15 Шілде, 2011

Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ: «Табиғатқа қарсы келмеу керек»

374 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ҮКІМЕТ

«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Қатарынан екі жыл бойы қылбұрауға салған құрғақшы­лықты қостанайлық диқандар ұмыта қойған жоқ. Алайда өткен жылы егінін Қостанай ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Валентин Двуреченскийдің ылғал сақтау технологиясымен еккендер жерге қарап қалмады. Гектарынан 8 центнерден бидай жинады. Ал биыл сәуір айында республикалық «Шапағат» өнертапқыштар байқауында Валентин Ивановичтің пайдаланып әрі жыл сайын жетілдіріп отырған нөлдік технологиясы бірінші жүлдені иеленді. Ғалым-агрономмен біздің тілшіміз әңгімелескен еді. – Валентин Иванович, өз тә­жірибеңізден әбден өткен, кү­мәнсіз өнертабысыңыз еліміздегі өнертапқыштар бай­қауын­да жо­ғары бағаланды. Бұл көп жылғы еңбегіңіздің жемісі ғой? – Иә, жер өңдеудің жаңа тәсілі туралы Интеллектуалдық меншік жөніндегі ұлттық комитеттен төрт патент алғанмын. Олардың баға­ла­ғанына ризамын. Мен бұл ең­бегім­нің осы жүлде арқылы елімізде насихаттала­тынына қуан­дым. Бұл технология қазір әлем­дегі астық держа­валарының бірі Канада және Аргентина, Австралия ғалымдары мен ауылша­руа­шылық тауар өн­діру­шілері тара­пы­нан мойын­дал­­ған. Әлемдік стан­дартқа сай келеді. Қа­зақ­стан­дық технология тура­лы ме­нің ең­бектерім Австралия мен Канадада ағылшын тілінде басылып шықты. Ылғал сақтау технологиясы, (мұ­ны ғалымдар мен диқандар тікелей себу, нөлдік технология, ресурс сақтау деп әртүрлі атап жүр) бұл көп жылғы тынбай жүр­гізілген тәжірибе мен еңбектің же­місі екені рас. Мен 60-шы жыл­дардың орта­сын­да На­уыр­зым ау­данының «Раз­дольный» кеңша­ры­на жас агроном болып келгеннен бастап осы техно­логияның керектігін ойлай баста­ған­мын. Тіпті Мичурин атын­дағы жеміс-жидек инс­титутын бітірер кезде қорға­ған диплом жұмысым­ның тақы­ры­бы да осы технологиядан алыс кеткен жоқ. Оны сол кездегі ғалым-ұстаз­дарым жоғары ба­ға­ла­ған еді. Бүгінге дейін 150-ден аса мақала жа­зыппын, екі кітапты осы салаға арнадым. – Жер өңдеудің жа­ңа тәсілінің негізін Науыр­зым даласында жүр­ген­­де қалаған­мын деңіз. – Иә, ол кезде жас агроном едім. Бұл технология бойынша жерді аударып жыртпай, іреп, тырнап қана дән себуді бастадым. Жерді іреп жыртатын құрал­ды қол­дандық. Гәп осын­да. Сон­­­да қатар жатқан «Бу­ревестник» деген атақ­ты кеңшар болды. Оның  Социалистік Ең­бек Ері атан­ған Николай Коз­лов деген дирек­торы болды. Біз осы тех­­но­логияның арқа­сын­да «Бу­­ревес­т­никке» қара­ған­да ас­тық­ты 1,5 есе көп жи­надық. Николай Григорьевич сондай жақ­­сы ұйымдасты­ру­шы еді. Екі шаруашылық та Науырзымның шөлейт даласында жатыр, ал неге көр­сеткіш екі түрлі деген мәселе ол кісіні дереу ой­лантты. Ол біздің шаруашы­лыққа жиі келетін болды, жай­қа­лып тұр­ған егісті аралайды. Ақы­рында мені «Буревестникке» бас агроном етіп шақырды. Сол шаруашылықта жаңа техно­ло­гия­ны одан әрі жетілдіре түстім. Одан шаруашылық ди­ректоры, облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы­ның бастығы, облыс­тық партия ко­митетінің екінші хатшысы, тәуел­сіздік келгеннен кейін Ауыл шаруа­шылығы ми­нистріне дейін өстім. Бірақ мен егіс даласына қайта оралдым, сөй­тіп жаңа техноло­гияны аяғы­на дейін жеткіздім. – Биыл жаңбырлы болып тұр. Диқандардың арқасын кең­ге сал­ған жайы бар. Ал құр­ғақ­шылық болған жыл­дары сізді іздейтіндер көп, өзіңіз де диқан­дар алдына көп шығасыз. – Ылғал сақтау немесе нөлдік тех­нологияны тек құрғақшылық не­месе қуаңшылық жылдары ға­на керек дегендер түбірлі қателе­се­ді. Рас, бұл технологиямен жұ­мыс істегенде жаңбыр аз жауған жыл­дары түгел қуаңшылық бо­лып, көк­тен тамшы тамбаған уақыттың өзін­­де диқан қамбасы құр болмай­ды. Оған Қостанай об­лысындағы соңғы жылдарғы көрсеткіштер куә. Мысалы, 2009-2010 жылдары қа­та­рынан екі жыл Тобыл-Торғай өңі­рін­де жаң­быр жаумады. Осы тех­но­логияны пайдаланатын­дар­дың аты­зында гектар айналымы 8 центнерден кеміген жоқ. Құрғақшылық біздің Қа­зақ­стан жерінде жиі болатын құ­был­ыс. Тәжірибеге сүйенсек, әр он жылдың үш жылы құрғақ, үш жылы қуаң, төрт жылы жаң­бырлы болады екен. Әлемдік тәжірибе бойынша, жылына 350 мм-ден аз ылғал түскен жер қуаң, шөл болып саналады. Қазақ­стан­ның солтүстік өңірінің барлығы да шөлейт аймақ­қа жатады. Бірақ ылғал сақтау техноло­гия­сы үшін әңгіме жылдың жаң­быр­лы, жаңбырсыз болуында емес. Әңгіме то­пырақты қалай өңдеуде. Жер-Ана­ның неге құнары кетті, неге топырақ азды? Ломоносов сияқты ғалымдар топырақтың құр­ғақ жы­ныста пайда болғанын айта­ды. Ал­дымен мұхитта пайда бол­ған өсімдіктің сабағы мен жа­пы­рақ, тамыр қалдықтары арқылы топы­рақ пайда болып, ол мың­даған жылдар бойы қалың­дап, құнар­ла­на берді. Өсімдік қалдық­тарын­сыз топырақ та болмас еді. Таби­ғатта айналым пайда болды. Өсім­дік микроорганизмдермен, басқа да тірі организмдермен өзара әрекеттесу ар­қылы өмір сүретін болды. Сон­дық­тан өсімдік өсетін, жәндіктер қо­ректенетін тірі эко­жүйе қалып­тас­ты. Өсімдік топы­рақ­тағы жән­дік­терді, ал жәндіктер өсімдікті қорек­тен­діреді. Көмір­қыш­қыл газы өсімдік организмін түзсе, оттегі жер бетіндегі өмір­дің пайда болуын қамтамасыз етті. Бүкіл әлем табиғаттың осы өзара әреке­тіне байланған. – Сонда сіздің топырақты өңдеудің осы кезге дейін қол­данып келе жат­қан дәстүрлі тәсілі дұрыс емес дегіңіз келе ме? – Дәл солай. Адам соқаны ойлап тапқалы жердің қыртысын аударып, топырақтың құнарын құр­­ту­мен келеді. Қазақстанда тың көтерілгелі 50 жыл ішінде топы­рақ­тағы орга­ни­калық зат­тардың 30 пайызын жойып жібердік. Топы­рақта 7-8 пайыз органикалық заттар болады, қазір оның мөлшері 4-5 пайыздан аспайды. Жердің бетіндегі 1 сантиметр қарашілік қа­лып­тасуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Ол қалай пайда болады? Өсім­діктің сабағы, жапырағы, тамы­ры орнын­да қа­лып, шіріп, жер астындағы түрлі микроорганизмдермен өзара әре­кет­тескенде қа­лып­тасады. Біз адам­дар соқамен топырақты бірнеше сантиметр тереңдікте аударып тастағанда, ондағы тірі ор­га­низм­нің барлығы да желге, күнге тиіп жойылып кетеді. Соқаны адамзат өркениеті­нің көрінісі деп қабыл­дадық. Ал 1850 жылы Чарльз Дарвин: «Адам соқаны ойлап тапты, бірақ топырақты соқа қопсыта ма, құрт-құмырсқа қопсыта ма, оны әлі өмір көрсетер» деген екен. Сол Дарвиннің айтқаны дұрыс. Адамзат жер қыртысын дұрыс пайда­лан­бағандықтан да ол азып барады. – Сіздің технология бойын­ша топырақты қалай қопсыту керек? – Мен ылғал сақтау техноло­гия­сын жүзеге асыру үшін со­қаның бір тісіндей ғана, өзі жұқа, тұм­сы­ғы үшкір құрал ойлап таптым. Ол сошник деп аталады. Осы құралды тұқымсепкішке тіркеп, жерді те­рең­дігін де, енін де 2 сантиметрден аспайтын етіп, іреп сызып, оған дән тастап отырады. Сонда топы­рақтың уыз қалпы бұзылмай, ертең өсетін бидайға, не басқа өсімдікке керекті қоректің барлығы сақта­ла­ды. Сошниктерді Ресейдің Челябі, Омбы зауыт­тарында істетіп ала­мыз. Біздің об­лыста да өндіруге болар еді, бірақ Челябідегідей төзімді темір жоқ. – Осы арада нөлдік техноло­гияның ережесін де айта кетсеңіз. – Біріншіден, астықты жина­ған­да оның сабағын майдалап, қи­қым­дап турап, шашып кету керек. Шет елден алынған озық үлгі­дегі ком­байндар мұны жасайды. Екіншіден, то­пырақ­тың бетінде сабан, өсімдік қалдығы сияқты «жабу» қалуы үшін, астық жинау науқаны­нан кейін топырақ ешқандай механи­ка­лық құралмен өңделмеуі тиіс. Үшін­­­шіден, көктем­де егін егердің ал­дында гербицидпен, глифосатпен атыздағы арам шөп оталып таста­ла­ды. Төртіншіден, дән­ді топырақ­тың механикалық құ­рамына байла­нысты жерді қопсытпай, іреп тіліп отырып егеді. – Нөлдік технология тек дәнді дақылдар, яғни бидай өндіруге ғана негізделген бе? Оңтүстік өңір­лерде дәнді да­қыл­дармен қа­тар бақша да бар ғой? – Дақылдың қай түрі болсын, картопты, көкөністі осы нөлдік технологиямен егуге болады. Ал оңтүстік аудандарда бұл технология өте жақсы нәтиже береді. Ақ­төбе, Батыс Қазақстан облыс­та­рын­да бұл тәсіл пайда­ланылады. – Диқандарға бұрынғы соқа­мен жыртып, күздігүні сү­дігер көтеретін дәс­түр­лі жер өңдеуден сіздің ылғал сақтау технология­ңыздың басты ар­тық­­шылықта­ры не деп айтар едіңіз? – Қайталап айтайын, ең басты айырмашылық топырақтың құна­рын өзінде қалдыру болмақ. Бұ­рын диқандар мен мамандар арасында мынадай түсінік бар еді. Жерден қанша мол өнім алсаң, жер сонша азады, оған үстеме ми­нералды ты­ңайт­қыштар беру керек. Ал ылғал сақтау техно­логия­сымен жерді өң­дегенде жыл бойы топырақ өсімдік қалдық­тарымен жабулы жатады. Ол қалдықтар­дың барлығы да жауын-шашын және микроорганизмдер әре­­кеті­мен қарашілікке ай­на­лып, топы­рақ­ты органикалық заттармен ба­йы­та түседі. Қысқасын айтқанда, дайын тыңайтқышқа ай­налады. Астық өніп шыққан жердегі топы­рақ құнары қайтадан орнына келеді. Сонда мынадай түсінік шыға­ды. Күзде бітік астық орған са­йын, топырақ азбайды, қайта құ­нар­лы бола түседі. Өйткені жақсы өскен астықтың топырақта қала­тын са­бағы мен жапырағы, тамы­ры да мықты, топырақ бұрын­ғы­дай азу­дың ор­нына органикалық заттармен молыға түседі. Мен тын­бай айтып жүрген ылғал сақ­тау немесе нөлдік техноло­гияның бар сыры осы ғана. Бұл технологияның басты ар­тық­шылығы–химиялық тыңайт­қыш­тарды керек етпейміз. Сон­дықтан топырақ химиямен ластан­байды. Ал ондай жерге еккен бидайдың сапасы да жоғары. Біз­дің өндірген бидайы­мыз халық­аралық көрмелерде эко­ло­гиялық тазалығымен, сапасымен жоғары бағаланып жүр. – Өзіңіздің осы тәсілді қол­дан­ғаныңызға он бес жылдан асып барады. Нақты нәтиже, табы­сыңыз қандай? – Он бес жылда өнімділік екі есе артты. Мысалы, бұрын бидай­ды гектарына 12 центнерден ал­сақ, қазір 25-26 центнерден қайы­рамыз. Облыста 500 мың гектардай жер осы нөлдік технологиямен өңделеді. – Валентин Иванович, сіздің осындай табысыңызды көріп оты­рып, ауылшаруашылық та-­ уа­­рын өндірушілер жаңа тех­ноло­гия­ны енгізуге неге шабан қимылдайды? – Стереотип! Таптаурын қа­лып­­тан малтығып шыға алмай­мыз. Адам­ның ойлау жүйесін өзгерту өте қиын нәрсе. Әсіресе ғалым­дар­дың арасында менің жақтастарым шамалы деп ойлай­мын. Өйткені олар ылғал сақтау техноло­гиясы­ның пайдасын ауыз­бен айтып-ақ береді, бірақ іске кел­генде үнсіз қалады. Шаруа адам­дар ненің дұрыс, ненің бұ­рыс екенін жақсы біледі. Олар­дың алдында лекция оқығанымда мені мінберден үш сағат бойы жібермей, сұрақтар қояды. Әттең олардың көпшілігінің қолында қаржы жоқ, бұған құрыл­тай­шы­лардың, астық өндірумен айна­лы­сып жүрген ірі кәсіпкер­лердің көзін жеткізу керек. Облыс­та менен үйреніп, жер өңдеуді тұ­тас­тай осы технологияға көшірген шаруашылықтар бар. Мысалы, «Диев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олег Даниленко аздаған жылдар бұ­рын қарапайым ғана фермер еді. Қазір 60 мың гектар жерінің бар­лығын осы тәсілмен өңдеп бидай өндіреді. Осы шаруашылықтың өндірген ұны Нью-Йоркте өткен көрмеде бірінші орын алды. Ол қазір облыс­тағы ең бай адамдар­дың бірі. Бюд­жеттің қаржысын, халықтың қазы­на­сын ұрлап емес, өз адал еңбег­мен байыған адам. Шаруашылық бай болған соң, сол жерде тұрып жатқан еңбек адамдарының да жағдайы жаман болмайды. Осы технологияға ниеті құлағанның бірі Қазақстан­ның Еңбек Ері Сайран Бұқанов. Оның басқарып отырған «Каркен» ша­руашылығында да осы ыл­ғал жабу технологиясы түгел дерлік игерілді. Басқа жұртқа осы жігіттер­дің еңбегі үлгі болуға тиіс. – Эколо­гия­лық мәселе­лер өткірленіп тұрған мына заманда бұл өте құптарлық іс екен. – Барлық мемлекеттерде та­биғи ресурс қорғалады. Ал топы­рақ – басты табиғи байлық болып сана­лады. Барлығы да топы­рақ­тан өне­ді. Көптеген елдер оның құна­рын сақтауды заңмен бекітіп отыр. Мы­салы, Германияда, Австралияда фермер топырақты аз­дырып жіберсе, ол заң шең­берінде үлкен көлем­де айыппұл төлейді немесе одан жер учаскесі қай­та­рылып алы­нады. Бірқатар елдерде топы­рақты сақтау қыз­меті пайда болды, оны мемлекет бақылап отырады. Егер топырақ тиісті технологияға сай күтіл­ме­се, оның беті қараші­лікті қам­та­масыз етіп, құнарын артты­ра­тын өсімдік қалдықтары­мен жа­был­ма­са, онда фермерге айыппұл салынады, топырақ жақ­сы кү­тілсе олардың сұраған субси­дия­сын береді. Ал біздің елде «Жер туралы» Заңның 93-бабында жер учас­ке­сінің кү­тілу керектігі, жерді жалға алған адам оны күт­песе кері алып қою жөнінде айты­ла­ды. Бірақ бұл бап жұмыс істеп отырған жоқ. Сон­дықтан топы­рақ­ты сақтау ту­ралы арнайы заң керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.