Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында елімізді өркендетудің тың әрі байыпты бағдары мен бастамалары айқындалған. Құнды құжаттағы «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы» тарауында екі жыл ішінде «Жол картасы» шеңберінде халықты дағдарыстан шығару үшін еңбекпен қамтып, жұмыссыздықтың азайғаны және инфрақұрылымдардың жақсарғаны айтылған. Енді әрбір қазақстандықты ауқымды индустрияландыруға қатыстырып, елдің 2020 жылға дейінгі дамуының алғышарттары жалғасатыны алға қойылды. Және 2012-2015 жылдары қаржыландыру көздері көбейтіліп, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды шешу қарастырылған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Ұмсын Балабиеваға өңірдегі осы орайда бүгінгі қолға алынған жұмыстар жайлы әңгімелеуін өтінген едік.
Өткен жылдары нарықтық қатынастың қиындықтарын сезініп, оған қарсы әрекет жасаған көпшілік қауым енді-енді еңсе көтергенде әлемдік экономикалық дағдарыс келіп қосылды. Алайда Елбасының дана саясатының арқасында осы қиындықты да еңсеріп, өрлеудің жаңа сатысына қадам бастық. Жолдауда қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында Үкіметке нақты тапсырма беріліп, халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы әзірленді. 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның қабылдануы оған дәлел. Шілде айынан басталған әлеуметтік маңызды шара осылай өңірге жолдама алғанын ерекше қуанышпен жеткізуге болады.
Өңірде ағымдағы жылы республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 1176,7 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаға 1223 адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 105,4 млн. теңге қарастырылып, 446 адамды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға жіберу жоспарланған. Және 228 адамның еңбекақысын субсидиялау көзделген. Ал, екінші бағыт бойынша 126,3 млн. теңге қарастырылып, 100 адамды алдын-ала кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, шағын несие беру, сонымен қатар 23 кәсіпкердің инфрақұрылымдарын дамыту алға қойылды. Сондай-ақ үшінші бағыт бойынша 150 отбасына тұрғын үй салу мақсатында 945 млн. теңге бөлінді. Жұмыс осылай басталып, өңірде бағдарламаның іске асырылуы үшін дайындық жұмыстары жалғасып келеді.
Облыс әкімінің қаулысымен облыстық комиссия құрылып, бағдарламаның бағыттары бойынша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шағын несие беруді ұйымдастырушы ұйым ретінде танылды.
Бағдарлама қабылданған кезеңнен бастап оның үш бағыты бойынша әлеуетті қатысушылар тізімін жинақтау мақсатында ауылдық округтердегі өздігінен жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар, аз қамтылған азаматтар саны анықталып, тізімделді. Енді олармен нақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, оқытуға қажетті мамандық тізімі белгіленіп, бүгінгі күнге 55 мамандық пен кәсіп бойынша оқытуға шамамен 25 оқу орындары қатыстырылатын болды.
Бүгінгі күні шағын несие алуға 221 адам ниет білдірді. Несие алушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету және өндірістерін дамыту немесе кеңейтуге байланысты сұраныс жасағандар бағдарлама аясында қаржыландырылады. Сонымен бірге инфрақұрылымдарды дамытуға қажеттілігі бар кәсіпкердің тізімі жасалды.
Аудандық, қалалық жұмыспен қамту органдары үшінші бағыт бойынша экономикалық даму орталықтарына тұрақты жұмыспен қамту мақсатында қоныс аударуға тілек білдірген отбасылар тізімі жинақталды. Өңірде бүгінгі күнге 6 экономикалық өсу нүктелері белгіленді. Олар Панфилов ауданындағы «Қорғас» халықаралық шекаралас ынтымақтастық орталығы, осы ауданның Алтынкөл және Іле ауданының Жетіген стансаларын қамтитын «Қорғас – Жетіген» темір жолын салу мен «Гейт Сити» орталығы, Жамбыл ауданы Үлкен ауылындағы Балқаш жылу электр стансасы, Талдықорған қаласындағы индустриялық аймаққа кіріп отыр.
Биылдың өзінде аталған 6 даму орталықтарының үшеуіне 150 отбасына арналып, тұрғын үй салынады. Оларды көшіру 2012 жылға жоспарланған.
Аудандық, қалалық жұмыспен қамту органдары үшінші бағыт бойынша әлеуетті қатысушылар тізімін жасады. Бүгінгі күнге барлығы 1440 мүшесі бар 411 отбасының тізімі жинақталған. Олардың 57 пайызы жұмыссыздар, өз бетінше жұмыс істейтіндер және басқа да еңбекке қабілетті азаматтардан құралса, 43 пайызын студент, мектеп жасындағы және мектепке дейінгі балалар құрайды.
Өңірде облыстың 19 ауданы мен қалаларында жұмыспен қамту орталықтары құрылып, республикалық бюджеттен 229,2 млн. теңге және 221 штаттық бірлік бөлінді. Штаттық бірліктер экономикалық белсенді, жұмыссыздар және өз бетінше жұмыспен қамтылғандар санына байланысты бөлінді.
«Жұмыспен-қамту-2020» бағдарламасының қанатқақты кезеңінде өңірде жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан жоғары болмайды деп күтілуде. Ал, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі 43 пайызға, кедейшілік деңгейін 6,3 пайызға төмендету болжанған.
Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес бағдарламаның 2012-2014 жылдарға арналған жоспарлы көрсеткіштері қалыптастырылуда. Өңірдегі жұмыссыздар қатарын азайтып, өз бетінше жұмыспен қамтылған, аз қамтамасыз етілген азаматтардың жағдайын жақсартуға ерекше ықпал ету осылай жүзеге асырылуда.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.