап, дамытуды алдағы уақыттағы міндеті деп тапты. Қазіргі кезде институт Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісіндегі, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріндегі, сондай-ақ олардың маңындағы орман-бақ ағаштарының зиянкес жәндіктері мен кенелерді биологиялық бақылау үшін биологиялық дәрмектер мен биологиялық агенттерді жаппай өндіру және кең ауқымды пайдалану мәселесін насихаттауда. Бірақ Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты коммерциялық мақсат емес, ақшалай тұрғыда түсіндіру қиын қорғаныш шараларын экологияландыруға, Қазақстан халқының денсаулығы мен айналадағы ортаны сақтауға арналған биологиялық тәсілді алға бастыруды көздейді.
Қазбек ТӨЛЕУБАЕВ, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары.