Жамбыл облысындағы құрылыс индустриясының өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген компания басшылары облыс әкімі Қ. Бозымбаевтың ұсынысымен облыс орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға үлес қосып, көптеген тараздықтардың алғысын алған болатын. Енді, міне, мемлекеттік «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңарту қолға алына бастады.
Бүгінде облыс орталығындағы осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған көп қабатты үйлердің ескірген қасбеті мен шатырлары және инженерлік жүйесі жаңғыртылуда. Атап айтсақ, осы бағдарлама шеңберінде биыл 92 үй мұнтаздай болмақ. Игілікті іске алғашқы траншпен 428 миллион теңге бөлініп те қойыпты.
Тараз қаласының әкімі Б. Орынбековтің айтуынша, тұрғын үй жәрдемақысы мен несие арқылы 11 үйге жөндеу жұмысы басталып кеткен. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетейік, бүгінде көп қабатты тұрғын үйлердің бәрі жеке меншікте екені белгілі. Сондықтан аталған бағдарламаға қатысу үшін кондоминимум құрып, тіркелген тұрғындарға мемлекет 7 жыл мерзімге өсімсіз несие береді. Ал оған тозығы жеткен тұрғын үйлерді тап-тұйнақтай етуге әбден болады. Кондоминимумге бірігіп, тіркелген тұрғындарға мемлекет тарапынан өсімсіз несие беру сияқты игілікті іс науқандық акция емес, ол алдағы уақытта да тұрақты жалғасын таба бермек.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы С. Нокин облысқа келген жұмыс сапарында өңірде атқарылып жатқан осындай көптеген жақсы істермен танысты. «Жамбылмемсараптама» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының әкімшілік ғимаратының ашылуына қатысты. Бұл жаңа ғимарат жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау жүйесінің қызметін жетілдірудің 3 жылға арналған бағдарламасы бойынша салыныпты.
Мемлекеттік сараптама құрылыс саласында маңызды орын алады. Өйткені кез-келген құрылыс нысанын сапалы жүргізіп және мерзімді уақытында тапсыру үшін оның замана талабына сай жобалық-сметалық құжаты болуы қажет. Ал ондай жобаларды мұқият тексеріп, толықтыратын және жетілдіретін мемлекеттік сараптама қызметкерлері. Бірақ, өкінішке қарай, сараптама қызметкерлерінің осы уақытқа дейін өз қарашаңырағы болмай келіпті. Бұл, әрине, сараптама сапасына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан облыс орталығынан бой көтерген жаңа әрі зәулім мекеме сараптама саласындағы жаңа жобалар мен ұсыныстардың ордасына айналады деп сенеміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.